Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Экономика 3706 0 пікір 23 Мамыр, 2017 сағат 11:18

Самұрық-Қазына бір жылда 730 млрд теңге пайда тапты

Бұл туралы қордың қаржы және операциялар бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Ернар Жанәділ мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазынаның» шоғырландырылған жалпы пайдасы 2016 жылы 325 млрд теңгеге, немесе 2015 жылмен салыстырғанда 80% өсіп, 730 млрд теңгені құрады.

Қордың шоғырландырылған табыс сомасы шамамен 4,1 трлн теңгені құрап, 2015 жылдың көрсеткішінен 1 трлн теңгеге, немесе 32% асып түсті. Е.Жанәділдің айтуынша, табыс өсімі 2016 жылдың екінші жартысындағы баға белгіленімдерінің өсуі байқалған кезде шикі мұнайдың қосымша көлемін сатумен, сондай-ақ аффинажды алтын мен газ - мұнай өңдеу өнімдерін өткізумен байланысты.

«Негізі, шикі мұнай сату бойынша баға факторы теріс болады деп күтілген еді, дегенмен де шикізаттың басты бөлігі мұнайдың орташа бағасы барреліне $50 жеткен кезде, яғни 2016 жылдың екінші жартысында сатылғандықтан, оң нәтиже алу мүмкін болды», - деп түсіндірді ол.

Компания өкілі 2016 жылы өңделген газ өнімдерін сату 79 млрд теңгеге өскенін мәлімдеді. Мұнай өнімдерін сату 70 млрдқа, ал әуе тасымалдары қызметтері 67 млрд теңгеге артты. Сонымен қатар, жүк тасымалы бойынша қызмет көрсету 63 млрд теңгеге ұлғайды.

«Қор компаниялары тобының шоғырландырылған өзіндік құны 32% кіріс өсімі кезінде тек 25% өсіп, шамамен 3,4 трлн теңгені құрады. Ал компанияның шоғырландырылған жалпы пайдасы 2015 жылмен салыстырғанда 325 млрд теңгеге, немесе 80% өсіп 730 млрд теңгені құрады», - деп сөзін жалғады ол.

Естеріңізге сала кетейік, қолайсыз сыртқы экономикалық орта шарттарында жұмыс істеуге мәжбүр болғанына қарамастан, өткен жыл компания үшін жемісті болғандығын қор басшысы мәлімдеген еді.

«Қызметтің стратегиялық негізгі көрсеткіштері өсе бастады. Осылайша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша акционердің үлесінің шоғырландырылған таза пайдасы 455 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың көрсеткішінен 292 млрд теңгеге немесе 1,8 есеге асып түсті. Бұл табыс базасын арттыру және шығындарды жүйелі түрде қысқартуға байланысты», - деді Ернар Жанәділ.

0 пікір