Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Адасқандар 6913 14 пікір 15 Маусым, 2017 сағат 15:38

Советтік мансап иелері Тәуелсіз қазаққа тұтқа бола алмайды

 

Асықпаңдар! Артымызда қазы бар.

Ахмет Байтұрсынұлы

«Түркістан» газетінің былтырғы 1-желтоқсандағы санында Ақниет Оспанбайдың Балжан Бөлтірікқызының туғанына 95 жыл толуына орай  «Қазақ дипломатиясының ханшайымы» атты мақаласы  жарық көрді. Иә, Балжан Бөлтірікқызының дипломат болғанына, министр болғанына, советтік өкіметтің белгілі өкілі болғанына ешкім дау айта қоймас. Бірақ, ол ешқашан Қазақ дипломатиясының ханшайымы бола алған емес. Тәйір-ай, ол кезде Қазақстанда қандай дербес дипломатия болып еді? Ендеше мақтап - марапаттау дегеннің де шегі, өлшемі, тағылымдық-тәрбиелік мән-мағынасы болатынын тұлға танушылар білуге, ескеруге тиіс еді.

 

Балжан апасын мадақтағысы келген Ақниет Оспанбайдың мақаласына көз жүгіртелік (үзінді): «Киссинджерді сан соқтырған қазақ қызы».

1966-1971 жылдары Балжан Бөлтірікқызы (суретте) Қазақ КСР-інің министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы КСРО жоғарғы кеңесінің ұлттар палатасының депутаты болып сайланды. Балжан Бөлтірікова БҰҰ Бас ассамблеясының ХХІ және ХХV сессияларына Совет Одағының ресми делегациясын бастап барды. «Бұл «қырғи қабақ» соғыстың тұсы еді. Америка Құрама Штаттары БҰҰ арқылы өз саясатын жүзеге асыру мақсатында БҰҰ жанынан дүние жүзі халықтарының Шағымын қарайтын «Адам құқықтары жөніндегі Жоғары Комиссия» құрып, оған комиссар тағайындалмақ болды. Бірақ бұл аталған мәселе Совет Одағының қыршаңқы саясатына қайшы болатын. Жасыратыны жоқ, Одақ Республикаларындағы жағдай Адам құқықтарының талаптарына сай емес еді. Сондықтан Громыко бастаған Кеңес Одағы Делегациясы бұл «Адам құқықтары жөніндегі Жоғары Комиссияны» болдырмау мақсатында әрекет етеді. Осы оқиғада Балжан Бөлтірікованың еңбегі шешуші фактор болды».

Ақниет Оспанбай, Балжан апасының АҚШ елінде қазақша киім киіп, қазақша дастархан жасап, Азия мен Африка делегациясына қонақасы бергенін, өз қолымен дайындаған қазақша етті ұнатқан делегация мүшелерін өз пайдасына жаратқанын былай баяндайды: «Кеңес Одағының мүдделеріне қайшы Батыстың бастамасына тосқауыл қою туралы түпкілікті уағдаластыққа сол қабылдаудың нәтижесінде қол жеткізілді. «Осы отырыста АҚШ-тың көздегені іске аспай, Балжан айласын асырды. Осы табысы үшін Балжан Бөлтірікова Громыконың ұсынысымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал әлемдік дипломаттардың басын қатырған Адам құқықтары жөніндегі Комиссия 1993 жылы ғана құрылды».

Қадірлі, оқырман! Сіз Ақниеттің осынау лепірмесінен не ұқтыңыздар, ойларыңызды бөлісе жатарсыздар. Ал менің ұққаным, маған қалам ұстатқан наразылық мынау еді:

  • Автор бұл сөздерді кімнің атынан, кімге айтып отыр? ХХІ ғасырдың басында, Тәуелсіз Қазақстан азаматы қызыл империяның залалды дипломатиясы үшін обал сауапты, әділдікті аттап өтіп, жаныққаны үшін, «айласын асырған» қулық-сұмдығы үшін мақтануы керек пе екен?
  • Балжан апай айласын асырып, 1993 жылға дейін қабылданбай қалған БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасының қандай бастама екенін қайта бір еске түсірейікші. Бұл – БҰҰ жанынан дүние жүзі халықтарының шағымын қарайтын «Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссия».

Ұят-ай, мен бетімді баса ұялдым. Әлем жұртшылығы алдында, Тәуелсіз Қазақстанымның дипломатиясы алдында ұялып қана қоймай, марқұм Балжан Бөлтірікованың жанын жалдап, дүние жүзі халықтарының, сол қатарда қызыл империяның отары болған қазақ халқының да арыз-шағымын жеткізе алар «Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссияны» жөргегінде тұншықтыруға «айласын асыра» жаныққаны үшін кешірім сұраған болар едім. Бұл шынында мақтаныш емес, ұялатын нәрсе.

Сол бір сәлихалы әлемдік ұйымға мүше болып, адам құқықтары жөнінде тәуелсіз Қазақ мемлекетінің ара-ағайындық сөзін айтуға мүмкіндік алған қазақ халқы атынан бұлай сөйлеу, бұлайша күпілдек мақтанға баспасөзден орын беру тіпті ұят емес пе?

  • БҰҰ Бас ассамблеясы бас қосуына қатысқан Азия-Африка делегациясы Балжанның бір асым етіне алданып, өз мүдделеріне қарсы Советтік ұстанымды қолдап шыға келген екен деудің дипломатиялық этика мен саяси - мәдени интеллектуалдық қағидаттарға үйлеспейтінін де ойлау керек еді.

Қадірлі, газет тілшілері,  тұлғатанумен айналысқысы келген талапкерлер, бұл тақырыпта қалам тартатын болсаң, алдымен өзіңде тұлғалық, зиялылық, халық пен уақыт алдында  жауапкершілік болуы керек екенін есіңнен шығарма.   Тәуелсіз ел болғанымыздың мүбәрәк 26 жылдығы тұсында айтылар сөздің салмағын жеңілдетіп алмайық. Патшалық Ресеймен Советтік қызыл империя тұсында әртүрлі лауазымдар мен шен-шекпенге оранған мансап иелерінің бәрі бізге – Тәуелсіз Қазаққа тұлға, тұтқа, үлгі бола алмайды. Бүгінгі қазақ оның бәріне сын көзбен қарауды үйрену керек. Отаршыл империяның еркелері мен серкелері өз заманында жетерліктей-ақ әспеттелген, біз олардан нені аларымызды, нені мансұқтап, тарихи ұнамсыз сабақ етерімізді ғана білуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстан, мәңгіліктен үмітті Қазақстан тарих сабағын жөндеп, жүйелеп, оқымасақ Білге Қаған бабамыз сияқты зар жылап, «анауым қайда, мынауым қайда, бәрі болған еді ғой?» – деп сан соғып қаламыз. Мына жойқын ХХІ ғасыр бейғамдықты кешірмейді.

Әлімғазы Дәулетхан,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

Жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

Abai.kz

14 пікір