Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 6688 2 пікір 12 Шілде, 2017 сағат 09:55

Көші-қон полициясы Талдықорғанға «қашып кетті»

7 шілде күні таңертең көңіліміз баяғыдай, алып ұшып тапқан-таянғанымызды таксиге беріп, облыстық көші-қон мекемесіне құжат қағаздарымызды сұрайық деп барғанбыз. Бара сала есіктен ары өте алмай, көңіліміз су сепкендей басылды.

Денесі әлжуаздау келген,   жұқалтаң шүңірек көзді  күзет формасын киген жігіт «Жұмыстарың болса, барлық сұрақтарыңыз бойынша Талдықорғанға барыңдар, енді олар бұл жерде жоқ. Мына хабарландыруды оқыңдар» деп зіркілдеді, бұлттанып күркіреді.

Есікке сиырдың тіліндей, «Хабарландыру» орыс тілінде жазылып жапсырулы тұр. Онда не жазылғанын түсіне алмай дал болдық. Бұл сонда бізді ғана емес, қасиетті ана тілімізді де көзге ілмейтін мекеме екен ғой.  Шеттен келген ағайын өзге тілді қайдан білсін...

Оңтүтік астанаға жақын орналасқан сегіз ауданға көшіп келген қандастарымыздың қатпары қалың қайғысы мен тоңы жібімеген құжат мәселесін кім қарайды? Құзырлы мекеме өздері көшіп-қонып сарсаңға түсіп жүр.

Ыңғайлары мен жағдайларына  қарап,  халыққа ескертпестен бір күнде Алматы қаласынан кабинеттерін көшіріп, ізім-ғайым болған көші-қонды қандай  түлен түртті екен?. Оған әзірге жауап таба алмадық.

Тұспалдауымызша  қапырық аптап ыстықта, төрт қабатты ғимарат пана болмаған секілді. Жұмыстары  ауыр ғой, түсінуге болар...

Өздері бірауздан ақылдасып,  не де болса қаланың шуылынан алыс облыс орталығы Талдықорғанға көшіп кету жөн деп шешкен секілді. Онда облысқа қарасты сегіз ауданға келген қандастарымыздың барып-қайтуына біршама қиындықтар туғызбай қалмасы анық. Жолақы, жатын-орын, ішіп-жемнен  қиналуы дегендей. Себебі арғы беттен әзер ат арытып жеткенде, бір жапырақ қағаздың көк мөрі үшін, алашапқын болып арлы-берлі жүруге кімнің жағдайы жар бере қойсын.

Таңнан кешке дейін Алматы облысы көші-қон полициясының көшкен жұртын сипаған жұрт, кенезелері кеуіп, дығдыры құрығанда тарқасты. Бәрінің аңсағаны  сол сиырқұймышақтанған құжаттың мәселесінің тез шешім табуы ғой.

Мекеме қызметкерлерінің бір күнде астыларынан су шыққандай, Алматы облысынан тайып тұруы «Аш құлақтан, тыш құлақ, Айдағаным ешкі лақ» деп, даңғазасы көп, шуылы басым ортадан біржола кетіп, шалғай жатқан Талдықорғанға табан тіреп арқаларын кеңге салу ма, ешкімнің аты жетіп күнде барып  мазаламайтыны анық.

Атажұртына ат артып әзер жеткен қандастарымыздың бір жапырақ қағаз үшін тентіреп, табанынан таусылып жүрсе,  азаматтық алуды оларға ұлы арман етіп, күрмеуі көп мәселе жасап зәуренін сарғайтып, қаңырығын түтетіп қою құзырлы мекеменің орден таққан азаматтарының «Хоббиы» секілді.

Олар не дұрыстап жауап бермейді, не құлақасып сөзіңді тыңдамайды. Сонда бұларға этика, мәдениет туралы айтпаған күннің өзіне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған жолдауы, жүргізіп отырған салихалы саясаты, күніге айтып жатқан  сөзі әсер етпей ме.

Дүние  жүзі қазақтарыының бесінші құрылтайында көші-қондағы қордаланған түйткілді мәселелердің сеңі бұзылып, кедергі қамалдардың алынатыны туралы ақжолтай хабар айтылып бір қуантқан еді. Іле -шала араға күн салмай жатып, қуаныш ұзаққа бармай қызуының сап басылып жатқаны  бізді қатты алаңдатады.

Қали Орынбай

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606