Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алаң 9805 8 пікір 30 Маусым, 2017 сағат 15:11

БАҚ ұры-қарыдан рұқсат сұрайтын халге ұшырамақ па?

Халықаралық «Freedom House» ұйымы жуырда әлем елдеріндегі адам құқығы әм сөз бостандығының көрсеткіштері туралы тізімді түзіп шықты. Тізімді қарасақ, Қазақстан адам құқықтарын шектеген елдердің қатарында, мысалы, Лаос, Сомали елдерінің қатарында тұр. Оның үстіне қазақ үкіметі парламентке БАҚ туралы заңның жобасын ұсынып, ол жобаға  «адамның жеке деректерін жариялау үшін оның рұқсаты керек» дегенге саятын жеке бап енгізіп отыр. Ал, бұл бап баспасөз еркіндігін бұрынғысынан да шектей түсуі мүмкін. Бұндай жағдайда әркім тиымсыз сензорға айналуы ықтимал.

Осы жайттарды ескере келіп біз саясаткер, журналист Әміржан Қосанов пен тәуелсіз журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Қуандық Шамахайұлын сөзге тарттық.

 «Билікке деген сенімсіздік оның таратқан ақпаратына деген сенімсіздіктен басталады!»

Әміржан Қосанов, саясаткер, журналист:

– Баспасөз саласындағы биліктің саясаты менде екі түрлі сезім туғызады.

Бірі – наразылық. Елімізде қалыптасып отырған тоталды цензура, журналистерді өзінің қолбаласы сияқты көретін шенділер мен қалталылар, азаматтық журналистиканың аяусыз қудалануы – міне, қазіргі Қазақстан журналистикасына қойылған басты диагноз осы.

Бұған дейін де талай БАҚ жабылды, талай журналист сотталды. Оның бәрінің саяси астары бар екені сөзсіз! Қазіргі таңда аса өзекті болып отырғаны – жас та болса, бас болып қалған Жанболат Мамайдың жағдайы. Ол басқалар секілді банкир не олигарх емес, кешегі күні жұмсақ креслода отырған жемқор шенді емес. Ол – қолына қалам алып, елдегі берекесіздіктер туралы ашық жазған журналист қана! Оны қудалау саяси қудалау емей не  болмақ?!

Кеше ғана үкімет парламенттке баспасөз заңнамасына жаңа түзетулерді ұсынды (құжаттың толық нұсқасын алған соң, пікір айта жатармыз). Әзірге естігеніміз «адамның жеке деректерін жариялау үшін оның рұқсаты керек» екен! Бұл нағыз реакционерлік әрі бүкіл журналистиканың аузын жауып тастайтын норма!

Сонда, ертең бір коррупционердің шетелде не елде неше үйі немесе оның оффшордағы құпия шотында қанша ақша бар екенін жариялау үшін оның батасын алу керек пе?

Екіншісі – күлкі! Жылына 45 миллиард теңгедей жұмсап, түкке қажеті жоқ басылымдар мен телеарналарды қаржыландырып, сондағы әдемі картинкаларды көріп, шындығын айтсам, өзін өзі алдап отыр! Күлмегенде қайтесің енді!

Өзара ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырысты бөліседі, өзара сыйлық, атақ тағайындайды. Өзара бір-бірін құттықтап жатады. Өздері өздеріне риза.

Тек шынайы ақпаратты саусақпен санарлық БАҚ пен әлеуметтік желілерден алуға мәжбүр халық риза емес!

Ақпарат саласында қалыптасып қалған осынау құбыжық жағдайдың бір ғана себебі бар: билік сөздің құдіретін іштей сезінеді, біледі, сондықтан да оның әлеуетін әртүрлі кертартпа заңдар мен нұсқаулар арқылы мейлінше реттеп, тежеп отырғысы келеді. Оның үстіне, елдегі бас билік үшін кланаралық тартыс одан сайын ушығып барады. Ал бұл майданда ақпараттық құралдардың мүмкіндіктері айтпаса да түсінікті.

Көрдіңіз бе, көрші Ресейде премьер Медведев туралы бір ғана бейнеролик көшеге сан мыңдаған адамдарды шығарды. Және ол фильм ұлттық телеарналар арқылы көрсетілген жоқ, тек қана «You tube» арқылы таратылды. Соңғы мәліметтер бойынша, оны 22 миллионнан астам адам көрген! Биліктің әлеуметтік желідегі азаматтардың белсенділігіне кедергі жасау әрекеттері де осыдан туып отыр!

Бірақ бір нәрсе анық: ел болам деген елде сөз бостандығы секілді аса маңызды принципке балама жоқ! Тарихты зерделесеңіз, сөз бостандығына қарсы күрескен кез келген билік, кез келген басшы ақыр-соңында жеңіліске жеткен, масқара болған, шыққан биігінен төмен қарай құлдыраған! Биліктің осы қарапайым сабақты ұғынатын кезі келді. Бірақ, әй, қайдам...

 «Енді  жағымпаз БАҚ-тың заманы туады»

Қуандық Шамахайұлы, тәуелсіз журналист:

– Қоғамда БАҚ бақылауынан тыс қалатын дерек, оқиға, проблема атаулы болмауы керек. Баспасөздің үкіметтен, партиялардан, саяси тұжырымдамалардан бейтарап тұруы, сыңаржақтыққа берілмеуі заңдылық. Олай болса, мемлекеттік мекемелердің органына айналған журналистикадан сөз бостандығын күту бекершілік.

Демократиялық қоғамда БАҚ саласының экономикалық және статустық жағынан толықтай дербестігі өте өзекті. Экономикалық тұрғыдан жеке дара тұра алмаған БАҚ өзгеге кіріптар болатыны мәлім. Ендеше, басқаға жалынышты БАҚ-та бостандық болмайды. Сол сияқты қандай бір саяси көзқарастан аулақ бола алмаса, ол сөз бостандығы талаптарына жауап бере алмайды.

Егер БАҚ әрбір әкімшілік органдарына кіріптар болса, мемлекеттің, үкіметтің қызметіне қалай бақылау жасай алады?

Басы байлаулы  БАҚ «Кімнің арбасына мінсе, соның жырын жырлайды».

Сөйтіп билік БАҚ-ты өздерінің саяси имидждерін жасайтын насихат құралына айналдырады. Мұндай жағдайда тепе-теңдік сақталмайды, пікір алуандығына, жариялылыққа шектеу қойылуы да ықтимал. Ондай БАҚ жалпы ұлттық деңгейге шыға алмайды. Жұрт көрмейтін телеарна, тыңдамайтын радио, оқымайтын газет-журнал керек пе?

Ашықтық пен жариялы іс әрекет демокртиялық қоғамның ең жанды тұсы. Бұл жерде ең бастысы, жемқорлыққа, алаяқтыққа жол бермеуді ғана меңзеп отырмыз. Қазіргі таңда табиғи байлығымызды игерушілер төлемақыны мемлекетке төлеуден гөрі бір ғана шенеуніктің қалтасын толтырып, бар жүктемеден құтылып кетуді ойлайтыны және оған жол берілетін жағдай қалыптасқаны халық үшін ауыр қасірет.

Ондай келеңсіздіктерді әшкерелейтін еркін ойлы баспасөзге мемлекеттің өзі жағдай жасап қолдап отырса, ықтимал қауіптің алдын алуға айтарлықтай көмегі болар еді. Бірақ, бізде әділ баспасөзге қысым жасалып, даңғаза-дақпыртты ту еткен жағымпаз-жалтақ ақпарат құралдары алға шығып кетті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір