Жұма, 29 Наурыз 2024
Судың да сұрауы бар... 12510 35 пікір 26 Қыркүйек, 2017 сағат 09:46

  ЭКСПО өтті. Қалай өтті?..

 

"Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, "ЭКСПО, ЭКСПО" деп жүргенімізде ЭКСПО да өтті. Иә, ол қалай өтті? Халықаралық маңызы ерекше көрмені өткізу барысында Астана әкімшілігі қандай дайындық қамын жасады? Не істеді? Не істелінді? Біз, міне, осы сауалдарға жауап іздейміз.

Астана әкімдігі ЭКСПО көрмесін өткізу барысында барлығы 647 мәдени шара ұйымдастыруды жоспарлаған болатын. Жоспардың уақытылы орындалуы мен көрменің жоғары дәрежеде өтуіне әкімшілік жанынан құрылған ЭКСПО-ға дайындық штабының сіңірген еңбегі зор. Барлық іс-шаралар бекітілген мерзімде ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылған. ЭКСПО-ға дайындық штабының жұмысы негізгі бес бағыт бойынша жүргізілді. Олар: құрылыс нысандарын уақытында аяқтап, пайдалануға беру, көлік және инженерлік инфрақұрылым, шетелден келген қонақтарды қарсы алу, қаланы мерекелік безендіру, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыру; қоғамдық көліктің қозғалыс бағытының сызбасын даярлау; қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету; елге келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Көрме өз жұмысын бастағалы бері Астанаға 2,1 миллион адам келген. Оның 1,4 миллионы – шетелден келген туристер. Темір жол бекеттерінің қызметіне сұраныс – 60 пайызға, әуежай қызметіне –  70 пайызға, туристік операторлардың жұмысына сұраныс 78 пайызға артты. Қала қонақтары үшін ақпарат беретін алты дүңгіршек іске қосылып, үш тілде қызмет көрсетіп жатты. Сондай-ақ, туристер үшін Welcometoastana интернет-порталы ашылды. Үш айдың ішінде оның тұрақты қолданушыларының саны 20 мыңды құраса, барлығы 95 мың адам кіріп көрген екен.

Астана қаласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қала әкімшілігінің жанынан ситуациялық орталық ашылған еді. Оның көмегімен көшелерге бейнебақылау камераларын орнату арқылы қылмыс деңгейін төмендетуге жол ашылды дейді аталмыш орталық қызметкерлері.

Осынша ауқымды шара аясында азық-түлікпен қамтамыз ету мәселесінің де туындауы ықтимал еді. Алдын ала болжам бойынша, көрмеге келетін қонақтардың есебінен азық-түлікке деген сұраныс 20-30 пайызға артып, қалаға күн сайын 1500 тонна азық-түлік әкеліне бастады. Жаңадан базарлар желісі құрылды. Баға тұрақтылығын бақылауда ұстау үшін “Кенмарт”, “Астықжан” сауда үйлеріне 300 миллион теңге көлемінде қарыз берілді. Сөйтіп, аталған сауда үйлері 49 азық-түлікке өз бағаларын қойған. Ол жыл соңына дейін сақталады. Бұл шаралар азық-түлікке деген сұраныстың 30 пайыздан 80 пайызға өсуіне қарамастан, бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Астана қаласы әкмідігінің мәліметтеріне сүйенсек, ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты ұзындығы 23,4 шақырым 11 көше салынып, 17,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрме аймағын жылумен және электр жүйесімен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырымдық жылу жүйелері, 25 585 шақырым электр желісі, үш электрмен қамтамасыз ету жүйесі, “Жаңа жол” қосалқы электр станциясы салынды. Одан бөлек, қала қонақтарының саны артуына байланысты жаңадан жеті Shuttle Bus автобусы қосылды. Ол ЭКСПО көрмесі мен қала сыртындағы ауылдардың арасында қатынап, жолаушыларды тасымалдап жүрді. Қаланың 142 қоғамдық көлігі күн сайын 55 мың жолаушыны тасымалдаған. Қала тұрғындары осы қоғамдық көліктер мен олардың қозғалыс бағытын көрме аяқталған соң да, қала тұрғындары үшін қызмет көрсетуін жалғастыра беруін сұрап, диспетчерлік орталыққа өтініштерін білдірген соң, ол мәселе де шешілді.

Кептелісті азайту үшін  негізгі 12 көшеде жалпы ұзындығы 37,55 шақырым болатын автобус жолақтары салынды.

Көрме қарсаңында шағын кәсіпкерліктің күрт өсіп, салық көлемінің де артқаны байқалды. Бұл тұрғыда қала әкімдігі мынадай деректер ұсынады:

«2017 жылдың маусым және шілде айларында мейрамхана, қонақ үй, қоғамдық тамақтану орталықтарынан түскен салық көлемі 462 миллион теңгеге жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 105 миллион теңгеге, яғни 1,2 есеге артық. Сонымен бірге бизнестің даму көрсеткіштері де артты. Жыл басынан бері 143 084 кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Ол өткен жылғы нәтижеден 10,4 пайызға көп. Шағын және орта кәсіпкерліктердің саны 96 242-ге жетті».

Мыңдаған меймандарға көрсетілетін медициналық көмектің де сапасының жоғары болуы – басты мәселенің бірі болды. Бұл ретте медициналық қызмет көрсететін жедел штаб құрылды. Көрме аймағында жеті медициналық бөлім мен медициналық орталық жұмыс істеді. Қала бойынша жеті қалалық медициналық мекеме мен жеті республикалық клиника қызмет көрсетті. Жедел жәрдем қызметінің жаңа Орталық станциясы ашылды.

Ауқымды шараның сәтті өтуі – ұйымдастырудағы ұсақ-түйек детальдардан  басталатыны белгілі. Соның ішінде еріктілер еңбегі, жұмысы айрықша. Ұлттық компанияның еріктілерінен бөлек, қаладан 510 ерікті жиналды. Олар күн сайын әуежайдан, бекеттерден туристерді күтіп алу мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру сынды жұмыстарға белсене араласты. Көрме аяқталған соң, еріктілердің белсенділері арнайы қала әкімшілігі тарапынан марапатталды.

Зарина Әділбек

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596