Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 12702 60 пікір 8 Тамыз, 2017 сағат 15:09

Ұлт мәселесін шешуде Ши Жинпиң Назарбаевтың қолына су құйып бере алмайды...

Қанат Әбілқайыр: Құрметті Ауыт Мұқибек, Сіз  «Abai.kz» ақпарттық порталының ең белді авторларының бірісіз. Сондай-ақ, сайтымызды бар ынта-пейіліңізбен қадағалап оқып жүретініңізді де жақсы білеміз. Біз де Сіздің барша қызметіңізді болмаса да қоғамдық жұмыстарыңызды бақылап, бағып отырамыз. Жаңылмасақ, міне, кезекті еңбек демалысынан оралдыңыз. Қайда, қалай дем алдыңыз?

Ауыт Мұқибек: Рахмет. Бұл жолы 20 күнге демалыс алғанмын. Сол жылына бір келетін еңбек демалысымның жарымына таяуын атақты Алакөлге шомылуға, жарымына жуыған Солтүстік Қазақстан облысының екі-үш аудан, ауылдарын аралауға жұмсадым.

Қанат Әбілқайыр: Өте жақсы. Сіздің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшаңыздан «Сонымен, болашақта «Қызылжар қаласы» аталатын шахарға келіп жеттік. Бағыт – Есіл ауданының Бірлік ауылы. Ары қарай аяқ жеткенше бірнеше елді мекенді араламақпыз.. Мақсат – осында көшіп келген қандастармен кездесу, хал-жағдайын білу. Сөйтіп, келесі көшіп келушілерге бағдар беру, жол сілтеу...» деген жазбаңызды оқыдым. Жалпы, осы Алакөл мен Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарыңыздың жайын таратыңқырап айтып беріңізші, ондағы қандастарымыздың хал-жағдайы қалай екен?

Ауыт Мұқибек: Соңғы алты-жеті жылдан бергі еңбек демалысымда Алакөлге барып, демалып жүрмін. Мені Алакөлге алғаш апарған, суға шомылу дегеннің не екенін үйреткен Тұмағам – Тұманбай Молдағалиев болатын. Шынын айтайын, мен сол Тұмаш ағамды үнемі сағынып жүрем. Ол кісінің Алакөлге деген махаббаты ерекше болатын. Жаз айы келісімен, демалысын ала салып, Көктұмаға тартатын. Міне, ардақты аға өмірден  қайтқалы алты жылға таяп қалды, мен сол Тұмағам шомылған жерге шомылып, өткен күндердің елесіне елітіп қайтам. Әкемдей болып кеткен ақынға деген сағынышым бір сәтке болса да басылғандай болады.

Алакөлдің Көктұма дейтін ауылына арғы беттен көшіп келген ағайындар көп. Солардың біраз жылдан шешілмей келе жатқан бір мәселесі бар еді. Сол түйін биыл шешілді. Осыдан он шақты жыл бұрын Көктұмаға Қытайдан, Моңғолиядан қазақтар көшіп келе бастайды. Ауылдың жергілікті тұрғыны, қадірменді ақсақалы  Жанахмет Бекатаров деген кісі қандастарына қамқорлық жасап, ауыл шетінен қырықтай отбасына баспаналық жер телімін бөліп береді. Қандастарымыз ақсақалға алғысын айтып, ол жерге түгел баспана тұрғызып алады. Көп өтпей, Жанахмет ақсақал қайтыс болады. Артына баласы Қанапия Бекатаров та дүиеден озады. Сонымен, манағы қырықтай отбасының жері мен үйлерінің құжаттары рәсімделмеген күйі қалады. Сенесіз бе, қолдарында бір жапырақ қағазы жоқ туыстар үй дегеніңді даңғыратып салып алған ғой. Ал, бұл жұмысты бітіріп берем деген ауыл әкімі жыл құрғатпай ауысып отырады. Оның үстіне, оралған ағайындардың жұмысты қағазбен емес, ауызбен істейтін әдеті бар. Алакөл жағасына, Көктұма ауылына көз тіккендер тіпті көп...

Сөйтіп, бұл мәселе күрделене түсті. «Ағайындар жерінен айырылып қала ма?!» деген қауіп менің де ұйқымды қашыра бастады. Сонымен, осы жылдың басынан бастап нақты іске кірістік. Хат дайындап, үй иелерінің қолын қойғызып, Өмірхан Қамбар деген аға арқылы Алакөл ауданы әкіміне тапсырттым. Аудандық Жер қатынастары мекемесінен «Сіздердің заңсыз үйлердің құқығын табыстау үшін сотқа өтініш берулеріңіз қажет» деген жауап келеді.

Ал, сотқа бергенмен қолында бір бет қағазы жоқ қандастарымыз түгел ұтылады. Енді не істеу керек?!

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Калетаевтың атына хат жазып, 37 отбасының иесінің қолын қойғызып, сенатор Дархан Аманұлы «Нұр Отан» партиясына азаматтарды қабылдауға келгенде жағдайды айтып, қолына тапсырған едім. Дархан Аманұлы қандастарының өтінішін депутаттық сауал етіп Алматы облысының әкіміне жіберген екен. Құдайға тәубе, Дархан Калетаев мырзаның ықпалымен бұл мәселе өз шешімін тауып, сол қырықтай отбасының жері мен үйлерінің құжаттары Заң аясында рәсімделіп жатыр. Алдының «Акттері» қолдарына тиіпті. Қандастарын қаңғыртпай, қамқорлық жасаған Аудан әкімі Ә.Ә.Жақанбаевқа, Көктұма ауылының әкімі Дәуренбек Мұқабаевқа рахмет! Қысқасы, ағайындардың сол қуанышын көріп, құтты болсын айтып қайттым десем де болады.

Ал, СҚО-ға келсек, маған «WeCHat», «WhatsApp»,  «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы хабарласып, қоныстанатын ауылдардың жағдайын сұрайтын қандастарымыздың саны өте көп. Өткен жылдың басында өзімнің ауылдастарым Әлен Оразәліұлы, Бекен Бақашұлы деген екі азаматты СҚО-ға барып, аудандарды аралап, бір ауылға тұрақтауды тапсырғанмын. Ол екі жігіт Есіл ауданының Бірлік деген ауылын ұнатып, сонда көшіп барды. Ары қарай жөн сұраған Нұрмұхамет Қайсар, Өлке Талапбек, Жәнел Серікбай деген азаматтарды да солай жібердім. Сөйтіп, Бірлік ауылына оннан астам отбасы көшіп барды. Жабылып қалған  ауыл мектебі қайта ашылды. Аудан әкімі құжаты дайын болған бес отбасыға ауыл іргесінен 10 гектардан шабыстық жер беріпті. Қысқасы СҚО-ға сол ауылды өз көзіммен көрейін деп бардым, дәл шөп шабу науқанының үстінен түсіппін. Есіл өзені ауылдан 300 метр жерде  ағып жатыр. Мағжан Жұмабаев ауданына да 25-ке жуық отбасы көшіп келіпті. Онда келген жігіттермен де ауызекі сөйлестім, аудан әкімі Асқар Бегіманов мырза қандастарының тұрақты тіркеуге тұруына құжаттарын дайындауға көмектесу үшін мемлекеттік тілді жақсы білетін Ғабит деген жігітті арнайы тағайындапты. Астанадағы ҚХР Елшілігінен атың өшкір СОТТЫЛЫҚ туралы анықтама  алуға баратын азаматтарға арнайы машина да беріпті. Жол бойы Аққайың ауданына да соғып, Аралағаш ауылына аялдадым... Қысқасы, тағы көшіп келем деген қандастар болса, бұл облыстың есігі айқара ашық. Қандастарымыз Заң аясында тиісті көшіп келу ақысын алып жатыпты. Оның үстіне,  биыл бір жылға дейінгі мерзімге үй майлау (жалдау) ақшасы қоса берілетін болды...

Бір апта жүріп, біраз жайды аңғардым. Кейбір қандастарымыз қызық. Мысалы Бірлік ауылына көшіп келіп алып, М.Жұмабаев ауданын аңсайды. Ал, М.Жұмабаев ауданына келгендермен сөйлессең, Бірлік ауылы деп, ауыздарының суы құрып отырғанын көресің. Қарасаң, сол ауылдардың бір-бірінен асып тұрған дәнеңесі жоқ: баяғы борпылдаған көше, ескі үйлер, алаң-ашық қора-қопсы... Бірақ, аудан орталығынан алыстаған сайын  ауылдардың отбасы аз, арзан сатылатын бос үйлер көп. Мал ұстап, тіршілік көрем деушілерге өте қолайлы. Заң түзелді. Ендігі мәселе тек қандастарымыздың өзінде тұр. Ақшасы көп, жағдайы барлары  Астанадан бастап, облыс, аудан орталықтарына орналаса берсін. Ал, оған қаражаты жетпегендер шалғайлау ауылдарға барып, арзан үйлерді сатып алып, жамап-жасқап жіберсе, тағы бір он-жиырма жыл отыруға жарап тұр. Жарық, су, мектеп бар. Жер шұрайлы және ол беріледі. Қай ауылға тұруды таңдау еркі, өз қолдарында. Сондықтан, қандастарымыз да бір уақ масылдық пиғылдан кішкене арылып, Елбасының, Үкіметтің осы қамқорлығын жан жүрегімен сезіне түссе екен дегім келеді...

Қанат Әбілқайыр: Жақында Қытайдан бес отбасының көшіп келгені, ол бес отбасыны  белсенді азаматтардың алдынан шығып, шашу шашып қарсы алғаны, Павлодар өңіріне дейін апарып қоныстандырғаны туралы жағымды ақпарат тарады. Сондай ақ, «WeCHat», «WhatsApp» әлеуметтік желілерін кезіп жүрген «Көшіп келуге виза ала алмай жатқан қандастарымыздың ешқандай кедергісіз, делдалсыз, ақысыз виза мәселесін шешті...» деген «Атажұрт – Нағыз көш» жобасының жарнамасын да көзіміз шалып қалды. «Оралмандарды Солтүстік облыстарға қоныстандырамыз!» деушілерді де естіп жатырмыз... Бұған Сіздің алып-қосарыңыз бар ма? Жалпы Көші-қонға осындай қызмет түрі керек пе өзі?

Ауыт Мұқибек: Иә, бұл жаңалық хабар мені де қуантты. Бұрынғы жылдарда жылына 20 мың отбасы көшіп келеді деп жоспарланып, қаржы бөлінуші еді. Айына неше жүздеген отбасы Атажұртқа оралып жатушы еді. Қазір бес отбасы көшіп келгеннің өзіне бөркімізді аспанға атып қуанатын болдық. Бұл жерде Еліміздің Көші-қон Заңында тұрған кедергі жоқ. Мәселе қазақ диаспорасы қоныстанған көрші мемлекеттерде болып тұр. Солардың қисынсыз қысымы мен кедергісі көшті тұралатып жатыр.

Ал, келген көшті қарсы алатын, қонысы туралы мәлімет беретін, діттеген жеріне жеткізуге жол сілтейтін қызмет түрі бүгінгі таңда өте-мөте қажет. Мен сол бес отбасыны қарсы алған жігіттермен сөйлестім, олардың бастамасы, бағыты қолдауға тұрарлық, әрине!

Бірақ, көш бастап, көшбасшы болатын азаматтар ең алдымен «Халықтың көші-қон туралы» Заңынан бастап, көші-қонға қатысты барлық Заңдар мен қаулыларды толық білгені және сол Заңдардың аясында жұмыс жасағаны дұрыс. «Ли фың рухымен» «Ұлт үшін, халық үшін» қызмет ету нарық заңдылығына үйлеспейді. Дәл бүгінгі күнде мұндай қызмет үшін «Ақы алмаймыз!»  деу – ақымақтық! Далақтап, көрінген көшіп келушіге жол бастап жүрсең, өзіңді, отбасыңды кім асырайды? Сол үшін, әрине, ақы алу керек! Сол жұмысқа белсеніп кірісіп жүрген жігіттер ең алдымен заңды түрде ЖШС немесе ИП ашуы тиіс. Осы қызметке жүгінгісі келетіндермен келісімге келу, жауапкершілікті тең бөлісіп көтеретін «келісім-шарттың» жобасын жасап, дайындап қоюы керек. Сосын, жасалатын қызметтің көлемі мен ақысын тұрақтандырған жөн. Сонда барып, әр облысқа өкілдер тұрғызып, оларға жалақы тағайындай аласың. Қызмет жанданып, кіріс көбейсе, аудан ауылдарға дейін жауапты қызметкер тұрғызуға болады. Түскен қаржыдан мемлекетке салық төлейсің. Ең бастысы, мұндай қызметпен айналысатын ЖШС немесе ИП-ның саны біреу емес, бірнешеу болуы шарт. Сонда барып бәсекелестік пайда болып, баға тұрақтанады. Әркім өзі қалаған қызмет түрімен келісіп, көшіріп келуге тапсырыс береді.

Жігіттердің әңгімесінің ауанына қарағанда, жұрт бұндай жүйеге дайын емес көрінеді. Жоқ! Жұртты соған дайындауымыз, үйретуіміз керек! Бәрібір мұның арты барып көлеңкелі бизинске айналады. Елбасының жолға қойып отырған бес реформасының бір талабы осы – ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ!

Жұрт үйренгенше, мұндай белсенді азаматтарды арғы беттен келген қалталы азаматтар мен солар құрған қоғамдық қорлар келісім-шарт арқылы бірер жыл демеп жіберсе, нұр ұстіне нұр болар еді. Бірақ, олардың деңгейі бұндай ұлттық деңгейдегі игілікті іс істеуге жететін емес. Керісінше, нәзір-құзыр, наурыз-шаған өткізуден, шапан-шапқыт жабудан арыға озбай тұр. Бірақ, соған қарамастан, жігіттер осы беталыстан таймаса екен, нәтиже шығарса екен деп тілеймін! Бір жолғы желіспен, аттан-айғаймен жұмыс бітпейді. Көші-қон – ұзаққа созылатын барыс!  Өз басым соңғы жылдары Көші-қон Заңының кедергілерінің азайып, кемелдене түсуіне біраз күш жұмсадым. Енді сол Заңдағы жеңілдіктердің өз деңгейінде атқарылуын қадағалап отырмын. Әкімдер анау-мынау десе, «Abai.kz»-те ұшықтап жібереміз. Мәселе бірден шешіледі. Көші-қонға ден қойып жүрген азаматтарға айтарым: жұмысты сауатты істеу керек!

Қанат Әбілқайыр: Дұрыс екен. Жоғарыдағы бір сөзіңізде қазақ диаспорасы қоныстанған көрші  мемлекеттердің қысымы туралы айтып қалдыңыз. Көрші ҚХР-дың қазақтарға жасап жатқан қиянаты туралы БАҚ-та көп жазылып жатыр. Сіздің бұл мәселеден хабарсыз қалуыңыз мүмкін емес! Қытай қысымы жөнінде не айтасыз?

Ауыт Мұқибек:  Иә, бәрін естіп жатырмын. Маған да хабарласып, бұл мәселе жөнінде көмек сұрап жатқандар аз емес.

Өзіңізге белгілі, Қытайда 56 ұлт бар, біздің елімізде 130 ұлт пен ұлыстың өкілі өмір сүреді.

Қытайдағы өзге ұлт өкілдерінің салыстырмасы үш-ақ пайызды құрайды. Ондағы халықтың 97%-ы қытайлар.

Ал, біздің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялағанда қазақтың саны жалпы халық санының 40%-на де жетпейтін. Құдайға тәубе, қазір қазақтың мөлшері 70 пайыздан асты.

Біз дербес мемлекет болғалы 26 жылға толған жоқ. Ал, жаңа Қытай үкіметі құрылғалы 68 жыл!

Демек, ондағы аз ұлттар ҚХР-ға қауіп төндіретін шамада емес.

Дүниенің қулығын меңгерген сол Қытай үкіметі жетпіс жылға таяу уақыт бойы билік жүргізгенде алақандай үш-ақ пайыз ұлттың мәселесін  дұрыстап шеше алмағаны өкінішті, әрі ұят жағдай болып тұр. Көз тимесін делік, Қазақстан Республикасында жасап жатқан өзге ұлт өкілдерінің жағдайын ол елдегі аз ұлттардың қазіргі өмірімен мүлде салыстыруға келмейді. Кеше ғана шетел ақпараттарынан «Қытай үкіметі ұйғыр жазуын қолданыстан шығарды» деген хабар тарады. Көріп отырсыз ғой, біздің отандастарымыз баяшат өмір сүруде. Елбасымыздың тікелей пәрменімен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Заң аясында біздің жерлестеріміз адамзатқа тән барлық теңдікті алып отыр. Тарихи Отанына көшем дегендерге билік еш кедергі жасап жатқан жоқ! Қайта көшіп келем деушілерге Қазақстанның есігі тағы айқара ашық. Мемлекет басшыларының біліктілігін  сынайтын ең бір кілтең сала – оның өзі басқарып отырған мемлекеттегі осы ұлтаралық қатынасты шешудегі шеберлігі. Асырып айтты демеңіз, қазіргі таңда ұлт мәселесін шешуге келгенде Ши Жинпиң Назарбаевтың қолына су құйып бере алмай қалды!

Ал, Қытайдағы қазақ мәселесіне келсек, Тәуелсіздік жылдарынан бері Қытайдан небәрі 200 мыңдай ғана қандасымыз Қазақстанға көшіп келіп, қоныстаныпты. Оның көп бөлімі малшылар, дихандар, кәсіпкерлер. Аз ғана бөлімі – зиялылар. Қай елде, қай ұлтта болсын халықты бастайтын зиялылар.  Қарап отырсаңыз, сол Қытайдан келген қазақ зиялыларының бірде-біреуі Қытай мемлекетіне қарсы бір ауыз сөз, бір қадам қиямпұрыс қимыл жасаған емес. Ши Жинпиң Қазақстанға келе жатыр дегенде бас басылымдарға бірінен-бірі асып түсетін бет-бет мақала жазып, ұзын-сонар сұхбаттар беріп өліп қала жаздайды байқұстар. Қызды-қыздымен бір саясатшы ағамыз «Мұндай алып көршіні сыйлаған Аллаға біз алғыс айтуға тиіспіз!» деп те жіберді жақында! Қытай – Қытай болғалы бір көршісінен осындай жылы сөз естіп көрді ме екен деші?!

Соңғы жылдары Қытай мемлекеттік Мұғажырлар ұйымының (хуацяо) өкілдері Қазақстанға тіміскілеп жиі-жиі келгіштейтінді шығарды. Оның алдынан шығып, атын байлап тоңқаңдап жүргендер де сол арғы беттен келген қазақ оқығандары. Жай зиялылар емес, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты болып сайланған билік өкілдері де бар ол топтың ішінде.

Қытай елшілігінің діни мерекемізге жайған дастарханы

«Күллі мұсылман баласы сабырға шақырып, төзімділікке жебеген қасиетті Рамазан айы аяқтап, мереке қуанышына шомғанымызға аптадан аса қойған жоқ. Бүгін міне, ҚХР-дың Алматыдағы бас консулдығы мен «Жебеу» РБ бірлесіп ұйымдастырған мерекелі дастарханның құтты қонағы болып отырсыздар» деп, ҚХР-дың Алматыдағы Консулдығы басшыларының кезінде Қытайдан оралған манағы қазақ зиялыларына ораза айт мерекесі құрметіне дастарқан жайып, қонақасы бергенін, ол басқосуға ҚХР-дың Алматы қаласындағы бас консулы 张伟 мырза, бас консул орынбасары 郭心桥, «Нұр Отан» партиясы Алматы филиалының орынбасары Табеев Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы, Алматы қалалық мәслихат депутаттары Роза Кеңесханқызы Бадеева, Фарида Мерхамитқызы бастаған құрметті қонақтар қатысқанын Omaraly Adilbekuly өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына (6 шілде күні) жазып шықты. Мұндай басқосулар жиі болып тұрады.

Көрдіңіз бе, Қытай Елшілігі Қазақ Еліне көшіп келген қазақтардың басынан сипап, діни мерекесіне дастарқан жайып, құрмет көрсетеді. Ал, олардың Қытай мен Қазақстан арасында барып-келіп жүрген туысқандарын Қытай құқық қорғау органдары тарпа бас салып құжатын тартып алады, телефонына жүктелген дінге қатысты бірдеме шықты болды, түрмеге тоғытып, соттайды. Қандай екі жүзділік бұл?!

Егер, Қытай Үкіметі дінге қатысы бар деген адамдарды соттағыш болса, ең алдымен ақша шашып, мұсылмандардың діни мерекесін тойлауға ұйтқы болып жүрген өзінің Қазақстандағы Консулдық басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек қой!

Қытай мемлекеттік Мұғажырлар ұйымының өкілдерінде де бет жоқ екен! Шыңжаңдағы қазақтарға жүргізіліп жатқан осынау адам төзгісіз қысымдарды көре тұрып, біле тұрып,  Қазақстанға қай беттерімен ұялмай, қызармай келетініне таңым бар!

Оның үстіне, байқап отырған да боларсыз, бұлар жай қытайлар емес, бірі – Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің өзі, бірі – Қытайдың шетелдегі ықпалын күшейтуге жұмыс жасайтын ұйымның өкілдері. Екеуі де ықпалды кісілер. Қарап отырып, солардың құрақ ұшып алдынан шығып, шын жүректерінен алғыс айтып жүрген сол аға-әпкелерімді аяп кетемін кейде. Не жетіскенінен елбеңдеп жүр дейсің, байқұстар екі елдің байланысы жақсы болсын дейді ғой баяғы. Осылардың көңілі үшін болса да Шыңжаңдағы қазақ мәселесін Ши Жинпиңге жеткізуіне болады ғой...

Қытайдың аз ұлттарға тағатын басты кінәсі де, қаупі де діндік ұстаным екен. Құриын деген мемлекет Құдаймен алысады. Оның бірден бір мысалы кешегі СССР!

Қытай мен Қазақстан «Жібек жолы» мен «Нұрлы Жолы» түйісіп жатқан көрші ел. «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас үлгі аларлықтай. Біздің арамызда шешілмеген мәселе жоқ. Туындаған кез келген мәселе шешімін тауып жатады», - деді Елбасы кеше ғана ЭКСПО көрмесінің ашылу қарсаңында Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездескенде. Демек, бұл мәселе де сол екі басшының кезекті кездесуінде шешіліп қалар деген үміттемін.

Ол қазақ не көрмеді дейсің! Шың Сысай мен Мау Зыдұңның қырғынын да басынан өткерген. Енді Шын Шуангуоның қысымынан азайып қалмас. Бұл күндер де өтер. Ең басты нәрсе, бір қазақ бір қазаққа сүйеу бола білсе екен! Бекем бол, қазағым!

Қанат Әбілқайыр: Тұшымды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Abai.kz

60 пікір