Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаң 8223 34 пікір 18 Тамыз, 2017 сағат 10:49

Күштік құрылымдар қандастарды шекара асырып жіберуге неге құмар?

ҚР Жоғары сотының төрағасы

Қ. Ә. Мәмиге 

ҚР Ішкі істер министрі,

Полиция генерал-лейтенанты

Қ. Н. Қасымовқа

Құрметті Қайрат Әбдіразақұлы!

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Әңгімені өз қөзіммен көріп, өз қолыммен істеген бір оқиғадан бастағанды жөн көрдім.

Өткен айда Гүлнәр есімді қыз телефон шалып, «Көші-қон полициясы жағынан ықтиярхатымның күші жойылып, бес жыл келе алмайтын етіліп, Қытайға шығарылатын болдым, аға! Көмектесіңізші!» – деп жылап жіберді.

Жұмыс орныма шақырып, жағдайын ұқсам, белгілі себеппен Қытай Елінде ұзақ жүріп қалған, Қазақстан Республикасында 183 күннен артық болмаған. Демек, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңнаманы бұзған.  «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бабының 13) тармағына сай, енді бұл қыздың ықтиярхатының күші жойылу керек!

Дұрыс!

Бірақ, қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның сол 49-бабының 5) тармағында «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деп жазулы тұр.

Ал, бұл қарындас бұрын тәртіп бұзбапты, міне, бірінші рет әкiмшiлiк жазаға тартылғалы тұр.

Соған қарамастан, Астана қалалық Көші-қон полициясы бұл ықтиярхатпен шетелге шыға алмайтын етіп, базаға кіргізіп қойыпты. Енді хаттама толтырып, сотқа жөнелткелі жатқан жерінен өзім барып, жоғарыдағы уәжбен аман алып қалдым. Қандас қарындасымыз шетелде артық тұрған күнәсі үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі.

Бұл – бір ғана мысал. Маған осындай шағыммен аптасына бір қазақ хабарласады десем, артық емес!

Енді бүкіл дүние жүзі қазағын шулатқан екі нақты мысалға келейік.

Самет Ұларбек және Тұрсын Оралхан есімді Қытайдан келген ерлі-зайыпты екі қандасымыз 2016 жылғы 8 тамызда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 517-бабының 4-бөліміне сәйкес (белгіленген мерзімде елден шығудан жалтару) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен отағасы бір тәулікке қамауға алынған, отанасы айыппұл төлеген. 2016 жылғы 14 тамызда олар бес жыл бойы Қазақстанға кіруге тиым салынған жазамен «Қорғас» бақылау-өткізу пункті арқылы шығарылып жіберген. Атажұртында оқытам деп алып келген қарғадай 9 жасар қызы Мейіргүл Алматыда жалғыз қалған. Көші-қон полициясы мен Сот «Баланың құқықтарын қорғау туралы» Заң,  Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен 1994 жылғы 16 ақпанда ратификацияланып қол қойылған 1989 жылғы 20 қарашадағы «Бала құқықтары туралы» халықаралық Конвенция дегендеріңізге пысқырып та қарамаған ғой.

«Нұр Отан» партиясы мен БАҚ-тың арқасында тоғыз жасар Мейіргүлдің ата-насы  2016 жылғы 25 Желтоқсанда Қазақстанға қайта оралды, қызына аман-есен қосылды (http://abai.kz/post/47512 ).

Ал, дәл әкімшілік құқықбұзушылықпен тараздық жігіт Тұрсын Бөрібайдың қалыңдығы Жазира Иманәлі де бес жылсыз орала алмайтын етіліп Қазақстан Республикасының шегінен шығарылып жіберілген.

Бұл іске де «Нұр Отан» партиясы мен БАҚ араласпағанда «жабулы қазан жабулы күйінде қалар еді» де, екі жас бес жыл бойы шеркөкірек болып, күн кешер еді!

Ең қызығы, Тұрсын Бөрібай «Нұр Отан» партиясына өтініш айта келген соң, Жазира Иманәлінің ісіне Жоғарғы соттың өзі араласып, «Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы» Кодекстің 517-бабының 2-бөлігі бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасы шегінен шығарып жіберу туралы жазаны бірден он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға ауыстырып, Елге қайта оралуына мүмкіндік туғызды (http://abai.kz/post/57549).

Құрметті Қайрат Әбдіразақұлы!

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Мына сұмдықты қараңыздаршы:

Екеуіне де хаттама толтырарда Көші-қон полициясы, жоғарыда аталған, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бабының «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деген 5) тармағын естеріне алып та қоймаған!

Екеуіне де жаза тағайындарда Аудан аралық сот жауапкершілікке тартылған жандарды аппеляцялық шағымдануға үлгіртпестен келген еліне кері қайтарып жіберген!!

«2016 жылдың 9 айында 94 232 шетелдік жауапқа тартылды, 9 473-і елден тыс шығарылды, оның ішінде 199 этникалық қазақ (Өзбекстан –161, Ресей – 14, Қытай –12, Қырғызстан –6, басқа елдер –6)» (№ исх: 1-8-3-31/2581-Д от: 24.10.2016).

Бұл – Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың сенатор Мұрат Бақтиярұлына өз қолымен берген жауабы. Хаттың көшірмесі менің қолымда тұр.

Ал, одан бері он бір ай өтті, осындай әкімшілік құқық бұзушылыққа ұшыраған қанша қазақтың осы қатаң жазамен қан жылап шекара асқанын тек бір Құдай, одан қалаберді Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті ғана біледі!

Алыстан келген ағайынның бірінші болып, ат байлайтын Қара Шаңырағы Іскі істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасы.

Сонда, полиция мен судиялар Заңды білмей ме, әлде әдейі осылай істей ме?! Адам тағдыры ойыншық емес қой! Заң – адамдарды қорлау үшін емес, қорғау үшін керек! Соңында Аса Мәртебелі Елбасымыз Н.Назарбаевтың аты-жөні тұрған Заңды дұрыс атқармаса, Мемлекеттің, Президенттің беделіне кір жұқтыратынын құқық қорғаушылар жақсы білгені дұрыс!

Елбасымыз болса, «Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі болып табылады»деп шырылдап жүр. (Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінен). Сондай-ақ, тағы «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Кезінде жағдайсыз көшіп кеткен, ғалым болып, зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар», – деп қайтсем бар қазақты Атажұртына жар құлағы жастыққа тимей жүр...

Біздің құқық қорғау саласы болса, абайсызда немесе білместіктен, кейде тіпті нақты себеппен «шалыс басқан» қандастарымызға алғашқы қадамда ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл төлету сынды жеңіл шаралар қолданып, қамқорлық жасаудың, бір қазақ болса да Елде алып қалудың орнына, шекара асыра беруге құмар! Бұл тым үлкен қателік! Олар неге бауырмалдық танытуға сараң!

Сол үшін,

Құрметті Қайрат Әбдіразақұлы!

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Сіздерден бірінші, Мейіргүлдің ата-анасы  Самет Ұларбек және Тұрсын Оралханға және Тұрсын Бөрібайдың қалыңдығы Жазира Иманәліге дұрыс емес хаттама толтырған, қатаң үкім шығарған Алматы қалалық, Алматы облыстық  Көші-қон полициясы қызметкерлері мен соттың судияларын ҚЫЛМЫСТЫҚ жауапкершілікке тартуды;

Екінші, 2016-жылдың 1 қаңтарынан бері бір және екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың шешімімен Қазақстан Республикасының шегінен шығарылып жіберілген қандастарымызға «Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы» Кодекстің 517-бабының 2-бөлігі бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасы шегінен шығарып жіберу туралы жазаны он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға ауыстыруды, сөйтіп сотталған туыстарымыздың Елімізге қайта оралуына, отбасына қосылуына мүмкіндік жасауды;

Үшінші, Көші-қон полициясы кызметкерлеріне «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңнаманы бұған қандастарымызға хаттама толтырарда ең алдымен «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бабының «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деген 5) тармағын қатаң ескеруді тапсыруларыңызды сұраймын!

 

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек

17.08.2017

Астана

34 пікір