Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 5406 0 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 08:39

Ел жақтың иісі

Ел жаққа деген ерекше ыстық сезіммен өстім. Атамдар біз тумай тұрып-ақ, бала-шағаны оқыту үшін Алматының түбіндегі ауылға көшіп келген. Қалада туып, сол қаланың түбіндегі ауылда балалық шағымызды өткізсем де, «ел жақ» деген ұғым үнемі елітіп тұратын. Анда-санда жол түсіп, бара қалғанда бейне бір тарихқа сапар шеккендей күй кешетін едім. Домбыраның шанағынан төгілген ән мен күй сол сапарда үнемі ілесіп отыратындай сезетін едім. Не сиқыры барын кім білсін…

Дегенмен, елден жырақта өстім. Қол үзіп қап, байланыс азая берді. Бірақ, уақыт өткен сайын сол ел жаққа жеген тартылыс күшейе беретінді шығарды. Астанадан Алматыға келе сап сол жаққа қарай тартып отырдым… Талай жылғы қазаларды өтеуге тырысқандай боп, бір айдың ішінде үш рет барып қайтыппын. Сылтау табылса болды қазір де кетіп қалғым кеп тұрады…

… Құлжа жолымен заулап отырып, Шелектен өткеннен-ақ ел жақтың иісі сезіле бастайды. Оған дейін алыстан ғана бой көрсетіп, сапарыңа серік боп жүріп отыратын жоталар енді жақындай түседі. Саған қарай мейірін төге бұрылып, құшағын аша қалған «келе ғой» деп тұрған апаңдай боп елестейді, кейде. Жол ептеп оңға қарай бұрылады да, сол жоталарға асыға жетелей береді. Сол тұстанрдан өтіп бара жатқанда «Мынау тұрған - Бақай жотасы деп аталады. Ал, енді мына сол жағыңа қара… Ооу алыста көрініп тұрған жоталар - Матай тауы деп аталады. Бақай мен Матай батырлар өткен екен. Екеуі осы екі жотаның төбесіне шығып алып бір-бірінен жоқ сұрасып, «бәлен жылқы көрмедің бе?» деп алыстан-ақ айғайласып, тілдесе береді екен…» деп отыратын үлкен кісілердің әңгімесі еске түседі. «Ойпырым-ай, қалай естіген бірін бірі… айдалада тұрған тау ғой анау» деп ойлап, қиялға шомып отыра беретін едік… Бақай мен Матай әлі тұр сол қалпында. Анау тұс - Асы-Саға деп аталады. Бала кезде сол Асының жайлауында талай қызыққа толы, ертегідей елеске айналған күндер, апталар, айлар өткен еді. «Мичурин» колхозының қойын баққан көкемнің қасына ілесіп біз де қыс - қыстауда, жаз - жайлауда жүретін едік. Еске алсам әлікүнге дейін жүрегім шым ете қалады…

… Сөйтіп отырып Райымбек асуына да жетесің. Батырдың найзасы қадалған жерден бұлақ атқылап, шөдден әбден зарыққан қалың әскерді аман алып қалатын әулиелігіне куә болған жерлер осы жоталардың іші. Осы асудың ішімен бойлап отырып «ел жаққа» ентелей түсесің. Бұрындары міндетті түрде асуға кіре берістегі бастаудың басына тоқтап, бой жазып, бұлақтың суынан сімірісіп, бетімізді жуысып алушы едік...

… Асудан шыға сала сиқырлы әлемге енгендей боласың. Көкпек! Сайын дала! кең жазық! Оң жағыңда қатпарлана созылып Торайғыр жотасы жатыр. Сол жаққа көз тастасаң - алыстан мұнартып Бұғытының жоталары менмұндалайды. Тура қарасаң - Аласаның асуы алыстан ғана көрініп, төбешіктей боп қарауытып тұрады. Ортада жатқан мидай жазық - Көкпектің жазығы! Көзіңді алысқа тастай салсаң болды - еріксіз көз алдыңнан Торайғырдан ылдилай шауып келе жатқан қалың жылқы ма, «Райымбек! Райымбек» деп ұрандатып түсіп келе жатқан қалың қол ма… әйтеуір соған ұқсас көрініс кетпей қояды. Көліктің де тізгінін жіберіп-жіберіп аласың сол жазықта. Аспанға көзің салсаң - қалықтай ұшып жүрген құмайларды байқап қаласың. Жазықтың орта тұсына жеткенде жол екіге айырылады. Солға қарай негізгі жол кетеді. Шонжыны басып, Кетпен жотасының терістігін бойлай отырып, Қалжат арқылы Қытай асады. Сүмбе, Ақтам, Дардамты, Кеңеш, Кетпен, Бөдеті сияқты ауылдың бәрі сол жақта. Ал, оңға қарай ұстап, сол Көкпектің жазығыме әрі қарай тартып отырсаң - Райымбек ауданына кіресің. Жол айырылар тұсқа таяғанда оң жаққа қарасаң - қатар жатқан қос төмпешікті байқайсың. Ойрантөбе деп аталып кеткен тарихи жәдігер сол болады. Жылдан жылға шөгіп бара жатыр, жарықтық. Қазақ пен қалмақтың қиян-кескі соғыстарының бірінде қаза тапқан жауынгерлер жерленген деседі. Шығыс жағы - қалмақтыкі де, батыс жағындағы - қазақтыкі шығар деп қоям…

… Аласаның асуына жете бере солға қарай кететін қара жол бар. Шарын шатқалының ішіне кіріп, өзенге түсетінбіз бұрындары. Қазір Шарынды іздеп барған туристтердің бәрі солай қарай барады екен…

… Асудан өте бере Шарын өзені мен шатқалдың бас жағы анық көрінеді. Өзінше жатқан құбылыс қой, жарықтық… Ирелене созылып жатқан алып айдаһардай боп елестейтіні бар алғашында. Одан өте біраз жүрген соң оңға қарай бір жол кетеді. Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Саты, Көлсай, Қайыңдыға апаратын жол осы. Басында ирелеңдеп барады да, бір кезде оқтаудай түзу жол Торайғыр тауын желкеге алып (Көкпек жақта айтылған Торайғыр жотасының арғы беті ғой…) отырып Жалаңашқа дейін тура тартады. Сол жолға түсіп алып айналаңа қарасаң тілмен айтып жеткісіз сұлулықтың куәсі боласың! Көлсай мен Қайыңдының көркі әлемге белгілі ғой енді…

… Жалаңашқа қарай бұрылмай, әуелдегі күре жолмен тура тарта берсең біраздан соң тағы бір асуға жетесің. Қайқының асуы деген сол болады әне! Кеген асуы деп те аталады. Жол ирелеңдеп барып биік жотаның басынан бірақ шығарады. Ең басына шыға келгенде тоқтап, далаға бір шығып аласың. Пай, шіркін сондағы Кегеннің самал желі бетіңді аймалай кеп соққандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес! Ертегі әлемінің келесі деңгейіне ене түсуге ынтыққан бойы әрі қарай жолға түсесің…

… Аудан орталыңы - Кеген ауылын басып өтіп, ілгерілей бересің. Ауылдың ішімен оңға тартар болсаң - атақты Қарқарадан бір-ақ шығып, Мыңжылқының жайлауына барып тірелесің. Негізгі жол Кегеннен әрі қарай шығысқа созыла береді. Сол жағыңа көз тастасаң - талай тарихқа куә болған Кетпен жотасының (Үйсін тауы деп те аталады) алғашқы сілемдерін байқайсң. Болмысы қызық қарт жота бейне бір жердің астынан топырақты жарып шығып тұрған найзаның ұштары сияқты үшкір төбелер боп басталады. Одан әрі қоюлана, қатпарлана береді де, әрі қарай шығысқа созылады. Осы Кетпен жотасының ар жағы мен бер жағы Албан ата ұрпақтарының қонысы. Ар жағы - Ұйғыр ауданының аумағына кіреді де, бер жағы Райымбекке жатады…

… Сөйтіп, Кегеннен өте бере оң жағыңда алдымен Марусяның жотасын басып өтіп, әрі қарай Саржазға да жетесің. Сол ауылдан өткеннен кейін жол тағы да екіге айырылады. Тура тартсаң - Қайнар, Қақпақ, Текес, Сарбастау, Абай, Сүмбе сияқты ауылдардан өтіп Нарыңқолға жетесің. Жол бойы оң жағыңда созылып жатқан таулардың аржағына көз салсаң - ақ қалпағын киіп Хан Тәңірі биігін байқайсың. Ал, жаңағы жерден солға бұрылсаң - Қарасазға бір тоқтап, әрі қарай Кетпеннің түстігіндегі ауылдарды бойлай отырып хан жайлауы - Шәлкөдеге қарай беттейсің… Қарасазды бауырын алып, оңашаланып тұрған Елшен-бүйрек деген жалқы тауды бойлап жүрсең Тұзкөл, Шәкірамбал жаққа қарай өтесің. Ал, керісінше, Үйсін тауына ентелей барып шығысқа тартсаң Шәлкөде ауылына бір соғып, жайлаудың төріне қарай өрлей бересің, өрлей бересің…

Беу, Шәлкөде! Атың да ыстық, затың да ыстық қой! ілгеріректе, жайлаудың өр жағына таман Алтынкен деген жердің тұсында ел «Алпысбайдың биебауы» деп атап кеткен біздің әулеттің ата қонысы жатыр. Кетпеннің етегінде жүріп «Сарыбидайлатқан» Сәдіқожа атамдар да осы Шәлкөденің жайлауында шалқып жүрген ғой, кезінде…

… Ел жаққа аңсарып ауып тұратын бопты. Сылтау табылса тартып кеткім келеді...

Едіге Алпысбай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір