Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық-қанығы 7392 5 пікір 20 Қыркүйек, 2017 сағат 14:18

Назарбаевтан бата алған Бабанов Президент бола ала ма?

Президент Назарбаев маңызды кездесу өткізу үшін Алматыға арнайы келді деген ақпарат әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында жария болды.

Өзбек пен түркімен жұртына қонаққа барып, елге келісімен өңірлерді аралауға кіріскен мемлекет басшысы маңызды кездесуді Ақорданың ауласында емес, Алатаудың бауырында өткізуі нені аңғартады? Себебі, Астана Арқаға қоныс аударғалы бері  бұл жаққа ұлардай шулаған ұлықтардың кортежі келмейтін болды.

Е,айтпақшы, өткен жылы Кремльдің қожайыны (Владимир Ильич емес) Владимир Путин келіп, Президент Назарбаевпен бірге шаңғы теуіп кеткен. Одан бері тынышпыз.

Осы жолы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп, шетелдік қонақты күтіп алыпты. Сонымен келген кім? Келген – Өмірбек Бабанов.

Қырғыздағы тақ таласы. Бабанов пен Бакиевтің байланысы

Қырғызстанда тақ таласы басталып кеткенін білесіздер. Қырғыз тағына таласқандардың кейбірі түрмеге жабылып, кейбірі саяси мәнсабын өз еркімен тапсырып беріп жатыр. Иә, Қырғызстан Батыс демократиясымен ұшықталған Орталық Азиядағы санаулы мемлекеттің бірі. Мұнда Президенттік сайлау сіз ойлағандай емес, қызу әм шынайы өтеді. Үміткерлер де бір-бірінен асып түспесе, кем түспейтін әккі саясаткерлер.

Міне, сол сайыстағы лидерлердің бірі Бабанов былай дейді:

«15 қазан, кешкі сағат 20:00-де елімізде жаңа Президент сайланады. Оның фамильясы – Бабанов болады».

Өзін іштей Қырғыз Президенті сайлап алған Өмірбек Бабановтың былығы, алайда, аз емес көрінеді. Мұны айыр қалпақты ағайын жақсы біледі. Осы жолғы жарыста сөзсіз лидер болған қырғыз оппозиционері – Өмірбек Текебаев өзінің аттасы Өмірбек Бабановтың былықтары туралы айтқан.

«Өмірбек Бабанов - Ақаев пен Бакиев тұсындағы астыртын жүйенің мүшесі болған адам. Оның бизнесі билікпен бірге құрылған. Жемқорлық жайлаған мемлекетте Бабанов секілділерге мүмкіндік көп. Оның бұл былықтары дәлелденіп қойған. Қоғам Бабановтың өз байлығын халықпен бөліскісі келмейтінін біледі. Салық төлемейтіндігі үшін айыптайды. Ол өз бизнесін ғана ойлайтын адам», дейді Текебаев. Текебаевтың айтқаны нені өзгертеді? Өмкең қазір - түрмеде. Атамбаевпен алысамын деп "арқасын алдырды".

Расында, Бакиевпен байланысы барын Бабановтың өзі қырғыз телеэфирінен бірнеше мәрте айтты. Макс Бакиевпен бірге бизнес бастап, 7-сәуірдегі дүрбелеңге дейін біргі болған екен.

Бабановтың бизнесіне қырғыз жұртының көңілі толмайтынын жоғарыда айттық. Жұрт оны жекешелендірудің арқасында байыды деп айыптайды.

«Менің туысқандарымның барлығы өз еңбегінің арқасында байыды. Бірде-бір нысанды жекешелеп алған жоқпыз. Бірде-бір дүкенді Үкіметтен тегін алған жоқпыз. Мен ЖОО бітіре салып, Қазақстанда бизнеспен айналыстым. Сосын Бішкекке келіп «Алянс» ҰК құрдым. Біз қырғыз нарығына «Газпромды» алып келдік. Сондықтан менің байлығым таза еңбегімнің арқасында келген», - дейді Бабанов.

Бизнес пен саясат. Бабанов кім?

Өмірбек Бабановты саяси фигура ретінде қабылдау қиын. Ол – бизнес өкілі. Және бизнестің ірі өкілі. Қырғыз олигархтарының шоңы да осы Бабанов.

Осы жолғы сайлауға 12 миллион сом жұмсаймын деп, орталық сайлау комиссиясына айтқан. Бізше 60 милионға жуық ақша.

Ол - Қырғыз Парламентінің «Республика-Ата-жұрт» фракциясының лидері. Ол Жоғарғы Кенеште бірнеше мәрте депутат болды. Вице-премьер-мнистр, сосын премьер-министр болды. Екінші деңгейлі Мемлекеттік кеңесші.

Бізге белгілісі сол – қазіргі таңда Бабановтың қалтасында 1,5 миллиард доллары бар.  Салыстырмалы түрде айтайық, қырғыздың қазіргі Президенті Алмазбек Атамбаевтың дәулеті 600 миллион доллар көлемінде болса, үміткер Бабанов миллиардерлер санатына жатады.

Анасы - күрд. Қарсыластары неге шүйлікті?

Өмірбек Бабановтың өзі интернационал отбасында туған әм қазір де сол әулетте тұрады. Бұлай дейтініміз, қырғыздың ең ауқатта адамдарының бірі, әне-міне, президенттік креслоға отырып қалуы да ықтимал Өмірбек Бабановтың анасы - күрд. Саяси қарсыластары Бабановтың шешесінің ұлтына шүйліккені тағы рас.

«Саясат дегенде сайтан ойындар жүріп жатыр. Менің апамның ұлтына тиіскендерге менің айтар жауабым біреу ғана: менің апам түркі тайпасынан шыққан. Ұлты - күрд. 1941 жылы Сталин репрессия жасап, 4 жасар кезінде мал айдағандай Қырғызстанға айдап әкелген. Батумиден көшіп келген. Апам 5 жасынан бастап тұл жетім қалып, қырғыздардың қолында өскен. Шешем түрікше білмейді. Қырғызша сендерден он есе жақсы сөйлейді. Ұят қой, оның ұлтына тиіскен деген. Шыңғыс Айтматовтың шешесі татар болған. Не, сендерше ол да қырғыз емес пе, сонда?», - деген еді Бабанов.

Бабановты кімдер қолдайды?

Өмірбек Бабановқа қырғыз жұрты тегіс сенім артады дей алмаймыз. Себебі сау қалған кандидаттардың ішінде Бабанов екінші сатыда болған. Дода көшін Темір Сариев бастап тұрған.

Қазір жағдай мүлде өзгерді. Бүкіл саяси күштер Бабановтың төңірегіне топтаса бастады. Адахан Мадумаровтың, Қанат Исаевтың, Бақыт Төребаевтың партиялары Бабановтың төңірегіне топтасты.

Керек десеңіз, соңғы  Текебаевтың "Атамекен" партиясы да Бабановты жақтаушылардың жағына шыға бастады.

Өмірбектің өз елінде беделі көз қуантарлық емес екенін Жалалабадтағы жиыннан көруге болады. Өмірбек Бабановтың сайлауалды жиынына келген 1500 адам трибунада тұрған Бабановтың сөзін тыңдамай,кетіп қалған.

Саясаткерлер Бабановтың негізгі қарсыласы – Өмірбек Текебаев болуы керек дейді. Өмірбек Текебаев Қырғыз билігін Президент Атамбаевтан тартып «төмпештеген-ді». Атамбаев әлімжеттік жасап, Текебаевты нақақ соттап, темір торға тоғытты. Қырғыз саясатында 25 жылдан бері жүрген Өмірбек Текебаев абақтыда. Енді жол ашылды ма дегенде, сақ саясаткер Сариев лидерлікті иемденді де кетті.

Ал уақыт болса аз қалды. Енді бір айда Қырғызстанда Президент сайлауы өтеді. Жаңа басшы тағайындалып, ол желтоқсанға дейін Атамбаевтың ақ сарайдан шығуын күтеді.

Назарбаевпен кездесу

Бабановқа қолдау керек. Ол қолдауды алыс-жақын шетелден іздеуді жөн көрсе керек. Қазақстанға келді. Алматыда, Алатаудың етегінде Президент Назарбаевпен кездесті.

«Қазір Қырғызстан ел президентін сайлау науқаны алдында тұр. Бұл – кез-келген мемлекет үшін аса маңызды кезең. Мен Қырғызстанның тәуелсіздік алғаннан бергі барлық президенттерімен жемісті жұмыс жасауға тырыстым. Қырғыз халқы сенім білдіріп, жаңадан сайлайтын келесі президентпен де өзара тиімді іс-қимыл қалыптастыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Әрине, Қырғыз Республикасының ең жоғарғы билігінен үміткер Бабанов Назарбаевпен тектен-тек кездескен жоқ. Ақыл сұрайды, жол іздейді. Және қолдау көрсетуін қалайды. Демократия принциптері дегенімізбен, Президентті сайлауды шетелдік фактордың ықпалы болатынын да ескерген жөн.

Осы мәселеде Бабанов біліп келді. Үлкен саясаттың үлкен ақсақалынан ақ бата алу, сайлауда жеңуге жасаған қадам екені түсінікті.

Кремль құп көрмейтін кандидат

Түрмедегі Текебаев Өмірбек Бабановтың кандидатурасын Кремль құп көрмейтінін сөз арасында айтып қалды.

«Өмірбек Бабановқа Мәскеудегі кейбір шенеуніктердің көңілі толмайтыны туралы сыбыстар тарап жүр», -дейді ол.

Мирзиёевпен кездесу

Өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевпен Қырғызстанда кездесті. Бұл өзі қызық кездесу болды. Қырғыз премьері Шавкат Мейірманұлына өз делегаттарын таныстырып келе жатқан Кезек Өмірбек Бабановқа келгенде Шавкат ака сөз алып, Бабановты білетінін айтты. «Мен сіз туралы көп естігенмін, сыртыңыздан жақсы білемін», - деді өзбек Президенті.

Осыдан кейін екі тарап, екі делегация жеке-жеке кездесулер өткізді. Өзбекстан Президентімен тіл табыса алғанын Өмірбек Бабановтың өзі эфирде айтты.

Атамбаев не дейді?

«Мен шынында менен кейінгі Президенттің кім болатынын білмеймін. Бұл біздің демократиялық ел болғанымызды көрсетсе керек. Шетелдік кейбір саясаткерлер, Қырғыз саясаты құбылмалы деп айыптайды. Біліп алыңыздар, кез келген демкоратиялық елде мұрагер деген болмайды. Мұрагер тақты меншіктеп алған елдерде ғана болады.

 

Маған жүйелі түрде жұмыс жасайтын саясаткерлер ұнайды. Маған ұрламайтын саясаткерлер ұнайды. Ондай адамдардың бірнешеуін білемін.

Қазір саясатта оппозиция бар. Оппозиция десе, бірден көзалдарыңызға қашаларға секіріп, митинг жасап жүретіндерді елестетесіздер. Жоқ. Біздің парламентте есі дұрыс оппозиция бар. Төребаев та, Бабанов та жүйелі түрде жұыс жасайды. Олар сайлауға қатысады. Болжам жасамай-ақ қояйын, егер осы екеуінің бірі Президент болып жатса, таң қалмаймын», - дейді Атамбаев.

Түйін. Сөйтіп Қырғыз Президенттігіне үміткер Бабанов туралы білгенімізді айттық, Ал енді,  Назарбаевтың батасын алып кеткен Бабанов Президент бола ала ма? Бұл сұрақтың жауабы алдағы қазан айында белгілі болмақ.

Қосымша: Біз Президент Назарбаев пен кандидат Бабановтың кездесуінен сайлауалды тартыстың астарын іздеп отырғанда, Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Қайрат Әбдірахманов басқаратын біздің министрлікке наразылық нотасын тапсырыпты.

Не үшін дейсіз ғой? Назарбаев пен Бабановтың кездесуіне біртуғандардың билігін ұстап отырған бір топ наразы екен. Сол үшін.

Қырғыздың «АКИpress» агенттігі наразылық нотасының мәтінін жариялапты.

«Министрлік ҚР Преиденті Н.Ә.Назарбаев пен Қырғыз Республикасы президенттігіне үміткерлерддің бірі арасында болған кездесуге, Қазақстан Президентінің аталған кандитатты қолдап сөйлеуіне наразы. Қазақстан Президенті Қырғызстанның ішкі саясатына араласпайтынын айтқанымен, оның сөзінен Қырғыз Республикасының келесі президенті ретінде кімді көргісі келетіні анық байқалып тұр. Сондықтан қырғыз билігі жоғарыдағы мәселені Қырғызстандағы Президент сайлауына ықпал ету әрекеті, Қырғызстанның ішкі шаруасына араласу деп қалыдайды», делінген үшбу хатта.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

5 пікір