Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 8202 11 пікір 15 Маусым, 2017 сағат 11:23

Қаланы қаңғыбастардан тазалау операциясы: кім-кімді алдап жүр?

Астаналық билік Елорданы қаңғыбастардан тазартып жатыр екен. Бір топ "бомжды" автобуспен қаланың сыртына, сыртына деген жәй сөз, айдалаға апарып тастаған бейне жазба әлеуметтік желіде жүр.

Биліктің бұл әрекеті қаладан қуылған қаңғыбастардың наразылығын туғызып, қоғамдық орта белсенділері де құзырлылардың қылығына сыни пікір айтып жатыр.

Өткенде "КТК" арнасы Астанада үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген тіленшілерді жергілікті полиция автобустарға тиеп, Көкшетау қаласына тасып жатыр деп хабар таратқан еді.

Сөйтсек, биліктің бұл ісі ЭКСПО-ның сәні үшін болып шықты.

Ал,  КТК арнасынан сөйлеген Елорданың кезбесі:  "Мен кез келген жерде жата беремін. Біз онсыз да ЭКСПО-ға бармаймыз ғой", -  дедіі.

Иә, бармайды. Барса да ЭКСПО ауласында қаздай тізілген құқық қорғау органының  қызметкерлері оларды қуып жіберері сөзсіз. Одан қалса, ЭКСПО-ның билетін бомждардың қалтасы көтермейтіні тағы рас.

Бір анығы - қоқыс төккендей, айдалаға тасталған үйсіздер - Қазақстан азаматтары. Биліктің кешегі 18 миллионының тізімінде бар азаматтар. Сонда, бомждар статистика үшін ғана керек пе?

БОМЖ деген сөздің өзін тарқатып айтсақ - тұрғылықты мекен-жайы жоқ (без определенного место жительство) деген сөз. Мыңдаған қазақстандық үйсіз-күйсіз, пәтерден-пәтерге қаңғырып жүр, қазір. Олар да қаңғыбастар санатында ма?

Шетелдің әлекедей жаланған тіміскі тілшілері Елорданы қаңғыбастардан тазалау операциясынан хабарсыз қалмағаны анық.

Биліктің бұл әрекеті - күйреген КСРО-ның кәрі сүйек саясатын есімізге түсірді. 1980 жылы Мәскеу олимпиадасы кезінде қаладағы барлық бомжды Мәскеудің сыртына қуып шыққаны бар еді. Содан кейін-ақ, "Брежневтің 112-шақырымы" дейтін сөз қалған. ЭКСПО-ның сәні үшін бомждарды қаладан шығарып жіберген бүгінгі биліктің де артынан әлгіндей сөз қалуы мүмкін.

Бізді ойландырған мәселе - үйсіз-күйсіздер биліктің шырқын кетірді ме, әлде керісінше ме? Анығы биліктің бұл қылығы бірінші кезекті - өзін-өзі алдау екені даусыз.

Айтпақшы, Астана қалалық ІІД таратқан дерекке сенсек, Астанадан үш жүзге тарта бомж табылған. Олардың барлығы арнайы орындарға бөлініпті. «Ешкімді де күштеп Көкшетауға апарғанымыз жоқ» дейді құқық қорғаушылар.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

11 пікір