Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 7102 3 пікір 4 Тамыз, 2017 сағат 08:02

"Оңай" һәм оңай емес 150 теңге...

Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласында 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жүру құны қымбаттады. Бұдан былай алматылықтар мен қала қонақтары автобус пен троллейбуста жүргені үшін 150 теңге төлейді. Алайда қымбатшылық тек жол ақысын қолма-қол төлеушілерге ғана қатысты. Ал «оңай» бірыңғай көлік картасы, SMS және банк картасымен жолақы төлеу бұрынғыдай 80 теңге шамасында қала береді. Жолаушыларды төлемнің электронды түріне көшіру көлегейленіп келген миллиондаған теңгені жарыққа шығарады. Алайда осындай игіліктерді мақсат еткен жүйенің олқы тұстары да баршылық.

2015 жылдың 1 қазанында енген электронды төлем түрін бүгінде жолаушылардың 70 пайызы қолданады екен. Бұл көрсеткіш 100 пайыздық көрсеткішке жеткенде, 6 млрд теңгеге жуық қаражат мемлекет қазынасына түспек. Алайда шаһар басшылығының мәселені жолақысын қымбаттату арқылы шешкісі келгені жаңа қиындықтарға ұрындыруда.

150 теңгені қымбатсынған халық, жаппай «оңай» картасына көшері анық. Ал қала қонақтары қайтпек?! Алматыға түрлі себептермен келіп-кететіндердің қарасы өте көп. Бірі қонаққа келсе, бірі тойға, бірі балаларына киім сатып алуға, бірі емделуге дегендей. Қарақұрым халықтың барлығы дерлік ауылдың қарапайым тұрмыс кешетін адамдары. Оларға бір-екі күн қалада жүретіні үшін 400 теңгелік оңай картасын сатып алу тиімсіз. Ал 150 теңгелік жолақы қалтаға салмақ салады. Бала-шағамен жүрсе, тіптен қымбат. Бір бағыттың өзіне таксидің құны шыға келеді. Сонда тамтұмдап жиған ақшаның біршама бөлігі тек жүріп-тұрумен кетпек. Бұл қалай? Кез келген реформа халыққа ыңғайлы болуы тиіс емес пе еді?

Тың жаңалықтың тағы бір тығырыққа тірер тұсы жүргізушілерге қатысты. Жолаушылардың барлығы электронды төлем жүйесіне ауысып кетсе, олардың күндік жоспарын қалай орындап, жанар-жағармайға ақша қайдан табары белгісіз. Бұл қала басшылығы мен автобус парктерінің арасындағы келісімнің шикілігін білдірсе керек. Осы мәселені жүргізушілердің өзінен білмек болып, оларды сөзге тартқанымызда әртүрлі жауап алдық. Ұққанымыз жағдайдың нақты қандай боларын ешқайсысы білмейді. Жүргізушілердің біразы электронды билетпен жасалған транзакцияның көлеміне қарай жалақы алатындарын айтты. Халық толықтай «оңай» картасына көшсе, жалақыларының да жақсы боларынан үмітті. Алайда автобустың күндік жоспарын әлі де жолақыны қолма-қол төлеушілердің есебінен орындап жүргендер де аз емес екен. Өйткені автобус паркі жалақы төлемейді. Олар жолаушылар толықтай электронды төлем жүйесіне көшсе, күндерінің не боларына алаңдаулы. Мәселе шешімін таппаса, жүргізушілер жолаушылардан 80 теңге жинап, төлемнің «жабайы» түріне қайта өтпесіне кім кепіл?! Бірыңғай көлік картасының тексерушілеріне тиын-тебен ұстатып шығарып салып, жолақыны өздері алған жағдайларды талай көріп жүрміз.

Электронды төлем жүйесінен шығып отырған кезекті кілтипан – сапа мәселесі. Жүйе алғаш енгенде жұрт жапа-тармағай картаға өте бастаған-тын. Алайда автобустарда орнатылған аппараттардың жиі істен шығуы, картадағы ақшаның ұрлануы, картаға салынған ақшаның кеш түсуі жолаушыларды қайтадан қолма-қол төлеуге итермеледі. Сондықтан осы олқылықтар түзетілмей, «оңайдың» оңай болуы қиын.

Меліс Сейдахметов

Abai.kz

3 пікір