Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 7008 9 пікір 6 Қыркүйек, 2017 сағат 11:37

Досаев - "Джентельмен неудачи"

Қазақ әліпбиін кирилицадан латыншаға көшіру ісі бойынша Мәжіліс өз жұмысын бастады. Алғашқы отырыс 11-қыркүйекте өтеді.

Талқының тақырыбы - «Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру бойынша әліпбидің біріңғай стандартын енгізу мәселесі» екен. Әліпбиді әзірлеп жатқан А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық тіл дамыту орталығының басшылары, ректорлар мен ғалымдар да бұл жиынға шақырылған.

Жиынға Мәжілістің төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қос палатаның депутаттары қатысады. Үкіметтің өкілі ретінде Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев таңдалыпты. Бұл –  Мәжілістің баспасөзі таратқан ақпарат.

Енді Ерекеңе оралайық, Ерболат Асқарбекұлы Досаевты айтамын. Ол Үкімет басшысының орынбасары. Іскер жігіт екенін Елбасы да ескертті.  Десе де, Досаев туралы ел ішінде не қилы пікірлер айтылып жүр. Әсіресе, Сағынтаев Үкіметінде Досаев негативті персонаж дейтіндер көп.

Латыншаға көшу туралы жиынға дәл осы Досаевтың таңдалып жіберілуі нені аңғартады? Неге Досаев?

Президент Назарбаев Парламенттің бірлескен отырысына қатысып, VI-шақырылым депутаттарының үшінші жұмыс сессиясын ашып берді. Демалыстан «дегдіп» келген депутаттарға дәл осы Ерекеңді мақтады.

«Нағыз іскер азамат, джентельмен жігіт» деді. Елбасының ерекше мақтауын естіген Ерекеңде не арман бар?! Ерекеңдей экономиске қарық болған Үкіметте не арман бар?!

Сөйткен джентельменнің карьерасына көз жүгіртсек, оның есім - сойы ерекше екі оқиғамен «дараланып» шыға келеді екен. 2004 - 2006 жылдары ол Денсаулық сақтау министрлігін басқарды. 2006 жылы жазда Оңтүстік Қазақстан облысында екпе жұмысы дұрыс жүрмей, 20-30 сәби аты жаман ауру жұқтырып (СПИД), баудай түсті. Ерболат Асқарбекұлына, бірақ, ештеңе де болған жоқ, отставкаға кетті. 2016 жылы ол Ұлттық экономика министрі атанып жүрді. Тап сол уақытта  Жер дауы бұрқ ете қалды. Жер дауын бұрқ еткізгеннің негізгі себепкері біздің бүгінгі кейіпкеріміз екенін ел ұмыта қойған жоқ. Енді соның жай-жапсарына тоқталайық.

Ерекеңнің Ұлттық экономика министрлігін басқарып тұрған кезі, қызды-қыздымен бір күні ол «жерді аукцион арқылы сатамыз» деді. Осыдан кейін Қазақстан халқы жаппай митингтерге шығып, Үкіметтің бұл шешіміне наразылық білдіріп жатты. Ондаған мың адамды алаңға алып шыққан Досаевтың добалдай етіп айта салған жалғыз ауыз сөзі еді... Сол кездегі жерге араша тұрған азаматтардың кейбірі күні бүгінде жазаларын темір торда өтеп жатыр.

(Қайырбек Өскенбаев Ерекеңнің экс-замы)

Тіпті, Ерекең мен сол кездегі оның орынбасары Қайырбек Өскенбаев өздерінің дұрыс жұмыс жасамағанын түсінсе керек, әлде біреу-міреу ымдап жеткізді ме, екеуі де отставкаға кеткен.  Жер дауы кезінде Қайырбек Өскенбаев «Abai.kz» ақпараттық порталына сұранып жүріп сұхбат берді. Бұл халықтық толқулар болардан 2 күн бұрын, кешкі сағат 19:00 шамасында болған жайт еді. Қайырбек Өскенбаевтың осы жолдардың авторына берген сұхбатында Ұлттық экономика министрлігінің былықтырған барлық ісі туралы ашық әрі цензурасыз әңгіме болды.

2016 жылғы мамырдағы Ақордада өткен жиында Президент Назарбаев Ұлттық экономика министрінің Жер кодексімен жұмыс жасай алмағанын айтты, сөкті. Ерболат Досаев сол жиында сөз сұрап, «Нұрсұлтан Әбішұлы, болған жайттарды, қоғамда болып жатқан оқиғалар мен пікірлерді ескере отырып, менің отставкаға кетуіме рұқсат беріңізші» деген еді. Кешегі жиында Президенттің айтқаны оның осы «джентельмендігі» болса керек деп түйдік. Сол  кеткеннен бар-жоғы 11 күн «жұмыссыз» отырған Ерекең «Бәйтерекке» барып қонжиды. Холдингті басқарды. Сөйтіп жүріп, Үкіметке қайта шақырту алды.

Міне, Ерекеңнің бар «ерлігі» - осы. Экономикалық сауаттылығына дау келтіре алмаймыз. Кәсіби білігі жоғары маман. Ал ұлттық мәселелерге келгенде Досаевтың персонажы кісі қызығарлық емес. Досаев деген орысша айтқанда, "Джентельмен неудачи", яғни қырсық жолды джентельмен.

Сағынтаев Үкіметінің қазақ жазуын латын графикасына көшіру секілді мемлекеттік маңызды мәселеге Ерболат Досаевты араластыруында не гәп бар?  Президенттің пәрмені ме, әлде экономист Досаевтың лингвистикалық білімі өзгелерден гөрі жоғары ма?

Логикаға салсақ, Досаевтың бұл келісінің де аяғы даумен аяқталмасына кім кепіл? Президент Назарбаев соңғы сұхбаттарының бірінде, латыншаға көшу қазақ тілділерден басқаға міндетті емес екендігін айтты. Бұл бір елде екі әліпби болады дегені. Орыс тілді аудитория мен қазақ тілді аудиторияның арасы алшақтай түсері анық бұл процесстің уақытша тежеле тұрғаны Астанадағы ақсаусақтарға керек-ақ. Ал оны кім тежейді дегенде, Жер дауы қайта есімізге түседі. Ерекең бар ғой. Бұл Ерекеңнің қолынан келетін іс. Иә, қисынды. Ал сіз не дейсіз?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

9 пікір