Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 7782 13 пікір 7 Қыркүйек, 2017 сағат 13:46

Поляк ғалымы қазақ тілінің жайына алаңдайды

Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істейтін поляк ғалымы Генрик Янковски Шымкент қаласында екі ай тұрып, ондағы қазақ тілінің жағдайына күйінді. Шымкентте өзін Ресейде жүргендей сезінген лингвист-ғалым шыдамай  Замана газетіне хат жолдапты.

 

Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің ғылыми қызметкері Генрик Янковски Шымкент көшелеріндегі қазақ тілінің аянышты жайына жаны удай ашыған екен. Оны әсіресе, қазақтардың сөз арасында «если», «хотя бы», «чтобы», «или», «потому что», «да», «хорошо», вообщем, короче» сөздерін қолдануы қатты таңғалдырыпты.

"Қазақ тілінің күшті қорғаны деп саналатын қалаларыңызда екі айға жуық уақыт өткіздім. Осы арада тұрған жерім – №11-ші мөлтекаудан. Айнала Ресей сияқты. Көрші-қолаң далада әңгімелесіп отырғанда жанына бір орыс келсе болды, дереу бәрі орысша сөйлеуге көшеді. Даладағы қазақ балалары ертеден кешке дейін орысша сайрап, ойнап жүреді", - деген шетел ғалымы  қазақтардың бүйте берсе жер бетінен жойылып кететінін уайымдады ма кім білсін?

Мен өз басым  Астанаға барғанда көшеде қазақша сөйлесем, «вы кто, южанин что ли?», «Чимкентский что ли?» деп тосырқайды ол жақтың қазақтары. Ал азды-көпті қазақшасы бар Шымкент қазақтарының орыстануына күйінген поляк ғалымы Астана көшелерінде қазақша сөйлесіп бара жатқан қазақты көруге зар болар еді ғой. Ол тіпті, Исекешов, Ә.Жақсыбеков, Д.Акишев (Ақышев) сияқтылардың өз ана тілінде сөйлеген не мүлде сөйлемейтін түрін көрсе, бұл бүкіл қазақтың емес, Қазақстан билігінің қазақ ұлтына жасап отырған қаскөйлігі деп ойлар ма еді, қайтер еді?

Осы біз шынымен ұлттық намыстан айрылған ұлтпыз ба, әлде жоғарыдағы кейбіреулер қазақты жою саясатын жүргізуге әлдеқайдан тапсырма алған ба?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

13 пікір