Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
4832 0 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 09:44

Прапорщикті кепілге алған сарбазды атып өлтірді

25 тамызда Тәжікстанның Дарваз ауданына қарасты Вишхарв қышлағы аумағындағы шекара заставасының прапорщигін үш сағат бойы кепілде ұстаған сарбазды атып өлтірді.

Дереккөз мәліметіне қарағанда, Жалолиддин Балхы ауданының 1997 жылғы тумасы Сафарбек Хонов шекара әскерінің прапорщигін жұма күні таңертең кепілге алған. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сарбаз гранатамен өзін және кепілдегі адамды жарып жіберем деп қорқытқан.

"Келіссөздер үш сағат жүргізілді, бірақ ол шарттардың ешқайсысына келіспей, келіссөз жүргізушілерге қарай оқ атты. Сол себепті оқпен жауап беруге тура келді", - деді дереккөз.

Дереккөз кепілде болған адамның есімін атамады. Атыс кезінде оның мойнына оқ тиген, қазір Хорог қаласындағы ауруханада жатыр.

Сафарбек Хонов 2016 жылы мамырда әскер қатарына алынған, мерзімінің бітуіне жарты жыл қалған.

Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқиғаның болғанын растады, бірақ ешқандай мәлімет бермеді.

Abai.kz

0 пікір