Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 14634 21 пікір 8 Маусым, 2017 сағат 16:31

Қазақ доминантты ұлтқа айналды. Енді Алаштың қалауы орындалуы тиіс

Өткенде ғана ресми статистика шықты. Қазақстан халқының саны 18 миллионға жуықтапты. Құдай көп көрмесін дедік. Онда да елге келгені бар, кеткені бар, елдің жалпы саны осы болды.

Біз мына дерекке назар аудардық. 18 миллион қазақстандықтың 71 пайызын қазақ ұлтының өкілдері құрайды екен. Иә, 71 пайыз қазақ елде бар. Бұған қоса, 80 пайыздан астам аудитория  қазақ тілді екенін есепке алыңыз. 80 пайыз деген қазақ тілін еркін меңгерген, сол тілде сөйлейтін жұрт. Сөйтіп, статистика Қазақстанда абсольютті доминант тіл – қазақ тілі, басым ұлт – қазақ болды дегенді анық айтып тұр.

Рас, шетте жүрген 5 миллионға жуық қазақ елге келгенде санымыз бұдан да едәуір көп болар еді-ау. Президент Назарбаевтың пәрменімен, қайта тіріле бастаған қазақ көші тоқтамайтын болса, тоқтатылмайтын болса, бұл қуаныштың да ауылы алыс емес. Міне, жақында Астанада дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басы жиылады. Құрылтай өтеді. Өкінішке орай, біздің билік үшін қазақтар қауымдастығының қадәрі кем. Есесіне Ассамблея деген ұйымды ұлықтаймыз келіп. Бұл туралы кейінірек жазамыз, айтамыз, дәлелдейміз.

Дегенмен, бүгінгі билік қазақтың талап-тілегіне құлақ түретін уақыт әбден жетті. Қазақстан енді көпұлтты мемлекет деген сынық сылтауды қойып, қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс жасауы тиіс. Себебі, біз енді көп ұлтты мемлекет емеспіз. Біз - унитарлы мемлекетпіз. Демек, доминантты ұлттың қалауы орындалуы тиіс. Анығында демкоратиялық принцип те бұған қайшы келе алмайтыны түсінікті.

Десек те, орыс тілді аудитория астаң-кестең болып жатқаны рас. Әсіресе, қазақ ұлтшылдарына қарсы астыртын шабуылдар басталып, тіпті Президенттің латын әліпбиіне көшу туралы бастамасына да бұлқан-талқан болғандар кездесті.

Бұл туралы саясаткерлер не дейді?

Президенттің тарихтағы орнын қазақ тілді жастар анықтайды

 

Айдос Сарым, саясаткер:

- Жеткені жеттік. Сан бар дегенмен, сапаға жоқпыз. О, бастағы биліктің саясаты да осы болатын. Халық саны өскенше біз де соған бейімделеміз деген саясат 25 жыл бойы жүргізіліп келді. Жалпы, қоғамда халықпен санасатын, пікірін тыңдайтын механизмдер жоқтың қасы. Бірақ, сайып келгенде парламентті де, қоғамдық ұйымдарды да билік жасаған. Қоғамдық топтар, оның ішінде зиялы қауым өкілдері де билікке тәуелді екені анық. Оны жасырудың қажеті жоқ. Тек биліктің мүмкіндігі кез келген ұранды жекешелендіріп алуға жеткілікті. Тіпті, соңғы кездегі үшінші модернизация деген мәселе де, 71 пайыздың айналасынан туындаған. Шынын айту керек, биліктің, оның ішінде Президенттің бір ғана осал жері бар.  Бүгінгі билік, оның иесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөзсіз, өзінің атын қазақ тарихында алтын әріппен жазғысы келетіні жасырын емес. Президенттің тарихтағы орнын белгілейтін Мұхтар Шаханов та, Олжас Сүлейменов те емес.  Олар өз дәрежесінде бүгінгі 71 пайыз қазаққа дауысының жеткенінше ықпал етуге мүмкіндігі бар шығар. Дегенмен, Президенттің тарихтағы орнын айқындайтын 25 жасқа келмеген - Тәуелсіздік ұрпағы. Оның дүйім көпшілігі, 80-90 пайызы қазақ тілді - қазақ жастары. Сондықтан да «Болашаққа бағдар», «ұлттық мәдениет», «Сакралды жағрапия» деген мәселелер осы 71 пайыздың айналасынан шығып жатқан әңгімелер.

 

Президенттің тарихтағы орнын айқындайтын 25 жасқа келмеген -Тәуелсіздік ұрпағы. Оның дүйім көпшілігі, 80-90 пайызы қазақ тілді қазақ жастары.

 

Осы аудиторияның, яғни, ертең сайлаушы болатын жастардың бойында бүгінгі аға буынның бойында бар үрей, қорқақтық пен жалтақтық жоқ. Шынын айту керек, Сәбет заманында туған, өскен немесе соның шетін көрген буынды Президент жақсы біледі. Түсінеді. Билік жастардың арман мұратын, ішкі психологиясын ұға бермейді. Бұл - жаңа ұрпақ. Президенттің өзі де айтып қалады арасында. «Жаңа ұрпақ, интернет заманының балалары» дегенді. Өйткені оның саяси идеалдары, саяси миссиясы әлі  айқындалып болған жоқ. Бірақ бұл қазақ тілді ұрпақ. Бұлардың шыдамсыздығы басым. Көптеген жағдайда нәтижені қазір және дереу көргісі келетін ұрпақ екенін іштей болса да интуитивті түсінеді. Сондықтан да, Нұргелді,  «көпшіліктің» деген әңгіме осыдан туындап отыр.

Шындап келетін болса, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» деген бағдарламаның астары бар. Бұл көптеген сұрақтарға жауап іздеу. Іздену. Екіншіден, Жер дауынан кейін биліктің қазақ аудиториясымен жұмыс жасауға бағытталған үлкен саяси жүрісі. Және бұл саяси жүрістің бір ерекшелігі бар. Біріншісі – мақалада айтылған дүниелерге қарсы шықсаң, онда сен қазақтың жауы болып шыға келесің. Ал егер, ұлттың, қазақ ұлтының мүддесіне сай дүниені қолдаймын десең, онда билікпен белгілі бір мәмілеге келуге мәжбүр боласың.

Саяси жүріс осы кезге дейінгі қалыптасқан билікті үзілді-кесілді қабылдамау деген түсінікті де жойып жібереді.

Мысалы, латын қаріпі бойынша немесе тарихқа көзқарас, билікке көзқарас мәселелері бойынша өзгеріс болып жатыр.

Сондықтан саяси үдеріс жаңа бір реңге, бояуларға бояла бастаған сияқты. Осыдан бір жаңа бағыт немесе саяси коалициялар туып, шығып қалар.  Бірақ оның конфигурациясы өзгеруі тиіс.

Ал жаңағы орыс тілді аудиторияның жанталасып жатқаны - тұяқ серпу екені сөзсіз. Биліктің, Президенттің айтқанына үзілді-келісді қарсы шығатын болсаң, сен тек қана қазақ халқының емес, Презденттің де жекеменшік жауы болып шығуың мүмкін. Олжас Сүлейменовтің  де «Президенттің айтқанының бәрі дұрыс, тек латын қаріпіне көшуі дұрыс емес» дегені сол. Жаңағы орыстілді аудиторияның да хәлі - осы. Президенттің бір сөзін іліп алуы мүмкін. Жалпы қарсылық көрсете алмайды. Көнуге мәжбүр. Бірақ өздерінің  жанына батып жүрген нәрселерді ашықтан-ашық айтып отыр.

«Бұл өзі қалай болып кетті?», «Біз толерантты халық емес пе едік?», «Көп ұлтты халық емес пе едік?». «Қайтадан қазақтың этногрфиялық жағына кетіп бара жатқанымыз қалай?». «Орыс әлемінен ат құйрығын үзу емес пе?», «Кирилица да біздің жазу еді ғой» деген күңкілдер басталды. Бұл да қарсылықтың түрі.

 

Тек бұл ғана емес.  Белгілі қазақтың ұлтшыл азаматтарына да қарсы шабуылдар басталып кетті. Ерлан Қаринге қарсы, Расул Жұмалыға қатысты, жалпы тарих, мәдениет мәселесіне қатысты, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әйтеуір осы қазақ ұлтшылдарының дәурені жүріп кетпесін деп, газеттерге жамандау, жоғарғы жаққа үшбу хат жазу, әлеуметтік желілерде сайқымазақ етіп көрсету секілді астыртын әрекеттерін бастап кетті. Ол рас.

5 пайыз болсақ та, біз негізгі ұлтпыз...

 

Дос  Көшім, саясаткер:

- Біріншіден, доминантты ұлт 70 пайыздан асса, ол ұлттық мемлекет болады дегенмен келіспеймін. Ондай заң бар ма, жоқ па білмейді екем. Меніңше, ондай заң жоқ. Біз Қазақстанда 5 пайыз болсақ та, негізгі ұлтпыз. Біздің тіліміз - мемлекет тіл болады. Осындай көзқараспен жүруіміз керек. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығы дерлік осы қазақ тілін білуі керек. Сөйлеуі - міндет.  Сөйлемейді деген сөз – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп мойындамайды дегенмен пара-пар. Сондықтан 70 пайызға жеттік пе, жоқ па дегенге аса мән бермеймін.

Екінші мәселе, елімізде басым ұлт болсақ та, санымыз артса да біз өзіміздің мақсат мұратымызды жүзеге асыра алмай келе жатырмыз. Менің ойымша, бізді басқарушылардың ойлау жүйесі, санасы бұрынғы тотолитарлық режімде  тәрбиеленген. Сол идеологияға қызмет еткен сана.  Олар еш уақытта Қазақстанды қазақ тілді мемлекет жасай алмайды. Мүмкін жасағысы келетін де шығар. Бірақ, өмір бойы көрген-білгені, тәжірбиесі сол тотолитарлы тәрбие. Сол тәсіл.  Коммунистік партияның райком, обкомынан шыққандар билік басында тұрғанда бәлендей өзгеріс болып кетуі екіталай деп ойлаймын. Ол үшін жаңа ұрпақ билік басына келуі керек.

Тағы бір мәселе, халықтың ұлттық сана сезімінің толық оянып, мешеу билікке өз талап-тілектерін орындата білу мәселесі. Әрине, бейбіт жолмен, заңды түрде. Ол үшін белгілі бір топ немесе ұлтшылдар деген сөзге есімдері телініп жүрген азаматтар ғана емес, бүкіл халық, қазақ халқы оянуы керек.

Біздің халық қойдан жуас халық. Бұрынғы тотолитарлық жүйе кезіндегідей, басшының айтқанымен ғана жүреміз деп отыр. Иә, әйтеуір соғыс жоқ қой, тыныш өмір сүріп отырмыз ғой, соған да шүкір дегеннен асып ары барғысы келмейді.

 

Біздің халықтың саяси сауаты оянуы тиіс. Біз қазір бейсаяси халықпыз. Біз ұлттық намысы ұйықтап қалған халықпыз. Ұлттық рух оянғанда ғана белгілі бір өзгерістер болады.

 

Мақсат – халық өзінің арман тілегін ашық айту керек. Ас үйде немесе әлеуметтік желіде емес. Биліктің тіке өзіне жеткізу керек. Және заңды түрде. Тәртіп бұзбай. Біз осыны  айтқан азаматтарға ескерткіш қойып жатырмыз. Алаш арыстарына, Желтоқсан батырларына. Бірақ, солардың арман мұраттарын әлі орындаған жоқпыз. Әзірге сөз жүзінде ғана болып тұр.

Өкінішке орай, бізде мұның үшеуі де орындалмай тұр. Біздің халықтың саяси сауаты оянуы тиіс. Біз қазір бейсаяси халықпыз. Біз ұлттық намысы ұйықтап қалған халықпыз. Ұлттық рух оянғанда ғана белгілі бір өзгерістер болады. Қазан қайнағанда қақпағын лақтырып тастайды ғой. Міне, осы.

Меніңше екі мәселе тағы бар. Бүгінгі өзгерістер саяси ойын дейтіндер бар. Яғни, бұл халықты алдарқатудың тәсілі. Ешқандай саяси демократиялық өзгерістер орын алмайды-мыс.

Енді біреулері – биліктің көзі ашылды. Аттан тайып құлап, есін бір жоғалтып алды да, кейін есі кіріп, ұлттық бағытты қолдап шықты дейді

Мен мұның екеуіне де сеніңкіремеймін. Меніңше, жоғарыдағылардың өзі қолындағы билікті әрі қарай ұстап тұруының жалғыз жолы - ұлттық бағытты қолдау. Олардың мақсаты қолындағы билікті әлі де болса бірнеше жылға соза тұрудың амалы. Мынаны түсініп алу керек. Билікке қай бағытты қолдаса да бәрібір. Себебі, мақсаттары билікті ұстап қалу. Қалтаны толтырып алу. Болды, бітті. Бұл наркотик секілді ғой. Оларға билеу керек. Оларға ұлттық бағыттағы билік пе, әлді комунистік партиялық билік пе, бәрібір. Билік болса болды. Енді бұрынғыдай Ресеймен жақындаса бермейді. Себебі, Ресей өзінің бетпердесін ашып алды. Халықты алдай алмайды. Тағы не? АҚШ алыста. Ал демократиялық билік құра алмайды. Өйткені, билікті демократиялық принцип енгізілсе, сол күні-ақ, бұлардың күні құриды. Сондықтан жалғыз ғана жол осы – Ұлттық бағыт.

Бұлар ұлттық бағыттағы дүниелерді шын көңілдерімен жасап отыр. Әйтеуір там-тұмдап болсын жасап жатыр. Ертең елдің бетіне қарай алуы үшін жасайды.

Негізі бұл баяғыда біздің көтерген мәселелеріміз еді. Солардың барлығын болмаса да, бірлі-жарымын жасап отыр. Біз неге қарсы шығуымыз керек оған?!. Сондықтан қолдап, үн қосып отырмыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3613