Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақиқатқа қиянат 5906 15 пікір 1 Маусым, 2017 сағат 15:37

Ұлттық пантеонға кімдер жерленеді?

Кешелі бері әлеуметтік желі қолданушылары аяқ астыннан ұлттық пантеон жайлы сөз қозғап, қоғам назарын тосын тақырыпқа аударуда.Саяси элитаға арналған қорым мәселесінің сөз болуы, бұған белгілі саясаткерлердің жаппай пікір білдіре бастауы кез-келген азаматты түсініксіз күйге түсіреді екен. Желдің қайдан тұрғаны белгісіз. Мұның астарында не жатқаны тағы беймәлім.

Біз желіде желіп жүрген көп жазбаларға тоқталып жатуды жөн көрмейміз. Десек те "бұл пантеонға кімдер жерленеді?" деген сұраққа кешелі бері жауап беріліп тасталды. Тіпті, Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен Ұлттық пантеон туралы ереже бекітілгені жайлы ақпараттар тарап жатыр.

Ол қаулыда бұл пантеонға кімдер жерленетіні айтылған.

"Онда былай делініпті:

1. ҚР Президенті және оның отбасы мүшелері;

2.  ҚР Премьер-министрлері және оның орынбасарлары;

3. ҚР Парламент палатасының төрағалары және оның орынбасарлары;

4. ҚР Мемлекеттік хатшылары;

5. ҚР Президент әкімшілігінің жетекшілері;

6. ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағалары

7. ҚР Жоғарғы сотының және Ұлттық банктің төрағалары;

8) министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері;

9) «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған тұлғалар;

10) «Алтын қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталған азаматтар;

11) «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болған азаматтар;

12) «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған азаматтар;

13) Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;

14) Пантеонда жерлеуге жататын тұлғалармен олардың кейін қайтыс болған жұбайлары жерленуі мүмкін.

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: "Қазақстан «Ұлттық пантеон» салу деңгейіне жеткендіктен бұл жобаны жүзеге асыруға міндетті. «Ұлттық пантеонның» құрылысы біздің тарихта алғаш рет болмақ. Бұл тұрғыда халықаралық тәжірибе де жетерлік. «Ұлттық пантеондар» Франция, Австрия, Германия және өзге де алдыңғы қатарлы елдерде бар. Біз «Ұлттық пантеонды» салуға міндетті деңгейге жеттік»,-деген еді.

Қысқасы, "Ұлттық пантеон"  салуға осыдан екі жыл бұрын дайын болған Қазақстан едік. Бүгінгі сілкініс ненің белгісі? Уақыт жетер, ести жатармыз! Әзірге, саяси элита қауымына арналған қорымда Орал Мұхамеджанов, Фариза Оңғарсынова, Сергей Дьяченко, Әбіш Кекілбайұлы, Мақсұт Нәрікбаев, Қозы-Көрпеш Жаңбыршин сияқты тұлғалар жерленген.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

15 пікір