Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Анық 7207 1 пікір 15 Қыркүйек, 2017 сағат 17:01

Түрік мұғалімдерінің қудалануы. Президент Назарбаевтың жауабы

Қазақстандағы түрік мұғалімдердің Түркия билігі тарапынан қудалануы туралы бірнеше мақала жазды. Оған басты себеп саяси жүйе мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен АҚШ-та тұратын дін уағыздаушысы Фетхуллах Гүленнің арасындағы айқас еді.

Астанада БАҚ өкілдерімен кездескен Президент Назарбаев еліздегі түрік мұғалімдерінің қылмысы жоқ болса, Түркияға қайтарылмайтынын айтты.

Қазақстанда Президент Назарбаев пен Түркияның бұрынғы Президенті Тұрғыз Озал мырзалар іргетасын қалаған қазақ-түрік мектептері күні бүгінге дейін жұмыс жасап келеді.

Ал Түркияның қазіргі Президенті Ердоған мырза Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әр кездесуінде қазақ-түрік мектептерін жабуды, онда қызмет жасап жатқан түрік мұғалімдерін Түркияға қайтаруды сұрап келген.

Ердоған мырзаның  таққан айыбы – бұл мектептер АҚШ-та тұратын дін уағыздаушысы Фетхуллах Гүленнің діни идеологиясына жұмыс жасап жатыр деген жалаң сөз еді.

Айта кету керек, қазіргі таңда бұл білім ордалары «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қорына қарайды.  Біз айтып отырған мектептер - 27 Білім-инновация лицейлері (бұрынғы қазақ-түрік лицейлері) мен Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі және мемлекеттік емес Сүлейман Демирель атындағы университет,  Алматы қаласында орналасқан С.Демирель атындағы колледж.

Жалпы мектептерде 2016-2017 оқу жылында 9208 бала білім алып шықты. БИЛ оқушылары күні бүгінге дейін облыстық, республикалық және халықаралық білім олимпиадаларынан 17 720 медаль алды. Соның ішінде 3420-сы халықаралық білім олимпиадаларында жеткен жетістігіміз.

Бұл осы уақытқа дейінгі лицей түлектерінің жалпы санына шаққанда әр 3 түлекке 2 медальден үлеседі деген сөз.

Ең алғаш лицейлер ашылғанда онда тәрбиешілік жасайтын және ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің 100 пайызы түрік азаматтары болған.  «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоры басшысы Дархан Өте мырзаның деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда еліміз бойынша аталған лицейлерде жұмыс жасайтын түрік мұғалімдерінің саны 120.  Олар Түркия азаматтары. Бұл барлық ұстаздардың 8 пайызын құрайды деген сөз.

Қазақ-түрік лицейлерінде жұмыс жасап жүрген түрік азаматтарының барлығы дерлік қазақ тілін жетік меңгерген. Соңғы саяси жағайларға байланысты 28 түрік мұғалімі Қазақстаннан кетуге тура келген.

Солардың бірі Байрам Кенджі мырза. Түркия азаматы. Біз бүгін Байрам Кенджі туралы жазамыз.

1996 жылдан бері Қазақстанда мұғалім болып қызмет жасады. 1996-1997 жылдары Қостанайда, 1997-2002 жылдары Қарағандыда жұмыс істеген жылдары оқушылары ғылыми жобалар мен пән олимпиадаларынан облыста 56, республикада 23, дүниежүзілік білім олимпиадаларында 7 медаль ұтып алған.

2003 жылдан бастап «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қорында жауапты маман болып қызмет жасаған. Байрам мырзаның жетекшілігімен әлемнің түкпір-түкпірінде өткен білім олимпиадаларында 1000-нан астам медаль қазақстандық оқушылардың, қазақ оқушыларының мойнына тағылды.

2005-2017 жылдар аралығында биология пәні бойынша ағылшын тілінде 13 оқу-әдістемелік жазды.

Осы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен Қазақстанның барлық мектептеріне арналған ағылшын тіліндегі 8-сыныптың биология оқулығының негізгі авторы.

Өткен жылғы Түркиядағы болмай қалған «төңкерістен» кейін Ердоған мен Гүлен арасындағы айқас ушыға түсті. Нәтижесінде көптеген мемлекеттерде түрік мектептері жабылып, ондағы оқытушылар (түрік азаматтары) қудаланды. Түркияға оралғандары жазаланып, қалғандары басқа елдерге бас сауғалап кетті.

Бұл мәселе Қазақстандағы қазақ-түрік мектептерін де айналып өткен жоқ. Түркияның қазіргі басшысы Режеп Тайып Ердоған мырзаның қалауымен елдегі түрік азаматтары Түркияға қайтарылып жатыр. Олардың кейбірі өзге мемлекеттерге кетуге мәжбүр болуда.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір