Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 5839 1 пікір 21 Тамыз, 2017 сағат 07:52

Вашингтон көшелерінің кезбесіне айналған Джек-Жанғабыл

Адам табиғаты дейсіз бе? Ол бір қарағанда бірдей, тіпті, бір-бірінен аумайтын секілді көрінеді. Бірақ, ішіне қойып кетсеңіз шырмауынан шыға алмас сөз жұмбақты шешкендей боласыз. Әр бөлмесіне үңіліп миыңызға төңкеріс жасауға мәжбүр етеді. Ешбір әлемде болмаған құпия сырымен өзіне тартады да тұрады. Әрбір мүшесіне арнайы саяхаттауға  шыққандай уақыт жұмсап, тұнығына батқыңыз келеді. Егер әрине, ол адамның жан дүниесі ерекше, әрі құпияға толы болса...

Джек сондай жандардың қатарында. Ол өзін солай санамайды. Тек қасындағы жолдастары оны үнемі ерекшелеп тұратын. Джектің шын есімі —Жанғабыл. Америкалық өзі құралпы достары қазақша есімге тілі келмегендіктен осылай атап кеткен. Басқалардан ерекшелігі — өте сауатты. Күн сайын кітап оқып, газет-журнал парақтамаса да, жер жаһандағы соңғы жаңалықтарды біліп отырады. Жанындағыларға саяси оқиғалардың, олардан болатын қатерлердің болжамын айтуға келгенде шебер-ақ! Әлемді күтіп тұрған дүрбелеңнің астарын ұғынуға құштар.

Таң ата бере мысық өлексесінің иісінен бойы тітіркене оянды. Мұндай жағымсыз иістерге соңғы 10 жылдықта еті үйренсе де, бұл жолғы жатырқауы басқаша еді. Бұл жолы өлексенің ащы иісімен қоса өз-өзінен жиіркенген еді. Сондағы бар аласапыраны бойындағы адам сүйсінбес жат қылықтарының мұны жеңіп, жақсы мінездерінің келместің кемесіне мініп кеткеніне өкінгендігі еді.

Бүгіндері ол Вашингтон көшелерінің тұрақты кезбесіне айналған. «Білім-ғылым, өркениет пен мәдениетті, дінді, өнерді бағындырам» деп мұхит асқан шағы есіне түссе, сағат тілін тоқтатқысы кеп кетеді. «Сәл күте тұр мені, уақыт» деп айқайлағысы келеді. Артына қарап, алыста қалған балалық шағын қол бұлғап шақырады. Егер еріксіз көзі жұмылып, тәтті ұйқыға беріле кетсе, түсінде ылғи кәрі атасын, күшік кезінде көзін ашпастан анасынан айырып әкеліп, үлкен етіп өсірген Қара ауыз атты итін көреді. Күнде ұйқылы-ояу, көк пен жердің арасында белгісіз күшпен текетіреске түседі. Шошып оянса, бәрі жат, бәрі алдамшы екенін көріп, мына дүниеден де, өзінен де безіп кетуге талпынады.

Қара ауыз оның ең жақын досы болатын. Бұл шет елге кетерде қимай қоштасқан. Ауылынан біраз шақырым жердегі дөңнің басына дейін шығарып салып, «әрі қарай өзің бар, менің татар дәмім таусылды» дегендей екі көзі мөлтілдеген күйі қалған. Сол кезде иттің жылағанын ең алғаш көрген. Мұндай құбылысқа бастапқыда тосырқай қарағанымен, кейін келе біраз нәрсені түсінгендей болды. Қара ауыздың не үшін жылағанын сезінді. Иесінің осы кеткеннен қайта келмесін ит болса да байқағанын білді. Ал бұл адам бола тұра, осыншалықты сезімсіз болғанына қайран қалды.

Күндегі әдетімен халықаралық жоғарғы оқу орынының алдындағы көпшілік көп жүретін көше қиылысына келді. Біршама уақыттан бері дағдыға айналған, өзіне тиесілі орынға жайғасты. Ұйықтайтын жерінде орналасқан кішкене әмбебап дүкеннен шыққан конфеть қорапшасын өзімен бірге ала келген. Соны алдына қойды да, ұйқысыраған адамға ұқсап, екі жеңін бір-біріне айқастыра  арқасын жарға тақады. Осы отырғаннан жарты сағат бойы екі көзін толық ашқан жоқ. Ара-арасында қылилата ғана ашады да, біреу тұсынан жанай өте бергенде жаба қояды. Қос жанарын төңкерген күйі жер сүзеді. Адамдармен жанары түйісе қалса, «ұяттан өртеніп, өліп кетемін бе, сөйтіп, тарихта болмаған өлім құшамын ба» деп қорқады.

Дәл солай есалаң адамша отырғанында ту сыртынан құлаққа жағымды, әрі таныс әуен естігендей болды. Мұрнына дала иісі, жусан иісі, туған жерінде қысы-жазы болатын жел иісі келгендей болды. Талмаусырап мойынын кері бұрды. Көзін қалай ашқанын өзі де байқамай қалды. Сірә, тосын жайтты байқағанда барлық адамның бойында болатын шартты рефлекс болар деп түйді. Миын 180 градусқа айналдырып, балалық думанды шағын, өскен ортасын жадына түсірген әннің атауын есіне түсіре алмай қиналды. Құлақ түріп сөзін тыңдаса:

«Қайда жүрсең атамекен,

Көкейіңде жатады екен,

Күннің өзі ұсына

Қимай оны батады екен», — деген тармақтар келді. Әнді тыңдап бара жатқан жігіттің жүзіне қараса, орыс ұлтының жігіті. Үстіне киген киімі қарапайым. Қолында үй кілті бар. Оған тағылған салпыншақта көк ту алыстан мұнартады. «Бұл түсім бе, әлде өңім бе» дегендей орнынан атып тұрды. Отандасқа жақындағысы келді. Бірақ, әшейінде аласұрмайтын ішіндегі жалған намысы, «тоқта-тоқта, ұят болады. Мына, мүсіпір қалпыңды бейтаныс болса да, жерлесің көрмей-ақ қойсын» дегендей бір жерде табандап тұрып қалды. Әлгі жігіт жүріп кеткенде бұл әлі ессіз күйде тұр еді. Біраз уақыттан кейін есін жиып айналасына қараса, ымырт түсіп, қараңғылық құшағын айқара аша бастапты. Дереу кету керек деп ойлады. Межелі орнындағы қорабына қолын созып, қайырымды жандардың ішіне тастаған азын-аулақ тиын-тебенін көріп, көзіне ыстық жас келді. Қатты айқайлап жылағысы келгенімен, тамағына булыққан өксік жіберер емес. Амал жоқ, үнін шығармай, еріксіз жатар жерге  тезірек жетуге ыңғайланды. Жылдам басып, асыққанымен күнде жақын көрінетін аялдамасы алыстап кеткендей. Алдынан соққан күздің салқын желі алға жылжуға мүмкіндік бермейтіндей көрінді. Мұның әлсіз кеудесін итеріп, «сен ақымақсың сен отансызсың саған ешкім керек емес, сен де ешкімге керек емессің» деген сыңай танытатындай. Ақыры кедергіні еңсеріп, сыз басқан жертөлеге жетті. Күндізгі оқиға ойына оралып, жүрегі қанжылай берді. Қаны өзге болса да, Америка астанасында жүріп қазақ әнін дауысын барынша шығарып тыңдап бара жатқан ер азаматқа тәнті болды.

Мен неткен сорлымын? Қалайша, мынадай халге түстім? Әлде мен өзіме-өзім үкім кестім бе, әлде, менің тағдырым қатал болды ма? Неге қасымда жанашыр ешкім жоқ, жалғызбын? Осы сауалдар төңірегінде түні бойы ойланып шықты. Ертеңгісін тұра сала шекара жаққа асықты. Қалтасында бір құжаты, не бір ақшасы жоқ. Кеденшілердің тексерусіз өткізбейтінін жақсы біледі. Ұстап алса, әбден миы титыққанша тергеп-тексеретіндігінен де хабардар. Дегенмен, есек дәме көңіл түкпіріндегі қиылуға шақ қалған үміт сәулесін үзгісі жоқ. Қалай болғанда да, кету керек, жету керек. «Өлсем, сонда өлейін» деген арман бар. Сол арман, мақсат, үміт, белгісіздік, сағыну, секілді сан мың сезімін алып, алға адымдап барады. Әйтсе де, кеудесіндегі жиіркеніш сезімі жоғарыдағы дүниелерге бой берер емес.

Шапағат Сердәліқызы 

Abai.kz

1 пікір