Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 10952 9 пікір 30 Маусым, 2017 сағат 14:57

Бір өлеңнің «екі тарихы». Жазушы не дейді? Ақын ше?..

Талғат Кеңесбаев. Бір өлеңнің «екі тарихы»

Тыныштықбек екеумізді достастырған аудандық газет еді. Мен сонау Саржалдан ат терлетіп, аудан орталығына келіп жүріп, бір күні Тыныштықпен таныстым. Ұзын бойлы, томаға тұйық жігітті бірінші көргенде ақалтеке жылқысына ұқсатқанмын. Тұрысы да, сөзі де, өзі де бөлек еді. Бірден достасып кеттік, ауылға шақыратынмын. Ол мені өз үйіне шақырды. Совет үкіметінің қол жетпес қызыл арақтарымен, қазір небір бесжұлдызды қонақүйлерде кездесе бермейтін «килькалармен», кәдімгі қара нан мен пияз бізге қазы-қартадай көрінетін еді-ау... Ол кезде біздің қатарымыз көп болатын. Достарымыз да, демеушілеріміз де, жебеушілеріміз де, қамқоршыларымыз да өте көп еді.

Күндер жылжып өтіп жатты. Жолдар да, бәлкім, жүре-жүре қысқарды. Уақыттың қанжығасында кеткіміз келмей, басымыз ноқтаға сыймай, бір топ жас қыран жалаулатып жүрген кезіміз

Бір күні аудандық «Совхоз туы» газетіне «Қойлы ауылдың хаттары» деген топтама өлеңдер шыға қалды. Авторы - Тыныштықбек Әбдікәкімов. Малақайымды аспанға атып қуандым. Мен жем-шөп тарту цехында арпа тартамын. Ауылдағы жүн-жұрқа жинайтын заготовительден кейін екінші адаммын. Он қап жемді саттым да жібердім. Ол кезде коррупция деген, мемлекетті тонау деген ұғым жоқ. Бәрі орнында. Ешкімге көрсетпесең болды. Туп-тура жиырма сом шыға келді. Қалтаға бастым да, Қарауылға аттандым. Жүрек дүрс-дүрс, қолымда мыж-мыж аудандық газет. Әбден, қолдан-қолға өтіп оқи-оқи жауыр болған Тыныштықтың өлеңі.

Әй, сол күні әлемдік бейресми «пен-клуб» құрып жібердік. Жуа-жуа, өлеңді оқи-оқи көзіміз қарауытып, құлақ шыңылдап, көз алайып, жақ суалып, деміміз бітіп бара жатқанда Тыныштықбек сөйледі. Сөйлегенде бүй деді:

- Мен бір жерден естігенмін: ақын адамды өлтірудің екі жолы бар екен. Мақтай берсең, ақын өзінен-өзі құриды екен. Тіпті, елемей бір бұрышқа қойсаң, гүл құсап, өзінен-өзі солып қалады. Бұндайды қазақ «жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі» дейді. Сендер мені мақтап-мақтап өлтіргелі жүрсеңдер, - деді.

Бәріміз бір түрлі болып қалдық.

- Мен енді неге «Қазақ әдебиетіне» шықпаймын. Шығып жүргендер менен әулие ме?.. - деп, Тыныштықбек тағы бір тоқтады.

Әңгіменің қызып, өршіп бара жатқанын басқым келді ме:

- Жоқ, көке, мен шығарамын! - дедім.

- Қалай?! - деді отырғандардың біреуі.

- Мен қазір Алматыға кетемін... - дедім де, орнымнан тұрып, мыж-мыж газетті қолыма алып, үйден шығып кеттім.

Келе жатырмын, келе жатырмын. Ұза-а-ақ жүрген сияқтымын. Бір кезде жанармай құятын бекеттің жанында тұрмын. Пыс-пыс етіп, ентігіп, бір «Зил» мәшинесі келе қалды.

- Город поедишь? - дедім бар білген орысшамды айтып.

- Деньги есть?- деп күлді ол.

Он қап жем сатқан маған сөз болып па: «Есть!» - дедім сенімді, жігерлі дауыспен.

- Поехали!

Таң ата тілеуіңді бергір «Зилдің» шопыры мені Комсомол поселкесіндегі Асқар Сәбитов досымның үйіне жеткізіп салды. Ол кезде біздің Асекең Жаңа Семей аудандық «Ертіс оттары» газетінің түкірігі жерге түспей тұрған тілшісі болатын. Қайын жұрты ауқатты, оның бағасы бір қаралық «Ятрань» деген үлкен жазу мәшинасы бар. Анау-мынаудың қолына түсе бермейтін қазақша қарпі бар мәшинке еді ғой. Ауласындағы қанден күшігі мені өте жақсы қарсы алды. Тіпті «әу, әу» деп бір-екі үрудің орнына, менің шаң-шаң төпілиімді жалап-жалап алды да, үйшігіне барып жатып қалды. Мұндай мейірімді иттің баласын осы күнге дейін көре алмай жүрмін ғой.

Есікті екі қағып едім, Асқар досым - қолында оқтауы бар, трусишең атып шықты. Мені көріп: «Өй, қайдан жүрсің?! Кәмбикорм әкелдің бе?» - деп, қалжыңдап қойды.

Болған оқиғаны жедел-жедел баяндап шықтым. Асекең сол арада дәу мәшинаға трусишең отырды да, төрт-бес парақ қағазды пашақ-пашағын шығарып, қатесіз басып берді. Білдей бір аудандық газеттің тілшісі ғой, градусы ыстық-ыстық су ішіп отырып, қолыма бес рубльді ұстатты да:

- Аттан, Таке, аттан! Бұндай ұлы өлең қап түбінде жатпау керек! - деді. Бірақ өкіметтің шетінде жүрген адам ғой, - Апарған жерің аудандық газеттен көшіріп басқанымызды біліп қоймасын! - деп ескертті.

Трусишең Асқарды қалдырып, теміржолға қарай тартып отырдым. Пойыз ерттеулі тұр екен - қарғып міндім. Қазақтар мінетін «общий вагонды» тарсұл-тұрсыл сүйреген пойыз мен жолда жүрген екінші таң атар-атпастан екінші Алматыға келіп, ентігін бір-ақ басты-ау.

Қайда асығамын, вокзал басында бір-екі пирожкиімді толғап жеп, бір-екі кесе шәйімді ішіп, асықпай Жазушылар Одағына келіп, үшінші этажына көтерілсем,«Әдебиет және поэзия» бөлімі деп жазылып тұр екен (ол кабинетте қазір Еркін Жаппасұлы деген сатираның классигі отырады).

Именбей кіріп барсам, Иранбек Оразбаев пен Дидахмет Әшімханов отыр екен. Екеуі, әй, бір түнімен осы жерде отырып... шахмат ойнаған сияқты, жүздері шаршаңқы. «Шерағаң да қызық, таң атпай бізді жұмысқа шақырып алып...» - деп, өздері бастықтарына ренжулі. Тікемнен тік тұрып, Тыныштықбектің өлеңдерін қолдарына ұстаттым. Әуелі Иранбек ағам оқығысы келмей әрі-бері парақтап тұрды да, бір кезде «до конца» оқып шығып, орнынан атып тұрды.

- Әй, барсың ба, бауырым?! Қазақ поэзиясы тірі екен ғой!.. - деді. Өзімнің жынды боп келгенім аздай, «мынауың бір жынды ғой» деймін іштей.

- Жүр, Шерағаңа! Мынау өлеңдерің керемет екен ғой! - дейді  қуанып.

Шерағаңа мен барушы едім, бірақ Асқар досымның «аудандық газеттен көшіріп алғаныңды білмесін» дегені есіме түсіп, именіп қалдым. «Өзіңіз кіріп шықсаңызшы...» - дедім қипақтап. Әйтпесе ол кездегі қай қазақ Шерағаңның алдына барғанды армандамайды дейсің?..

Содан кәдімгі Иранбек Оразбаев, қазіргі Иран Ғайып ағам үлкен басымен ол кезде ешкім білмейтін Тыныштықбектің төрт өлеңін алып, Шерағаңның алдына барып қайтты. Келе сап, жас баладай мәз-мәйрәм боп:

- Дидаш, қарашы, міне, Шерағаңның көрегендігі, «қазақ поэзиясына ұлы ақын қосылды» деді ғой... Бауырым менің!.. - деп, мені құшақтап алды. - Тоса тұр, қазір Сайлау Пернебаев ағаң келеді. Сені суретке түсіріп аламыз. Осы жұмада шығарамыз!..

- Аға, бұл менің өлеңім емес... - дедім мен желкемді қасып.

- Енді кімнің өлеңі?!

- Ол менің досым, ағам Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өлеңдері...

Сонау 37-ші жылғы тергеушілердің жұмыс тәсілінің қалай екенін білмеймін, мына екі ағамның тергеуі мені біраз жерге апарды. Апарып қана қойған жоқ, маған алғыс айтып, «Қаламгерге» апарды ғой. Ыстық-ыстық шәй берді ғой...

«Шәй» буыныма түсті білем:

- Егер де комбикорм керек болса, айтыңыздар, қай жерге болса жеткізіп беремін! - деппін мен «Қаламгерден» шығарда. Ол кезде ыстық «шәйді» жаман ішпейтін Ираш ағам Тыныштықбекке хат жазып берді.

Сол қуаныштың қызуымен аяңдап, вокзалға келсем, мен келген пойыз Семейге қарай аттанғалы тұр екен. Өзім келген «общий вагон» жатырқамай қарсы алды. Көршілерім - бір әже мен қыз-күйеуі, он шақты бунақ-бунақ жүгі, «Горизонт» деген түрлі-түсті телевизоры.

Ол жүкті түгендеуімнің себебі - таң атар-атпаста Аягөзге келіп тоқтадық. Он шақты бунақты күйеу баласы екеуміз тасып жүрміз, тасып жүрміз. Мәшинені сондай алыс жерге қояр ма еді?! Таси-таси, бітірген кезде поезд жүрді де кетті. Амалым қанша, айдалада қалатындай болып, қапаланып қалдым. «Саспа!» - деді шопыр жігіт. - Аягөздің ГАИ-лары қиын болады, таң атпай жолға шығып кетейік, - деп бізге екі тұлып берді. Апаның күйеу баласы екеуміз оранып алдық та, бортқа барып отырдық. Шоқалақ жол ішек-қарнымызды қолқылдатып, әбден есімізді шығарды. Әлсін-әлсін ішкі қалтамды сипап қоямын. Иранбек көкемнің Тыныштықбекке жазған үшбу хаты бар.

Аягөзден таң атпай шыққан біздер түс ауа Ждановқа да жеттік-ау. Анығында, тау ішіндегі бір фермасына. Үйдің іші жылы екен. Алматыдан келе жатқан апамызды күтіп жүрген адамның қабағы одан да жылы. Маған «құда бала» деп қояды. Қай жерде құда болғанымызды біле алмай, «Қаламгерден» әңкі-тәңкі басым дал. Бір кезде шопыр жігіт маған «сыртқа шығайық» дегендей ымдады. Артынан толықша келген әдемі келіншегі ілесе шықты. Күйеуіне қарай жаутаң-жаутаң етеді. Көзі сондай мөп-мөлдір болар ма еді?!

- Көкеш, сен мына кісілерді күте бер. Мен мына братты Райкомға срочно жеткізуім керек. Кешке бюроға қатысады екен...

Келіншектің көзі бақырайып кетті.

- А-а, райком, бюро... Ойбай, онда тезірек апарып сал да, ешқайда бұрылмай үйге кел, мына кісілерден ұят қой! - деді.

- Әй, мен не, көшеде жүр дейсің бе?! Просто, мына братты жеткізу керек қой...

Сонымен біз жолдамыз. Бір кезде «Бірлік» совхозынан бір дөң асып түскенімізде, «Уазик» бырқ-бырқ етіп, төбесінен ұрғандай бір орнында тұрды да қалды. Шопыр жігіт жерге бір түкірді. «Әй, әкеңнің, ана медсестра қыз бүгін кезекші еді, үлгермейтін болдым!» - деп, ішкі сырын білдіріп қойды.

Көп ұзамай безілдеп «ИЖ» мотоциклі бізге қарай зулап келе жатты. Екеуміз қолды сермеп жүріп, әзер тоқтаттық. Люлкада 3-4 бала, қалай сиғанын білмеймін. Штурвалда отырған бала: «Бұл менің әкемдікі еді!» - деп, шырылдасын кеп. Сірә, бізді ГАИ қызметкері десе керек.

Біздің шаруамыз қанша? Отырып алдым мотоцилге. Дұрысы, «Люлка» мен артқы орындықтың ортасында түрегеп тұрмын. Мотоцикл ұшты дерсің. Осы оқиғаны мәңгі ұмыта алар емеспін. Оған дәлел - қазақтың көрнекті ақыны, біздің Ұлы ағаң - Ұлықбек Есдәулетовтың «Мотоциклдегі екеу» деген өлеңі бір оқығаннан-ақ жатталып қалған-ды жадымда. Мемлекеттік сыйлықты алғаны бар, алмағаны бар - қазақтың біраз ақынын оқыдым ғой. Олардан басымда ештеңе қалмады. Бірақ Ұлықбектің осы «Мотоциклдегі екеуі» есімде әбден жатталып қалды. Түнгі үште оятсаң, сюжетін айтып бере аламын. Себебі өзім басымнан кешірдім ғой...

Сонымен, ұша-ұша «Абай» совхозына келдік. Бұл - Қарауылға дейін көп болса 3-4 шақырым жер. Әй, жүгірдім-ау, кеп-кеп-кеп... Қалтамда кешегі Иран Ғайыптың Тыныштықбекке жазған үшбу хаты ғана. Кеше «Қаламгерде» дәлдүрлеп, шәй ішіп отырып, ұмытып кетіппін - кеш те болса Иранбек ағама «рахмет» деймін. Азамат екен! Ақын екен! Таза екен! Руға бөлінбейтін, жекжатын жіліктемейтін, сонау алыста - Абай елінде жатқан Тыныштықбектің өлеңін газетке шығарам дегені үшін мың да бір рахмет айтамын. (Алғыс пен рахметті қазақ кеш айтады). Мен де сол жақшаның ішіндегі көп қазақтың бірімін. Қазіргі заманда «лауреаттығын сатып жүрген» жазушы, ақынсымақтар аз ба?

Одан арғы қызықты айтып қайтейін - өткендегі «пен-клуб» «пен-клуб» па, арада апта өткен соң, Тыныштықбектің өлеңі «Қазақ әдебиетіне» шыққаннан соңғы «пен-клубты» айтсаңшы...

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Талғаттың жазғаны бастан-аяқ – «шалықтық шалқыма»!

 

Кеше, жазушы Талғат Кеңесбаев "Бір өлеңнің "екі тарихы" атты жазбасын әлеуметтік желіде жариялады. Ол «шалқыма» бұрын да жарияланған болатын. "Жазушы әрі өзімізге бауыр болған соң, біраз "шалықтауға" да қақысы бар ғой" - деп, бір жолға үндемеген едік. Енді...

Автор жазбасының мәнісі:

«Тыныштықбек өлеңдерінің «Қазақ Әдебиеті» газетінде тұңғыш жариялануына – ең әуелі менің септігім тиді».

Онысы шын ба? Шын болғанда қандай! Өз басым сонысы үшін бауырыма әлі күнге дейін рахметтімін. Алайда, «Талғат бауырым болмағанда, қазаққа ақын болып танылмас едім» десем, оқырмандарымның күлкісіне қалар ма едім, кім біледі...

Мен аудандық «Совхоз туы» газетінде тілші болып жүрген кезімде, Талғат, - менен он жастай кіші, жиырмалар шамасындағы жап-жас жігіт еді. Ол сол кездерде, почта арқылы, өз ауылында (Саржалда) өтіп тұратын мәдени шаралар жөнінде, шамасы телеграмма мәтініндей ғана болатын шағын хабараламалар жіберіп тұратын редакциямызға. Мен соның екі-үшеуін, өз қиялыммен «байытып», көлемді мақалаларға да айналдырғам. Әрине, Талғат бауырымыздың атынан. Бір күні сонымызға рахметін айтып, өзі де келді Қарауылға. Таныстық. Түс әлеті болатын. Ол сол «шығармаларын» салынып жатқан бір құрылыс ішінде, Совет деген құрдасым (ол бөлім мегерушісі-тін) екеумізге «жуып» та тастады». Өзі ештеңе ішпейді о кезде. Сөйтті де, ауылына қайтып кетті.

Соңынан, редакция бұл бауырымыздың алғашқы әңгімелерін де жарияға салды. Тілектес болып біз жүрдік. Біраз уақыт өткен соң, Саржалдағы сол бауырымнан хат алдым. Өтініш хат. «Аға (о кезде мені «Аға» дейтін), бір топ өлеңдеріңізді маған салып жіберіңізші. Әңгімелерімнің мазмұнын аша түсу үшін керек болып тұр» дейді ғой баяғы. Жібердім. Арада апта өтпей жатып, екінші хаты келді. Суретімді сұрайды. «Сізді сағынбасым үшін – керек» дейді. Мақұл – деймін тағы да.

Арада екі-үш ай өтті. Талғат бауырдан хабар жоқ. Өзім о кездерде де, дәл қазіргідей, «Қазақ Әдебиеті» газетін жаздыртып алып, үнемі зерделеп жүрем. Содан, бір күні газеттің жаңа нөмірін қаннен-қаперсіз парақтап, сүйсіне оқи отырып, бір топ өлеңге көзім түсе кетті. Дереу, заулатып жатырмын іштей. Тура өзімнің өлеңдерімдей!.. Мен, тіпті, оның авторына да қарамаппын ғой, сонда, алғашында. Сөйтсем, өзімнің жазғандарым!

Талғаттың өлеңдерімді, суретімді өзіне алғызғандағы әуелдегі «қулығының» нәтижесі мені, күтпеген жерден, ерекше қуанышқа бөлеп еді-ау солайша! Әрине, бауырым мен екеумізге ортақ ол қуаныш, соңыра «жуылмай» да қалмады.

Ал, енді, Талғаттың желідегі кешегі (бұрынғы) жазбасында, сол жағдай мүлде жалғанданып, «гиперболалық» бір қияли дүниеге негіз болып шыға келген! Бастан-аяқ – «шалықтық шалқыма»! Барып тұрған қырық өтірік!

Түнеукүні  осы бауырыма, өзінің кезекті бір «шалқымасына» қарай: «Мен туралы, болмаған нәрсені болғызып, жалғанды қисындыра берме, суқиттанба! – деп ескертіп едім. Сонда, оның кешірім сұрағанына да  достар куә. Бірақ, зудың аты – зу, қайтадан есе береді, бөсе береді! Мені - "фантазер" бауырымның сонысы қынжылтады!

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505