Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 9762 4 пікір 21 Шілде, 2017 сағат 14:19

АЛЖИР синдромы: Атты. Атылып өлді. Неге? (Бейне үндеу)

Әуелі ақпар. Ақмола облысында ер адам прокуратура мен АІІД қызметкеріне оқ атты, артынша өзіне қол жұмсады.

"20 шілдеде сағат 14.35-те белгісіз біреу "Фольксваген Пассат" көлігінде отырып, Целиноград прокуратурасының әкімшілік ғимаратының маңында прокуратура жұмысшысы мен Целиноград аудандық ІІБ қызметкеріне оқ атқан. Қызметкер қызметтік бабымен сол маңда болған. 14.45-те жедел-іздестіру шараларының барысында көлік табылып, сонда күдіктінің мәйіті анықталған. Ол өз-өзіне жүрек тұсына оқ атқан", - деп хабарлады ІІД өкілдері.

Жанкешті Жампозов Министрлікте қызметте болған

Ақмола облыстық прокуратурасының өкілдері Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің және прокуратура қызметкеріне жасалған шабуыл дерегі бойынша оқ атқан азамат туралы мәліметті жария етті. Ол Ө.А.Жампозов дейтін ҚР азаматы екен. ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитетінде лауазымды қызметте болыпты.

Кейін анықталғандай, "күдіктінің" үстінен "пара алу" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу процессі жүріп жатқан көрінеді. 61 жастағы Жампозов бірнеше адаммен бірігіп, 620 миллион теңгені жымқырған деген күдікке ілінген.

Ал Жампозовтың оғынан жарақат алған екі азамат ауруханаға жеткізілген. Жампозовтың ісіне қатысты шешім 20 шілде күні оқылуы тиіс болған.

Кейін Жампозовтың өлі денесі "АЛЖИР" репрессия құрбандарын еске алу мемориалдық кешенінің территориясынан табылды.

Жампозовтың  өзіне қол жұмсауы әм құқық қорғау қызметкерлеріне оқ атуына не себеп болды деген сұрақ туады? Бұл біздегі Сот жүйесіне деген сенімнің жоқтығы ма, әлде әділдікті өз бетінше орнату әрекеті ме?

ҚР Сот жүйесіндегі бармақ басты, көз қыстылық жайлы жиі айтылып жүр. Ақмоладағы шабуыл осының бір дәлелі емес пе?

Өмірбек - бүгінгі күннің Бақтығұлы!

Айдос Сарым, саясаткер:

-Кезекті рет жантүршігерлік жайт орын алды. Бұндай жайттар бұған дейін де болған. Өзін-өзі өртеп жібергендер, өзіне-өзі қол жұмсап, атып, асылып, жарылып өлгендер болды.

Өмірбек Жампозов не үшін қазақтың Мұхаммед Буазизиі болмады? Себебі біз тунистік емеспіз. Біз әлі ол дәргейге жеткен жоқпыз. Бірақ, Буазизи эффектісі болмағанымен, Жампозов эффектісі болды. Жақын туыстарына қиын болды дейміз. Бұл Целиноград ауданы, Ақмола облысында орын алды. Астанадан екі аттам жерде ғана. Бұл эпикалық трагедия.

Көптеген симпатизианттар, әсіресе билікті өліп-өшіп сүйетіндер алматылық атқыш Күлікбаевты еске түсіріп жатыр. Сөйтсек, уақыты мен жағдайы ұқсас екен-мыс. Бос сөз. Күлікбаев тірі. Бандиттер өлімге бармайды. Ол ешкімге үлгі емес. Күлікбаевты Жампозовпен салыстыруға да келмейді. Ақыры салыстыру керек болса, Әуезовті оқу керек.

"Қараш-Қараш" дейтұғын шығарма бар, өлмейтін. 1968 жылы Болотбек Шамшиев фильм түсірді. Меніңше, Өмірбек Жампозов амалы таусылғаннан соң, бір емес екі қылмысқа барған қазіргі заманғы Бақтығұлы. Әуелі, мемлекет алдындағы жазығы - күштік құрылым қызметкерлерін атуы. Екіншісі, Құдай мен жақындарының алдындағы жазығы. Оның тағы бір айыбы - біздің мемлекеттік саяси машинаның астына түсуі.

(Суретте ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов)

Ендігі бір мәселе - біздің прокуратура техникалық аспаптарды жаңарту, гаджеттерге әуестену секілді т.б. пиармен көп айналысып кетті. Ал ондағы қызметкерлер адам ғой. Олардың екі күнде миларын ауыстыра алмайсың. Оған ешқандай гаджет те көмектеспейді.  Апгрейд жасай алмайсың.

Ұзақ мерзімді саяси-мәдени жұмыс жүргізілуі керек. Кадрлық селекция керек. Өйтпегенде - әр істің арты суицидпен аяқталады. Мен біздің биліктің ендігі тактикасы қандай болатынын болжап айта алмаймын. Егер өз мундерлерін, өз абыройларын сақтау үшін, сылап-сипап, суидцидке итермелегендерді жасырып қалатын болса, ертең тағы бір Жампозов шығады. Бүрсігүні тағы біреуі...

Егер Жампозов бәленбайдың есігін он тоздырыпты деген ақпар шығатын болса, онда Жампозовтың ісін қарағандар да ашық жария болуы керек. Бұл олардың да қылмысы. Онда Асановтың өзі  камерасыз, журналистерсіз, пиарсыз аудандарға, облыстарға барып, месқарындардың шендерін өзі жұлып алуы керек.

Бұл синдром. Шара қолданбаса асқына береді

 

Гүлбахрам Жүніс, жетоқсаншы:

-Түсінген адамға бұл үлкен сабақ. Өмірбек Жампозов дейтін азамат бекерден-бекер өзін өлтірмейді. Жын соққандай барып, полицей мен прокуратура қызметкерін атып тастамайды. Оған себеп болды. Тергеу әділетсіз жүргізілген болуы мүмкін.

Өкінішке орай біздің елде бұл бірінші рет орын алып отырған жоқ. Тараздағы жап-жас бала өзін өртеп жібергені әлі есімізде. Сондағы іздегені әділет. Ал сол әділет біздің билік жүйесінде бар ма? Жоқ. Болса, бұлай адам өлмес еді, оқ атылмас еді.

Біздің құқық қорғау органдары ақтан қара, қарадан ақ жасайтындай құзыретті. Прокуратураның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, қазір. Өтірік деңізші. Дей алмайсыз. Бұл бассыздықтың шегіне жете қабыл болғанымыздың тағы бір көрінісі.

Мен Желтоқсан оқиғасы кезінде сотталдым. Сізге айтайын, ол кездің өзінде тәртіп болған. Қазір ғой, қысым күшейіп, бас бермей кеткені.

Мен Тәуелсіздік алғаннан кейін де 23 рет қамалдым. Теңге мәселесі, тіл мәселесі, жастар мәселесі т.б. Бізде тергеудің қалай жүргізілетінін жақсы білемін.

Өмірбек Жампозовтың жанкештілікке баруы - басқа басқа емес, Сот жүйесіндегі, прокуратурадағы бассыздықтың айқын көрінісі. Енді, Жампозовтан кейін, арандары ашылғандар шамалы тыйылса ғой. Бұл синдром. Шара қолданылмаса, әрі қарай асқына береді.

Өмірбек Жампозовтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және ҚР ҰҚК Төрағасы К.Мәсімовке жолдаған бейне үндеуі:

Ілияс Ақбай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3555