Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Экономика 4150 0 пікір 23 Мамыр, 2017 сағат 11:21

Самұрық-Қазына әлеуметтік тұрақтылық рейтингін жақсартты

«Самұрық-Қазына» қызметкерлері құрамының хал-ахуал динамикасын зерттеу нәтижелерін ұлттық әл-ауқат қорының омбудсмені Нұрлан Ерімбетов ұсынды.

Оның айтуынша, қорда қызметкерлердің және тұтастай қазақстандықтардың шынайы әлеуметтік көңіл-күйін көрсететін әлеуметтік тұрақтылық рейтингі жасалған. Осы шара шеңберінде бүкіл Қазақстан бойынша 40 мыңға жуық жұмыскер, яғни қор қызметкерлерінің жалпы санының 15% жасырын және құпиялылығын сақтай отырып әңгімелесуден өтті.

«Мен соңғы 4 жыл көлеміндегі зерттеулердің кейбір нәтижелерімен, атап айтқанда жетістіктері және дабыл қағатын жайттарымен бөліскім келеді. Қордың барлық дерлік компаниялары «орташадан жоғары» және «жоғары» мәнді аймаққа өтті, яғни олардың рейтингтері 64% жоғары. Рейтингтің барлық құрамдас бөліктерінің өсуі, біздің кәсіпорындар жұмыскерлерінің көңіл-күйлеріне үлкен әсер ететін Қазақстан экономикасының сын-тегеуріндері қор тарапынан жеткілікті дәрежеде сәтті еңсерілуде екенін көрсетеді. Рейтингтің өсуінің негізгі драйвері ол – 35% -дан 51% мөлшеріне дейінгі әлеуметтік және еңбек қатынастарының қанағаттануын бағалайтын көрсеткіш»,- деді Ерімбетов.

Ол қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасындағы сенім деңгейін арттыру арқылы наразылық әлеуетінің жыл сайынғы төмендеуі бар екенін атап өтті. Осылайша, әлеуметтік тыныштық индексі 59% көрсеткіштен 71% дейін өсті.

«Трансформация аясында қорда корпоративтік медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді енгізу, сондай-ақ омбудсмен институтын құру мәселелері көтерілуде. Біз әрбір кәсіпорында омбудсмен қызметінің таралуын мақсат еттік. Бұл жай ғана «жедел жәрдем» тәрізді емес, дау-жанжалдардың алдын алуға мүмкіндік береді»,- деп сөзін жалғады омбудсмен.

Сонымен қатар, компаниялар тобы қызмет ететін аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған әлеуметтік тұрақтылық картасы негізінде «Менің елім» бағдарламасы басталды, яғни қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатының көрсеткіштері ең төмен аймақтарға баса назар аударылды. Шара аясында Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыратын әлеуметтік және қайырымдылық қызметі шеңберінде өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымы жетілдірілуде.

«Қор компаниялар тобының қайырымдылық пен демеушілік қызметі жекелеген көмек көрсетуден әлеуметтік инвестициялар түріне толықтай реформаланды. Егер бұрындары компаниялар тобының қайырымдылық қызметін жүзеге асыруының жүйелілігінің болмауы байқалса, қазір қор жергілікті жерлерде мәселелерді дөп басып шешумен айналысады. Бұл күндері қор қайырымдылық қызметін басқару мен әкімшілігі жүйесінің сапалы өзгерістерінің алғашқы нәтижелерін көрсетуде»,- деді омбудсмен.

Оның айтуынша, демеушілік және қайырымдылықтың жаңа форматында 14,8 млрд теңге сомаға 89 жоба жүзеге асырылып, 200 мың адамға көмек көсетілді.

0 пікір