Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 13094 2 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 10:03

Жас күйші 50 күй шертті

Қара домбыраның киесі қонған өнерпаз Қазақстанда тұңғыш рет жас күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожа 50 күй орындады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Тарихтың ұзақ  көшінде қазақ халқы ғана тудыра алатын, ерекше дамыған өнер түрі - күй өнері. Қазақтың қара домбырасы, оның көмейінен төгілген қоңыр күйі атадан балаға мирас болып қалған ұлы даламыздың аманатын, салтын, дәстүрін жеткізуші.

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында жас күйші, композитор, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Ғаламат Бейсеқожаның «Ұлы дала толғауы» атты күй кеші өтті.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Өз сөзінде  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы талантты  жастарды қолдауға әрқашан мүдделі екенін айтты. Бұл шара Қазақстандық қоғамның рухани жаңаруы – үшінші жаңғыру міндеттері барысында ұйымдастырылды. Аталмыш кеш жастарға өнер мен шеберлікті насихаттай отырып, әуен мен күйге, руханиятқа толы қазақ өнеріне деген олардың құмарлықтарын арттыруға бағытталатынын жеткізді.

Күй кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, профессор Тұрар Әліпбаев қатысып, өз сөзінде жас өнерпаз Ғаламат Бейсеқожаға күйші ретінде ақ тілегін, ұстаздық жанашырлық ниетін білдірді.

Музыкаға құмар, өнерге құштар Ғаламат композитор Нұрсәт Бейсеқожа ағасына қарап бой түзеп, 6 жасынан бастап қолына домбыра ұстап,  күйлерді үйрене бастаған. 11 жасынан бүгінгі күнге дейін  авторлық туындылары «Жеңіс», «Бабалар арманы», «Үшқоңыр», «Наурыз», «Қасқарау», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Қордай», «Жауынгер», «Есдәулет»,  «Атаға арнау» т.б. күйлерін жазды. «Қазақтың бас ақыны», ұлы ойшыл, ақын, композитор Абай Құнанбайұлына арнап «Абай толғауын», дауылпаз ақын, қолбасшы батыр Махамбет Өтемісұлына «Махамбет» күйін шығарды. «Атадан мұра» күйі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған. Тәуелсіздігіміздің туын биік ұстап, елімізді саяси сахна төрінде дамыған  әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде ұстауы, ұлт мақтанышына айналған патшамыздың көрегенділігі жас дарынның шығармашылығына шабыт қосқаны анық.

Ғаламаттың авторлық шығармаларындағы домбыра қағысынан батыс төкпе күйлерінің сарынын, шертпе күйлерінен Жетісу дәстүрін байқаймыз. «Атадан мұра», «Жауынгер», «Қосбасар» т.б.  күйі асқақтап келіп төгіліп, асау мінез байқатса, «Бабалар арманы», «Үшқоңыр» күйлері философиялық тереңдігімен, лирикалық күйімен жүрегіңе жол тартады. Күйшінің жеткізбек ойы домбыраның пернесіне басылып, қос ішекте шертіліп, әсем әуенмен тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Әр күй мазмұнынан күйшімен тілдесіп, айтпақ сырын түсінесің. Жас дарынның «түсініп тартпаған күйде жан болмайды» деуінің өзі тегін емес. Қазіргі таңда Ғаламаттың 20-дан астам күйлері бар.

Ғаламат Бейсеқожа республикалық Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы. Республикалық «Жас Дарын» байқауының «Дәстүрлі өнер» номинациясы жүлдегері,  жыл сайын өтетін «Махамбет оқуларының» бас жүлдегері. Сонымен қатар, Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауының бас жүлдесі, Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының «ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Қаршыға Ахмедияров атындағы сыйлықтың» иегері.

Кеш барысында 50 күй шертіліп, аталған авторлық күйлерімен бірге әйгілі қазақ композиторлары: Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Қаршыға Ахмедияров, Сәкен Тұрысбек т.б. күй өнерінің хас шеберлерінің күйлері орындалды.

Күйді жай ғана музыкалық жанр десек қателесеміз. Идеялық-көркемдік, мазмұны мен сипаты жағынан да сан қырлы күрделі шығарма. Күй-қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуездің «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен  ішкі жаратылыс қалпын  білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы-күй» деген ойтолғамынан күйдің жауапты міндетін көреміз. Күй өнерінің философиялық тереңдігін айтпақ ойымен, жеткізбек сырымен бағамдаймыз.

Тарихымыздан бастау алар мәдени мұрамызды жеткізудің түп тамыры ұлттық кодымызды насихаттау. Ұлт руханиятын жаңғыртар, ұлтты ұйыстырар мәдениетіміздің дамуына тамшыдай  үлес қосу әр азаматтың ұлт алдындағы парызы. Өнерге құлаш ұрып, қанат қаққан, ұлт өнерін ұлықтар  Ғаламат Бейсеқожаға ақ жол тілеп, әлем сахнасында қазақтың күй өнерін  күллі әлемге мәшһүр етіп танытсын деген тілектеміз.

Жас күйші орындаған 50 күй мыналар: 

1 бөлім

  1. «Ұлы дала толғауы» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  2. «Атадан Мұра» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  3. «Бабалар арманы» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  4. «Қасқарау» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  5. «Есдəулет» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  6. «Үш қоңыр» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  7. «Кіші Қаратөс» - автор Қазанғап Тiлепбергенұлы
  8. «Байжұма» - автор Құрманғазы Сағырбайұлы
  9. «Қосбасар» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  10. «Шалқыма» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  11. «Қарагер» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  12. «Əжеме» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  13. «Əлқисса» - автор Нұрғиса Тілендиев
  14. «Аққу» - автор Нұрғиса Тілендиев
  15. «Бес төре» - автор Тəттімбет Қазанғапұлы
  16. «Қордай» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  17. «Бұлбұл» - автор Дина Нұрпейісова
  18. «Жолаушының жолды қоңыры» - автор Сүгір Әліұлы
  19. «Аңырақай Шайқасы» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  20. «Терісқақпай» - автор Құрманғазы Сағырбайұлы
  21. «Абай толғауы» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  22. «Жазғы тұры» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  23. «Шалқыма» - автор Жантөре
  24. «Салтанат» - автор Төлеген Момбеков
  25. «Наурыз» - автор Бейсеқожа Ғаламат

 

 

 

 

2 бөлім

 

  1. «Байжұма» - автор Дина Нұрпейісова
  2. «Ақсақ киік» - автор Құрманғазы Сағырбайұлы
  3. «Сырнайлы қосбасар» - автор Тəттімбет Қазанғапұлы
  4. «Жігер» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  5. «Жарқын» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  6. «Адай» - автор Құрманғазы Сағырбайұлы
  7. «Сылқылдақ» - автор Тəттімбет Қазанғапұлы
  8. «Балақай» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  9. «Сəн қосбасар» - автор Тоқа
  10. «Балбырауын» - автор Құрманғазы
  11. «Мереке» - автор Мырза
  12. «Көніл толқыны» - автор Секен Тұрысбек
  13. «Табалдырық қосбасар» - автор Тəттімбет
  14. «Көроғлы» - автор Дəулеткерей Шығайұлы
  15. «Би күйі» - автр Ахмет Жұбанов
  16. «Арнау» - автор Бейсеқожа Ғаламат
  17. «Хаман толғауы» - автор Қаршыға Ахмедьяров
  18. «Сұлутөр» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  19. «Саранжап» - Құрманғазы Сағырбайұлы
  20. «Махамбет» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  21. «Женіс» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  22. «Қосбасар» - автор Ғаламат Бейсеқожа
  23. «Бұлбұл» - автор Құрманғазы Сағырбайұлы
  24. «Абай толғауы» - автор Нұрсəт Бейсеқожа
  25. «Төремұрат» - Құрманғазы Сағырбайұлы

Жанат Арнагул, Педагогика ғылымдарының  магистрі

Abai.kz

2 пікір