Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3294 0 пікір 29 Қараша, 2010 сағат 04:31

Қазыбек ИСА. «Құрметтілікті» заңмен бекітуге бола ма? немесе «Вето» десе, бет бар ма?»

Сары күзбен бірге сарғайып, саясат сахнасына елеңдеп отырған халықты бұл жолы Ақорда емес, Жазушылар ордасындағы дау жалт қаратты. Даудың басына айналған «Құрметті төрағалықтың» осыншалықты «құрметке» ие болатындай да жөні бар екен.

Иә, бәрін басынан бастайық. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп айтып кеткен ұлы Абайдың ұлағатын басқа-басқа оның ізбасарлары қатты ұстанатын секілді... Алдымен айтарымыз, биылғы «Ұлт көсемі» туралы заң біраз шу шығарғаны белгілі. Оған тіпті Елбасының өзі араласып, «Ұлт көсемін» заңмен бекітуге болмайды»-деп мәлімдеді де. Бірақ бізде Президенттің өзінің «болмайдысын» болдырып жіберетін жағдайлар жетіп артылады ғой, бұл да солай болды. Биыл 70-ке толып отырған Тұңғыш Президентіне мәңгілік басқаруға дейін артықшылықтар беруді артық санамауға айналған қоғамымыз бұған анау айтқандай қарсыласа қойған жоқ. Хош дейік...

Сары күзбен бірге сарғайып, саясат сахнасына елеңдеп отырған халықты бұл жолы Ақорда емес, Жазушылар ордасындағы дау жалт қаратты. Даудың басына айналған «Құрметті төрағалықтың» осыншалықты «құрметке» ие болатындай да жөні бар екен.

Иә, бәрін басынан бастайық. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп айтып кеткен ұлы Абайдың ұлағатын басқа-басқа оның ізбасарлары қатты ұстанатын секілді... Алдымен айтарымыз, биылғы «Ұлт көсемі» туралы заң біраз шу шығарғаны белгілі. Оған тіпті Елбасының өзі араласып, «Ұлт көсемін» заңмен бекітуге болмайды»-деп мәлімдеді де. Бірақ бізде Президенттің өзінің «болмайдысын» болдырып жіберетін жағдайлар жетіп артылады ғой, бұл да солай болды. Биыл 70-ке толып отырған Тұңғыш Президентіне мәңгілік басқаруға дейін артықшылықтар беруді артық санамауға айналған қоғамымыз бұған анау айтқандай қарсыласа қойған жоқ. Хош дейік...

Ал сонымен ел бұл әңгімені енді ұмыта бастағанда тағы бір шу шықты. Шыққанда да, алдыңғысынан да асып түсердей, зор шықты. Биыл Жазушылар Одағының 75 жылдық мерейтойы дүрілдеп өткені белгілі. Сол тойдың көтеріңкі көңіл-күйінің үстінде Жазушылар Одағы пленум өткізіп жіберіп, онда құдіреті зор «құрметті төраға» деген лауазым пайда болып, қас пен көздің арасында бекітіліп кетіпті. Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин «70 жылдықта Нұрекең мәңгілік президент болып бекігенде, 75 жылдықта (кіші Нұрекең Жазушылар Одағының мерейтойын өзінікі деп ойлап қалса керек, иә, ойласа несі бар, он бес жыл басқарып келеді...) мен неге мәңгілік төраға болмаймын» деп шешкен болу керек, шамасы. Бұған «бұл қалай?!» деген отыз шақты қаламгер өре түрегеліп қарсы шықты. Дау осылай басталып кете барды.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан басшысы «ұлт көсемін» заңмен бекітуге болмайды десе, Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы «жазушылар көсемін» жарғыға құрылтайсыз-ақ енгізіп жіберіп, мәңгілікке бекітіп ала қойыпты. «Онда тұрған не бар екен?» деушілерге айтарымыз, бұдан кейінгі Жазушылар Одағы басшылығының барлық әрекеті «құрметті төрағаның» құзырында, яғни Нұрекеңнің «ветосының» бетіне қарап отырады екен. «Вето» қояды дегенге үлкен Нұрекең деп ойлап қалмаңыздар, кіші Нұрекең - Нұрлан Оразалин...Құрметті төраға хатшылық шешіміне қарсы «вето» қойып, билігін мәңгілік жүргізіп отыра береді екен. «Вето» десе, бет бар ма?» деген жаңа мақал осындайда ойыңа орала кетеді...

Тұңғыш Президентке артықшылықтар беруге қазақ көңгенімен...тұңғыш емес...пәленбайыншы төрағаның төрде мәңгілік отыруына қазақ жазушылары көне қоймайтындығын көрсетіп, дау өршіп келеді.

Осы арада еске түседі. Жазушылар Одағының 75 жылдық мерейтойында жер-жерден келген қонақтар Жазушылар Одағынан гөрі Одақ басшысы Оразалинге мақтау-мадақтауларды жаудырды. Оған әрине, біз де марқайып отырдық... Тіпті әзербайжандық әріптесіміз Нұрекеңді «жазушылардың патшасы» деп атап жіберді...Абай опера - балет театрының сахнасында дүйім елдің көзінше айтылған «ең үлкен қателікті» сақтығы мен саясаткерлігі ешкімнен кем емес Нұрекең сол арада түзеп үлгерді... Қоян-қолтық әңгіменің өзі қолтелефон арқылы қолма-қол Ақордаға жетіп үлгеретін заман емес пе, Нұрекең бірден «біздің елде патша біреу, бізді сұлтан деңіз» деп әзербайжан жазушысына жауап қайтарды.

Бірақ «патшалықты» елдің көзінше қабыл­дамағанмен, Жазушылар Одағының пленумына шығарып, құрылтайсыз-ақ заңмен бекітіп алатынын ол жерде ешкім де ойлаған жоқ.

Ана бір жылғы, соңғы құрылтайда Нұрлан Оразалинге балама табылмай, өзі де, орынбасарлары да 100 пайыз дауыспен қайта сайланғаны бар еді. Сол кезде айтылған «екі Нұрекеңе де балама жоқ екен, екеуі де мәңгілік басқара берсін» деген жазушылар әзілін... жазушылар басшысы шынға айналдырып жібергеніне енді куә болып отырмыз.

Иә, Нұрлан Оразалиннің Одақ басшылығындағы он бес жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Одақтың кезінде талан-таражға ұшыраған дүние-мүлкін қайта жинап алғаны Нұрекеңнің еңбегі екені барлық жерде айтылып келеді. Жазушылар Одағы ғимаратын жарқыратып қойып, тап-тұйнақтай басқарып келе жатқаны шындық. Сондықтан да бір-екілі қарсыластары болмаса, жалпы жазушылар қауымы бұлай жаппай қарсы шыға қойған жоқ.

Ия, қайталап айтамыз, Оразалиннің орнына таласушылар кейінгі кезде толастап қалған еді. Тек «ұлт мүддесі, тіл жолында Одақтың үні неге естілмейді?» деген айыптаулар ғана айтылып қалатын. Мұндай әңгіме қозғалғанда да, өзіміз «құрметті төрағасыз-ақ» құрметтейтін ағамызға талай рет сырттай адвокат болғанымыз да бар еді. Ондай кінәлаулар кезінде Оразалиннің өзіне сұқ саусағын безеген мемлекеттік хатшы Саудабаевты орнына қойғанын, «үш миллион орысқа жалтақтауды қашан қоямыз» деген батылдығын алға тартқан кездеріміз де аз емес. Ол туралы «Жас қазақ үні» газеті жарқыратып жазғаны да белгілі. Бірақ сол Саудабаевтың сұқ саусағын безеуге дейін төмендеудің өзі Жазушылар Одағының билік алдындағы беделін көрсетпей ме. деген де ой келеді енді бүгінде. Әйтпесе, өзіңіз елестетіп көріңізші, кезінде Жазушылар Одағын басқарған жазушыларға, мысалы Ғабит Мүсіреповке, немесе Жұбан Молдағалиевке биліктің бесінші-алтыншы деңгейдегі басшылары түгіл мемлекет басшысының өзі саусағын безеп, зекір ме еді...

Ал сол оқиғаны, Нұрекеңді көптеген тәуелсіз газеттер қолдап-қоштап жазып жатқанда Жазушылар Одағының басшысының сөзін...жазушылар газеті «Қазақ әдебиетінің» баспауы да таңғалдырмай қоймайды. Әшейінде Одақ төрағасының басқан ізіне дейін басатын басылым неге басшысының басты сөзін...басудан бас тартты...Бұл әлде тыз етпе ашудан кейін сарт етіп келе қалған «сақтық синдромы»  емес пе екен?

Ал Құрметті төрағалықты заңмен бекіту заңды ма дегенге келсек, Нұрекең жарғыға өзгеріс енгізу жөніндегі жұмысшы тобын басқарған заңгер Есберген Алаухановтың сөзін келтіріпті. Қандай шығармасымен Жазушылар Одағының мүшесі болып жүргенін қайдам, ал заңдылығы сақтала бермейтін біздің елде ондай заңгерлер «құрметті төраға» лауазымы түгілі «мәңгілік төраға» деп ашығын жазсаң да, қатырып тұрып, «заңды» етіп беретініне ешкімнің күмәні жоқ...

Жазушылардың кезектен тыс құрылтайын шақыруды талап етіп жатқан жазушылардың ойында Жазушылар Одағы төрағасының орнына таласайын деген ниет жоқ болу керек. Мен білсем, бұл орында Шахановтың да шатағы жоқ. Әбдіков пен Исабеков те ұмтылып отырмапты. Кеше ғана Елбасы қабылдаған классик жазушы Дулат Исабеков Жазушылар Одағының жағдайын айтқанда, ол орынды сұрап отырған жоқ, Жазушылар Одағының жай-күйін мұңдады. Жазушылардың ашық хатында Одақтың мүлкіне деген жанашырлық бар деп білеміз. Ал, Жазушылар Одағының мүлкіне деген жанашырлықты тек бір адам - Оразалин ғана жекешелендіріп алуы көңілге сияр емес...Қанша қинасақта...

Отыз жазушының ашық хатында айтылған жазушылардың Шығармашылық үйі, «Аягөз» базары, 15 гектар бақ, т.б қайда деген сауалдың жауабын тек жазушылар ғана емес, жалпы халық білгісі келіп отырғаны анық. Әйтпесе, жазушылардың баяғы жайлауы - бүгінде кімге жалға берілгені белгісіз Шығармашылық үйіне кімнің жатып шығарма жазғысы келмейді?.. Кешегі 75 жылдық тойда да елден келген қаламгерлер ол қонақ үйге қонбақ түгілі көре алмай да арманда кетті емес пе?

Көптеген басылымдарда, интернетте, әсіресе «Абай.kz» сайтында Абайдың бүгінгі ізбасарларының дау-дамайы күнде жазылып, Жазушылар Одағының бүгінгі жағдайы қатты сыналып жатыр. Интернеттің сөзін «ит үреді» деп қоя салуға да болмайтын шығар. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін Одақ басшысының орынбасарларының  аттары да айтылып қалуда. Әсіресе, ақын Ғалым Жайлыбайды реттеуші тұлға ретінде қарастыратындар аз емес екен...Біздің бұл сөзіміз оған зиянын да тигізіп кетуі мүмкін, бірақ көпшіліктің ойын білдіріп қою - газеттердің негізгі жұмысы ғой.

Бір орында ұзақ отырып қалу өз «жемісін» бермей қоймайды ғой деймін, «құрметті төраға», «мәңгілік төраға» деген астамсудың ақыры міне, ел аман жұрт тынышта, бітпес дауға айналды.

Иә, жайлы орында жайғасып ұзақ отыру - ұзақ дауға ұласып бара жатқаны айқындалып келеді. Жалпы, Нұрекең үлкен Нұрекең бара алмай жүрген батылдыққа барып... орнына Путинді отырғызып, арнайы заңсыз-ақ құрметті ақсақал болған ер Ельциндей орнына... Жайлыбайды жайғастырып кеткенде түк те болмас еді. Әрине әлі де кеш емес. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш, «құрметті төраға» да шын мәнінде заңсыз-ақ құрметті болатын еді...

Енді бұл дауды тек Жазушылар одағының кезектен тыс құрылтайы ғана шеше алатын шығар.

«Жас қазақ үні» газеті, №45 20.11.2010 жыл

 

0 пікір