Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 6422 46 пікір 21 Қыркүйек, 2017 сағат 08:54

Қайдасыңдар, қазақтың тілші ғалымдары?

Он шақты күн болды, қазақстандық БАҚ қазақ жазуының латынға ауысуына қолдау білдірушілердің ой-пікірлерін сан алуан атаумен жарыса жазып жатыр. Қолдау білдірушілердің арасында кімдер жоқ дейсің, бәрі бар. Алайда жазып-айтып жатқандары бір мазмұндас, бір тектес. Жалпы мазмұны – сол,  латынша әліпбиге көшу – «қазақты ұшпаққа жеткізеді», «көсегесін көгертеді» тағысын тағылар. Дәл қазақстандық қоғамда қазақ жазуының латыншаға көшуіне керемет бір қарсылық бардай-ақ, біреулер сұмдық кедергі келтіретіндей-ақ  айғайға  аттан қосып, ұлардай шулап жатқандар да бар.

Біздің білуімізше, оған ешкім, әсіресе қазақтілді қоғам қарсы болып отырған жоқ. Тіпті Елбасының: «Әліпби тек қана қазақтың тіліне қатысты мәселе», деген сөзінен кейін отандас орыстардың да, орыстілді қандастарымыздың да көңілдері орнына түсіп, қазақ жазуының латыншаға ауысуына шын жүректерімен ниеттес болып, олар да қолдау білдіруде.

Алайда талқылауға ұсынылған жобалық әліпбидегі дыбыстардың саны мен сапасы және олардың әріптермен таңбалануы қалай деген мәселеге ешкім жақ ашпауда. Әлде жақ аштырмай жатыр ма екен!?

Бұндай ойға келуімізге де түрткі бар. Өйткені біз түрлі мазмұнда, түрлі көлемде бірнеше мақала жазып, республикалық мерзімді басылымдарға (газеттерге) ұсынып едік, ешқайсысы баспай қойды. Сондағы жазғанымыз: қазақ жазуының латыншаға көшуіне қарсылығымыз емес, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жобалық әліпбидің артықшылығы мен кемшіліктерін көрсету болды.

Иә, біз де қарсы емеспіз. Қайта, екі қолымызды көтеріп, бөркімізді аспанға атып қуана қолдаймыз. Тек қабылданатын болашақ латынша әліпбиіміз барынша ұлттық әрі қолдануға қолайлы болса екен деген ниетпен ғана өз ойымызды шама-шарқымызша білдіріп жатырмыз.

Әйтеуір, бір жазғанымыз «Аbаi.кz»  сайтына шығып, оның өзінде де көпшіліктің назарына ілігіп үлгермей жатып, «қалтарысқа» кетіп қалды. Қарап, оқып үлгермегендіктерінен бе екен, пікір білдірушілер санаулы ғана болды.

Тағы да қайталап айтамыз, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жобалық әліпбидің артықшылығы мен кемшіліктері көрсетіліп, талқылануы керек. Сонда ғана дұрыс әліпби қабылдай аламыз.

Қазақ жазуының латыншаға көшкендегі ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық, электронды құрал-жабдықтық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, ағылшын тілін үйретушілік тиімділігі туралы айта-айта шаршайтындай болдық қой, одан да оның ұлттық-лингвистикалық жағын неге айтпаймыз?  

Жазу (графика) тек әліпби ауыстырумен ғана шектеліп қалмайтынын, оның артында емле (орфография)  деген үлкен асу тұрғанын неге қаперімізге алмаймыз?

Ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлының: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» (Тіл тағылымы. Алматы, «Ана тілі». 1992 ж. 395-б.), – деген нық тұжырымын неге ескермейміз?

Біз көп мысал келтірмей-ақ, ұсынылып отырған  жобалық әліпби осы қалпында бекітіліп кетсе, әттеген-ай дегізіп, сан соқтыратын жағдайына бір мысал ғана келтірейік. Мәселен, «ә» дыбысын «ае» деген таңбамен беретін болдық-ақ дейік. Алайда осы қос әріптік дыбыстың бір ыңғайсыздық келтіретін тұсы бар.

Біз осы сайтта жарияланған «Ұлттық әліпби құрастыруға не кедергі?» (18 қыркүйек, 2017)  деген мақаламызда: «жобалық әліпбиге орыс тілінің «в» және «ч» дыбыс-әріптерінің енгізілуінің бірден-бір себебі – біздің (қазақтардың) көбіміздің тегіміз бен әке атымыздың (отчество), тіпті есіміміздің орысша жазылуы» деген едік.

Осы орысша тегіміз «ә» дыбысын «ае» деп алуға да үлкен кедергі келтіреді. Өйткені аты-жөні қазақшаланбаған қазақтардың көбісінің тектері «....баев» деп жазылады. Яғни, кім – көп, «Қырықбаев, Елубаев, Алпысбаев, Жетпісбаев тағысын тағылар, әйтеуір қазақта «....баевтар» көп.

Тіпті аса құрметті Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да тегінде «ае» дыбыс тіркесімі бар. Егер Елбасының тегін: жобалық әліпби бойынша латыншалап жазсақ, «Nazarbaev» делініп жазылады екен. Өздеріңіз жақсы біліп отырсыздар, «ае» әріп тіркесі жобалық әліпбиде кирилше таңбаланып жүрген «ә» дыбысының таңбасы.

Осылайша, кеңірек ойлап, тереңірек үңіліп қарастырсақ, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып отырған  жобалық әліпбидің ертеңгі емле ережелерімізге қиындық келтіретін жерлері жеткілікті. Оны, «Ешкі болса да, қасапшы сойсын» дегендей, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тілші (лингвист) ғалымдары, оның өзінде қазақ тілі дыбыстық жүйесін терең меңгерген ғалымдары жіліктеп, атап-атап көрсетулері керек еді. Жоқ, олай болмай жатыр. Мөлшері, олар «біреулерден» естен танарлықтай қатты соққы (нокаут) алған ба дейсің, әйтеуір, латынша жобалық әліпби жарияланып, парламентте талқыланғаннан бері жақ ашпайтын болды.

Менің құрметті де құдіретті, әріптестерім, қайдасыңдар?!

Атам қазақ «Темірді қызған кезінде соқ» деуші еді ғой, ертең бәрі кеш болып, «әттеген-ай!» деп жүрмейік!

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к,. доцент

Abai.kz

46 пікір