Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 7599 2 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 15:25

Батыр атағы бұйырмаған азамат

«Рахметов жігерлі, салмақты, ақжарқын жігіт еді. Айқас кезінде ештеңеден қаймықпайтын. Мергендігі де қызықтыратын. Біз оның батыл басшылығы қандай қиындықтан болса да алып шығатына шексіз сенетінбіз. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды».

Н.Тепов, 1-гвардиялық танкі 

бригадасының ардагері.

Ұлы Отан соғысы жылдарында аспандағы айқаста біздің ұшқыштардың ерлігі аңыз болғаны рас. Олар фашистердің ұшақтарын мергендіктің арқасында талайын атып түсіріп, шебер ұшқыш атанғаны белгілі. Осындай атақ танк жүргізушілерінің де арасында болған. Соғыстағы алапат шайқаста танкпен шабуылдау маңызды рөл атқарған. Жау танкісімен бетпе-бет келіп соғысқанда біреу емес, бесеуге дейін қиратқан танкистер «ас-танкист» атанып, Кеңес Одағының Батыры деген атақ беріліпті. Ондай танкистер майданда аз болмаған. Әсіресе, Мәскеуге бет алған жаудың жойқын шабуылын тоқтату барысында көзсіз ерлік жасағандар жеткілікті. Солардың қатарында фашистердің 11 танкісін, көптеген дзот пен берік бекіністерін жойып, офицерлері мен солдаттарын жер жастандырған қарағандылық жерлесіміз, 1-танк бригадасы құрамындағы КВ танкі ротасының командирі, гвардия аға лейтенанты Жұмаш Рахметов те ерекше тізімге еніп, Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ұсынылыпты.

1942 жылы шілде мен желтоқ­сан айларында қанды майданға кірген Жұмаш Рахметовтың экипажы алты айда жаудың 11 танкісін жойған. Оның бұл ерлігі бүкіл Орталық Азия мен Қазақстан бойынша мықты танкистер тізіміне енген бірден-бір адам деп бағаланып, тарихта аты қалды. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің танкісін жойған үздік мерген танкистер тізімінде Жұмаш Рахметов суретімен 82-болып тұр. Ол жаудың 11 танкісін жойғандығы және Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жөнінде құжат та бар.

Жұмаш Рахметов 1942 жылдың 24 желтоқсаны күні Оленин ауданы Вереиста деревньясында ерлікпен қаза тапқан. Оның ерлігі жоғары бағаланып, 1943 жылдың 13 қаңтарында 3-механикаландырған танк корпусының командирі, генерал-лейтенант М. Катуков аға лейтенант Ж.Рахметовті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, бұл бастама аяқсыз қалып, «І дәрежелі Отан соғысы» орденін беру туралы шешімі шыққан.

Осылайша, не себепті батыр атағы берілмей қалғаны түсініксіз. Гвардия аға лейтенанты тек жаудың 11 танкісін жоюмен бірге, соғыс ошақтарындағы бекіністерді және 300 фашистің көзін жойғындығы туралы да Ресейдің Орталық әскери мұрағаттарында сақталған деректер бар. Біз үшін көп жыл белгісіз болған гвардия аға лейтенанты Жұмаш Рахметов туралы деректі Ресейдің Тверь облысындағы «Орел» іздестірушілер отрядының жетекшісі Дмитрий Жук тауып, өзінің «Зерде» деген кітабының алғысөзінде жазыпты. Ерлікпен қаза тапқан азаматтың денесі Оленин ауданындағы Вереиста деревньясында жерленгендігін Дмитрий Жук айта келіп, Жұмаш Рахметов «Кеңес Одағының Батыры» деген атаққа ұсынылған құжатқа тоқталып, біраз ізденген. Ол бұдан басқа Оленин ауданындағы шайқас кезінде көптеген қазақстандық жауынгердің қаза тапқандығы туралы да мәлімет береді.

Жұмаш Рахметов 1919 жылы Қарағанды облысы Қарсақбай ауданының жанындағы Алтыншы ауылда дүниеге келген. Бала күнінде танкист болуды армандап, 1939 жылы Сызрань танк училищесіне түседі. Ұлы Отан соғысы басталар алдында оқуын бітіріп, генерал Катуков басқаратын атақты 1-гвардиялық танк бригадасында қызмет істейді. Соғыс басталған кезде Жұмаш Рахметов ұрысқа бірден жіберілмей, 3-механикаландырылған корпустың 1-гвардиялық танк бригадасын­дағы 1-танк батальонының 2-ротасында танк жөндеу жұмыстарымен айналысқан. Ол майданға талай мәрте сұранғанымен, өтініші аяқсыз қала берген. Тек 1942 жылдың шілде айында КВ танкінің взвод командирі болып, ұрыстың қайнаған ортасына бірінші рет жіберілген. Рахметовтың экипажы майдандағы жаудың бекіністерін дәл тауып, бес дзот-ты, екі зеңбірегін жойып, 30-ға жуық фашистерді жер жастандырып, қолға түскендерін штабқа алып келіпті.

1942 жылы қыркүйектің соңы мен қазан айының басында кеңес армиясы жаудың мұздай қаруланған фашистеріне қарсы «Марс» операциясын дайындап, ауқымды шабуылды Оленин ұйымдастырады. Екі жақта да кескілескен шайқасты бастан өткереді. Шығын да көп болып, деревнялардың бәрі отқа оранып, жермен-жексен болады.

25 қарашада танкистерге жауапты міндеттер жүктеліп, Михеев деревнясын азат ету үшін қарсы шабуылға шығу жоспарланады. Ауылда 40 шақты дзот-тың, танкіге қарсы қолданатын артиллериямен бірге, өздігінен жүретін техника және қазылған жерге жасырылған 11 танкі және екі жаяу әскер батальоны орналасқаны анықталады.

Сонымен қатар деревняға маңына мина көмілгені де белгілі болады. Жауапты ұрысқа взвод командирі Рахметов бастаған танкистер бірінші болып Михеевке кіріп, жаудың 13 дзот-ын, үш пушкасын, 50 дұшпан көзін жояды. Осы ерлігі ұрыста жоғары бағаланып, Қызыл Жұлдыз орденімен марапаталады.

1942 жылдың 1 желтоқсанында Жұмаш Рахметов Новая Боярщина деревнясы үшін тағы да ерліктің үлгісін көрсетеді. Оның басшылығымен екі танк жау тылына өтіп, 12 дзот-ты жойып, 80-дей жау әскерін жер жастандырады. Сондай-ақ қару-жарақ қоймасын құртып, үш миномент, бес пулеметті қолға түсіреді. Ержүрек Жұмаштың ерлігінің арқасында Кеңес әскері Новая Боярщинаны және Худулихудағы жаудың негізгі пунктерін жойып, деревняны азат етеді.

Аса маңызды әскери тапсырманы ойдағыдай орындап, ерліктің үлгісін көрсеткен взвод командирі Рахметовке 19 желтоқсанда гвардия аға лейтенаты деген атақ беріліп, рота командирі дәрежесіне көтереді. Оның соңғы ерлігі туралы өзімен бірге соғысқан майдандастары естеліктерінде аз жазылмаған. Соның бірі 1-танк бригадасың ардагері Петр Заскалько былай деп еске алыпты.
«23 желтоқсанның түні еді. Біз Жерносеково деревнясындағы жақын орманда кездестік. Бәріміз қазылған жертөледе едік. Төбесі ашық шұңқырдың ортасында от жағып отырдық. Аяз шытырлап тұр. Аспандағы жұлдыздар майқарағайдың бұтақтарынан бізге анық көрінеді. Қара көзді, дөңгелек жүзді аға лейтенант Рахметов жұлдызды аспанға ұзақ қарап отырды да «Мұндай жұлдыздар біздің Қазақстанда ашық әрі үлкен көрінеді, тек Қарақшы батысқа қарай орналасқан» деп әңгіме бастағанда «Командирлер машинамен комбатқа!» деген дауыс естілді. Батальон командирінің бұйрығы жаудың ту сыртынан орап, тылдан шабуыл жасауды тапсырылды. Әскери тапсырмада Кореневкаға шабуыл жасау керектігі талқыланып, оны төрт танк экипажы орындау керектігі жоспарланды. Топқа жетекшілік ету гвардия аға лейтенанты Рахметовке тапсырылады. Аз уақыттан соң түн тыныштығын танктер моторының дауысы бұзып, біз жолға шықтық. Бағытымыз тура, бұйрық бойынша жылжып, межелі жерге келгендей болдық. Жақын маңда Кореневка деревнясы болуы керек. Машина тоқтап, Рахметов сыртқа шығып, алдыңғы жақты қарады. Айнала тып-тыныш, түн қараңғысынан ешнәрсе көрінбеді. Сәл уақыттан кейін автоматшылар да келіп үлгерді. Төрт адамнан танкіге мініп, шабуылға бәріміз дайындалдық.

Аспанда қызыл жолақты ракетаның белгісі пайда болды. Танкілер қайта оталып, алға қозға­лып шабуылға дайындалды. Фашистер біздің ту сыртынан шабуылдауымызды күтпеген болса керек. Олардың мұндағы танкіге қарсы қолданатын екі батериясы орналасқанымен, нысаналары Осиновка мен Смольковоға бағытталыпты. Аяқ астынан Коренковкаға шабуыл жасағанымыз жауды қатты састырды. Біз Коренковканы толық иелендік. Бұйрық бойынша негізгі қарсылас пункке шабуылды күшейтіп, оқтың астына алдық. Жаудың артиллериялық минометтерінің соққылары Борятино жақты атқылаумен болды. Біздер ол жақтан әлдеқашан кеткен едік. Шайқаста біз алға шабуылдап, жауды тығыстырумен болдық» деп жазыпты майдангер.

Коренковкадағы шайқаста жаудың бес пушкасы, минометтік батериясы, 6 дзот, 8 әскери нүктесі жойылған. Жау қарсыласа соғысқанымен танкистердің соққысы Вериста деревнясына қарай ойысады. Рота командирі Жұмаш Рахметовтың танкісі ерекше қимылдап, жаудың мықты қорғанысын бұзып, Веристаны алуға бар күшін салды. Нәтижесінде, әскерлер деревняға кіріпті.

Қанды шайқасты көзімен көрген Петр Заскальконың естелігін ары қарай оқығанымызда, біздің жауынгерлердің көзсіз ерліктерін баяндай келіп, «Біздің жеңісіміз оңайға түспеді. Дұшпандар қатты қарсылық көрсетті. Біз жеңісті тойлағанымызбен, талай қаруластарымыздан айы­рылдық, соның бірі – гвардия аға лентенанты Рахметов еді. Деревняның ортасына келгенде, Рахметов үлкен бір емен ағашының түбіне танкісін тоқтатты. Ол люк­тен кеудесін шығарып, өзімен бірге келе жатқан экипажды жаудың атқылап жатқан бағытына қарай жүруге бұйрық берді. Осы сәтте жаудың атқылаған оғы Рахметовке тиді. Командир люктен баяу ғана төмендеп, машина ішіне сырғи берді. Ержүрек Жұмаш жолдас­тарының қолында көз жұмды» деп жазады қаруласы.

Жарты жылда Жұмаш Рахметовтың гвардиялық экипажы 11 жау танкін құртып, көптеген техникасын жойған. Талай кескілескен шайқасты бастан кешірген. Қиын жағдайда жол тауып, жаудың бетін қайтарған ержүрек батыр шайқаста ерлікпен қаза тапқаннан кейін, оны Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ұсынылған. Бірақ оған батыр атағы берілмепті. Жауынгер өлгеннен кейін бірінші дәрежелі «Отан» орденімен марапатталды. Сонымен қатар Жұмаш Рахметовке әскери жоғары марапат–оның есімі 1-гвардиялық танкі бригадасының 1-батальонында мәңгі есте қалдыру тізіміне енгізіліпті.

Біз әңгімелеген гвардия аға лейтенанты Жұмаш Рахметовтың ерлігі елге аян. Оны елі мен өскен ауы­лы есімін ұлықтау керек-ақ. Ерлердің ерлігін ұмытпау – ұрпаққа үлгі.

Жексен АЛПАРТЕГІ

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593