Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Туған жерге туың тік! 3921 0 пікір 2 Қыркүйек, 2017 сағат 14:34

Түлектер тұрғызған монумент

 

 

Ақтөбе облысында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бүгінде ауылдан шыққан азаматтар мен елден сыртта жүрген жерлестердің туған жеріне, оқыған мектебіне келіп, тәрбиелік, рухани-патриоттық тұрғыда моральдық, материалдық көмегін беру үрдіске айналып келеді. Олардың осыноу игілікті істері Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған туған, өскен жерді өркендетуге әр азамат үлес қосуы керек деген тезисті ойларымен дөп келеді. Мемлекет басшысы аталған мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.

Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деген болатын.

Өткен аптада осындай мақсатпен Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта  мектепті 1977 жылы бітірген түлектер бас қосып, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай кездесу өткізді. Кездесу кешіне түлектердің ұстаздары мен сынып жетекшілері келді. Ырғыздан осыдан 40 жыл бұрын түлеп ұшқан, бүгінгі күні Астана, Алматы, Атырау, Арал қалаларында мемлекеттік қызметте, оқу-ағарту, медицина, кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар ұзақ жылдардан кейін бас қосып, бір-бірімен мәре-сәре болып қауышты.

Алдымен түлектер бұл күнде қатарларында жоқ, о дүниелік болған 28 сыныптасын еске алып, мешітке барып, олардың рухына Құран бағыштады.

Бұдан кейін  өздерінің туған жерге тартуы — Ырғызға кіреберістегі жаңадан салынып жатқан аудандық әкімшілік ғимаратының алдына орнатқан «Ырғыз елі» монументінің ашылуына қатысты. Биіктігі 8 метр болатын ескерткіштің ұшар басында айбатты құс, ел қорғаудағы қырағылықтың, батырлықтың символы қыран бейнеленген.

Ескерткіштің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жастар көп жиналды. Монументті ашқан аудан әкімі Мәди Елеусізов жиналғандарға ауданның экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуында қол жеткен жетістіктер жайлы баяндап, туған өлкелеріне тағзым етіп, тарихи мұра ретінде монумент тұрғызған түлектерге алғысын білдірді.

Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Кенжебаев өзінің жүрекжарды тілегін жеткізсе, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек еткен, ардагер-ұстаз Роза Сәрсенова Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп ұжымына, аудандық «Арай» мәдениет үйіне жеке кітапханасынан саяси, тарихи құнды кітаптарды сыйға тартты. Түлектер атынан лебізін жолдаған Астана қаласындағы Ұлттық мұрағаттың ғылыми қызметкері Сәулеш Тұралина жиналғандарға ризашылығын білдіріп, туған жерге деген сағынышын жеткізді.

Бұдан кейін түлектер өздері оқыған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті, аудандық мұражайды, «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватын, «Жігер» спорт кешенін аралап, «Арай» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ұстаздар мен түлектерге» атты мерекелік концертті тамашалады.

Түлектер бүгінде танымастай өзгерген Ырғыздың жолы, әр үйге береке әкелген көгілдір газы, қаз-қатар салынған үйлері мен зәулім мәдени-спорттық ғимараттарын көріп, шағын саябақтарын аралап, мұның бәрі «Тәуелсіздіктің жемісі» деп бағалады.

А. Айдарова

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516