Сенбі, 20 Сәуір 2024
Айқай 5845 7 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 08:27

Қазақстандық белсенділер Батыс лидерлеріне хат жолдады

Алматыда жиырма шақты белсенді өткен демалыс күні бас пошта арқылы Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ және бірқатар халықаралық демократиялық ұйымдардың лидерлеріне хат жолдады. Олар елдегі түрмеде отырған саяси тұтқындар мен үстерінен қылмыстық іс қозғалған белсенділердің жағдайына назар аударуын сұрайды.

Хат авторлары азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды, диссидент Арон Атабекті, журналистер Жанболат Мамай, Сейітқазы және Әсет Матаевтарды, профессор Саят Ибраевты, "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті, құқыққорғаушы Вадим Курамшинді, блогер Санат Досовты, кәсіподақ лидерлері Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусіновті қамаудан босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істерді доғаруды талап еткен.

Әуелі Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші алдына жиналған азаматтық белсенділерге жергілікті прокуратура мен полиция өкілдері бүгінгі акция рұқсат етпеген жиын түрінде өтетін болса, оған қатысушылар заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке, ал егер өзгеше салдарға апаратын болса, қылмыстық жауапқа тартылулары мүмкін екенін ескертті.

Сенбі күні Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші алдына жиналған белсенділер сол жерден жаяуларға арналған жолмен қала орталығындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарына қойылған ескерткішке барып, гүл қойды. Бұдан кейін Алматының бас пошта мекемесіне жаяу жеткен олар Батыс елдері лидерлері мен халықаралық демократиялық ұйымдардың жетекшілеріне хат жолдады.

Поштадан шыққаннан кейін олар сол маңдағы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткішіне барып, белсенділердің кейбірі қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқыды. Бұдан соң белсенділер үйлеріне тарап кетті.

Полиция ешкімді ұстаған жоқ.

Abai.kz

7 пікір