Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 8007 14 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 09:45

Оралмандар - нағыз патриоттар

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі ширек ғасырлық уақытта азаматтарымызды, әсіресе жастарымызды елін, жерін, Отанын шын сүйетін нағыз патриот етіп тәрбиелеуге айрықша назар бөлініп келеді. Қазір тілімізде «Жаңа Қазақстанның патриоттары» деген тіркес те қалыптасты. Біздің мемлекеттік  идеологиямыз жастарымызды Жаңа Қазақстанның нағыз патриоттары етіп қалыптастыруға бағытталуда. Әрине, отан сүйгіш, патриоттық сезім – бүгінгі ғана ұранымыз емес, бізге бағзыдан жеткен қасиет. Ата-бабаларымыз туған жеріміз  қазақ  сахарасын ғасырлар бойы жаудан қорғап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Сол бабаларымыздың туған жерін, ата мекенін, халқын басын бәйгеге тігіп, қасық қаны қалғанша дұшпандарымен айқасып өтуін,  талай арысымыздың осы жолда жанын пида еткенін отансүйгіштік емес деп ешкім де айта алмайды.

Ал бүгінгі таңда патриот деген ұғымның өлшемі, шарты (критериясы) сан алуан.  Солардың бір парасы еліміз тәуелсіздігін  алып, шаңырағын көтерген елең-алаң шақтан Ата жұртқа жетуге асыққан шетелдегі қандастарымыздың ұлттық рухы деп ойлаймын. Олардың көпшілігінің кіндік қаны тамған туған жерлері бүгінгі таңда өзге мемлекеттің территориясы болса да байырғы қазақ даласының бір пұшпағы екені де тарихи шындық.  Ол жерде бергісі жеті атасының басы, бабалар зираты жатыр. Сол бабаларының топырағын, туған жерін, ағайын туыстарын,  тіпті, өмір бойы ұрпағым үшін деп тірнектеп жинаған мал дәулетін, жылы орнын, қора-қопсысын қиып тастап, лауазымды қызметтерін тәркі етіп, ата жұртым, қара шаңырағым,  ұрпағымды осы шаңыраққа жеткізсем, үйіріне, ұлтына қоссам деп  келуден артық қандай патриоттық сезім болмақ.

Лауазымды қызмет дегеннен шығады, Моңғолиядан қоныс аударған ағайындардың ішінде Моңғолия үкіметі премьр министрінің бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, аймақтық құрылтай басшысы сияқты жоғарғы мәнсапттарын тастап келгендер де болды. Ел үшін аса қажетті, қат мамандық иелері талай-талай азаматтардың өзі атажұртқа келгенде қой жайды, көшенің қарын тазалап, ағаш екті. Бірақ мен қойшы болып қалдым деп намыстанған жоқ. Қазақ елінің өзін тануын сабырлылықпен күтті. Міне, отансүйгіштіктің, патриоттықтың мұнан артық жарқын үлгісі болмаса керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап алыс, жақын шетелдердегі ағайынды бауырына тартып, «Ағайынға ақ тілек» хатын жолдаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге елде өгейлік көріп жүрген қандастарымыздың отансүйгіштік қасиетінің ерекше болатынын қапысыз аңғарғаны сөзсіз. Қандастарымыз Елбасының сол сенімін ақтады. Қазақ елі тәуелсіздік алды дегенде жергілікті халықтан артық қуанып, бөркін аспанға атқандар да, ақсарбастарын айтып сойып, ақ тілектерін білдіргендер де  шетелдегі қазақтар болды. Қасиет дарыған қара шаңырағым қайта көтерілді, енді құламасын деп Алладан медет тіледі. Қандастарымыздың бұл пейілін тек Қазақ халқы емес, өзге халықтар да сезініп, отансүйгіштік қасиеттің жарқын үлгісі екендігін мойындады. Өйтсе, алыстағы ағайындардың отанына ағыла бастауының негізгі себебі отансүйгіштік қасиетінде екенінде дау жоқ. Әрине, қандастарымыздың атажұртқа лек-легімен оралуында өзге себеп жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен өздерінің ұрпақтарының болашағын да ойлады. Бірақ ұрпағымыз азғындап басқа ұлттарға сіңісіп кетпесе екен деген ой арманнның да бір ұшы қазақ қашанда қазақтығынан айырылмасын, ұлтымыздың саны өсе берсін деген отансүйгіштік ойға келіп тіреледі.

Сондықтан алыстан келген ағайындарымызды, әсіресе ұлы көшті алғаш бастап келген қандастарымыздың ерлігін лайықты бағалап, құрмет көрсетуіміз, рахмет айтуымыз керек деп ойлаймын. Сол ағайындар нарықтық экономиканың ойпыл-тойпыл өтпелі кезеңінде келе салысымен ел игілігі жолындағы келелі істерге бел шеше кірісіп, өздерінің лайықты үлесін қосты. Миллиондаған қазақ тұратын Өзбекстан, ҚХР сияқты  елдерден келген мол топты айтпағанда сол кезде небәрі 140 мыңнан астам ғана қазақ тұратын Моңғолиядан қоныс аударған аз ағайынның өзі қоғамның әр саласында еңбек етіп, тер төкті. Олардың көпшілігі арнайы орта, жоғары білімді түрлі мамандық иелері болды. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек  Моңғолиядан келген 18-50 жас арасындағы оралмандардың 50 пайызы жоғары, 30 пайызы арнайы орта маман екен. Көштің алғашқы легінде келген осы ағайындардың  арасында  Кеңестер одағының жоғары оқу орындарында білім алған, ғылымның әр саласында жаңалықтар ашқан, Моңғолияның жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда жемісті еңбек еткен доктор, профессорлар, басшылық қызметте министр, парламент мүшесі, бас уәли  бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілгендер, тіпті, ұшқыштардан бастап,  сол кездегі Кеңестер Одағындағы атом инженерлерін дайындайтын Дубна қаласындағы университетті бітірген ядролық физика инженеріне дейін болды. Осындай атақ дәреже лауазым иесі бола тұра жылы орын, жұмсақ креслоларын тастап, ата жұртым, қара шаңырағым деп келгендерді Отанының патриоттары емес деп кім айта алады.

Моңғолиядан келген қандастарымыздың көпшілігі әсіресе дәрігерлер, мұғалімдер, техникалық мамандық иелері болатын. Мұғалім азаматтарымыздың бірқаншасы мектеп директорына, оқу ісінің меңгерушісіне тағайындалып,  жас ұрпақ тәрбиелеуге еңбек сіңірсе, ана тілімізді байырғы таза қалпында сақтаған осы елден келген ағайындарымыздың жүздеген зиялы азаматтары еліміздің облыстық, республикалық телеарналарында, газеттерде тілші болып қызмет атқарып, халыққа кеңінен танымал болды.

Ал өнер, мәдениет, спорт саласында ата жұртына бірден танымал болып кеткен ақын-жазушы, тарихшы, әнші, биші, әртістердің (орталарында өзі жасаған елінің халық әрісі, халық жазушысы, әлем чемпионы атағын алғандары да бар) орны тіптен бөлек.  Елбасының өзі өнеріне тәнті болып, қамқорлық көрсеткен шеттен келген тарих ғылымдарының докторы, академик Зардыхан Қинаятұлы, жазушы Жақсылық Сәмитұлы, әнші  Майра Мұхамедқызы,  Қабылаш Әбікейұлы, Қабыкей Ахмерұлы, Меруеш Башайқызы биші Шұғыла Сапарғалиқызы, боксшы Қанат Исламұлы сияқты өнерспорт шеберлері  өз алдына  бір төбе.

Ал шағын және орта бизенес, өндіріс шаруашылық құрып ел экономикасының дамуына зор үлес қосып жүргендері қаншама. Шет елдерден  ірі өндіріс техникаларын, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін  енгізіп келіп ел игілігі жолында аянбай еңбек етуде, Ең бергісі көп жерде шағын бизнеспен айналысушы ағайындар шаруашылық түрлі-түсті материалдармен ауыл үйді мебельмен, тіпті, бала шағаны жылы байпақпен қамтамасыз етіп отырғаны өмір шындығы.

Бүгінгі күні Елбасының өзі «Ағайынға ақ тілек» деп жар салған сол 1990 жылдардың басында келген оралман қандастарымыздың көш қомында келген қара домалақтар мен ата жұртқа жеткен соң өмірге келген алғашқы ұрпақтары тәуелсіздікпен бірге жасасып, жасы жиырмадан асқан аптал азамат болып, ержетті. Тұрғылықты халықпен біте қайнасып, Қазақстанның нағыз азаматына айналды. Олардың алды мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр.

Тәуелсіздік жылдарында атажұртына оралған  біржарым миллион қандасымыздың  атажұртқа келгеннен кейінгі ұрпақтарын қоса есептесек жалпы саны екі миллионнан аспаса кемімейтінін демографтар да дәлелдеп отыр.

Өйтсе, оралман ағайындардың отбасынан шыққан ұлттық рухты «Қазақстан патриоттарының» тағы бір легінің өсіп жетілгені біздің көз қуанышымыз көңіл марқайтар мақтанышымыз.

Тағы бір айта кететін жай белгілі себептермен бірер жылға саябыр тартып, іркіліп қалған көші-қон саясатының қайта жанданып, «көші-қон туралы» заңға өзгерістер мен  толықтырулар енгізілді. Бұрынғы заңдағы шеттен келген қандастарымыз  Қазақстан азаматтығына  төрт жылдан соң ғана қабылданатын бұрынғы бап өзгертіліп, небәрі алты айдың ішінде азаматтыққа қол жеткізетін болды. Заңда көрсетілген жеті облысқа келген ағайындарға баспана, жұмыс, қызметтен бастап барлық қолдау, көмек көрсетілетін болды. Сотталмағаны туралы анықтама сияқты артық құжаттар талап етілмейді.  Бұл заң – шеттегі ағайындарымыздың атажұртқа келесі бір легінің ағылуына жол ашары сөзсіз.

Ендігі  тілейтініміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жол «Нұрлы көштің» қайта қарқын алуына мұрындық болатын «Қазақстан Республикасының көші-қон туралы» жаңа заңның мүлтіксіз жүзеге асуы мен  шет елдерде   тұратын  қазақ  диаспорасы  тұралы  заңның  нұсқасы (мен ұсынған) тезірек бекітіліп, қара шаңырағын аңсаған шеттегі қаймана қандастарымыздың Ата жұртына оралуына тағы бір зор мүмкіндік туатын күннің алыс болмауы. Тілегіміз  Елбасымыздың құлағына  жетіп,  баршамызды  қуантар  күн жақын  екеніне  сенемін.

Үзбен Құрманбайұлы, «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

Abai.kz

 

 

 

 

 

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3543