Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 15159 55 пікір 17 Шілде, 2017 сағат 08:17

"Алжас" қашанғы алжаса бермек?

"Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек". Қазақ үшін жігіт пен жылқының арасында көп айырма жоқ cекілді. Жақсы жігіттің мінезі жылқының мінезімен астастыра суреттеліп, мақталып жататыны бар. Ал, даттауға келгенде қазақ сөзге сараңдық танытыпты. Мінейтін адамының мінін жылқының мініне телуді ар санаса керек. Бәлки, бұрынғы замандарда ұлтымызда дәл бүгінгіндей жатырынан безінгендер, сірә да болмаған шығар. 

Қазір жатырынан безіну, өз ұлтына қарсы шығып, етегінен тартып отыру - кейбір азаматтардың күнделікті әдетіне айналып барады.

Еліміздегі орыс диаспорасы "Алжас", "Алжас" деп астына көпшік қойып жүрген Олжас Сүлейменов ағамыз алжасып кеткелі қашан. Ол елдің рухани дамуына, қазақ ұлтының қазақ мемлекетінің заңды мұрагеріне айнала бастауына қарсылығын көрсетіп, тіпті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатына доқ көрсетіп жүр.

Сонда... Олжас Сүлейменов Елбасымызға қарсы ма?

Біріншіден, "Біз сияқты елге тәуелсіз болып өмір сүру қауіпті" дейді ол.

Ал, Елбасымыз болса, әр сұхбатында елдің тәуелсіздікке жетуінің мәні мен маңызын түсіндіріп, қазақ ұлтының жүрегіне үміт сәулесін жағып келеді.

Олжастың ойынша, біз толық тәуелсіздік алмаған елміз. Біз қолаңсы сасыған аю көршінің қолтығында әлі күнге тұншығып отырмыз. Әрине, көрші Ресейдің қонышынан басып үйренген саясаты бізді еркімізге жібермей отырғаны рас. Бірақ, біздің Тәуелсіз ел болғанымыз, бұл тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін Олжастардың мойындамай отыруы - Елбасыға қарсылық қана емес, "арқасүйер Ресейім бар" деп, аз санды орыс диаспорасымен бірігіп алып, мұқым қазаққа сес көрсету емей немене?.. Елбасының ұстанымын мансұқтап, бүйректен сирақ шығару емей немене?..

Екіншіден, Алжас Амарұлы қазақтың бауырмалдығын, қонақжайлылығын жоққа шығарып, қазақты үш жүзге бөлуге тырысатынын да сұхбаттарында анық айтып жүр. Руаралық, ұлтаралық араздықты тудырған адам ҚР заңдары бойынша жазалануға тиіс. Ол "қазақтың бірлігін сақтап тұрған Қазақстандағы өзге диаспоралар" деп бір бүтін қазақты мыңға бөліп, өзге болмаса, өзіміз ел болмайтынымызды күн сайын елге уағыздаудан жағы талмай келеді."Әзірше бізді біріктіріп ұстап тұрған төртінші жүз – Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы" дейді ол. Қазақстанды біріктіруші, өзге диаспоралардың ұйытқысы қазақ екенін Елбасы екі сөзінің бірінде айтып жүргеніне мың мысал келтіруге болады. Сонда сол Елбасының сөзіне қарсы болуы арқылы Алжас Амарұлы нені дәлелдемек?

Үшіншіден, латынға көшуге де қарсы болып отырған негізгі "көзір" осы кейіпкеріміз. Бұрынғыларды айтпай-ақ қоялық, Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында, кешегі Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында латын қаріпіне көшу заманның талабы екенін айтты. Елбасының осы саясатының етегіне жабысып, тартқылап отырған тағы да Олжас көкеміз.

"Жаман айғыр үйіріне шабады" дейді қазақ. Еңсесін енді көтеріп, саны 18 миллионға жетіп, қазақтыққа бет бұра бастаған халқына жаман айғырдай азынап жүрген Олжас Сүлейменовке шалма салып, бастықтыратын бір ұлдың тумағаны ма? Олжастың бір кездері қазаққа тұлға болғанын жоққа шығара алмаймыз, әрине. Бірақ, соңғы кездері ол тұлғалықтан тайды. Бір кездері пайғамбардай құрметке лайық болған ол қазір қазаққа "пайғамбар" емес. Орыстың - қолжаулығы. Ол қолжаулық қазірге ғана қол сүртуге жарап тұр. Ертең... Ертең қол тұрмақ, өзге жерді сүртуге де жарамай қалады.

Олжас "АЗиЯ"-сы арқылы қазақты бір қуантып еді, одан кейінгі оның мың күнәсін осы бір еңбегіне бола кешіре беру - қазаққа қана тән қасиет болса керек. Бірақ, шыдамның да шегі бар емес пе? Олжас Сүлейменов ел мен Елбасыға сес көрсетуін доғарып, ендігі қалған ғұмырын ғылымға қарай бұрып, қазақтың рухани жаңғыруына мүмкіндік берсе деп ойлаймыз. Біздің бұл ойымызды жаман айғыр құптай ма екен? Әй қайдам, жатырына шауып үйренге жаман айғырды мініп отырған иесі оған мүмкіндік бере қоймас...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

55 пікір