Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 6777 19 пікір 27 Маусым, 2017 сағат 11:14

Еуразиялық медиа форумның орнына жылда құрылтай өткізу керек

Қазаққа ненің қажет, ненің қажет емес екені анық бола бастады. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп еді, бүкіл жаһанға жар салып, миллиардтарды желге ұшырып сауын айтқан Еуразиялық медиа форумымыз көлеңкеде қалды. Барымызды салып, әлемге танылу үшін өткізіп жатқан ЕXPO-ның өзі екінші пландағы тақырыпқа ысырылып тасталғандай болды.

ЕXPO-ға айтар уәжіміз жоқ. Қазақ қазақ болғалы тұңғыш рет осындай ауқымды шараны өткізіп отыр. Елді, жерді, ұлтты таныту үшін бұл шара қажет екені даусыз. Дау жасайтын мәселе – Еуразиялық медиа форум. Міне, 15 жылдан бері әлемнің 60 елінен журналист, саясаткер һәм өзгелерді шақырып алып, қазақ мемлекетіне түк қатысы жоқ, әлемдік журналистиканың проблемаларын шешпек болып таңымыз айрылады. Атам қазақ «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деуші еді. Нән шоқпарды белімізге байлап алған 15 жылда не өзгерді? Қазақты былай қойып осы даңғаза форум мемлекетке не берді? Әлемнің экологиясы Астанаға алпыс елден алтыдан журналист келді деп шешіліп кете ме? Өз елімізде толық цензураны алып тастай алмай отырып, өзгелерге жол көрсетпек болған Қожанасырлығымызды тоқтатар кез жеткен жоқ па? Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін Қазақстан шешпесе қараң қалатындай күпінетініміз не өзі?

Еуразияның ақпарат саласының дамуы бізге қарап тұрған жоқ. Не елге, не өзгеге пайдасы тимейтін, қазақ қазынасын оңды-солды шашатын мұндай шараның орына жыл сайын Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізсек, әлемнің бар қазағының қаймақтары бас қосып, қандастар мәселесін талқыға салса, аспайтын асу, алмайтын қамал қалмас еді.

23 маусым күні басталған медиа форум жайлы халық түкті де білмейді. Өтті ме, өтпей қалды ма, не айтылды, не айтылмады, талқыға салып мәу деген біреу жоқ. Тіпті, «журналистпіз» деп жүрген тілшілердің өзі бес жолдық ақпарат жазуға ерінді. Олар әрине, «бекер мал шашпақтың» ісін аңғарғандықтан да қолына қалам алуды ар санайды. Түкке қажеті жоқ даңғазадан гөрі құрылтайдағы жылт еткен жаңалықты жазу – абырой. Ел мен ұлттың, мемлекеттің алдындағы парыз медиа форумды жазумен емес, қазақтың құрылтайымен өлшенеді. Біз үшін жаһанның ақпарат кеңістігі мен геосаясаттың өзекті проблемаларын талқылайтын диалогтан гөрі Қытайдың тепкісін көріп жатқан қазақтың тағдырына алаңдау миллион есе қымбат іс. Елімізге әлемдік масс-медианың алыптары, сақа саясаткерлер, бизнес элитасының өкілдері келгеннен гөрі қара жаяу қандастың туған жерге табан тіреуі миллион есе пайдалы іс. Медиа форумда 600 делегатты  қонақ еткеннен гөрі қара қазақтың алты баласына құшақ жайғанымыз миллион есе құрметті іс.

Президенттің Құрылтайда сөйлеген сөзі Абайдың сөзіндей әр қазаққа өтімді болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бүкіл БАҚ сол сөзді сүйіншілей жариялады. Бірнеше күнде мыңдаған мақаланың өзегіне айналды. Әлемдегі бар қазақтың жүрегін дір еткізіп, елге деген құрметін одан әрмен ұлғайтып жіберді. Ал, медиа форумшылардың осы шараның ашылуында сөйлеген сөзін халық пысқыра ма? Пысқырмайды.

Біз медиа форумға қанша қаржы жұмсалғанын анықтай алмадық. Сонда да құрылтайға кеткен шығыннан бірнеше есе көп болғанын жүрегіміз сезеді. Дағдарыс алқымнан алып буындырып тұрған шақта құрылтай өтпей қала жаздағаны тағы рас. Ал, медиа форумды өткізбей-ақ қояйық деуге ешкімнің жүрегі дауаламады.

Қош! Қиыннан қиыстырып, бір-біріне қабыспайтын екі мәселені бір түйінге түйнектеп тастағандай болармыз. Десе де, ақиқаты осы. Жылда Еуразиялық медиа форум жасағанша, қазақтың құрылтайын өткізуді талап етейік! Мемлекет не жасаса да елге пайдалы іспен шұғылдансын! Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

19 пікір