Жұма, 29 Наурыз 2024
Сүйінші! 4650 24 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 10:21

Түркияда қазақ музейі ашылады

Түркияның Ақсарай қаласына қарасты Сұлтанханы ауданы әкімдігінің қазақ тарихы мен мәдениетінің таныстырылуы үшін арнайы саябақтан 3500 шаршыметрлік жер бөлген болатын. Сол жерге қазақ үйі пішініндегі Қазақ Музейінің іргетасы осы жылдың 15 қыркүйегі күні қаланған еді.

Ыстамбұлдағы Қазақ білім және зерттеу қоғамының төрағасы Серқан Дініштүрік, Сұлтанханы аудан әкімдерінің орынбасарлары Хасан Темел және Фатих Ағыр қатысқан музейдің іргетасын қалау рәсімінен кейін құрылыс машиналары жұмысқа кірісіп кетті.

Қоғам төрағасы Серқан Дініштүріктің айтуына қарағанда, Сұлтанханы аудан әкімі Фахри Солақтың қамқорлығымен Қазақ саябағы мен музейінің құрылысы бір ай ішінде аяқталып, Түркия Республикасының 94 жылдығы мерекеленетін 29 қазан күні тұсауын кеспек. Бұл музей тарихи Жібек жолы бойындағы Ақсарай қаласындағы 1299 жылы Селчұқ мемлекеті кезінде салынған атақты Сұлтан Хан керуенсарайының маңына, яғни осы тарихи орданың дәл қасында (арасы 250 метр) салынып жатыр. Демек, аталған саябаққа шетелдік туристтердің көптеп келері анық.

Музейде әсіресе Түркия қазақтарының көш тарихы мен мәдениетіне қатысты бұйымдарға ерекше орын беретін болады. Осыдан 65 жыл бұрын, атап айтқанда 1952 жылы Пәкістаннан Түркияға қоныс аударған қазақтардың 60 отбасы Ақсарай Сұлтанханына қоныстанған болатын. Күн көрудің қамымен қазақтар кейін Ыстамбұлға және Францияның астанасы Парижге көшіп кетуге мәжбүр болған. Алайда Сұлтанханында қазақтардың 1968 жылы салған “Түркістандықтар мешіті” 1974 жылы жан-жақты жөндеуден өткеннен кейін (қазірдің өзінде) мұсылмандарға қызмет көрсете бастады.

Саябақ пен музейдің бүкіл шығындарын Түркия мен Франциядағы қазақтар көтеруде. 29 қазан күнгі тұсаукесер рәсіміне Қазақстан тарапынан Анкарадан елші Абзал Сапарбекұлы, сондай-ақ Қазақстаннан мәдени орындардың өкілдері де қатысады деп күтілуде.

Осындай игі іске мұрындық болған, еңбегі өткен бүкіл азаматтарға алғысымды білдіремін.

Әбдіуақап Қара

Abai.kz

 

 

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616