Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5252 1 пікір 13 Маусым, 2017 сағат 11:35

Қос ғашық қосылатын болды!

Жақында "Abai.kz" ақпараттық порталына жамбылдық Бөрібай Тұрсын есімді жігіт хабарласып, жағдайын айтқан еді. "Abai.kz" арқылы құзырылы органдарға арзу-арманын жеткізген Бөрібайдың көңілін күпті еткен мәселе шешімін тауып қалатын сияқты.

Бөрібайдың бізге айтқан жайы сонда мынау болатын: Бөрібайдың отау құрмаққа серттескен қызын құзырлы органдар әкімшілік құқықты бұзушылық кодексінің 517 - бабы бойынша тәртіп бұзды деп, елден депорттациялап жіберіпті. Оқиға 2016 жылы болған. Сөйтіп, бес жыл Қазақстанға кіруіне шектеу алған Жазира есімді қыз қазір Қытайда тұрып жатқан көрінеді. Уағдаласқан неке Қазақстан Үкіметі кескен бес жылдық үкімді күтіп, ол тұр.

Осыны айтып, араша сұраған Бөрібай Тұрсын ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа біз арқылы үндеу жолап, өзінің тойына шақырған болатын.

"Abai.kz" ақпараттық порталы көтерген бұл мәселені өзге де бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкетіп, бірінен кейін бірі жұртқа жария етіп жатты.

Бүгін Бөрібай Тұрсын редакциямызға хабарласып, мәселесінің түйіні шешілуге жақын екенін айтып бәрімізді бір қуантып тастады.

"Сіздерге көп рақмет! Сайттарыңызда мақала жария болғаннан кейін Астанадағы "Нұр Отан" партиясынан, Республикалық Көші-қон полициясынан, сосын Жамбыл облыстық Көші-қон полициясынан хабарласып, менің мәселемді шешіп беретіндіктерін айтты. Бүгін облыстық прокуратураға келдім. Өтініш жазамын", - дейді Бөрібай Тұрсын.

Құзырлы органдардың құлағына жеткен Бөрібайдың базынасы қоғамдық ортада қызу талқыға түсті. Араға апта салып, мәселе назарға іліккен екен. Әйткенмен, біздің сұрап білуімізше, телефон арқылы хабарласқан орган өкілдері Бөрібайға ауызша уәде беріп қана отырған көрінеді. 

Қос асықтың, шаңырақ көтеріп, отау құрсақ деген екі жастың жайы біздің назарда. Бас құрауға серт еткен екі жасты екі айырып жіберген ҚР Заңының құзырлы органдар тарапынан шешімін табуына қатысты кез келген ақпарды "Abai.kz" ақпараттық порталынан оқи аласыздар. Мәселенің түйіні оңынан шешілетін болса, Бөрібай мырза министр Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовты үйлену тойына қалдырмай шақыратын шығар деп ойлаймыз.

Abai.kz

1 пікір