Жұма, 26 Сәуір 2024
Жалқы сұрақ 8096 4 пікір 1 Маусым, 2017 сағат 13:44

Сенат сайлауы... Осы сайлау керек пе өзі?

 

 

28-ші маусымда Қазақстанда Сенат сайлауы өтеді. Сенат сайлауы үшін бюджеттен 92 миллион теңге жұмсалмақ көрінеді. ҚР Орталық сайлау комиссиясы осындай ақпар таратып отыр.

Үміткерлер 7-ші маусымға дейін тіркеліп, 8-27 маусым аралығында қос өкпесін қолтығына қысып, облыстарға шапқылайды. Үгіт-насихаттарын айтып, мәслихат депутаттарынан дауыс сұрайды.

 

Енді тарқатып көрейік. Сенат депутаты болуға белін буған әрбір үміткердің қалтасында 17 миллион теңгесі болуы шарт. Оның 4 миллион 891 мың теңгесі өз қалтасынан шықса, қалған 12 миллион 229 мың теңгені таныс-тамыры бере тұруы тиіс екен. Ай сайын миллионға жуық табыс табатын сенаторлардан 4-5 миллион теңгенің табылатыны күмәнсіз. Сондықтан, 47 орынға отыратын 47 үміткерден (үміткерлердің саны бұдан да артық болуы мүмкін) жиыны 804 миллион 640 мың теңге шығын шығатын болады. Бұл – жаңағы, үміткерлердің үгіт-насихатына жұмсайтыны. Яғни, облыстарды аралауға, Мәслихат депутаттарымен кездесуге 47 кандидат 804 миллион жұмсайды. Бұл – бір. Енді бір орынға бірнеше үміткерден келетінін ескерсек, жаңағы 804 миллион бірнеше есеге көбейетіні сөзсіз. Егер депутат болудан дәмелі әр үміткер өз қалтасынан 17 миллион шығындайтын болса, мемлектік бюджеттен, яғни сайлау қорынан 92 миллион теңгені не үшін жарататыны түсініксіз?..

92 миллион теңге бюджеттің ақшасы. Сайлауды өткізу, шетелдік бақылаушыларды күтіп алу, солардың ас-ауқатына жарату үшін жұмсалатын қаржы. Бітті.

Қазақстанда өтетін кезекті Сенат сайлауына неше бақылаушы келетіні әзірге белгісіз. Дегенмен, Мәжіліс сайлауынан гөрі – Сенат креслолары едәуір аз болғандықтан, сайлау процессі де даңғазаланбаса керек-ті. Сенатта – 47 орын. Мәжілісте – 107 орын.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Үкімет 2016 жылғы Мәжіліс сайлауына бюджеттен 4 миллиард теңге шығындаған еді. Бұл жерде Мәжіліспен қатар Мәслихат сайлауы қатар өткенін және Мәслихат сайлауына  электораттың қатысып, дауыс бергенін ескерсек, ортақ қазаннан ожаулап берген 8 миллиард теңгенің жөнін табуға болады. Өйткені, Сенаттағыдай 47 депутатты емес, Мәжілістің 107, мәслихаттың 3335 депутатын сайладық.

Ал енді мына деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан сайлауға қанша қаржы жұмсап келе жатқанын анық көресіз.

Мысалы, 2011 жылы ҚР Парламенті Сенатының сайлауына қазынадан 256 миллион теңге бөлінсе, дәл сол жылы кезектен тыс Президент сайлауына бюджеттің 4,3 миллиард теңгесі жұмсалған.

2012 жылы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы деп шапқылап жүріп, бюджеттің 5 миллиард 200 миллион теңгесін жаратып жіберіптік.

2013 жылы жергілікті әкімдер сайлауына қазынадан  334 миллион теңге жұмсалған.

2014 жылы да  сайлау өткіздік. Бұл жолы Сенат сайлауы. Қазынаның 369 миллион теңгесі жұмсалды бұл сайлауға.

2015 жылы кезектен тыс Президент сайлауын өткіздік. Сайлау науқанына мемлекет бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлінді.

Сонымен сұрақ: Сенат сайлауы бізде соншалықты саяси мәні зор сайлау ма? Бұлайша сұрақ қоюымыздың себебі, Сенатта бар болғаны 47 орын. Оның 15-ін Президент өзі тағайындайды. Демек, кандидаттар 38 орынға ғана таласа алады.

Жоғарғы палатаның парламентарзим тарихындағы орны мен рөлі туралы айтқанда, депутаттық корпустың белгілі мөлшерде жоғарғы билікпен ымырласқанын жасыра алмаймыз. Депутаттық корпус жұмысының тиімділігін арттыру үшін Парламент құрылымын түбегейлі өзгертуге бағытталған конституциялық реформа қажет шығар, мүмкін.

Жалпы Қазақстанның Заң шығарушы құрылымына Сенат керек пе дейтін сұрақтың және  туатыны сөзсіз.

Себебі қазіргі Сенат ыңғай қариялардан құралған. Ақсақал биліктің жоғарғы палатасындағы пациенттер пенсияға шығатын уақыт келді десек те, Сенаттың шал-шауқандар жиылған орда екенін атауы ақтап тұр. Ал Сенат сөзі – латынша  senatus, senex — кәрі, қария сөзінен шыққан. Бұл жерде Сенат депутаттарының орташа жас мөлшеріне де тоқтала кеткен жөн. 72 жастағы сенатор Алтынбаевтан бастап есептесек, 60-69 жас аралығында – 25 депутат, 50-59 жас аралығында – 15 депутат бар екен. Төраға Тоқаевтың өзі – 64 жастан асып барады.

Президент пәрмен беріп, додаға «допуск» алатындар туралы тағы жаза жатармыз. Қазірше, Парламенттің жоғарғы палатасында «пырылдап» жататындар туралы айтайық. Сенаттағы 47 депутатты танисыз ба?

Мысалы, Астаев Ертарғын, Ахметов Рашит, Әкімов Рашит, Бортник Михаил, Громов Сергей, Жақсыбеков Серік, Жолдасбаев Мұратбай, Ишанов Қайрат, Ким Георгий, Көбенов Манап,  Күзеков Асхат, Құсдәулетов Дулат, Қылышбаев Нұрлан, Мұқаев Ерболат, Мұқашев Төлеубек, Мұсаханов Аңсар, Нұрғалиев Жеңіс, Перепечина Ольга, Плотников Сергей,  Полторобатько Людмила, Редкокашин Владимир,  Түсіпбеков Рашид, Тағымов Марат, Шелпеков Бақтыбай. Бұлардың барлығы Сенат депутаттары. Не істеп, не қойып жатқандарынан жұрт түгілі өздері мақұрым десек артық айтпаған болар ек. Әсіресе, Перепечина Ольга, Плотников Сергей,  Полторобатько Людмила, Редкокашин Владимир дейтін  Сенат депутаттарының бар-жоғынан мына халық мүлде бейхабар. Бұлар тағайындалған ба, әлде сайланған ба?

Жоғарыда аталғандардың дені кезінде облыс әкімі деңгейіндегі қызметте болып, ол қызметтерін жүрдім-бардым атқарып, ақырында Сенаттың орынтағына қонжиғандар. Мысалы, Аңсар Мұсаханов дейтін сенторымызды алайық. Аңсар Мұсаханов кезінде Алматы облысында әкім болды. Не істеді? Өзінің жекеменшік малын өсірді. Мұсахановтың мыңғырған малы туралы сол кезде жұрт арасында аз әңігме айтылған жоқ.  Сөйткен Мұсаханов Елбасының Алматы облысына жасаған іссапарында қарапайым сауалдарға жауап бере алмай, жерге қараған еді. Соңында Сенат депутаттығына бір-ақ секірді. Әрине, сенаторлардың бәріне қатысты бір жақты пікір білдіруге болмайды. Олардың арасында мемлекетшіл тұлғалар да бар.  Мысалы, Қуаныш Айтаханов, Жабал Ерғалиев, Мұрат Бақтиярұлы секілді ұлттық, мемлекеттік мүдде жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтардың барына сүйсінеміз.

Әйткенмен де, тізімі жоғары жақта бекіп, бекіген тізімге Мәслихат депутаттары дауыс беретін Сенат сайлауына бүгінгідей қаржы дағдарысы кезінде 92 миллион теңгені шығын етпесе де болар еді деп ойлаймыз. Өйткені, бұл сайлау қоғамның саяси тәжірибе жинақтауына үлес қосып, саяси мәдениетін арттырып, демокатрия талаптарына  жауап беріп жатқан жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

4 пікір