Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 7928 1 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 09:09

Аквариумдағы махаббат

(әңгіме)

                                                                      1

Біздің үйде арнайы тапсырыспен, ерекше ыждаһатпен жасалған үлкен аквариум бар. Қаладағы ең мықты деген мүсіншілер асықпай ойланып, оның ішін қиялдағы ертегі қалашығындай етіп безендірген. Едәуір орынды алып тұрған, аумағы атшаптырым аквариумның бір бұрышына қызыл мәрмәрдан қашатып, зәулім сарай салдырдық. Мұнда түрлі әсем балықтардың емін-еркін, алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.

Аквариум – қызықты оқиғалар мен тартысты тағдырларға толы өзінше бір әлем. Бұл жерде де құдіретті Жаратушының қалауымен таң атады, кеш батады. Күні бойы тыным көрмеген балықтар түнде қалың ұйқыға кіріседі. Тағы да таң атады. Тірлік қайта басталады. Қысқасы, өлмеген жанға таң атып, тауық шақыра береді.

Адамның тағдыры Алланың қолында... Біздің аквариумдағы балықтардың тағдыры кішкентай Айшаның қолында. Өйткені олардың асыраушысы сол кенжетай қызым. Күнделікті жем беріп, апта сайын суын ауыстырып, балықтар мазасызданса асты-үстіне түсіп бәйек болатын да сол. Негізі балық асырау қой бағудан да қиын шаруа ма деп қалдым. Жемі қойдың азығынан қымбат. Қойды йіріп тастайсың да кетесің ғой, ал мына балықтармен күнделікті сөйлесіп отыру керек екен. Айша солай дейді. Әрбірімен жеке сөйлеседі. «Мылқау» балықтар айтқанын істемесе күйіп-пісетіні де бар. Олар бәрін түсінеді дейді. Бірақ Құдай мақұлықты да мінезімен жаратады екен. Бес саусақ бірдей емес. Балықтардың бірі биязы, бірі қиқар, бірі ақылды, бірі ақымақ. Тіпті адамдар сияқты оларда да сүйіспеншілік пен қызғаныш сезімі бар көрінеді. Осыны естіген соң мен де Айшамен бірге балықтардың өмірін бақылауға көштім.

*     *     *

Аквариумдағы көптеген ұсақ балықтардың арасында әсем тұрпатымен,  табиғи көркем болмысымен ерекше көз тартып, жұрттың назарын өздеріне аударып тұратын үш балық бар. Олардың екеуі алтын, біреуі күміс түсті. Альфа және Бетта есімді алтын балықтар тектес болғандықтан үнемі бірге жүреді. Альфа – құлпырып өскен сұлу бойжеткен болса, Бетта – содыр мінезді, қызғаншақ еркек. Ал күміс балықтың есімі – Гамма. Бұл әлгілерден тегі бөлек, сымбатты келген сері жігіт. Сері жігіт тегі басқа болғанмен Альфаны өлердей жақсы көреді. Ақкөз ғашық десе де болғандай. Жүрегін жаулаған аяулы ару қашан көрінер екен деп қызыл мәрмәрден соғылған көп қабатты сәнді сарайдың алдында телміреді де тұрады. Альфа көбіне қызыл сарайдың ішінде болады. Сарайдың сыртын қызғаншақ Беттаның өзі күзетеді. Ол өзімнің қалыңдығым деп тұтқандықтан Альфаны аттап бастырмайды. Сері жігітті сарайдың маңайына жолатпайды. Ал шынтуайтына келгенде Альфаның көңілі сері жігітке кет әрі емес. Қалай дегенмен оның заты әйел ғой. Әйелдерге тән көрсеқызарлық мұнда да бар. Үнемі бірге жүрген соң сотқар Беттадан жалыққан да шығар. Күндіз-түні көз алдыңда көлбеңдей берген нәрсенің қадірі бола ма? Соңғы кезде Альфа оңаша қалса, орайын тауып Гаммамен ерін түйістіріп қоятынды шығарған. Бүгін екі ғашық тапа тал түсте сарай сыртындағы қалың қоғаның арасында сүйісіп тұр еді, олардың бұл қылығын көріп қалған Бетта бұлқан-талқан ашуланды. Құйрығынан тістелеп, Альфаны сарайға қуып тықты. Еркек емес пе? Перідей қуалап жүріп Гамманы аяусыз соққыға жықты. Біреудің қалыңдығына көз сүзген сері жігіт қанға боялып, құрдымның түбіне кеткен. Махаббат дегенді қоя берсеңші... Азаптың түбінен де ләззат тапқысы келетін асау жүрекке не дейсің?

Гамма біраз уақыт ес-түссіз жатты. Альфа болса Беттаның осыншалықты жауыз екендігін көріп, одан сайын көңілі қалды. Тіпті жек көріп кетті. Бірақ қайда барады? Мына жалпақ дүниеде Беттадан басқа кімі бар? Оның түрі анау. Дөрекі. Бұны жеке затындай меншіктеп алғаны болмаса, жүрегінде титтей мейірім жоқ. Қабаған ит сияқты құтырынған неме. Альфаның басқа барар жер, басар тауы жоқ екенін, әлемде сөзін сөйлер тірі  жан таппайтынын Бетта жақсы біледі. Сондықтан басынады. Осы сәт Альфа өзінің алтын балық болғанына өкінді. «Бүйтіп алтын балық болғаны құрысын!» деп айғайлағысы да келген. Амал не? Балық айғайлай алмайды.

Беттаның көзін ала бере Альфа Гаммаға қарай жүйткіді. Жанын шүберекке түйіп, құйындай ұшты. Байғұстың жаны аман ба екен? Сүйіктісін су түбіндегі балдырлардың арасынан тауып алды. Өліп қалған сияқты. Сұлық жатыр. Альфаның жүрегі тас төбесіне шықты. Көз жасын көлдетіп, үнсіз жылады. Кенет ақ бауыры жарқырап шалқалай жатқан күміс киімді жігіттің әлсіз ғана қозғалғанын көріп, көкірегінде үміт оты ояна бастады. Балықта тіл жоқ. Тілі болса ғашық жігітке талай нәрсе айтар еді. Қайтсін? Ғашықтың тілі – тілсіз тіл деген.

Сері жігіт ақырын ғана көзін ашты. О,Тоба! Әлемдегі ай дидарлы ғашығы, қол жетпес  асылы үстінен төніп, жылап тұр. Тұла бойын бір ыстық дем бойлап барады. Есін жиып, бауырына аударылып түсті. Шынайы сезім деген неткен керемет! Жаңа ғана өлім аузында жатқан Гамманың өмір сүргісі келіп кетті. Оның ойынша өмірдің өзегі – шынайы сүйіспеншілік қана. Нағыз махаббаттың дәмін татқандар ғана өмір сүрдім десе болады. Осы ойдан ол ешқашан қайтқан емес. Ол үшін өмірдің ең басты қағидасы – сүйе білу және сүйікті бола білу. Болды! Сондықтан да Альфаны өлердей сүйеді. Аквариумның ішінде Альфадан басқа көз салар ешкім жоқ. Талғап сүйер кім бар дейсің. Байқап қарағанға Альфаның да кемшіліктері жетерлік. Бірақ ақкөз ғашық оны көрсін бе? Мәжнүннен бетер есі ауып жүрген ғашық қой. Өзінің сезімін шектей алмай көк-ала қойдай болып таяқ жеген Гамманың кеудесіне жан бітті. Денесін баппен ғана ақырын қозғап, бойын бұлғаңдатып, омыртқа-қабырғаларын тексеріп еді, бәрі сау сияқты. Альфаның бейкүнә жанарларына қарап, сері жігіт дүниені ұмытты. Қорқыныш, үрей, қауіп – бәрі бір сәтте ұмытылды. Өйткені Альфа қасында. Бұдан асқан бақыт бола ма? Бақыттан басы айналды.

– Папа, көрдіңіз бе? Екеуі бір-бірін қалай жақсы көреді, ә? - деді Айша. Оның сері жігітке жаны ашып отыр.- Анау Бетта оңбаған! Ондайлар ешкімді де жақсы көре алмайды. Әне, тағы да келе жатыр.

Шынында да Бетта сүзеген бұқадай көзін алартып жақындап қалыпты. Сері жігіт махаббаттың от жалынымен рухтанып, әбден қайратына мініп алған. Енді қорқатын ол емес. Альфаны қапталдай қорғаштап, Беттаға қарсы жүрді. Екі еркек бетпе бет келді. «Қолыңнан келгенді істеп ал! Енді өлтірсең де қайтпаймын!» дегендей Гамма қарсыласына тұмсығын тақады. Кімнің жігері мықты? Екеуі осылай тақасып қанша уақыт тұратыны белгісіз еді, олардың әлгіндегі төбелесінен жаны шошыған Айшаның  шыдамы жетпеді. Қолындағы ұзын түтікшемен Беттаның тұмсығынан түртіп, қуып жіберді. Тағы бір алапат жанжалдан аман қалған екі ғашық бір-бірін жұбатқандай қатар жүзіп, басқа бұрышқа кетті.

– Мен Беттаны Томириске беріп жіберемін. Он всем надоел!- деді Айша. Томирис оның құрбысы. Оларда да шағын аквариум бар.

– Болмайды. Ол өліп қалады ғой,- дедім мен қызыма қарап,- Мұндай балықтар жұбымен ғана өмір сүруі керек. Жалғыз өзі көбейе де алмайды.Ұрпақ әкеле алмайды.

– Беттаның балалары да өзінен аумаған озбыр болады. «Яблоко от яблони далеко не падает».

– Қандай болса да өзінің балалары емес пе? Балалары болса Альфа екеуі тату-тәтті өмір сүре бастайтын шығар. Беттаға да өзін көрсетуге мүмкіндік беру керек. Ал, мынау Гамманыкі дұрыс емес. Оның тегі бөлек. Тәп-тәуір тірліктің берекесін қашырып... Тұтқиылдан ұрынды. Альфа да сау сиырдың жапасы емес. Бетта тұрғанда бөтен жігітке көзін сүзіп несі бар? Сезім деген өткінші. Лап етеді де басылады. Өмір бір күнмен бітпейді. Табиғаттың заңына қарсы келуге болмайды.

– Не істейміз енді? Мыналар Альфа үшін күнде қырқысады ғой. Біреуі өліп тынады ақыры. Мен бұлардың өлгенін көргім келмейді.- дейді Айша. Балықтар үшін оның жаны ауырады. Қызым үшін менің жаным ауырады. Мен тез шешім қабылдадым.

– Томириске Беттаны емес, мына Гамманы берейік. Бұл көнбіс балық. Бәріне көнеді. Көр де тұр, Гамма болмаса бәрі де ретке келеді.

– Альфа ше? – деді Айша мұңайып,- Беттаның қорлығына көніп жүре бере ме?

– Оның тағдыры солай, қызым! Күндер өткен соң бәрін де ұмытады, бәріне де көнеді. Уақыт деген ұлы емші. Ғашықтықтың отына өртеніп кетпей, махаббат дастанының осылай аяқталғанына ол әлі-ақ қуанатын болады.

Айша екеуміз ақылдаса келіп осы шешімге тоқтадық. Сол күннің ертесіне махаббаттың соңында мәжнүн болған сері жігіт Томиристің үйіне аттанды.

 

2

Алатаудың қасқа шыңдарын алтын шапағымен нұрландырып күн көтеріліп келеді. Айша монтиып ұйықтап жатыр. Ұйықысын қандырсын деп терезенің қалың барқыт перделерін сырғыта жауып, бөлмесін қараңғылап қойдым. Соңғы күндері қызымның ұйқысы бұзылып жүр. Көңілінде үлкен алаң бар. Оны алаңдататын балықтарының тағдыры.  Аквариум сатып әперерде оның иығына аса зор жаупкершіліктің жүгін қоса артатынымды қаперіме алмаппын. Енді осыған іштей өкінемін. Қызымның алаңсыз жүргені жақсы еді.

Айшаның бөлмесінен ақырын басып шықтым да кіре берістегі кең дәлізде тұрған аквариумның жанына бардым. Түнде аквариумның ішіндегі жарықты сөндіріп қоямыз. Балықтар да адамдар сияқты, қараңғы болмаса ұйықтай алмайды. Аквариумның іші қаракөлеңке болып тұр екен. Шамын жағып, оттегі беретін құрылғысын қостым. Балықтар оянып қалыпты. Арылы-берілі жүзе бастады. Тағы бір таңға аман жеткендеріне шүкіршілік дейтіндей. Оларға қарап тұрып терең бір ойға шомып кетіппін.

Өмір болған соң түн де керек, күн де керек. Жердің бетін бірыңғай түн басса не болар еді? Атай көрмеңіз. Ойға алудың өзі үрейлі. Үнемі күн жарқырап тұрса... Ол да қиын. Алла тағала он сегіз мың ғаламды асқан тепе-теңдікпен жаратқан ғой. Сол тепе-теңдік бұзылса бәрі құриды. Жаратушы үшін ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Оған жер бетіндегі, су астындағы үлкенді-кішілі мақұлықтың бәрі бірдей. Бәрінің тағдырына бірдей жауапты. Құдай болу қандай қиын десеңізші. Миллиондаған мақұлықтарды жұп-жұбымен жаратып, олардың өз бетінше көбеюіне, ұрпақ таратуына мүмкіндік берген Құдірет иесі аквариумдағы балықтарды да ұмытпапты. Оларды да бірін еркек, бірін ұрғашы етіп жұптап қойған.

Қызыл мәрмәр сарайдың астыңғы қабатынан шыға келген Бетта менің ойымды бөліп жіберді. Ол таңның атқанына, жарық нұрға қуанып шыққан сияқты. Түрі сергек көрінді. Сері жігіт Томиристің үйіне кеткелі Бетта көп өзгерген. Оны озбыр етіп көрсетіп жүрген қызғаныш деген қызыл ит екен. Гамма кеткелі ол мәрмәр сарайды күндіз-түні күзетпейді. Ел қатары түнде ұйықтайтын болды. Ашуланшақтығы да басылып, қойдай момын қалыпқа түскен. Ал Альфа болса оған көңіл бөліп жатқан жоқ. Оның жүрегінде қалың қайғы бар. Байғұстың нәр татпағанына төрт күн болды. Төрт күннен бері қызыл сарайдың жоғарғы қабатындағы бөлмесінен шықпай қойды. Жүрегіне ерекше қуаныш сыйлайтын сері жігіттің аяқ астынан ғайып болғанына көкірегі қарс айырылып, қайғырып жатыр. Кеше Айша менен:

– Альфа аштан өліп қалмай ма?- деп сұраған.

– Байғұс ғашық, қайғыдан өлмесе, аштықтан өлмейді,- дедім мен,- Балық тоқтықтан өледі. Бұлар 10 күнге дейін нәр татпауға шыдайды. «Түйеге жантақ керек болса мойнын созады». Шын ашықса өзі-ақ сыртқа шығады. Уайымдамай-ақ қой.

– Бәрібір оны қатты аяймын. Жаным ашиды,- деген Айша.

– Сен одан да айтшы, Гамманың жағдайы қалай екен? Томириспен хабарластың ба? Жаңа ортаға үйренісіп пе?

– Түс кезінде сөйлескем. Ол да қайғырып жатыр дейді. Күндіз-түні қозғалмай, тамақ жемей, жер бауырлап жатып алады екен. Соны бекер бердік-ау?- деп Айша терең күрсінді.

– Беттамен күнде қырқысып, болмады ғой өзі. Біреуі өліп жатса одан да қиын болар еді. Үйреніп кетер? Сәл сабыр қылайық.

Алтыншы күні Альфа тағдырға мойын ұсынғандай еді. Аштық та шыдатпады ма, кім білсін... Қу тамақ деген де қиын... Балықтарға жем берген кезде ол да сүйретіліп сыртқа шықты. Су бетінде қалқып жүрген дәмді түйіршіктерді бірінен соң бірін қомағайлана қапырып-қапырып жіберді. Ішіне ел қонғаннан кейін сабырлы қалыпқа түсіп, жанына келген Беттамен жанаса жүзіп кете барды. Бетта бұрынғы Бетта емес. Бұған мейірлене қарайды. Алтын қанаттарымен аймалағандай сипап өтеді. Мұндай ерекше ілтипатты соқыр ғана байқамас. Қанша дегенмен Альфаның да жүрегі тастан емес қой. Бетта байғұста да нәзік сезім бар екен, ақеділ көңіл бар екен. Оны қызғаныштың қып-қызыл отына салып, өлердей ашуландырып, жауыз етіп көрсетіп жүрген өзі екенін Альфа терең түсінді. Сері жігіттен мүлде күдер үзген Альфа тағдырдың салғанына көніп, Беттаның дегенімен жүруге бел байлады.

Негізі Альфа ақылсыз балық емес. Беттаның жанында жүзіп келе жатып кейде терең ойларға беріледі. Дүниені ұмытып, естен тана ғашық болу әлсіздіктің белгісі екенін балық санасымен түйсінеді. Ғашықтық деген албырт жүректің ісі ғой. Ал ел қатарлы қалыпты өмір сүріп, қарттыққа жетіп, тым болмаса өз ажалыңмен өлу үшін ақыл керек. Ақылға бағынған жүрек қана барға қанағат қылып, байыз табады. Ой, Альфа! Альфа! Балық басымен осындай философиялық ойлар түйген соң оны қалай ақымақ дейсің. Бұның бәрі Альфаның ойы. Бірақ жүрек құрығыр шын сүйсе асаудай алып қашып, ақылдың ырқынан шығып кететінін ол қайдан білсін?

Тоғызыншы күні үйге Томирис келді.

– Балықтарыңызды қайтып алып келдім,- деді ол ұяң болмысымен ақырын ғана сөйлеп,- Мамам қайтарып бер деп жатыр. Біздің балықтармен тіл табыса алмайды екен.

Томиристің сөзінен байқағаным, сері жігіт олардың аквариумындағы балықтармен тіпті сиыса алмапты. Жетінші күні ғашықтықтың у запыран қайғысы тарқағандай болған соң Гамма есін жиған. Есін жиғаны бар болсын, айналадағылармен ай-шай жоқ төбелесе бастапты. Өлгісі келген жандай арпалысып, басын жарға соғып, жер-көкке симай жанталасып кетті дейді. Әсіресе, соңғы күндері жын қаққандай шоршып, аквариумнан шығып кетіпті. Еденде аунап, жанұшыра тулап жатқан жерінен әрең ауыздықтапты. «Ғашығымнан айырылып, жат жерде қор болғанша өле қалайын» десе керек.

Айша екеуміз бір бірімізге қарап, аңырып қалдық.. «Қайтқан малда қайыр бар» деген. «Не көрсе де үйірімен» деп Гамманы өзіміздің аквариумға сүңгітіп жібердік. Бұл кезде сері жігіттің өмірде бар екенін ұмытқан Бетта мен Альфа (балықтың жады қысқа) өзара ерекше бір жарасым тауып, бақыт құшағында жанаса жүзіп келе жатыр еді. Міне, безгелдек! Гамманың суға шолп ете түскенін көрген Альфа алғашқыда есінен танып қала жаздады. Екі өмірде мұндай болады деп күтпеген Беттаның көздері атыздай болып, шарасынан шығып бара жатты. Қуанғаны ма, қысылғаны ма, әлде ұялғаны ма қайдам, Альфа көзді ашып-жұмғанша мәрмәр сарайдағы бөлмесіне зып берді. Тілмен жеткізе алмас бір сезім албасты қуғандай аптықтырып, жүрегі аузынан шығып кетердей тулап соға бастады.

                                                      

                                                                  3

Кешеден бері Беттаның көңіліне қаяу кірді. «Қайта шапқан жау жаман» демеуші ме  еді... Түнеукүнгі төбелестен кейін қайда кеткені белгісіз, ізім ғайым ғайып болған жалғыз бақталасы қайтып келді. Неге кетті, неге келді? Ол жағы бұған беймәлім. Оның бұл өмірде  барынан жоғы жақсы еді. Бірақ ақиқаттан аттап кете алмайсың. Ақиқаттың аты – Ақиқат. Өзіңді өзің алдағанмен Ақиқатты алдай алмайсың. Енді не болар екен? Жеңілтек Альфаның әрекеті анау. Сері жігітті көрген сәтте шоқ басып алғандай шоршып, бұны тастай қашқаны несі? Иә, солай. Аспаннан найзағай түскендей жанұшырып, тұра қашты ғой. Неге? Ол кімнен қорқады? Сүйсінердей сиқы жоқ мына сүмелектен қорқа ма? Нардай болып қасында Бетта тұрған жоқ па? Неге қашты? Міне, сұрақ. Беттаның көкірегінде қызғаныш деген қызыл ит қыңсылап қоя берді. Ол қайтадан қызыл сарайды кірпік қақпай күзетуге көшті.

Альфаның жүрегі өз кеудесіне симай барады. Гамма қайдан пайда бола кетті? Бекер қайтып келді-ау. Беттаның жанында тойған қозыдай томпиып, жайбарақат жүргенім жақсы  емес пе еді? Кенет Альфаның есіне сері жігітпен сарай сыртында бірге өткізген қимас сәттері оралды. Көзін жұмып, сол ерекше бақытты күндердің әр сәтін санасынан тізбектей өткізді. Дәл қазір Гамманың құшағында елітіп тұрғандай күй кешті. Көзін ашса сүйгені қайтадан ғайып болатындай. Жанын толқытқан тәтті елесті қимай біраз жатты. Неткен ғажап сезім бұл!?  Гамманың жанында болған әр минут Беттаның бүкіл өмірінен қымбат қой. «Жақсының жанындағы жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей». Ақылға салса бәрін де дұрыс бағамдайтындай көрінеді. Бірақ, сүйгенін іздеп аласұрған мына жүректі қайтерсің? Жүрек! Жүрек! Риясыз сүйе білетінің үшін сен Ұлысың!

Альфа сері жігітті көрмесе тұра алмайтынын енді түсінді. Оны ойласа жүрегі шымырлап кетеді. Гамманы бір көргісі келді. Тезірек келсе екен деген оймен терезенің саңылауынан сығалаумен болды.

Гамма үшін бұл оралу орасан зор бақыт еді. Басқаның төрі құрысын. Өзін судағы балықтай сезінетін атамекенге не жетеді? Бұл жердің әр бұрышы ыстық. Өскен ортаның әр балдырын, әр тасын шөпілдете сүйгісі келді. Басқа жұрттың аты да, заты да басқа болады екен. Көрді ғой... Бұл аквариумда дардай болып жүрген басы жат жерде қайдағы бір қалт-құлт еткен бейшараларға қор болмады ма? Жат жұрттықтар бұған барсың ба, жоқсың ба демеді. Міскін шабақтардың өзі бұны Таяу Шығыстан қашқан босқындай көріп, жиіркене қарайтын. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, қаңғырып келген кірме балықты өз қауымына кім кіргізсін? Бөтегең түскірлер беттері бүлк етпей бөлектейді де тұрады. Ғашықтық дертінен күйіп-жанып жатқанда жанына желеу болар тірі пенде таппады. Ақыры не болды? Көштен қалған баладай қоғамнан шеткері ысырылған соң махаббатын жастанып өлгісі келгені рас. Жынданды, тулады, шоршыды.  Басын жарға соғып, аласұрды. Шынында да өліп кетсе қайтер еді? Кімнің, несі кетер еді? Біреудің өле қалғанынан бірдеңе өзгере ме? Жаман балық түгілі тұтас халық қырылып кетсе де бұл әлемде ештеңе өзгермейді. Әйтеуір, бір Құдай сақтады. Гамма оқиғаның дәл осылай өрбитінін күтпеген. «Жақсы екен өлгенімнен өлмегенім, Көп екен көргенімнен көрмегенім» дейді  мұндайда. Тағдырға мың да бір шүкір! Басқа жұрттағы сегіз күндік сергелдең жаман түс көргендей болып артта қалды.

Сері жігіт сүйікті Альфасын ойлап еді, көкірегіне нұр құйылғандай болды. «Ол мені ұмытқан шығар?» деген күдік санасының түкпірінде қылаң бере бастаған. «Мүмкін емес!» деп ол күдікті ойынан батыл ысырып тастады. Азап көріп, ашынып келген ғашық жігіт Бетта-қарауыл туралы тіпті білігісі де келмеді. «Бетта болса, өзіне Бетта! Қара басы, қарынының қамын ойлап жүре берсін. Ал бұған жалын керек! Маздаған жалын! Махаббат жалыны! Онсыз өмірдің мәні жоқ».

Гамма – балық болғанмен, нағыз қияли, романтиктің өзі. Ол үнемі қызылды-жасылды армандардың арасында адасып жүреді. Оның кейде құс болып ұшқысы да келеді. Құс болғанда да бүркіт, қаршыға, қырғи сияқты жыртқыш құс емес,  аққу болғысы келеді. Кейде ол Альфамен қанат түйістіріп, қос аққу бейнесінде сонау биік көктегі ақ шаңқан бұлттардың үстінде қалықтап бара жатады. Арман алыстарға жетелейді. Жан тербететін нәзік лирикалық музыка қос аққуды одан сайын тебірентіп, алыс-алыс қияндарға алып кетеді. Қандай ғажап! Балықтың да қиялдауға, армандауға еркі бар. Өзінің аквариум ішіндегі судың түбінде жүргенін ұққан кезде ғана тәтті армандары сейіліп, тәубасына түседі. Содан кейін,  балық болып аман жүргеніне де шүкіршілік деп басылады. Альфаны бұл балық қалпымен сүйген. Балық болғанда қандай балық?! Ай десе аузы, күн десе көзі бар. Осы дүниенің бір бұрышында оның бар екенін сезінудің өзі Гамма үшін ерекше бақыт. Әйтеуір, аман болсыншы!  Кейде сері жігіттің бойын құмарлық та билемей тұрмайды. Армандаған аруын бауырына басып, аймалап сүйгісі келеді. Оның әуесіңді келтірер оймақтай әдемі еріндерін қыршып тістеп тұрып, махаббаттың бал-шырынын сорғысы келеді.  Сол құмарлық бұның жанына тыным бермейді.

Гамма түс әлетінде Альфа тұратын қызыл мәрмәр сарайдың алдына барды. Түнімен көз ілмеген Бетта-қарауыл тамаққа тойып алып, қараңғы қуыста ұйқыны басып жатыр екен. Оған байқатпай сері жігіт жоғарғы қабатқа қарай көтеріліп кетті. Рұқсат та сұрамай, Альфаның бөлмесіне кіріп келді. Альфа аң-таң күйде, қуанышын жасыра алмай бұның құшағына құлаған. Әбден сағынысқан жүректер дүрсіл қақты. Дүниеде өздерінен басқалардың бар екенін ұмытып, ес-түссіз аймаласты. Альфаның алтын жіппен кестелеп, алтын сумен жиектелген кең етекті көйлегі сорғыштай умаждалды. Сағынған жігіт оған да қарамады. Екеуі де естен танды.

Дәл осындай махаббат ойыны келесі күні дәл сол уақытта тағы да қайталанды. Бал ләззаттың дәмін татып, әбден дәніккен сері жігіт үшінші күні үй сыртында күзет бар екенін мүлдем ұмытып кетті. Бұл жолы Бетта ояу жатқан. Жоғарғы қабатта бірдеңе болып жатқанын сезіп қалып, жетіп келсін. Ұмар-жұмар екеудің дәл үстінен түсті. Қырғын төбелес басталып кетті. Араша түсетін ешкім жоқ. Әлжуаз Гамма тағы да өлердей таяқ жеді. Қаны қайнаған Бетта бұл жолы Гаммамен бірге Альфаны да қызыл сарайдан қуып шықты.

*     *     *

Балықтарға жем сатып алмақ болып, Әуезов көшесіндегі арнаулы зоодүкенге соқтым. Мұнда балықтың неше түрі сатылады. Үйдегі балықтарды осы жерден алғанмын. Дүкенде Мақсат деген кеңесші жігіт бар. Ақжарқын мінезді, жақсы бала. Керекті таблеткалар мен жемдерді алған соң Мақсатпен едәуір уақыт әңгімелесіп қалдым. Аквариумдағы махаббат хикаясын айтып бердім. Кеңес сұрадым.

– Мұндай жағдай балықтардың арасында жиі кездеседі,- деді Мақсат,- Олардың әрқайсысы өз жұбымен өмір сүруі керек. Гамманың жұбы қайда?

–  Ол әу баста-ақ жемді шамадан тыс көп жеп, жарылып өлген. Ол кезде тәжірибеміз жоқ еді. Өліп қалатынын білмеппіз.

–  Демек, сіздерде Гамма жалғыз. Өзі еркек қой?

– Иә, соның еркек болғаны қиын болып тұр. Нағыз әңгінің өзі.

– Ол міндетті түрде жұбын іздейді. Өзі тектес балық болмағандықтан әрине басқаға таласады. Бірақ оның басқа текті балықтармен түбегейлі жұптасуы қиын. Жұптасқан күнде де олардан ешқашан ұрпақ тарамайды.

–  Ұрпағын қойшы, Беттамен күнде қырылысып, қызымның жүрегін ауыртады. Бала емес пе, олар төбелескен сайын қызым шыр-пыр болады. Осы менің жаныма батып жүр.

–  Онда, былай етейік,- деді Мақсат ойлы қалыппен,- Гаммаға серік болатын өзінің тектесін тауып берейін. Тура өзіндей балық керек.

– Альфа тұрғанда ол басқа балықты менсіне ме? Қалай ойлайсың?

– Менсінгенде қалай! Бізде Комета деген бір «стерва» балық бар. Сізге керек балықтың нақ өзі. Соны сатып алыңыз. Өзі еркекқұмар. Кез-келген жігіттің басын айналдырып, жынды қылып жібереді,- деп Мақсат аппақ тістерін ақсита күлді.

– Әйтеуір, өтпей жатқан балығың емес пе?- дедім қалжыңдап.

– Жо-жоқ, аға! Мен бұл дүкендегі әрбір личинкаға дейін білемін ғой. Сізге керегі дәл сол балық. Өкінбейсіз.

Мақсат мақтауын келтірген соң Комета атты «стерва» балықты сатып алдым.

                             

4

Комета жаңа мекенді асықпай аралап шықты. Ерекше безендірілген аквариум іші оған бірден ұнады.Табанына төселген тастарына шейін әдемі екен. Сәнді жапырақтар мен қамыс-қоға жайқалып тұр. Теңіз түбінде өсетін экзотикалық, әшекейлік өсімдіктер ерекше көз тартады. Тіпті қызыл мәрмәрдан қалап, әсем сарай салынған. Комета бір сәт өзін ертегінің ішінде жүргендей сезініп кетті. Өте жанға жайлы жер. Көкірегін қуаныш биледі. Ендігі мәселе, көршілері кімдер екен? Кімдермен бірге тұрады? Кімдермен араласады? Осы жағын анықтамақ болып аквариум ішіндегі балықтарға жеке-жеке зер салып қарай бастады. Үйірімен жүретін ұсақ шабақтар баршылық көрінеді. Олардың бұған пайдасы да, зияны да тимес. Әркім өзімен терезесі теңді іздейді. Өмір сонысымен қызық. Өзі құралпылас балықтардан кім бар екен? Оның көзіне ә дегеннен Гамма ілікті. Өзі тектес ер азаматтың болғанына қуанып кеткені соншалық, қасына жетіп барғысы келді. Бірақ өз қадіріңді түсірмеу үшін ұстамдылық та керек. Осы оймен бойын тежеді. Әрі бейтаныс жігіттің жанында алтын көйлекті ару бойжеткеннің тұрғаны Кометаны ойландырып қойды. Бұл кім болды екен? Өзі нәзік, өзі әдемі. Күміс жейделі жігіттің иығына басын сүйеп, наздана қарайды. Жігіт те оны ерекше мейіріммен аялап, қайта-қайта бетінен сүйіп қояды. Ғашықтар! Олар басқа дүниені ұмытқандай. Кометаға көңіл де бөлмеді. Комета бір сәт өзімен тектес жігітті қызғанып кеткендей болды.

Айтпақшы, анау әсем сарайдың иесі кім екен? Комета солай қарай жақындады. Мәрмәр сарайдың астыңғы қабатында мұңды ойға батып, тоң торыс тұрған Беттаны көрді. Бетта да мұны көріп, «Мына бейтаныс сұлу қайдан жүр?» дегендей аңтарыла қарап қалыпты. Комета амандасқандай ишарат білдіріп еді, алтын жейделі балық сәлемін алып, қасына келді. Бейтаныс бойжеткеннің әсем ғимаратқа таңдана қарап, оның ішін көргісі келіп тұрғанын Бетта ұға қойды. Кометаның бас-аяғына байыппен қарап шықты да, аз-кем тұрып, «Соңымнан жүр! дегендей сарайдың ішіне кіріп кетті. Екеуі сарайды аралап шықты. Бөтен ешкім жоқ.  Комета әйелге тән сезімталдық түйсікпен жоғарғы қабаттағы бөлменің иесі жаңағы алтын көйлекті бойжеткен екенін түйсінді. Оның ойын сан түрлі сұрақтар мазалай бастады. Бұл қандай тағдыр? Бетта неге жалғыз? Альфа неге бөтен жігітпен аймаласып тұр? Комета дегенің сұңғыла ғой, барлық мәселені бірден түсінді. Беттаның Альфаны қуып жібергенін де тап басып таныды. Сарайды аралап жүріп-ақ, ол өзінің ертеңін ойлай бастаған. Былайғы жұрт «стерва» деп атағанмен Комета салқын ақылдың иесі. Жағдайды дұрыс бағалай біледі. Әр қадамын ойланып жасайды.

Сонымен, аквариумның ішінде бір-біріне қарайлас төрт балық бар. Тектес балықтар екі  жұп құруға тиіс еді. Олай болмай тұр. Табиғаттың заңы бойынша Гамма Кометаға жар болуы керек. Бірақ ол Альфамен әуейіленіп кетіпті. Басқа қандай таңдау бар? Беттаның басы бос. Бірақ оның тегі бөлек. Қазір тегіңді ойлап жататын заман ба? Тегі бөлек болса да оның кең сарайы бар. Беттамен бірге болса бұл далада қаңғырмайды. Махаббаттан бұрын, тұрмысты ойлау керек. Кометаның ойынша шынайы махаббат болмайды. Күйдім, жандым дегеннің бәрі бос сөз. Ол өзіңді өзің алдау. Уақытша ермек қана. Тұрмысы жақсы жандарға махаббаттың өзі келеді. Ары-беріден соң махаббат деген – өзара түсіністік, сыйластық. Үй-күйі жоқтардың махаббаты ұзаққа бармайды. Олар тек бар қиындыққа көну арқылы қысқа өмірді сарп етеді. Махаббат баянды болуы үшін көңіл орнықты болуы керек. Ал енді ана болу, перзент сүю, ұрпақ тәрбиелеу мәселесі ше? Бұл мәселеде Кометаның өз есебі, өз пайымы бар. Өмір бір-ақ рет беріледі. Оны қызықты етіп сүре білу керек. Кез-келген перзент – өміріңе қолбайлау. Ұрпақ әкелу – өз мойныңа бітпейтін міндеттер жүктеу. Ол ұрпақ қандай болып өседі? Олардың заманы қандай болады? Олар саған ескерткіш қоя ма? Өзің итшілеп өмірден өтіп кеткен соң қойған ескерткіші кімге керек? Сондықтан өзің үшін өмір сүр. Шалқып бас, шайқап іш. Ләззат кеш.

Бұның бәрін Комета сарайдан шыққанша ойлап үлгерді. Ол үшін Беттаның көңілін өзіне бұру түкке де тұрмайтын. Өйткені Комета тым жас болса да еркектердің жүрегін жаулау өнерінің хас шебері еді. Еркек деген не тәйірі? Олардың миының басқа жарты шары жұмыс істейді. Алдағанға баладай иланады. Көзіне әдемі көрініп, арқасынан қағып,  мақтап қойсаң болғаны. Алдыңда құрдай жорғалайды. Ал олардың назарын өзіңе аударудың мың сан амалдары бар. Керек сәтінде күліп, керек сәтінде жылай біл. Сол да жетіп жатыр.

Алғашқы таныстық үшін осы да жетер дегендей Комета Беттамен жылы қоштасып, кетіп қалды. Кетерінде жәй кеткен жоқ, Беттаға қылымси көзін сүзіп, жүрегінің бір-екі қылын шертіп кетті.

Альфадан әбден көңілі қалған Бетта Кометаның соңынан сүйсіне қарап қалған. Ойда жоқта аспаннан түскен періштедей болып, кіріп келген биязы мінезді бойжеткеннің тегі басқа екенін ойлаған да жоқ.

Кометаның қызыл мәрмәр сарайдан шығып келе жатқанын көрген Альфаның жүрегі дір ете қалды. Бұл кім тағы? Бұл мекенде бейтаныс бойжеткеннің пайда болғанын жаңа ғана байқады. Өзі жап-жас, үріп ауызға салғандай екен. Бұларды көрмегендей болып, сылаңдап өтіп барады. Оның Гаммамен тектес екенін көріп, Альфаның көңіліне секем кірді. Гамма бұл сұлуды көрмей-ақ қойса екен деген қызғанышты ой санасын еріксіз тіліп өтті. Бұған дейін Альфа мұндай сезімді бастан кешпеген. Қызғаныш бекер туындамайды. Бәсекелесің болмаса кімнен қызғанасың? Өзінен жас, өзінен әдемі бәсекелестің келгенін, бүгіннен бастап тыныш өмірінің бұзылатынын Альфа миымен емес, жан жүрегімен сезінді. Жас қыздың мәрмәр сарайдан шығып келе жатқаны тіпті жынын келтірді. Біздің үйде не істеп жүр? Бетта сорлы қайда? Бір сәт беттің суын белге түйіп, ұятты жиып қойып Беттаға барып сұрағысы келіп кетті. Бірақ, балықта да намыс бар. Намысы жібермеді. Беттаның бетін көрмейтіндей болып кеткен. Ол оңбаған бұған не істемеді? ( Альфа өзінің кінәсін білсеші. Өзі сүттен ақ, судан таза болып түр ғой. Пенденің бәрі біреуді кінәлауға бейім тұрады).

Гамма Альфаны құшақтаған қалпында тұра берді. Ол Кометаны көрмеді емес, көрді. Алыстан байқап, көзінің қиығымен ұзатып салды. Тек Альфаға байқатпады. Сұлу көрсе еркектік инстинкт іске қосылатыны сөзсіз. Гамма да еркек қой. Оның үстіне махаббат қуған сері емес пе? Хас сұлуды көргенде селт етпесе оның несі сері?

 

                                                                             5

Келесі күні Комета қызыл мәрмәр сарайға қайта барды. Ол жападан жалғыз қалып, жаны құлазып жүрген Беттаның осал жерін тапқандай болды. Бетта байғұстың көңілінде қаяу бар. Альфа мен Гамманың іс-әрекеті оның жүрегін аяусыз жаралаған. Кометаға керегі де осы. Намысы тапталған, қорланған еркектің жүрегіне жол табу қиын емес. Еркектер де бала сияқты. Тағдырдан таяқ жегенде, өмірден соққы көргенде айналадан қолдау іздей бастайды. Әлдебіреуден мейірім күтеді. Жанына үңіліп, аяушылық білдіргенді қалайды. Жылы-жылы сөйлесең жылап жібергісі келіп тұрады.

Комета мүсіркей қарағандай көздерін мөлитіп, нәзік қанаттарымен Беттаның басынан сипады. Оның бұл әрекетіне Беттаның жүрегі елжіреп кетті. Өзінің тектесінен көрмеген жақсылықты өзгеден көріп, көңілі хоштана бастады.  Уыздай жас бойжеткеннің өзіне көңіл бөліп, жан тереңіндегі шерлі күйді түсіне білгеніне іштей риза еді. Кометаның өз қолына қонғалы тұрған бақ екенін түйсінген Бетта түрлі қиялдарға берілді: «Айдай сұлу, өрімдей жас келіншекпен бақыт құшағында  өмір сүріп жатса, мұны менсінбей кеткен алаңғасар Альфа мен сүмелек Гамманың іші күйер еді-ау. Өзіне істегенді алдынан келтіріп, олардың да жандарын ауыртса, олар да қызғаныштан күйіп-жанса, жүрегінде шемен боп қатқан кекті қайтарғандай болар еді-ау».  Беттаның жаман ойы осылай дейді. Ол Кометамен алаңсыз ғұмыр кешуді емес, қалай да анау екеуінен кек қайтаруды ойлады. Есіл дерті дұшпандарынан өш алу. Өмірдің мәні өш алу ма? Керісінше, өткен жамандықтың бәрін санасынан сылып тастап, жаңа бақытқа, жаңа шаттыққа есік ашпай ма? Қамшының сабындай қысқа ғұмырды мағынаға толтырып, сыйластықпен, әдемі әсерлермен өткізбей ме? Әй, балықтар-ай! Бұлардың көкірегінде шапағатты мейірім шуағынан гөрі ыза мен кекке көбірек орын беріліпті. Амал қанша?

Иә, көп өтпей Бетта да, Комета да дегендеріне жетті. Ішкі мақсаттары қаншалықты қайшы болса да тіл табысып, күн кешіп жатыр. Екеуі сарай сыртына шығып жиі серуендейді. Альфа мен Гамманың ішін күйдіру үшін әдейі сол жақты жанай өтеді. Олар да бұлардың жақындап келе жатқанын байқаса, көрмегендей болып теріс бұрылып тұра қалатын болған.

Бетта мен Комета қосылып сайрандай бастағалы Альфаның басына нелер келіп, нелер кетпеді десеңізші. Жоқ, ол Беттаны қызғанбайды. Оны одан сайын жек көріп кеткен. Альфа қызыл сарайды қызғанады. Өзінің балдай тәтті балалық шағы өткен үйде Комета сұмырайдың қаннен қаперсіз, шалқып өмір сүріп жатқанына күйіп кетеді. Қызыл сарайдың іші жанға қандай жайлы еді? Гамма екеуі әр бұрышты сағалап, тентіреп жүргендері мынау. Көңіліне медеу ететін жалғыз тірегі – сүйгенінің жанында болғаны. Ыстықта да, суықта да бірге болу – махаббаттың айнымас серті емес пе? Олай болса бұл неге өкінеді? Осы ой ғана Альфаның алабұртқан көңілін сабасына түсіреді.

 

*     *     *

Комета жақсы өмірге әдбен бой үйретіп алған соң Беттадан жалыға бастады. Әзірге есебі түгел. Не ішемін, не жеймін демейді. Бетта нағыз ұйқыбас екен. Қашан көрсең тамаққа тойып алып, ұйқыны соғып жатқаны. Кометаның жас күні соның ұйқысын күзетумен өтіп бара жатыр. Тамақ ішу, ұйықтау. Тамақ ішу, ұйықтау. Екі-үш күнде сыртқа бір шығып келіп, қайта ұйқыға кетеді. Кометаның армандағаны осы ма еді? Жоқ, ол жас. Ол үшін өмір жаңа ғана басталған. Оған сезім керек, қызық керек. Өмір сүру керек. Ұйқымен өткен күн өлген күн. Беттаның қасында жата берсе жардай болып семіріп кететін түрі бар. Семіру деген Комета үшін өліммен бірдей. Өзін семіз күйде елестетуге де қорқады. Қайткенде де өзін қалыпта ұстау керек. Осы ойға тоқтаған Комета сарайдан жиі шығып кететін болды. Арылы-берілі жүзіп, жаттығулар жасайды, айналаның әсем табиғатын тамашалайды. Қалжырап шаршағанша қыдырып жүретіні бар.

Бір күні қызық болды. Комета кәдуілгі әдетімен жалғыз өзі қыдырыстап жүрген. Кенет Альфалар тұратын алыс түкпірде біреудің жанын қоярға жер таппай, ерсілі-қарсылы  жүзгенін көрді. Жақынырақ барып қарап еді, аласұрып жүрген Гамма екен. Бұны көмекке шақырғандай белгі берді. Бұл таңдана қалқып, қасына барды. Неден екені белгісіз Альфа есінен айырылып, талып қалыпты. Су түбінде ес-түссіз жатыр. Дегбірі қалмаған Гамма не істерін білмей дал. Комета Гаммамен сыпайы амандасқан соң талып жатқан алтын балықтың жүрегін тыңдап көрді. Әлсіреп қалған байғұстың жүрегі әрең соғады. Гамма бұған «Бірдеңе істеші» дегендей жалынышпен қарады. Комета дүкендегі аквариумда мұндайдың талайын көрген. Альфаға таза ауа керек. Гаммаға әнтек ымдап еді, ол түсіне қойды. Тұмсықтарымен итеріп, Альфаны оттегі берілетін құрылғыға қарай жылжыта бастады. Ол құрылғы қызыл мәрмәр сарайдың артында. Біраз жер. Альфаның желбезектері жабысып қалған күйі, өлген балықтай боп сұлық жатқанына да біраз болды. Гамманың зәресі ұшты. Ол қозғалыссыз қалған денені астынан көтеріп көздеген жерге тезірек жеткізуге жанталасты. Комета да аянып жатқан жоқ. Екеулеп жүріп оттегінің құбырына жеткізді-ау әйтеуір. Әлден соң Альфаның желбезектері ашылып, жұмыс істей бастады. Бірақ өзі әлі де ес-түссіз. Комета Гаммаға қарап: «Енді қорықпаңыз, бәрі дұрыс болады» дегендей ишара жасады да, қоштасып, қызыл сарайға кіріп кетті. Гамманың Кометаға риза болғаны соншалық, қалай алғыс айтарын білмей басын изей берді. Ол енді ғана байқапты: Комета шын мәнінде сұлу екен. Тұңғиық сырға толы көздерін айтсаңшы! Тектес балық болғанға ма, әйтеуір Гаммаға етене жақынындай көрініп кетті. Көрген жанды сиқырдай баурап, тартып тұратын сияқты. Жас қой, жас. Жастық шақта бәрі әдемі.

Альфа әупірімдеп аман қалды. Не болып, не қойғанын өздігінен бағамдай алар емес. Көз алдында дүние шыр айналып бара жатыр. Ол бұрын мүндай хәлге түспеген. Денесі дел-сал болып, иікпейді. Өзінікі еместей. Өкпесі қос қапталдан қысылғандай,  тынысы тарылады. Бажайлап қарап еді, қасында Гамма бар екен. Бұны сүйемелдеп, демеп қояды. Альфа оның барына шүкірлік етті. Олар баппен ғана қозғалып өздері тұратын бұрышқа қарай жылжыды. Екеуі де болған оқиғаның шынайы сырын түсінген жоқ. Бұрын мұндайды көрмеген. Тек Комета ғана өзінің ерекше сезімталдығымен Альфаның аяғы ауыр екенін байқап үлгерген. Шынтуайтына келгенде Альфа жүкті еді. Жүкті болғанда да оның құрсағындағы уылдырық Гаммаға жолыққанға дейін Беттаның қанынан түскен болатын.

*     *     *

Альфа талып қалған күннен бастап Кометаның көңілінде белгісіз аңсар пайда болған. Жатса да, тұрса да сол бір аңсар көкейінде тұрады. Гамманың келісті тұрпаты көз алдынан кетпей қойды. Тіпті түн сайын түсіне кіретін болды. Оның өзіне ынтыға қарағанын ойласа, көкіректегі құмарлық одан сайын өрши түседі. Жасына жетпей қартайып жатқан Беттаның тоғышар болмысы Кометаға қызық емес. Есеппен қосылғандықтан ол Беттаның жеке басына бұрын да қызықпаған. Оның әр қимылына тыжырына қарайды. Енді осылай өмірі өтпек пе? Болмайды. Комета бейқам тірлік үшін жаралмаған. Негізі генетикалық тұрғыдан алғанда күміс балықтар қызу қанды келеді. Олар мимырт тірлікті ұнатпайды. Оларға тыныш өмір жақпайды. Шетінен кездейсоқ оқиға іздеушілер. Мысалы, Комета «махаббат – алдамшы сезім» деп ойлайды. Алайда бірсыдырғы, бірыңғай өмірден уақытша болса да махаббат қызық. Өмірді есте қалатындай етіп сүру керек. Балықтардың өмірінде махаббат ләззатынан артық не бар? О, махаббат! Сен кімдерді есінен тандырмадың? Кімдерді жолынан адастырмадың? Махаббаттың жалынынан қуат алып, адасудың өзі нағыз өмір екен ғой.

Кометаның тәтті ойын Айша бөліп жіберді. Ол аквариумның қақпағын ашып,  балықтарға жем бермек. Күнделікті әдет бойынша балықтар судың бетіне тұмсықтарын созып жапырлай жиналды. Комета мен Бетта бұрынырақ жетті. Жұптарын жазбай Гамма мен Альфа да келіпті. Бүгінгі мәзір керемет. Сиырдың жүрегін ерекше соуспен араластырып бұқтырған екен. Жұпар иісі танауды жарып барады. Комета бұқтырылған жүректің үлкен бір бөлігін тістей беріп еді, Альфа көз ілеспес жылдамдықпен қағып әкетті. Екінші біріне ұмтылып еді, тағы да тартып кетті. Алтын балықтар қомағай келеді. Олар әсіресе, ет көрсе естерінен танып қалады. Беттадан біледі. Ол еттен басқаны тамақ деп санамайды. Әйел басымен Альфаның ісі мынау. Кометаның өзін бір ажалдан алып қалғанын ол білмейді ғой. Білсе не істер еді? Альфа үшінші бөлшекті де тартып әкеткенде ауызы аппақ болған Кометаның жыны келді. «Жақсылықты білмейтін неме екенсің. Осыдан ісім сенімен болсын!» деп ішіне бір сұмдықты түйіп кетті.

 

                                                               6

Гамманың мінез-құлқына алабөтен өзгеріс енгенін Альфа әйелге тән нәзік түйсігімен сезеді. Гамма болса өз бойындағы өзгерісті өзі де байқамайды. Біраздан бері Кометаның күлімдеген ақ дидары мен әлемде жоқ тұнық жанарлары көз алдына елестей қалса Гамманың жан дүниесі сәулеленіп сала беретін болды. Альфаны құшақтап тұрып көзін жұмса, құшағында  Альфа емес, бейне бір сол ерке сұлу тұрғандай күй кешеді. Бұның ішінде қандай ит өліп жатқанын Альфа білмейді деп ойлайды. Әйел затының сезімталдығы сондай, сенің көкейіңдегіні ғана емес, қан тамырларыңның ішіндегі ағыстарға дейін сезіп тұратынын Гаммадай сері қайдан білсін?

Кешеден бері бір зілмауыр ой бұның жанын ауыртып жүр. Ол тағы да сол ата жауы Беттаның жолы болғыштығы. Сұлу біткенді бірінші Бетта сүйіп, бұл содан қалған сорпаның суын ішіп жүргендей болғанын ойласа, іші күйіп кетеді. Гамма кеше ғана Альфаның аяғы ауыр екенін білген. Бұл оған аса қуана қойған жоқ. Біраз жыл жастық шақтың базарын кешіп, бала-шағасыз еркін жүре тұрсақ деуші еді. Ол ойы болмайтын сияқты. Альфаның іші шеңберленіп келеді. Басқа салса баспақшыл деп, тағдырдың мұндай сынағына да көнгендей болған. Түнгі ұйқыға кетер алдында ай-күнін есептей келіп, Альфаның құрсағындағы уылдырықтың Беттадан екеніне көзі жеткенде ызадан жарылып кете жаздады. Бірақ бұл туралы Альфаға тіс жарып айтпады. Өліп-өшіп сүйдім дегенмен көңілін мұз қарығандай болды.

Комета қызыл сарайдан бүгін де жалғыз шықты. Айналадағы әсем табиғат жанға рахат күй сыйлап тамылжып-ақ тұр. Гамманы көргісі келіп, олар тұратын алыстағы бұрышқа көз тігіп қарады. Қайда кеткендері белгісіз, Гамма да, Альфа да зым зия жоқ. Бұл таңырқап, солай қарай жақындай түсті. Таяп келгенде қарсы бұрыштағы жалпақ жартастың тасасынан Гамманың құйрығын көріп қалды. Әбігерленіп бірдеңе істеп жатқан сияқты. Комета көзге түсіп қалмауға тырысып, жартасты қалқалап жоғары өрледі. Қауіпсіз жерден жартастың арғы жағына сығалап байқады. Гамма Альфаны жартастың қалқасындағы көлеңкелеу жерге жайғастырып жатыр екен. Альфаға көп тынығу керек. Оның денесіне батпауы үшін Гамма қиыршық тастарды теріп тастап, судың түбіндегі құмды тегістеп, кәдімгі құс мамық төсек салғандай әрекет жасауда. Комета бұл жағдайды  көріп қуанып кетті. Демек, Альфа көлеңкеде біраз уақыт демалады. Төсегін жайлап берген соң Гамма бері қарай шығатын шығар. Оңаша кездесудің, сөйтіп Альфадан өш алудың оңтайы келейін деп тұр. Аңдып жүргендей болмай алыстан бақылайын деп Комета кері қайтты. Сүт пісірімдей уақыт өткенде жартастың арғы жағынан Гамма да көрінді. Оның назарын аудару үшін Комета бойын бұлғаңдатып, аударылып ойнай бастады. Оны Гамма бірден байқады. Әдетте бойжеткендер құмарлығы қысқанда осылай ойнайтынын ол жақсы білетін. Тура солай қарай жүзді. Комета елдің көзінен тасалау тұстағы бұталардың арасына қарай ығысып, жылжи берді. Оның сұлу жігітті армансыз аймалап, әбден құмарынан шыққысы келді. Басқа басқа, сұлулардың ішкі құмарлығын жазбай танитын Гамма тасада күтіп тұрған Кометаға жете бере ай-шай жоқ бас салды. Жанталаса аймаласқан екеуі бірден іске кірісті. Жандарын жалынға ораған махаббат ойыны ұзаққа созылды.

*     *     *

Бетта ұйқыдан оянғанда түс мезгілі болып қалған еді. Көп ұйықтағаны сонша бар денесі ұйып қалғандай көрінді. Қарыны ашып, шегі шұрқырай бастады. Айшаның тамақ беретін уақыты да жақындапты. Өзінің дәл тамақ беретін уақытта оянатынына риза болады. Кометаның қайда жүргені белгісіз, үйде басқа ешкім жоқ. Оянса да көзін ашқысы келмей біраз жатты. Жатып алып ойланды. Жатқан балық ойланбағанда не істейді?  Бетта бұл өмірге балық болып келгеніне шүкіршілік етеді. Балық болғанда да анау-мынау емес, аквариум балығы болғанына разы. Жылы мекенің, жатар орының дайын, тамағың дайын. Адамдар құсап жан бағу үшін жанталасып жатпайсың. Адамдар жұмыс істеп, жалақы таппаса аштан өледі. Күнкөрістің қамымен күндіз-түні тыным таппай, естері шығып, қарбаласып жүргендері. Азық іздеп, айла қарастырып, бір-бірімен қырылысып, бірін бірі атып-сатып, күнәға кеңірдектен батып жатқаны. Соның бәрі не үшін? Қу тамақ үшін! Құлқынның құлы болып, пара алып, қамалып, құрдымға кетіп жатса да қорытынды шығармайды. Өйткені ішіп-жеу керек. Онсыз болмайды. Ал, Беттаның өмірі рахат! Ол сияқты ойласаң өзіңнің де балық болып кеткің келеді екен. Бетта данышпан тағы ойланады. Мынау дүниедегі ұшқан құс, жүгірген аң, мұхиттар мен теңіздердегі ірілі-ұсақты балықтар түгелдей бір құлқынның соңында жүр. Бәрінің есіл дерті бір тамақ. Күштілер әлсіздерді жеп күн көреді. Ал адам деген обыр жалмауыз. Жердегі, аспандағы, су астындағы тіршілік иесінің бәрін жалмайды. Сонда да тойым жоқ. Құлқыны үшін бір күні олар өздерінің де басын жалмап тынатын шығар.

Бетта Кометаны ұзақ күтті. Қайда жүр? Тамақ ішетін уақыт та болып қалды. Комета жоқ. Қарыны ашқан Бетта тағатсыздана бастады. Сарайдың алдына шығып, жол қарап еді Комета қонуға бет алған ұшақтай қалқып, қанаттарын жайып жақындап қалыпты. Ол Беттаға қарамай қызыл сарайға кіріп кетпекші болды. «Мұнысы несі?» деп, Бетта оны құйрығынан тістеп тоқтатты. Комета үлкен бір сыр жасырып тұрғандай, бұның көзіне тура қарай алмады. Гаммамен болғанын Бетта біліп қоятындай көрініп, зәре құты қашты. «Ұрының арты қуыс» дегендей тіке қарай алмай, жыпылықтаған жанарларын тайсақтата берді. Қорыққандар өз сырын көзімен айтып қоятыны бар. Бетта Кометаның жүзіне тесіле қарады. Кометаның үстінен бөтен еркектің иісі аңқып тұр. Тамағы мен еріндері біреу сорып тастағандай көгістене қанталап кетіпті. Алыс бұрыш жақта бұларға жалтақтай қарап Гамманың зытып бара жатқанын көрген Бетта оқиғаның мән жайын түсінгендей болды. Ол ызадан қаһарына мініп, Кометаны ай-шайға қарамай төмпештей бастады. Комета бірдеңе деп ақталмақшы болып еді, Бетта одан сайын жынданып, аямай соқты. Беттадан дәл осындай қатыгездік күтпеген Комета құр сүлдерін сүйретіп, әрең қашып құтылды. Кетіп бара жатып Комета аквариум ішінде өзінің құқығын қорғайтын ешқандай заңның жоқтығына күйінді. Ондай заң болғанда оспадарлығы үшін Беттаның екі аяғын бір етікке тығып, көзін көкшитіп, түрмеге тоғытары сөзсіз еді. Әлде, күйеулерінен зәбір көрген әйлдердің құқығын қорғайтын қоғам құрса ма екен? Аквариумда ондай да мүмкіншілік жоқ. Комета өзінің әлсіз балық болып жаралғанына қорланып кетті.

 

*     *     *

«Бір қыздың қулығы қырық есекке жүк болыпты» деген сөз бар. Әйелден қулық артылмайды ғой. Гамма мен Комета махаббатпен айналысып жатқанда Альфа да қарап қалған жоқ. Гамманың едәуір уақыт жоқ болып кеткені оның көңіліне күмән тудырды. Онсыз да Гамма көзден таса болса Кометамен байланысып қояр ма екен деп, қара май ішкендей көңілі қобалжитын. Гамма салып беріп кеткен жайлы төсекте жатуға жаны шыдамады. Оның соңынан іздеп шыққан. Тапа тал түсте мына махаббат ойынының үстінен түсті. Көңілінде көптен жүрген күдігі расқа айналды.  Бірақ бұл Беттадай қара күштің иесі емес қой. Әйел деген мұндайда көз жасына жүгінгеннен басқа не істей алады? Өз көзімен көріп тұрған шындыққа жаны шыдамай Альфа теріс айналып кетті. Махаббатын қимай, өзегі өртеніп ағыл-тегіл жылады. Етегі жасқа толып еңкілдеп отырғанда Беттаның Комета «стерваны» оңдырмай сабағаны бұның өшін алып бергендей болды. Ал көзіне шөп салып, сатып кеткен оңбаған Гамманы Беттадан бетер жек көріп кетті. Жанын қоярға жер таппай сандалып біраз жүрген соң Альфа ендігі жерде өзінің және болашақ балаларының тағдыры не боларын ойлады. Сөйтіп бір ойға тоқтады. Не болса да өткен істері үшін жаздым, жаңылдым деп Беттадан кешірім сұрауды ұйғарды. Бетта көп ойланып барып, Альфаға қызыл мәрмәр сарайға кіруге рұқсат берді. Ол да өзінен тарайтын ұрпақтарының болашағын ойласа керек.

Осылайша алтын балықтар мен күміс балықтар өзара жұптасты. Табиғаттың бұлжымас заңдылығына сай әрқайсысы өз алдына өмір сүре бастады. «Өмірдің өзі бәрін өз орнына қояды» деген сөз рас екен.

Темірғали Көпбай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Abai.kz

 

1 пікір