Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 9285 15 пікір 1 Тамыз, 2017 сағат 05:44

Зікірия Жандарбек. Қазақ болмысын түрлі ағымдар көкпардай талауға түсіріп жатыр

Қазақ халқы өз тәуелсіздігін алғалы  26 жылдың жүзі болғанымен, сол тәуелсіздік жемісін әлі күнге көре алмай келе жатыр. Ресей отаршылдығының, одан Кеңес өкіметінің бар ауыртпалығын мойнымен көтеріп, ашаршылықты да, саяси қуғын-сүргінді де басынан өткеріп, бар қысымды көрсе де қазақ халқы өзінің рухани тұғыры мен рухани-мәдени болмысынан ажырамаған еді. Ал, тәуелсіздік жылдарында отаршылдық кезеңде сақтап қалған рухани-мәдени тұтастығы мен рухани тұғырынан ажырап қалған жайы бар. Қазіргі күні қазақ халқын тіліне, дініне, мәдени бағыт-бағдарына қарай жіктелген түрлі топтардың жиынтығы деп айтуға болады.

Бар халық емес, бір отбасының ішінде түрлі діни ағым мен сенім жетегінде жүргендер бар  екенін де мойындауға тиіспіз. Оның себебі, қазақ халқы бір бұғаудан құтылғанымен, тәуелсіздігін ала салысымен одан да қатерлі екінші бұғауды мойнына салып алғанын сезген жоқ. Ол «Жаһандану үдерісі» атты құбыжық қамыты болатын. Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ мемлекеті жаһандану үдерісінің шеңгеліндегі қуыршаққа айналды. Қазіргі күні тәуелсіз Қазақстан Републикасы атты мемлекеті бар болғанымен, ұлттық идеологиясы жоқ, қоғамның діни-идеологиялық, рухани-мәдени бағыт бағдарын мен ақпараттық жүйесін өзгелердің қолына ұстатты. Бұл қазақ халқының рухани мәдени тұтастығына берілген ауыр соққы болды. Соның салдарынан бұл мемлекетте қазақ халқының мүддесі мен мақсат-мұраты үшін жасалып жатқан ешнәрсе жоқ. Керісінше, қазақ халқының тілі мен дінінен, рухани-мәдени болмысынан ажырату бағытындағы барлық іс-әрекетке есік айқара ашылған. Ал, оны қорғамақ болған ұлт жанашырлары мемлекетке қауіпті адамдар тізіміне ілігіп, қуғынға салынуда. Енді бұл айтылғандардың жалаң сөз емес, нақты дәйектері бар шындық екенін көрсетейік.

Жаһандану үдерісінің иріміне түскен қазіргі қазақ қоғамы судағы ескексіз қайық сияқты қайда, қалай қарай жүзіп бара жатқанын аңғара алмайтын жағдайда екендігін әлі көпшілік түсіне қойған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жарияланған деидеологизация үдерісі қазақ халқын өзінің кім екендігін білу жолына қойылған тосқауыл болды. Ұлттың  даму көкжиектері, идеологиялық бағыт-бағдары айқындалмаған қоғамда жағдайдың солай болатындығын айтып жатудың өзі артық. Алайда, біз осылай тоз-тоз болып, құрып бара жатырмыз-ау деген ой бірлі-жарым зар-замандардың болмаса, көпшілік қоғамның санасына әлі күнге кіріп-шығатын түрі жоқ. Өйткені, халықтың санасын қайтсек байимыз, қайтсек ана дүниеге, мына дүниеге қол жеткіземіз деген обырлық кесел жайлап алған. Одан қалса, бәсеке, таусылмайтын той-томалақ дүние-малды орынсыз шаштырды.   Қарызға белшеден батқан, банктің кредитін мойнына ілген халық қоғамның белсенді мүшесі болудан қалып, сол қарыздан қайтсем құтыламын дегенді ғана ойлайтын, мұрынын тесіп, мұрындық өткізген жетектегі өгізге айналды. Ар-иман мода мен таусылмайтын ойын-сауықтың жолында құрбандыққа шалынды. Қазақ өзінің ұл-қызына, үлкен кішіге  «арыңды сақта, ардан аттама» - деп айта алмайтын дәрежеге жетті. Олай айту адам құқығын бұзу болып табылатын болды. Ата-бабамыз есітпек түгіл ойына да алмаған арсыздық пен азғындық санамызды селт еткізбейтін дәрежеге жетті. Қыздарымыздың абройы түнгі клубтар мен таусылмайтын ойын-сауықтардың босағасында қалды. Атам қазақ есітпек түгіл, түсіне кірмеген Лұт қауымының өкілдері пайда болып, «Гей парад өткіземіз» деп ұрандататын деңгейге жетті.  Материалдық байлыққа жүрегі байланған замандастарымыз үшін Атам қазақтың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аталы сөзінің құны болмай қалды. Өзінің бір сәттік ләззаты үшін сол қазақтың қыздарының абыройын төгіп, ардан аттатып жатқан да өз қазағымыздың жігіттері екендігін біліп те, сезіп те жүрміз. Қазақ жігіттерінің осындай арсыздығынан түңілген кейбір қыздарымыз өзге халық өкілдеріне тұрмысқа шығуды артық санайтынын айтып та, жазып та жүр. Егерде қазақ қоғамы имансыздық батпағына бұдан ары қарай осы қарқынмен бата беретін болса, ертеңгі күні қазақ халқының тарихтан кететініне дау жоқ. Өз заманында бұл туралы Қожа Ахмет Йасауи бабамыз былай деп ескерткен болатын:

Хақ тағала иман ата (сыйлады) қылды бізга,

Аууал Мұстафа расулы айды бізге.

Друд етсак қууат берар дінімізга,

Йоқ ерса, қылғанларым ойран ерур[1].

Егерде осы жолдарға талдау жасап, мағынасына тереңірек үңілетін болсақ, онда иманнан ажыраған қоғамның тоқырауға түсіп, күйрейтінін, ойран болатынын ескерткен еді. Өкінішке орай, бұл мәселеге қазіргі күні бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ең бастысы қазақ қоғамының осылай азғындап бара жатқанын көріп, сол тығырықтан шығатын жол іздеп жатқан, өздерін зиялы санайтындар арасында ауызбіршілік жоқ. Өйткені, олардың өзі түрлі тарихи, философиялық, діни бағыттар жетегінде жүр. Ең бастысы қазақ қоғамының рухани-мәдени көкжиектерін айқындауға тиіс қоғамдық ғылым салалары әлі қазақтың тәуелсіз тарихын да, философиясын да, ұлттық педагогикасын да қалыптастыра алған жоқ. Ал, бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, белігілі бір нәтижелерге жеткен мамандарға қолдау жоқ. Нәтижесінде бүкіл қазақ қоғамы рухани тоқырау мен тығырыққа тіреліп отыр. Мысалы, әлі күнге қазақтың тәуелсіз тарихы жазылған жоқ. Оның себебі, тәуелсіз тарихты қалыптастыратын тарихты зерттеудің методологиялық негіздері жасалынбады. Осының салдарынан қазақ тарихы әлі күнге евроцентристік көзқарас пен маркстік тарихты материалистік тұрғыдан тану тәсілімен жазылып келеді. Бұл тәсілмен жазылған тарихта қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадына орын жоқтығы ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Қазіргі қазақ тарихы қазақ туралы қытай не деді? Парсы не деді? Араб не деді? т.б. не деді? Оны орыс отаршылдары қалай қорытты? Міне, осы негізде қазақ тарихы жазылып келеді. Ал, қазақтың өзі өз тарихы туралы не деп еді? - деген сұраққа жауап жоқ. Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің күйреп, түркілердің этникалық жіктелулеріне себеп болған негізгі факторлар тарихшылар назарынан тыс қалып отыр. Ал, ол деректердің бәрі қазақ шежірелері мен аңыз-әпсаналарында, жыр-дастандарында жатыр. Ал, мұның зардабы қазіргі қазақ қоғамы үшін орасан зор болып тұр. Егерде қазақтың дәстүрлі діни танымымен бірге өріліп жазылған тарих болғанда, қазіргі күні уаххабилер соншалықты ықпалға ие болып, жастарды соңына ерте алмаған болар еді.

Философтар арасында да қазақ болмысына қатысты зерттеулері де баяғы евроцентистік шеңберден аса алған жоқ. Жеткен жетістіктері Фетхулла Гүленнің шығармаларын том-томдап халық арасына таратып жатқандары болмаса. Гүленнің жаһандану үдерісінің белгілі бір тетігі екендігі қазіргі күні белгілі бола бастады. Ал, этнопедагогика саласымен айналысып жатқан мамандар турасында айтпасақ та болады. Әрине, мен бұл жерде барлық гуманитарлық ғылымдар саласына топырақ шашып отырғандай болып көрінуім мүмкін. Алайда, бәріміз бір сәт «ұлттың болашағы ертеңгі күні қалай болады? - деп ойланып көрелікші. «Мен ұлттың болашағы үшін не істедім? Істеген ісім қазақты қазақ етіп тарих сахнасына алып шыққан рухани тұғырға сай келеді ме?» - деп сауал қояр болсақ, онда бізде, біздің жасаған еңбектерімізде рухани тұғырмен сабақтастық барлығына көзіміз жетпейді. Өйткені, біз өзіміз әлі «қазақ халқының рухани тұғыры қайсы? – деген сұраққа жауап бере алғанымыз жоқ. Соның себебінен біздің таным түсініктеріміз әртүрлі. Бірімізді біріміз қолдамай, алауыз болып жүруіміздің өзі рухани тұғырымызды танымауымызбен тікелей байланысты. Таным түсінігіміздегі алалық қазақтың рухани болмысының талауға түсуіне ықпал етіп отыр. Мысалы, қазіргі діндарлардың қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы шабуылына ара түсіп жатқандар қатарында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар жоқтың қасы. Кейбіреулері сол сырттан келген діни ағымдардың сойылын соғып, солардың жолының дұрыстығын дәлелдеп, ғылыми атақтарын қорғап жатқандар да бар. Бұл айтылып отырған мәселелер тек ғылыммен айналысатын, өздерін зиялы санайтын мамандарға ғана қатысты.

Ал, білім саласының хәлі одан да мүшкіл. Еліміздің білім саласының бұрынғы қалыптасқан білім жүйесінен бас тартып, еуропалық жүйеге көшуі, Балон үдерісі қауымдастығына мүше болуы, еліміздегі білім саласын күйретуге әкелді десек артық айтқандық емес. Мектептерде емтиханның толығымен тест жүйесіне көшірілуі, сауатсыз ұрпақтың қалыптасуына әкелді. Мектепте білім алмай, тек тест жаттаумен бітіретін шәкірттер рухани кемтар, сауатсыз тобырға айналып келе жатқандығы ешкімге жасырын емес. Қазіргі жоғарғы оқу орнына түскен жастардың көпшілігі сауатсыз болатынын университетке түскен бірінші курс студенттерінен көріп жүрміз. Диктант жазғызсаң, араларынан қатесіз, сауатты жазатын студент бір-жарым ғана шығады. Бір сөйлемнен бес, он қате жіберетіндер де табылады. Ал, әдебиет пәнін оқу арқылы қазақ руханиатынан сусындауға тиіс жас ұрпақ қазақтың ауыз әдебиетінен, жыр-дастандарынан, Абай, Шәкәрім т.б. ұлыларының рухани мұраларынан мүлдем мақұрым қалды. Қазақстан тарихы, т.б. пәндер туралы айтпаса да болады. Демек, қазіргі мектеп бітіруші түлектер қазақ руханиатынан мүлде хабарсыз, қуыс кеуде болып бітіріп жатыр десек артық айтқандық емес. Оны аз десеңіз мектепте биылғы жылдан бастап «үш тұғырлы тіл» жобасы бойынша үш тілді қатар оқыту, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынбақшы. Осы күнге дейін білімді қазақ тілінде алып-ақ, ғылымның талай шыңдарын бағындырған, қазақты әлемге танытқан ғалымдар шықты арамыздан. Соларды ғылым шыңына жеткізген қазақ тілі бүгін неліктен ғылым тілі болудан қалды? «Қазақ тілі ғылым тілі болуға жарамайды, қазақ тілінде оқитын болсақ, артта қаламыз,» - деп ұрандатып жүргендердікі бос сандырақ. Кез-келген ғылым саласын қазақ тілінде жасауға болады.  Өкініштісі, қазақ тіліне қарсы, ағылшын тілінде оқытуды жөн санайтындар билік жүйесінде көп болып тұр. Күзден бастап ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерін оқыту басталатын болса, қазақтың болашағына шабылған балта қазақтың тамырын шауып бітіріп қалды деп түсінуіміз керек. Оқытушы өзі толық меңгермеген ағылшын тілінде сабақты оқушыларға қайтіп түсіндірмек? Бұл ертеңгі күні жаратылыстану пәндерінен білім ала алмаған мыңдаған жастар сауатсыздар тобын көбейтіп, болашақта қазақты тобырға айналдырудың алғышартын жасайды. Мұның зардабы емтиханды тест жүйесіне көшіруден де ауыр болмақ. Тест жүйесін енгізгенде жастар қазақтың рухани құндылықтарынан толығымен ажыраған болса, енді азды-көпті жаратылыстану пәндерінен алып жатқан білімдерінен ажырайды. Қысқаша айтқанда, қазіргі бүкіл білім жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты - қазақты рухани-мәдени болмысынан да, ғылыми таным-түйсігінен де толық ажыраған тобырға айналдыру болып отыр. Қабдеш Жұмаділов ағамыздың тілімен айтар болсақ, «Ұлтты жою саясаты жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр». Басқаша айтқанда, жаһандану үдерісінің тапсырысы бойынша жасалып отырған дүние. Шетелдік түрлі ұйымдар мен қорлардың қоғамдық өмірдің түрлі салаларына реформа жасау үшін аямай ақша беруінің астарында нендей құпия жатқандығы енді белгілі бола бастады. Мақсат – қазақ халқын рухани-мәдени болмысынан айырып, тобырға айналдыру. Тобырға айналдырған халықты тонау да, қалаған жағына қарай бағыттай салу да оңай. Олар ол тәжірибені «Араб көктемінде» тамаша пайдаланды. Олар жаққан от қаншама жылдан бері басылар емес. Егерде жаһандану үдерісінің қазақ болмысына қарсы бағытталған әрекеті бұдан ары жалғасатын болса, онда қазақты халық емес, тобырға айналуын көксегендердің мақсаты толығымен іске асатынына дау жоқ. Ол мақсаттарына жеткен кезде қазақ та жаһандану үдерісі технологтарының қолындағы қуыршаққа айналады. Қазіргі күні жастардың уаххабилік салафилік ағым ықпалына тез түсуінің астарында осы оқу жүйесіндегі рухсыздандыру саясатының тікелей ықпалы екендігін мойындайтын кез келді. Қазірдің өзінде уаххабилік салафилік ағым жетегіне ергендер Сирия, Ауғанстан т.б. мемлекеттерде соғыс қимылдарына қатысып, қан кешіп жүр. Бұл халықтың белгілі бір бөлігінің  тобырға айналғандығының белгісі.

Жаһандану үдерісінің назарынан, кез-келген халықтың рухани-мәдени болмысының негізі болып табылатын дін де тыс қалған емес. Керісінше, жаһандану үдерісінің халықтарды рухани тұғырынан ажырататын басты құралы діни ағымдар екендігін көпшілік сезеді. Еліміз тәуелсіздігін ала салысымен қаптап келген діни ағымдардың мақсаты қазақ халқын рухани тұғырынан ажырату болатын. Өкінішке орай, олардың елімізге қаптап келуіне жағдай жасаған Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қабылдаған тұңғыш заңы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» деп аталатын, 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған заң еді. Сол заңның нәтижесінде қазіргі күні елімізде мыңдаған діни ұйымдар тіркеліп, қаншама қандастарымызды  соңдарына ертіп жүр. Олардың бүгінгі күні қазақы болмыстан толығымен ажырағандығына дау жоқ. Оларды енді қазақ деп айтуға келмейді. Ал, Исламның атын жамылып келген уаххабилік-салафилік ағым болса, жаһандану үдерісінің мұсылман халықтарына қарсы бағытталған басты идеологиялық қаруы екендігі сан мәрте дәлелденді. Қазіргі Таяу Шығыс елдеріндегі қанды қырғын осы уаххабилік-салафилік ағымның бүлдіру әрекеттері арқасында іске асып жатыр. Уаххабиліктің біздің елімізге келгелі де қазақтың діни танымы мен рухани тұғырын тамырымен жұлып тастау жолында жанталаса кіріскеніне 25-26 жылдың жүзі болды. Жеткен «жетістіктері» де аз емес. Ең бастысы Ратбек қажы дәуірінен кейінгі ҚМДБ ханафи мазхабының атын жамылып, уаххабилік-салафилік ағымның сойылын соғып келе жатыр. ҚМДБ-ның ұстап отырған бағыты Абу Ханифа Нұғман бин Сәбит жолы емес, «араб дәстүршілдігі» (арабский традиционализм) екендігін электронды БАҚ беттерінде сан мәрте жазып, дәлелдедік. Бұл мәселе, Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі басшыларының алдына да қойылды. Бірақ, оған құлақ асқан пенде жоқ. Есесіне қазақ халқының дәстүрлі дінінің негізі болған сопылық жол-Йасауи жолы діннен тыс, адасушылар жолы ретінде терістелді. Қазақ халқының дәстүрлі діні – Йасауи жолын қайта қалпына келтірмек болған Исматулла қари мен оның шәкірттері түрмеге тоғытылды. Тек, Исматулла қари мен шәкірттері ғана түрмеге қамалған жоқ. Солармен бірге, жалпы қазақ руханиаты түрмеге қамалды. Нәтижесінде қазақтың дәстүрлі діни танымы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі халық санасынан біртіндеп шығарылып тасталуда. Әсіресе, мешіттерге барып намаз оқып жүрген жастар арасында қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы теріс көзқарас қалыптасқандығына өткен ораза айында куә болдық. Әулие десе, рух, әруақ десе, «Аллаға серік қосу» деп шоршып түсетін жастардың саны мешітке баратындардың санының 70 пайызға жуығын қамтып отыр десек, артық айтқандық емес. Уаххабилік-салафилік ағым соңына еріп жатқандар да осы мешітке баратын жастар арасынан шығып жатыр. Ал, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы тариқат жолы-сопылық жол негізінде қалыптасқаны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ол жолда рух, әруақ, әулие діни сенім мен танымның негізін құрайды. Оны жоққа шығару – қазақтың діни-рухани сенімі мен танымын жоққа шығару. Қоғамдық қатынасты реттеуді Йасауи жолы түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүріне беріп, Ислам шариғатынан Иман негіздеріне байланысты тек бес парызды қабыл еткені, діни жол-жоралғының қалған рухқа қатысты бөлігі сопылық таным негізінде қалыптасқандығынан қазіргі біздің имамдар мүлде хабарсыз. «Бұлардың барлығы дінге қосылған жаңалық, бидғат» деп қабылдайды және сол таным негізінде қазақтың дәстүрлі діни танымымен күресіп келеді.  Олардың шариғат деп ұстанып отырғаны араб дәстүршілдігі. Басқаша айтқанда, араб қоғамындағы шариғат шеңберінде ислам діні уағыздалуда. Оған сай келмейтін таным-түсініктің барлығы жоққа шығарылып, мансұқ етілуде. Осының салдарынан қоғамның діни танымға қарай жіктелуі қауіпті деңгейге жетті. Тағы да қайталап айтамын, бұған біздің жақында ораза айында жүргізген бақылауларымыз толығымен дәлел бола алады. Қазақ қоғамы қазіргі күні намаз оқитындардың өзі әруақты, әулиені мойындайтын және тек, араб дәстүршілдігі негізінде қалаптасқан шариғатты қабылдап, әруақты, әулиені мойындағандарды «Аллаға серік қосушы» деп есептейтіндер болып, бір бөлінсе, намаз оқтитын, намаз оқымайтын немесе діндар, діндар емес болып  жіктелгендігі  анықталып отыр. Сөз жалаң болмас үшін бір-екі мысал келтірейік. Ораза күндерінің бірінде Түркістан маңындағы бір ауылда жекжатымыз ауыз ашарға шақырды. Ол ауылдағы намаз оқитындар да, ауыз бекіткендер де кілең жастар екен. Дастархан үстінде ел біле жүрсін деген ниетпен қазақтың дәстүрлі дініне қатысты ерекшеліктеріне, әруаққа, әулиелерге қатысты әңгімелерді айтып отырдым. Әруақ пен әулиеге қатысты әңгімелерге келгенде жаңағы намаз оқып жүрген жастардың түсі бұзыла бастады. Бірі «Сонда сіз бізге Қожа Ахмет Йасауиге барып жәрдем сұра, Аллаға серік қос деп тұрсыз ба? – деп, орнынан атып тұрды. Онымен қоса тағы төрт жігіт соңынан өре түрегелді. «Алдымен сөзді соңына дейін тыңдап алыңдар. Ұнамаса, ұнамаған жерін айтарсыңдар» деген сөзіме ешкім құлақ асқан жоқ. Дастарханнан өре түрегеліп, шығып кетті. Тура осындай жағдай сол күннің ертесіне, Түркістанда, көршіміздің үйіндегі аузашарда қайталанды. Әулиелерге қатысты әңгіме айтып отырған ауыл ақсақалдарына «жын-шайтанның жетегінде жүрген сорлылар» дегенді айтып, бір жас жігіт дастархан басынан безе жөнелді. Халықтың бұлай жіктелуіне ықпал еткен тек, әруақ, әулие мәселесі емес, ауызашар-ифтар мәселесі де қосылғанын айтуымыз керек. Халықтың көпшілігі ауызашарды үйінде жасап, ауызашарға ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырғанды тәуір көреді. Ал, мешіт өкілдері болса, ауызашарды мешітте жасауды  немесе үйде жасағанның өзінде тек, намаз оқып, ораза тұтқандар ғана қатысып, басқаларды шақырылмауын талап етеді. Мұндай жағдай бір жерде емес, бірнеше елді мекендерде орын алғанын айтуымыз керек. Әсіресе, ауылды жерлердегі имамдардың көпшілігі Сарағаш медресесін бітіргендер. Қазақтың көнеден келе жатқан дәстүріне қарсы шығып, қабыл етпей, халықтың арасына жік түсіріп жүргендер де осы медресені бітірген имамдар болып отыр. Біз оны Түркістан маңындағы ауыл имамдарынан, Сарағаш ауданы, Бөген ауданы көлеміндегі ауыл имамдары тарапынан байқадық. Бір қызығы мешітке барып, намаз оқитындардың барлығы дерлік жастар және олар қазіргі күні қоғамның намаз оқитын бөлігінің немесе діндарлардың көпшілігін құрайды. Ал, мешіт бағытын қолдамайтын, ата-баба дәстүрін сақтап, намаз оқитын қауымның саны аз және олардың көпшілігі орта жастағылардан тұрады. Ертеңгі күні қазіргі егде немесе орта жастағылар біртіндеп дүниеден көшеді. Сонда қазіргі мешітке барып, діни танымын өзгерткен, қазақтың ғасырлар бойына қалыптасқан рухани болмысынан ажыраған қауым қоғамда айқындаушы күшке айналады. Намаз оқымайтындарды есепке алмаса да болады. Өйткені, қоғамның діни-рухани бағытын айқындайтын да, рухани-мәдени болмысын қалыптастыратын да қазіргі мешіттерге барып жүрген жастар болады.  Расында, сырттай қарағанда, болмашы нәрсе.  Ал тереңдеп ой жүгіртер болсаң, қоғам мүшелерінің діндар, дінсіз болып  жіктелгендігін көреміз. Мешіт имамдары сонымен қатар, қазақтың дәстүріндегі бар, қайтыс болған кісіні жөнелтуге қатысты салт-дәстүрлерді де жоққа шығарып жатқандығына куә болып жүрміз.  Және ол жіктелулер ҚМДБ мешіттеріндегі имамдар тарапынан жүргізіліп жатқандығын айтуға мәжбүрміз. Ең бастысы ол имамдардың мұндай бесенді әрекетерінің жеміссіз еместігін киелі орындарға зиаратқа барушылардың санының азайуынан да көруімізге болады. Мысалы, Арыстан баб кесенесіне айт күндері зиарат жасап барушылар саны биылғы жылы күрт төмендеп, үш есеге азайған. Бұрынғы жылдары айт күндері зиаратшылар үш күн бойы толассыз келетін болса, биылғы жылы бір күн ғана келіп, келесі күндері зиаратшылар мүлде болмаған. Ал, Түркістанға, Әзірет Сұлтан кесенесіне зиарат жасаушылар саны мүлде аз болғанын музей қызметкерлері растап отыр. Сол күні арнайы келушілерге тегін қызмет көрсетілуіне қарамастан, зиаратқа келушілердің саны сағат 11-ден кейін тоқтаған. Ал, жалпы Әзірет Сұлтанға келушілердің экскурсияны талап ететіндер саны биылғы жылы 20000 кісіге кеміген. Мұның өзі халық санасындағы қазақтың дәстүрлі діни танымында қаншалықты өзгеріс болғанын көрсетеді. Бұл - ҚМДБ имамдары тарапынан қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарының «жемісі». Менің осы орайда, Түркістанның осыдан 50-60 жыл бұрынғы тарихындағы бір мәселені еске салғым келіп отыр. 1950-жылдардың соңы, 1960-шы жылдар басында, біз ес біліп қалған кезде Түркістанға, Әзірет Сұлтанға аттылы-жаяу зиаратшылар Құрбан айт күндері сыймай кететін. Жататын қонақ үйлер жоқ, жеке үйлерге тоқтайтын. Менің есімде біздің үйге екі жыл қатарынан екі кісі Атбасардан келіп, қонақ болды. Түркістанға зиаратқа келушілер тек, Қазақстан емес, сонау Татарстан, Башқұртстан, Кавказ, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. жерлерден келетін. Үш-төрт күн мыңдаған ат қатысқан көкпар болатын. Үйіміз қаланың шет жағында болғандықтан көкпар бізге жақын жерде болатын. Ол көкпардың қызығын біз көретін едік. 1962-63 жылдардан бастап, үкімет тарапынан тыйым салына бастады. Сол кездерде бар түркі халықтарына киелі мекен болған Түркістанның, Әзірет Сұлтанның басқа түркі халықтары түгіл, сол киелі жерге иелік етіп отырған қазақ халқына қадірі болмай бара жатқанына жаның аурады. Бұл – қазақтың діни танымындағы күрделі өзгерістердің айқын көрсеткіші. Ертеңгі күні қазақтың дәстүрлі діни танымдары толығымен ұмытылған күні қазақ халқы, сонымен бірге ал-мисақтан бері келе жатқан түркі мәдениеті тарих сахнасынан кетті деп есептеуге болады. Ең өкініштісі, осы қатерді қазақтың көпшілігі сезінбейтіндігінде болып тұр.

Уаххабилілік-салафилік ағым өкілдерінің ықпалы мешітке барушы жастармен шектеліп отырған жоқ. Қазіргі сахнада көрініп, жастар арасында бедел жинаған әншілердің белгілі бөлігі уаххабилердің жетегінде. Ал, спортшылардың көпшілігі де солардың жетегінде. Халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшыларымыздың барлығы дерлік уаххабилік бағытқа бет бұрғанын оқып та, көріп те жүрміз. Оларға қоса Ұлттық ойындарды да уаххабилер жекешелендіріп алды. Егерде уаххабилердің осы бағытта жүргізіп жатқан іс-әрекетіне талдау жасайтын болсақ, уаххабилік таным қазақ руханиатын барлық саласын құрдымға кетіру жолында қолдарынан келгеннің  бәрін жасап жатқандығын көреміз. Өйткені, әрбір әншінің, спортшының соңында, оларды кумир санайтын мың-мыңдаған жанкүйерлері бар. Олар бар болмысымен сол кумирлеріне ұқсауға тырысады. Демек, бұдан біз уаххабилер өз танымын қазақ қоғамына таңудың барлық жолын қамтығандығын көреміз.

Уаххабилер мен ҚМДБ уағызшыларының сөзінің өтімді болуына уағыздарында қазіргі қоғамда жастар арасында белең алып отырған азғындықты аяусыз сынауы болып отыр. Ол уағыздарды тыңдаған жастарға уаххабилер мен ҚМДБ уағызшылары қазақ қоғамның шын жанашыры болып көрінуіне ықпал етуде. Егерде осы мәселеге тереңірек ой жүгіртетін болсақ, онда мынадай мәселеге көз жеткізген болар едік. Қазақ қоғамының бұзылып, азғындауына ықпал етіп отырған да, ол үдерісті сынап, қоғам арасында өзін жақсы көрсетіп отырған да, сол жаһандану үдерісінің ықпалымен келген батыстық мәдениет пен уаххабилік-салафилік таным. Анығырақ айтсақ, жаһандану үдерісінің жауынгер екі бағыты. Мақсаттары қазақ халқын рухани-мәдени болмысынан айырып, тобырға айналдыру. Себебі, тобырды игеру оңай.

Міне, құрметті оқырман, қазіргі күнгі жаһандану көкпарының тартысына түскен қазақтың рухани мәдени болмысының ахуалы осындай. Осы күнге дейін рухани-мәдени тәуелсіздігін сақтай алмаған халықтың саяси тәуелсіздігін де, экономикалық тәуелсіздігін сақтай алуы мүмкін еместігін түсінбедік, түсінгіміз келмеді. Қазақтың тағдыры жаһандану үдерісінің қанжығасына байланды. Бұл біздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген «жетістіктеріміз». Біз бұл мақала шеңберінде әлі көп мәселенің түсін түстеп айтқанымыз жоқ. Тек, қал-қадарымызша қазақ қоғамының назарын қазаққа төніп келе жатқан қатердің негізгі бағыттарына аудартқымыз келді. Өйткені, рухани-мәдени болмысын сақтай алмаған халық біріншіден, ертеңгі күні халық ретінде тарих сахнасында қала алмайды; екіншіден, ешқашан өз мүддесін бірлесіп қорғай алмайды. Оған бүгінгі күні бәріміз куәміз. Қолымыздағы бар байлық шетелдіктердің иелігіне берілді. Кезінде жеткілікті деңгейде өзін қамтамсыз ете алатын мемлекет экономикасы күйретіліп, өндіріс орындары қолдан банкрот жасалып, жабылды. Нәтижесінде Қазақстан шетелдік тауарларды сататын базарға айналып шыға келді. Қазіргі күні  халықтың тоқсан пайызы шетелдік тауарларды сатып күнелтуде. Жаппай жұмыссыздық жайлаған елде басқа нәрсемен шұғылдану мүмкін емес. Осының бәрі қазақ халқының рухани-мәдени болмысының дағдарысқа түсуімен тікелей байланысты. Өткен  жылы қазақ жер сатуға байланысты сілкінгендей болып еді. Оны да соңына дейін жеткізе алмады. Оның соңы жерге қатысты наразылықты ұйдастырушыларды түрмеге отырғызумен аяқталды. Оларды қорғап қалуға халықтың ерік жігері жетпеді. Өйткені, мұның астарында қазақтың рухани тұтастығығының әлсіздігі жатты.

Құрметті оқырман! Қазақтың тағдыры талауға түскен мына заманда халықтың рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалу қазақтың басындағы бар проблеманың ең өзектісі болып тұр. Оны қайта қалпына келтіру де немесе осы сарынмен еркіне жіберу де өз қолыңда. Қайта қалпына келтірсең қазақ халқы тарих сахнасында қалады. «Маңдайға жазылғаны осы» деп, ағыспен кете беретін болсаң, ертеңгі күні халық ретінде жер бетінен жойыласың. Ол кезде мына ел де, жер де сенікі болмайды. Елсіз, Отансыз қаңғып, босып жүрген халықтар санатына қосыласың. Басқа жол жоқ. Таңдау еркі өзіңде қазақ!

 Құрметпен Зікірия Жандарбек 

[1] Қожа Ахмет Йасауи. Диуани Хикмет. – Қазан: 1904. 99 б.

Abai.kz

15 пікір