Жұма, 26 Сәуір 2024
Талқы 33309 51 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 14:14

«Мемлекеттік тіл туралы» Жаңа заң жобасын бірге талқылайық!

Өткенде саясаткер Дос Көшіммен сұхбаттасқанымызда ол кісі осыдан 6 жыл бұрын ұлт зиялылары «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңды дайындап, Парламентке ұсынғанын айтқан еді. Кейіннен Парламент  «мұны қабылдауға әлі ерте» деп, келте жауып қайырған көрінеді. Біз сол Заңды аттай қалап сұратып алып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жалпы, біздің бүгінгі қолданыстағы "Тіл туралы Заңымыз" 1989 жылдың 22 қыркүйегінен бері "Құранның сөзіндей" өзгеріске түспей келе жатыр (Әрине, бұл ескі Заң сол жылдары қазақтың рухын көтеруге ықпал еткенін жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ, қазір заман өзгерді. Тәуелсіз ел болдық. Баяғыдай өзгелерге кіріптар болатын заман жоқ).  Ал, 1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы қабылданды дегенімізбен, бұл заң бұрынғы заңнан алшақ кете алмады.

Бұл екі Заң да негізінен еліміздегі ресми орыс тілінің құзіретін арттырып, қазақ тілін шетқақпай жасап келе жатқаны жиі айтылады. Сөйте тұра біздің билік нақты қадамға барып, қазақ елінде қазақ тілінің  басымдыққа ие болуына бел шешіп кірісе алмай отыр.

"Әрине, жыламаған балаға емшек жоқ" деген тәмсілді терең түсінетін халықпыз. Сол себепті де, Сіз бен Біз болып, талап етіп, Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңды қабылдататын кез келді.

Конституцияның өзін екі рет қабылдап, бірнеше рет өзгерткен, күн ара бір Заңды қабылдап жіберетін біздің Парламент тілге келгенде тілін жұтып қоятынын мұқым ел біледі. Сол жұтылған тілді суырып алар күн туды!

Бұл заңның бір артықшылығын ғана айта кетуді жөн санап отырмыз. 5 бапта "Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтардың тілдері заңмен қорғалады және олардың мәртебелері бірдей болып табылады. Олардың ешқайсысына заң жүзінде артықшылық берілмейді" делінген. Яғни бұл бап қазір біз "ресми тіл, халықаралық қатынас тілі" деп айдар тағып, ерекше қорғауға алған орыс тілінің мәртебесі еліміздегі өзге де этникалық топтардың тілдерімен тең дәрежеде болуы керектігін бекітеді. Яғни, Қазақстанда "қазақ тілі ғана - негізгі тіл" дейтін күн келе жатыр.

Ендеше, «Мемлекеттік тіл туралы» Жаңа заң жобасын бірге талқылайық! Сіз де үн қосыңыз!

 

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының

Ж О Б А С Ы

Қазақстанның территориялық тұтастығының және ұлт мәдениетінің сақталуы мен дамуының  алғышарты - қазақ тілі болып табылады.

 

Осы Заң қасиетті қазақ жерін мекендейтін, қазақ халқының мәдениетін және ұлттық болмысын сыйлайтын әрбір азаматтың, оның конституциялық парызы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеруін және қазақ тілінің республиканың барлық аумағында толық көлемде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

I  Тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

  • этникалық топ - өзiнiң тарихи отанынан тысқары елде тұрып жатқан этностың бiр бөлiгi;
  • этникалық топ шоғырлана тұратын елді мекен – жекелеген ауыл-кент тұрғындарының 51 пайызынан астамын бір ғана этникалық топ құрайтын елді мекен;
  • ономастика –тіл білімінің жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бір саласы;
  • орфография - дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн ережелер жүйесi;
  • топонимика - ономастиканың географиялық нысандардың атауларын, олардың пайда болуы, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн бір саласы;

 

2-бап. Мемлекеттік тіл туралы заңнама

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тілі туралы» осы заңы 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Констиуциялық Заңына,  Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді.

Сонымен қатар 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің шешімімен қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясына 2010 жылы қабылданған «Ел бірлігі» доктринасына және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де құқықтық актілерінен тұрады.

3-бап. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының міндеті

3.1 Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуді, қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілік туғызуды қамтамасыз етеді..

 

3.2. Мемлекеттік тілдегі терминологияны жетілдіріп, ономастика жұмыстарын реттейді.

 

3.3. Мемлекеттік тілді жетілдіріп, дамытады және мемлекеттік тілдік ортаны қалыптастырады. Қазақстандағы тіл саясатын нақтылау арқылы мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттырады.

 

3.4. Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қызметінде, халықаралық ұйымдар мен шетелдік ұйым, кәсіпорындарда және бірлескен кәсіпорындарда мемлекеттік тілдің қолданылуын реттейді.

 

3.5. Осы Заң жеке адамдардың арасындағы өзара қарым-қатынас тілін және діни қауымдар мен бірлестіктердің іс-шараларының өткізілу (жүргізілу) тілін реттемейді. Азматтардың өзара қарым-қатынас тілін таңдау құқығы бар.

 

3.6. Мемлекеттік тілдің міндетті түрде қолданылуы Қазақстанда тұратын этникалық топтардың өз тілдерін пайдалану құқығын жоққа шығармайды және ол тілдердің абыройы мен беделіне нұқсан келтірмейді.

 

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі

 

4.1.  Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.

 

4.2.  Қазақстан халқын топтастырудың негізгі факторы болып табылатын қазақ тілін меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті.

 

5-бап. Қазақстан Республикасындағы этникалық топтардың тілі

 

5.1. Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтардың тілдері заңмен қорғалады және олардың мәртебелері бірдей болып табылады. Олардың ешқайсысына заң жүзінде артықшылық берілмейді.

 

II Тарау. Мемлекеттік тілдің қолданылуы

Қазақ тілі - Қазақстан Республикасы Президенті қызметінде, ҚР заң шығарушы, атқарушы органдарында, сот  жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, үкіметтік емес ұйымдарда және бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс және ісқағаздарын жүргізетін ресми тіл болып табылады. Өзге тілдер қолданылған жағдайда, ісқағаздарында мемлекеттік тілмен қатар өзге тілдегі нұсқасы қоса берілуі мүмкін. Бұндай жағдайда қазақ тіліндегі іс қағаз түпнұсқа болып табылады.

 

6-бап. Мемлекеттік тілді Президент қызметінде қолдану.

 

6.1. Президент бекітетін Конституциялық күші бар Заңдар, Жарлықтар, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар қазақ тілінде әзірленіп, жүргізіледі.

 

6.2. Президент қызметінің құрамына кіретін агенттіктер, комитеттер, комиссиялар, кеңестер өз жұмыстарын қазақ тілінде жүргізеді.

 

7-бап. Мемлекеттік тілді заң шығарушы органдарда қолдану.

 

7.1. ҚР Парламентінде Заң жобалары қазақ тілінде әзірленіп, талқыланып, қабылданады.

 

7.2. ҚР Парламенті палаталарының және комитеттерінің отырыстары қазақ тілінде жүргізіледі.

 

8-бап. Мемлекеттік тілді ҚР атқарушы органдарында қолдану.

 

8.1. ҚР Үкіметінде дайындалатын Заң жобалары, бағдарламалар, Қаулылар, Ережелер, Нұсқаулар т.б. құжаттар қазақ тілінде дайындалып, бекітіледі.

 

8.2. ҚР орталық атқарушы органдары (министрліктер, комитеттер, агенттіктер) мен  жергілікті атқарушы органдары (облыс, аудан) өз қызметінде ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізеді.

 

8.3. ҚР Электронды үкімет жүйесіне ақпараттық технологияның соны жетістіктерін міндетті түрде қазақ тілінде қолданысқа енгізіп, оның барлық деңгейде мүлтіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.

 

8.4.  ҚР Прокуратурасы, ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, қаржы полициясы, кеден комитетінің жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі.

 

9-бап. Мемлекеттік тілдің ҚР Сот жүйесінде қолданылуы.

 

9.1. ҚР жоғарғы соты өз жұмысына қажетті нормативтік актілерді, Ережелерді, Нұсқауларды, Шешімдерді қазақ тілінде дайындап, бекітеді.

 

9.2. ҚР облыстық, қалалық, аудандық және ауданаралық соттарында, мамандандырылған соттарда іс жүргізу қазақ тілінде іске асырылады. Сонымен қатар іс жүргізу өзге тілде өткен жағдайда аудармашылар қызметі пайдаланылып, ісқағаздарында қазақ тілімен қатар өзге тілдегі нұсқасының қоса толтырылуы мүмкін. Бұндай жағдайда қазақ тіліндегі нұсқасы ресми құжат болып саналады.

 

10-бап. Мемлекеттік тілдің жергілікті өзін өзі басқару органдары мен коммерциялық емес ұйымдарда қолданылуы.

ҚР-ының жергілікті өзін өзі басқару органдары мен коммерциялық емес ұйымдарда қазақ тілі қолданылады.

11-бап. Мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылуы.

11.1. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тіліне басымдылық беріледі, бірақ бұл өзге тілдердің қолданылуын шектемейді. Қазақ тілдік орта жасау және мемлекеттік тілді толыққанды қолдану мақсатында, телеарналардың өзге тілдегі барлық хабарлары,  олардың меншік түріне қарамастан, қазақ тілінде ілеспе аударма арқылы берілуге міндетті.

11.2. Қазақ тілінде берілетін телерадио хабарлары  көрермендердің көрулеріне және тыңдауыларына қолайлы уақытта берілу міндетті.

11.3. Қазақ тілін өзге тілдердің экспансиясынан қорғауды қамтамасыз ету үшін, республика аумағына импортталатын газет-журналдар мен баспа өнімдерінің жалпы көлемінің арасалмағы, өзге тілде 20 пайыз, қазақ тілінде 80 пайыз болуы шарт.

11.4. Мемлекеттің қаржысымен басылатын өзге тілдегі газет-журналдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы болуы міндетті. Өзін-өзі қаржыландыратын өзге тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бұл талап жүрмейді.

12-бап. Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта және жарнамада қолданылуы.

12.1. Қазақстан Республикасы аумағында жүргізілетін барлық түрдегі (форматтағы) көрнекі ақпарат, міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылады, көрсетіледі. Этникалық топтар шоғырлана орналасқан елді мекендерде мемлекеттік тілмен қатар сол этникалық топтың тілінің қолданылуына шектеу қойылмайды.

12.2. Меншік түріне қарамастан, Қазақстан Республикасы аумағында қызмет істейтін барлық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалар мемлекеттік тілде беріледі. Қажеттілік болса, жарнама мәтіндерінің аудармасы Қазақстанда тұратын этникалық топтардың тілінде де беріледі.

12.3. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында, таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Тауарлардың бағалары мемлекеттік тілде беріледі.
Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары, таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiліндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.

13-бап. Мемлекеттік тілдің білім, ғылым, мәдениетте қолданылуы.

13.1. Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі балалар мекемелерінде оқыту мен тәрбие мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал басқа тілдерде тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту міндетті.

13.2. Балалар үйлерінде және оларға теңестірілген, мемлекет қамқорлығындағы ұйымдар мен мекемелерде оқыту, тәрбие беру жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекет қаржыландырмайтын балалар үйі мен оларға теңестірілген ұйымдарда, меншік түріне қарамастан, оқыту, тәрбие беру жұмыстары мемлекеттік тілмен қатар өзге де тілдерде жүргізілуі мүмкін.

13.3. Қазақстан Республикасында бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім мемлекеттік тілде беріледі, қажеттілігіне қарай, өзге де тілдерде беріледі.

13.4.  Қазақстан Республикасы жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде білім алуға кепілдік береді.

Қазақстан Республикасының басқа тілде білім беретін жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін білім беру ұйымдарында сыныптан сыныпқа көшу, оқу орнына түсу және бітіру кезінде мемлекеттік тіл бойынша міндетті түрде емтихан тапсырылады.  Бұл емтиханның көрсеткіші жоғары оқу орындарына түскенде міндетті түрде есепке алынып, жалпы білім дәрежесін анықтайтын балл санына қосылады.

13.5. Мемлекет қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулерге,  балалар әдебиетінің шығармаларына, әдеби шығармаларға жан-жақты қолдау жасайды. Ғылыми дәрежені ізденушілердің ғылыми жұмыстары қазақ тілінде қорғалады. Өзге тілдерде қорғалған ғылыми жұмыстар жоғары атттестациялық комиссияға қазақ тілінде аударылып тапсырылуы міндетті.

13.6. Қазақстан үкіметі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және азаматтардың әлемдік ақпарат кеңістігінен мемлекеттік тілде мағлұмат алуын қамтамасыз ету мақсатында интернеттегі тікелей аударма жүйесіне қазақ тілін енгізеді.

13.7. Республика аумағындағы кино өнімдері (телефильмдер) қазақ тілінде көрсетіледі.

14-бап. Мемлекеттік тілдің ономастикада қолданылуы.

14.1. Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық обьектілердің дәстүрлі, тарихи қалаптасқан атаулары қазақ тілінің ережелеріне сай жазылады және  өзге тілдерге аударылмайды.

14.2. Республика аумағында жұмыс істейтін барлық ұйымдар мен мекемелер, меншік түріне қарамастан, өз атауларын қазақ тілінде беруге міндетті.

14.3. Республикалық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің атаулары қазақ және ағылшын тілдерінде жазылады. Карталардың ішіндегі барлық топонимикалық атаулар бір тілде – қазақ тілінде беріледі.

15-бап. Мемлекеттік тілдің нотариаттық қызметте қолданылуы.

Қазақстан Республикасында нотариаттық қызмет істері қазақ тілінде жүргізіледі. Азаматтардың талабы бойынша, мүмкіндігіне қарай, дайындалған құжаттардың өзге тілдегі аудармасы қоса беріледі. Бұндай жағдайда қазақ тіліндегі нұсқасы ресми құжат болып табылады.

16-бап. Мемлекеттік тілдің азаматтардың жеке құжаттарында қолданылуы

16.1. Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын азаматтық хал актілерін анықтайтын құжаттардың  – куәліктің, паспорттың, неке туралы куәліктің, аттестаттың, дипломның, т.б мәтіндері тек қана қазақ тілінде жазылады. Халықаралық құжаттарда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілі де қолданылады. Кеңес үкіметі кезіндегі берілген, әлі өзінің заңдық күшін жоймаған құжаттар өзге тілде де қолданыла береді.

16.2. Қазақстан аумағында азаматтардың аты-жөнін жазу әр этностың өзіне тән қалыптасқан дәстүріне сай жүргізіледі.

17-бап. Мемлекеттік тілдің жиналыстарда қолданылуы

Қазақстан Республикасы аумағында билік тараптары, өзін өзі басқару органдары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және меншік нысандарына қарамастан, кәсіпорындар мен мекемелерде барлық ресми шаралар (съезд, сессия, конференция, жиналыс, мәжіліс, отырыс, мәдени шаралар, т.б.) қазақ тілінде жүргізіледі. Қажетті жағдайда, өзге тілдерге қолма-қол аударылуын ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді. Этникалық топтар шоғырлана орналасқан елді мекендерде қазақ тілімен қатар сол этникалық топтың тілінде де жүргізілуі мүмкін.

18-бап. Мемлекеттік тілдің қаржы қызметі мен банк жүйесінде қолданылуы

18.1. Меншік түріне қарамай, Қазақстан Республикасының аумағындағы қаржы институттары, банк жүйесі, өнеркәсіп пен бизнес саласындағы ісқағаздары және статистикалық қаржылық есептері мен басқа да құжаттары қазақ тілінде жүргізіледі. Қажетті жағдайда, өзге тілдерде де жүргізілуі мүмкін, бірақ мемлекеттік тілдегі мәтіні түпнұсқа болып табылады.

18.2. Ұлттық валюта, құнды қағаздар, несиелік облигациялар, тағы басқа да бизнес қауымдастығы пайдаланатын құнды қағаздар қазақ тілінде шығарылады.

19-бап. Мемлекеттік тілдің халықаралық қызметте қолданылуы.

Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қызметi қазақ тiлінде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады.
Екiжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттiк тiлдерiнде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келiсiмiмен белгiленген тiлдерде жасалады.
Қазақстан Республикасында және шетеледерде  басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, қазақ тiлінде жүргiзiледi.

III Тарау. Мемлекеттік тілді қолдау мен қорғау

20-бап. Мемлекеттік тілді құқықтық қорғау.

20.1. Қазақстан Республикасында қазақ тілін шектеуге бағытталған заңдар немесе  нормативтік-құқықтық актілер қабылданбайды.

20.2. Қазақ тілін құрметтеу - Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының   міндеті болып саналады. Қазақ тілін менсінбеу және сыйламау әрекеттері,  оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да ашық немесе астыртын іс-әрекеттер үшін азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер заң бойынша жазаға тартылады.

Қазақ тілін төмендету, менсінбеушілік пен сыйламаушылық іс-әрекеттері және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да ашық және астыртын жұмыстарды жүргізуші азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер заң бойынша жазаға тартылады.

20.3. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның орындалу барысына тұрақты түрде бақылау жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентіне жыл сайын есеп беріп отырады.

21-бап. Мемлекеттік тілді қолдау.

21.1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар Қазақ тілінің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдайлар жасайды.

21.2. Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақ тілінің республиканың барлық аймақтарында бірдей қолданылуы (бірегейлікке, бірізділікке түсіру) мақсатында  ономастиканы, терминологияны, орфографияны және ұлттық әдеби тілдің нормаларын реттейтін комиссиялар құрады.

21.3. Қазақстан Үкіметі, халықаралық құқықтық принциптерге сай,  шетелдердегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқып-үйренуіне қаржылық, материалдық-техникалық қолдау көрсетеді және оларға қажетті педагог мамандар дайындауға жағдай жасайды.

21.4. Мемлекет Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың қазақ тілін пайдалану құқығын қамтамасыз ететін шаралар қабылдайды.

22-бап. «Мемлекеттік тіл туралы» заңға қатысты  жауапкершілік.

22.1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілінің осы заңның көлемінде қолданылуы мен қорғалуын Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті, Үкіметі, Прокуратурасы, облыс әкімдері мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қамтамасыз етеді.

22.2. Орталық және жергілікті органдардың, барлық меншік нысанындағы, оның ішінде шетелдік заңды және жеке тұлғалардың қатысуымен құрылған ұйымдар мен мекемелердің бірінші басшыларына қазақ тілінің қолданылуын ұйымдастыруда және жүзеге асырылуында жеке жауапкершілік жүктеледі

22.3. Қазақстан Республикасында информациялық-байланыс технология саласында қазақ тілінің қолданылуы мен дамуын қамтамасыз етуге қажетті барлық жағдай жасалынады. Барлық ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қажетті ақпартаттық, финанстық жұмыстарға арналған техникалық құралдармен және программалармен қамтамасыз ету міндеті Қазақстан Республикасының үкіметіне жүктеледі.

IV Тарау. Азаматтардың мемлекеттік тілді қолдану құқығын қамтамасыз ету

23-бап. Азаматтардың мемлекеттік тілде білім алуын қамтамасыз ету.

23.1. Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі білім және тәрбие беру мекемелерінде, орта және арнайы білім беру орындарында, жоғарғы оқу орындарында (бакалавриат, магистратура), мамандардың біліктілігін арттыру институттарында, меншік түріне қарамай, қазақ тілінде білім алуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тілмен қатар өз ана тілін балаларына үйрету әр ата-ананың азаматтық парызы.

23.2. Қазақстан Республикасы мемлекеттің қаржысы арқылы шетелдерде білім алуға және біліктілігін көтеруге қазақ тілін толық меңгерген азаматтардың жіберілуін қамтамасыз етеді.

24-бап. Азаматтардың арыз, өтініш, шағымдарын қабылдау және жауап беру.

Қазақстан Республикасы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, меншік түріне қарамай, барлық кәсіпорындар мен мекемелер және ұйымдарда заңды тұлғалардан және жеке азаматардан түскен өтініш, арыз-талап, шағымдарға, т.б.  қазақ тілінде жауап берілуін қамтамасыз етеді. Қажетті жағдайда, жауаптың өзге тілдегі аудармасы қазақ тілдегі түпнұсқасымен қоса беріледі.

25-бап. Ақпараттың мемлекеттік тілде берілуін қамтамасыз ету.

Қазақстан мемлекеті билік тармақтарының барлық деңгейінен Бұқаралық Ақпарат Құралдарына берілетін ақпарат, олардың меншік түріне және ақпарат тарату тіліне қарамастан, міндетті түрде, бірінші кезекте қазақ тілінде беріледі.

26-бап. Мемлекеттік тілді қаржыландыру.

Қазақ тілін ендіруге, қолданылуы мен дамытуына бағытталған бағдарламалар мемлекеттің тарапынан қаржыландырады. Әр жыл сайын Қазақстан үкіметі қазақ тілінің дамуына бағытталған қаржының жұмсалуы бойынша Парламентке есеп береді.

27-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілде жұмыс істеуін қамтамасыз ету

27.1. Қазақстан Республикасы елдің барлық аймақтарында қазақ тілінде хабар тарататын теледидар мен радио жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

27.2. Қазақстан Республикасы елдің барлық аймақтарында қазақ тілдегі мерзімді басылымдардың таралуын қамтамасыз етеді.

28-бап. Мемлекеттік тілдің азаматтық алу кезіндегі талап етілуі

Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер шетел азаматтары қазақ тілін меңгеру деңгейін тексеруден өтеді. Қазақ тілін талап етілген деңгейде меңгермеген шетелдіктерге Қазақстанның азаматтығы берілмейді.

29-бап. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы” Заңын Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен сәйкестендіру

Осы Заңның қолданысқа енгізілуімен “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы өзінің күшін жояды және Қазақстанның басқа да заңдарына  өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

30-бап. Осы Заңның өз  күшіне енуі

 

Осы Заң ресми жарияланған күннен бастап өз күшіне енеді.

Жұмысшы тобының мүшелері:

  1. Дос Көшім – жұмысшы тобының жетекшісі, «Ұлт тағдыры» қозғалысынан
  2. Болат Дүйсембі – «Ұлт тағдыры» қозғалысынан
  3. Болат Бөтеев – «Алаш үні» қоғамдық бірлестігінен
  4. Марат Бөтеев – «Аллажар» қоғамдық бірлестігінен
  5. Нұржан Ошанбеков – «Мемлекеттік тіл» қозғалысынан
  6. Нұргелді Уәли – Тіл институтынан
  7. Бәшір Жаналтай – «Руханият» партиясынан
  8. Әбдірәшит Бәкірұлы - публицист

Алматы, 20 қазан, 2011 жыл

Abai.kz

51 пікір