Жұма, 26 Сәуір 2024
Туған жерге туың тік! 6520 0 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 12:46

Түлектердің туған жерге сыйы

 

 

Отанға деген патриоттық сезім туған жерді құрметтеуден басталады. Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласындағы бір бөлім туған жерді түлету қажеттігіне бағытталған. Жоба бойынша оны кім ұйымдастырып, атқару керектігі де нақты көрсетілген. Бұл күнде ел ішінде өз ауылының көркеюіне атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы Төрткүл ауылының түлектері осындай игі іске ұйытқы болып жүр деп хабарлайды «Қазақстан-Шымкент» арнасы.

Төрткүлде 10 мыңнан астам тұрғын бар. Орталық саябақта салынған спорт алаңшасы жұршылықтың игілігіне жарап тұр. Бекасыл Сұлтанбек қолы босаған сәтте күнде осында. Футбол ойнайды. Денені шынықтыратын түрлі жабдықтармен жаттығады.

Осы алаң салынғалы жақсы болып қалды. Күнде осында келіп, турникке тартылып денемді шынықтырып тұрам. Осыны салып берген 79-шы туылған ағаларға рахмет айтамыз, - дейді Төрткүл ауылының тұрғыны Бекасыл Сұлтанбек.

Ізбасар іні алғысын арқалағандар  мектепті бітіргендеріне 20 жылдық мерейтойын өткерерде ел үшін осындай игілікті іс жасаған көрінеді.   50 азамат ортадан қаржы жинап, саябақтағы бос жатқан жерді ауыл жастарының қажетіне жаратып, тамаша алаң жабдықтап беріпті.

Ал, осыноу игілікті істі ұйымдастырушылардың бірі Хасен Әділбеков: «Саябақтағы бос жатқан жерді ауыл жастарының қажетіне жарату аса қиын болған жоқ. Ұйымшылдықпен атқарған жұмыс қашанда жемісті болады емес пе?», - дейді.

Бұл жерде балалар ойнайтын түрлі әткеншектер мен аттракциондар қойылыпты. Тіпті,  кішігірім мәдени  шараларды өткізетін сахна да бар.

Осыноу игілікті іске сүйсінген Төрткүл ауыл округі әкімдігінің бас маманы Марат Бақберген: «Енді бұл жерді күтіп-баптау, ұқыпты ұстау - біздің мойнымызда. Сондықтан осы алаңның тазалығына қарап, бұзылмауын бақылауда ұстап тұрмыз», - деп уәде берді.

 

Рас, шын ниет болса, бағынбайтын белес жоқ. Туған жерге деген сүйіспеншілік 50 ерді осылайша, игі істі атқаруға жетеледі. Бірікті, ақылдасты, нәтижесінде ауылдың көркі ашылды. Бүгінде бұл алаңда балалардың қуанышты үні естіледі. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру, туған жер бағдарламасына әрбір азамат осылай үлес қосса, Қазақстанның  әрбір ауылы гүлдене берері ақиқат.

Абай-ақпарат

0 пікір