Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Туған жерге туың тік! 3833 0 пікір 1 Қыркүйек, 2017 сағат 12:12

Екі ежелгі бекініс табылды

Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін қазақ жерінің әр пұшпағы қасиетті. Бабалар жолы мен аталар аманатының куәгеріндей көне жәдігерді әр тұстан табуға болады. Міне, сондай ескі бекініс Қызылорда облысының Шиелі ауданынан табылды.
Аталмыш ауданның Иіркөл ауыл­дық округіне қарасты Жансейіт ел­ді мекенінде «Атамұра» дейтін ша­руа қожалығы бар. Төрағасы – Шо­панбек Сәрекеев. Осы кісі егістік жер­дегі құмдауытты төбеге қора соқпақ болып, техника кіргізеді. Шой­ынтабан техника қалақшасын жер­ге қадап, топырақты белуарға дей­ін қазғанда есте жоқ ескі за­ман­да­ғы құмыралардың сынық бөл­шек­терін бірге алып шығады ғой. Дереу жұмыс тоқтатылып, ағасы Қоғамбек Шыныбекұлы қазылған шұңқырды қолмен арши бастайды. Сөйтіп, қатар жатқан бүтін үш құмыраны алып шығады. Содан ағайынды азаматтар табылған құнды жәдігерді аудандық тарихи өлкетану музейіне өткізіпті. Шиелідегі өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бекболат Әбу­овтың айтуынша, көлемі 4 шаршы метр жерден 15-ке жуық құмыра шық­қан. Құмыралар әртүрлі пішінде. Түбі сүйірлене біткендері шығырға арналған дейді ол. Ал ыдыс-аяққа арналған кейбір құмыралардан көмескі бояу іздері анық байқалатын көрінеді. Құмыралар әзірге орта ға­сыр­лық жәдігерге жатады деген болжам жасалған. Бекболат Темірәліұлы «Шығырға арналған бұл құмыралар Сыр бойында яғни, дәл осы Шиелі же­рінде егістікті ежелден қолдан суару жүйесі жақсы дамығанын көр­сетеді. Бізге кешегі кеңестік кезеңдегі тарихты бұлай оқытпады. Ал мына жәдігерлер біз егіншілікпен тек ХІХ-ХХ ғасырларда емес одан да бұрын айналысқанымызға дәлел болады», дейді. Көгерім ежелгі оғыздардың Бес­там қаласынан 20 шақырымдай қа­шық­­тықта орналасқан. Сыр­да­рия­ның иі­рімді жағасынан орын теп­кен. Ха­лық арасындағы аңызға сәйкес, «Ақтабан шұбырынды» заманында қал­мақ қонтайшысы Үнжі дәл осы Кө­ге­рімнен Сырға қарай 4 шақырым жер­ден «Қызылтам» деп аталатын бе­кіністі қала-қорған тұрғызған. Бү­гінде сол «Қызылтам» бекінісінің ор­ны анадайдан менмұндалап көзге кө­рі­неді. Музейдің аға ғылыми қыз­меткері Б.Әбуов «Қызылтам» қор­ға­нының қабырғасы замандар өтіп, әб­ден мүжілсе де үш метрден қа­лың, аумағы 200 шаршы метр. Ай­на­ласында шашылып жатқан сын­ған кірпіштер мен құмыралар көп» деп отыр.
Айтпақшы, Шиелі ауданының Ыбырай Жақаев ауылының маңынан да ежелгі қоныстың орны табылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейі­нің қызметкерлері жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бір­неше құмыра сынықтары мен сүйек­тер, өртенген күл-қоқыстың із­дері, темір түйіршіктері табылды. Арнайы құрылғы топырақтың те­рең қабаттарында темір және бас­қа да металдардың бар екендігі бай­қалады. Өлкетану музейінің қыз­меткерлері «Қорған шым кесек­тен тұрғызылған болуы керек. Ал сын­ған көзе, құмыра және басқа да керамикалық ыдыстардың бетін­де­гі бояулар, ондағы сызықтар, ыдыс­­т­ардағы бедерлер тарихтың те­­рең қатпарынан сыр шертеді. Бұл жер­де Қоқан, Хиуа, Қазақ хан­дық­та­рынан да бұрынғы ежелгі дәу­ірдің мәдениеті айқын сезіледі» дей­ді. Қорғанның кіре- беріс қақпасы Бес­там қаласына қарап тұр. Соған қа­рағанда бұл қорған ежелгі оғыз-қып­шақ дәуіріне жататын секілді.  Айналасы аз күннің ішінде Ши­елі ауданынан екі бірдей тари­хи орын­ның табылуы адамды қуантпай қоймайды. Оның үстіне, бұл ешбір жазбада қалмаған, атаусыз келген қалалардың орны сияқты. Сондықтан аталмыш орындарды ғалымдар терең зерттеп, ішіне бүккен сырын ашса деген тілек бар.
Ержан БАЙТІЛЕС
Abai.kz
0 пікір