Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қайнайды қаның... 5925 8 пікір 21 Шілде, 2017 сағат 12:03

Режиссерлеріміз ұлттық құндылықтар мен дәстүрден мақұрым

Киноның идеологиялық қару екенін ешкім де жоққа шығара қоймас. Басқалар мұны баяғыда түсінген. Алысқа бармай-ақ Ресей киногерлерінiң соңғы жылдардағы жасаған дүниелеріне көз жүгіртіп шықсаңыз жетеді.

«Адмиралдан» бастап, «Есенин», «Высоцкий», «Аңыз №17» секілді кинолары орыс патриотизмі мен орыс рухын жаңа биікке көтергені сөзсіз. Мұндай туындылар қазақстандық прокатта да өз көрермендерін тауып, кино авторларының қалтасына қаншама қаржы салынды. Көрші қырғыз ағайынның «Құрманжан датқасы» да сол қатарда. Кеше ғана өзбектер «Ұлықбегін» экранда ұлықтап, әлем киногерлерін таң қалдырды. Жә, өзгеге тамсана бермей өзімізге көшейік. 

Қазақстанда Ресейдегідей кино нарығы үлкен емес екенін түсінеміз. Бізде киноның өзін-өзі ақтауы өте қиын мәселе. Ал, патриотизм мен рух мәселесін асқақтатуға болар еді ғой. Оған не кедергі? Жасыратыны жоқ, қазақтың ұлы тұлғаларын экранизациялауға режиссерлеріміздің әлде шеберлігі, әлде білімі жетіспейді. Немесе ұлттық құндылықтар мен дәстүрден мақұрым.

Мысал ма? Ұзын сонар тізім жасауға болады. Алып Абайды кинода аласартып тастадық. Махамбетті мандытпадық. Қажымұқанды әпенді жасадық. Қоқанға шабуыл жасаған қызылдардан алды-артына қарамай қашып бара жатқан Мұстафа Шоқайды экраннан көргенде еріксіз кіріп кететін тесік іздейсіз... Күләш пен Бауыржанда, Қасымда аздаған сәтті сюжеттер бар. Бірақ, бұл фильмдердің жалпы деңгейі патриотизмнің, қазақы рухтың ауылынан алыс жатыр.

Себеп біреу-ақ. Режиссерлер туындыларында боямасыз өмірді көрсетуге тырысады. Кинода әсірелеу де үлкен рөл атқаратынын ескере бермейді. Басқаша айтқанда, кейіпкерің төбе болса, тау жаса! Тау болса, асқар шыңға айналсын! Біздікілер қолда бар өмірбаянның төңірегінде түйтеңдеп жүргендері...
Осындайда мына бір жайдың есіме түсіп отырғаны. Режиссура дегенді қағазда жазылғанды қаз-қалпында таспаға түсіру деп түсінетін бір режиссеріміз «Ол жұмысына атүсті қарады» деген сөйлемді оқып алып ұзақ ойланған ғой. Ақыры «атүсті» деген сөзге ат үстінде отырған адамның бейнесін монтаждап қойыпты...

Біздің кинода да осындай жағдай. Атүсті... Атүсті болмаса ана заманның періштедей пәк Баянының киносын түсіруді мына замандағы «атышулы» аттасына сеніп тапсырар ма едік? Шүлдірлеп жүріп әйтеуір бірдеңе түсірер...Бірақ, оның ұлттық бояуы бар, тәрбиелік мәні зор дүние жасайтынына өз басым сенбеймін!

Суретте: Қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев сомдаған Сатыбалды Нарымбетовтың "Мұстафа Шоқай" көркем фильмінен көрініс. Фильм мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілген.

Арман Сқабылұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511