Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6193 5 пікір 12 Шілде, 2017 сағат 09:44

Бір адвокат қыз зорлаған, екіншісі адам өліміне себепкер

Өмірде талай-талай зорлық көріп, жабылған жала мен жаққан күйенің құрбаны болған жандар алдымен кімді іздейді? Әрине білікті де білімді қорғаушыны яғни адвокатты іздеді. Ал енді сол жылаған жасты сүртіп, үміт ұялатуға тиісті мұндай жандардың өздері әртүрлі сыйқысық қылықтырға барып, тіпті пара үшін өзінің жақын досын да құрбандыққа шалып жіберсе ше? Бұған бірдеңе деп баға беру де қиын екен. Мұндайда атамыз қазақ: «Ет сасыса тұз себер, ал тұз сасыса не себер?» деп тауып айтқан-ау, сірә.

Өткенде бір осындай қорғаушы Бақытжан Хасенов өзінің таныс әйелін табиғатқа тынығуға шақырады. Әрине, араларында қандай әңгіме болғандығын, қандай сырдың ақтарылғандығынан біз бейхабармыз. Сонымен не керек, Би-ағамыздың айтатындай «Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» дегендей, әлгі әйелді сол темір тұлпарының ішінде-ақ жәукемдеп тастайды. Бұл оқиғаны естігенмен жанында тұрып, куә болған жоқпыз, сондықтан айғаққа жүгінелік. Әлгі әйелдің айтуынша екеуінің арасында ешқандай романтикалық сезім болған емес. Адвокат орта жастағы әйелді өз машинасының ішінде жүрек күшімен емес, білек күшімен зорлап тастаған. Қарсыласуға қауқарсыз әйелдің қара күштің құдыретіне пәрмені жетпеген. Адвокатымыз болса: «Жоқ, тіпті де олай емес, ол әйел өтірік айтады. Біз бұрыннан таныспыз. Бәрі екеуа келісіммен болған» деп өз уәжін келтіреді. Алайда тексеру органдары адвокаттың емес, әлгі әйелдің сөзіне сеніп отырған жайы бар. Соның өзінде адвокат рақымшылық жасаудың арқасында тар қапасқа қамалудан  аман қалған.

Осы орайда еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай осылай жасалатын рақымшылықтың барлық қылмыс түріне қолдануды әділдік емес деп санайтындардың да бар екендігін айта кеткен орынды. Мәселен, елімізге белгілі адвокат Джохар Өтебековтің пікірі осыған саяды. Ол әйел зорлаған адамға рақымшылық мүлдем жасалмау керек дегенді талай айтып жүр. Оның тұжырымына сайсақ, әйел зорлау аса ауыр қылмыстың қатарына жатады. Мұндайларға өркениетті елдерде өте қатаң қарайды, рақымшылық деген мүлдем жүрмейді. Мүмкін, бұл кісінің айтқанында да бір қисын бар шығар. Өйткені мұндай зорлық-зомбылық адамның тәнін ғана емес, әсіресе, жанын, психикасын қатты жаралайды. Одан мүлдем сауығып кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған енді негізінен әйел адамдарды кінәлі деп санауға жақын тұратын қазақи менталитетімізді қосыңыз. Бір зорланған әйелдің, әсіресе қыз баланың кейін ел қатарлы тұрмыс құрып, бала сүюі тым неғайбыл.

Шындығында да мұның өзі қисынға сыймайтын әңгіме секілді. Өзі пайғамбар жасынан асқан ақсақал дейтіндей адамның жөні дұрыс жерде емес, қозы-лақтай машинаға салып алып, арам ойын жүзеге асырғандығы қызық екен. Оу, осы күні қай қалада да сағаттық, тіпті тәуліктік пәтерлер жыртылып айырылмай ма? Әлде сараңдығы ұстап кетті ме екен? Екінші жағынан әйелдің өзі бұрыннан жақсы білетін еркектің машинасына өз еркімен мініп, табиғатқа барып бой жазып қайтуға қарсы болмағаны да біраз жайтқа күдік келтіреді.

Ал екінші бір қорғаушымыз Ерлан Мұхамеджановың істеген ісі талай жұрттың жағасын ұстатты. Ол өзі сол отбасымен талай жылдай араласатын жанды өз-өзіне қол жұмсап, бұл дүниеден баз кешуіне әкеліп соқты. Артында әйелі мен шиеттей-шиеттей екі баласы қалды. Осынау адам сенгісіз жағдай былай өрбіген. Әлгі адвокат Қостанай стансасының басшысы болып істейтін Бауыржан Танкеев деген досына мұның үстінен мемлекеттік кірістер жөніндегі департамент қылмыстық іс қозғап жатқандығын аса құпия түрде құлағына жеткізеді. Алайда әлгі адвокаттың департаменттегі сол істі қозғаған офицермен жақсы қарым-қатынаста екендігін, егер бұл 5 миллион теңге тапса істі жым-жылас жауып тастайтындығын тағы да сыбырлайды. Қатты сасқан бастық дереу арада машинасын сатып, оның үстіне біраз қарызданып-қауғаланып әйтеуір сол қаржыны табады да адвокаттың қолына ұстатады. Пара беру жағдайы  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінің құлағына жетеді. Олар дереу іске кірісіп, бастықты департаментке алдырып алып, аттай алты сағат бойы тергейді. Бұдан босанған бойда әлгі азамат үйіне келеді де асылып өледі. Мінекей жап-жас жігіт, өмір жолын енді ғана бастаған азаматтың тіршілігі күрт үзілді. Әттегене-ай дейсің. Олай демеске амалың жоқ. Өйткені мұның бәрі өтірік-өсекке құрылған тұзақ еді. Арыстай азамат соның құрбандығы болды. Кейін анықталғандай мемлекеттік кірістер департаментінде әлгі станса бастығына қатысты ешбір қылмыстық іс ашылмаған. Мұны қорғаушы мен әлгі офицер екеуі ойлап тапқан. Сөйтіп оңай олжа таппаққа бекінген. Бір қызығы, офицер істі жабуға үш миллион теңге сұра десе, ойына арамдық кірген адвокатымыз бұл соманы 5 миллионға жеткізген. Яғни екі миллионды беті бүл етпестен қалтаға басқан. Және кімді алдап, кімнен алды дейсіз ғой. Талай жыл аяқ-табағы бірге араласып, араларынан қыл өтпестей дос болған адамынан алған. Ол байғұс дос деп жүрген жанға қалайша құлай сенбесін. Көңілінде титімдей де күдік болмағаны да содан. Әттең дос дегені қас болып, тасада тұрып тас атқан, ақшаға арын сатқан арамза жан болып шыққаны аңырап қалған жанұяның қабырғасын қаңыратып кеткендігі рас. Бұл ретте жаңағы қорғаушы сымағымыздың елімізде жан-тәнімен адал қызмет етіп, талай жанды заңсыздықтан арашалап қалған адвокаттар қауымына да тигізген зияны бір төбе.

Бір қызығы, алғашқы сот оған тіпті жанашырлықпен қарап, үш жылға ғана соттады. Оның өзі де шартты түрде. Кейін көлік прокуратурасының тікелей қарсылық танытуының арқасында ғана апелияциялық сот 3 жылға бас бостандығынан айырып, бар дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдады.

Біз бұл жерде қорғаушылардың барлығына да топырақ шашудан аулақпыз. Олардың көпшілігі өз істерін адал атқаратын, сотты болған жандарды ақтап ала алмаса да жазасын едәуір жеңілдету үшін көз майын тауысып талай айғақтар іздейтіндігі,  сөйтіп соңғы қорған болып жүргендігін де жоққа шығармаймыз. Және де олардың көтеріп жүрген жүгі де талай нардың беліне салмақ түсіргендей. Еліміздің әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілістің үкімет сағатында біздің авокаттарға түсетін салмақтың өзге дамыған елдермен салыстырғанда кейде он есеге дейін артық екендігін тілге тиек ете кетті. Сондықтан да бізде адвокаттардың жетіспеушілігі де қылаң береді. Осыдан да шығар, біздегі азаматтар адвокаттық қызметті дер кезінде ала алмайды, ал ала қалған күйде де ол тым қымбатқа түсетіндігін де жасырмады.

Әрине, адамдардың барлығы бірдей періште емес. Пендеміз ғой. Сондықтан да қоғамымызды заң бұзушылыққа, зорлық-зомбылық жасауға жақын тұртатын жандар да аз кездеспейді. Алайда солардың ішінен әлгі аталған зорлықшылардан сақтауға дайын тұратын, қысылғанда қол ұшын беретін, кейбір соттың әділетсіз шығарған шешімін талай аппеляцияға дейін барып қорғап шығатын ерекше жандар—адвокаттардың арасында кездесіп қалуы адамның ғана емес қоғамның да кінәсі бар секілді.

Мұратбек Дәуренұлы

Abai.kz

     

5 пікір