Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5905 18 пікір 1 Маусым, 2017 сағат 09:32

«Нұр Отан» Сингапур биігіне қол созды

Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастық партиялық деңгейге көтерілді. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Сингапурге барып, елдегі басты саяси күш Халықтық іс-әрекет партиясының Бас хатшысы, премьер-министр Ли Сянь Лун мырзамен кездесуі дәлел.

Кездесуде тараптар партияаралық әріптестік жайында сөз қозғап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. «Нұр Отан» партиясы Сингапурдың Халықтық іс-әрекет партиясы сияқты бірлік пен берекенің және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Биыл Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен Үшінші жаңғыру үдерісі басталды. Сондықтан Сингапур экономикасындағы таңғажайып табыстарға саяси тірек болған партия тәжірибесінің бізге берері мол», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Өз кезегінде Ли Сянь Лун екі тараптың жан-жақты ынтымақтастық орнатуға деген талпынысы мен партияаралық байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сапар барысында Халықтық іс-әрекет партиясының төрағасы Кхо Бун Ванмен, Парламент спикері Халима Якубпен және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің ректоры Кишоре Махбубанимен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед елімізде цифрлық технологияны жетілдіру үшін Сингапурдағы робот жасау ісі бойынша алдыңғы қатардағы ғылыми-зерттеу орталығында болды.

Біздегі орысқұлдар қит етсе Ресейге қарай жүгіреді, ал өнер де, ғылым да, технология да Жапония, Корея, Сингапур сияқты Азияның өрен жүйріктерінде. Пайғамбарымыздан қалған: «Егер өнер, ғылым Қытайда болса, сонда барып үйрен», – деген хадис бар. Ендеше біз ақылы, ғылымы, өнері асқан елдерден үйренуіміз керек.

Abai.kz

18 пікір