Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5204 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 21:22

Айдос Сарым. «Әулие ағашты» өртеу мен жұмыртқа лақтыру хақында.

Өткен аптада баспасөз бен интернетте қатты талқыланған тақырыптардың бірі - өзін «ұлт патриоттарымыз» деген әлдебіреулердің «Халық билігі» блогының басшылары Владимир Козлов пен Серікболсын Әбділдинге жұмыртқа лақтыруы болды. Билік пен оппозицияның арасындағы дөрекі теке-тірестің бір ғана көрінісі сан-саққа жүгіртіліп, сан-алуан баға алып жатыр. Билікті қолдаушылардың арандатуы жүре-жүре одан да өткен арандату мен сорақылыққа апара жатыр.

Өткен аптада баспасөз бен интернетте қатты талқыланған тақырыптардың бірі - өзін «ұлт патриоттарымыз» деген әлдебіреулердің «Халық билігі» блогының басшылары Владимир Козлов пен Серікболсын Әбділдинге жұмыртқа лақтыруы болды. Билік пен оппозицияның арасындағы дөрекі теке-тірестің бір ғана көрінісі сан-саққа жүгіртіліп, сан-алуан баға алып жатыр. Билікті қолдаушылардың арандатуы жүре-жүре одан да өткен арандату мен сорақылыққа апара жатыр.

Біріншіден. Біраз сарапшылар мен басылымдар Козловты жұмыртқалауды «қазақ пен орыс арасындағы қақтығыс», «ұлтаралық жанжал» деп түсіндіреді. Өзін-өзі «қазақпын» деп жүрген Козловқа қалалық әкімдік пен «ұлттық тусовканың» арасында жүргендердің жұмыртқа атуы ұлтараздық жанжал емес! Мәселе Козловта емес, саяси жүйеде. Саяси жүйенің авторитарлығы мен тұйықтығында. Козловтың орнында қазақ азаматы отырып, билікке таласып, президенттікке үміткермін десе де, «жұмыртқашылар» пайда болар еді. Оған кезінде Жармахан Тұяқбайға және оның серіктестеріне қарсы тас атудан басталып, соңы Алтынбек пен Заманбекке оқ атумен аяқталған жағдай дәлел.  Яғни «Лад» қозғалысы, орыс-славян ұйымдары басшыларының «қазақтар орыстарға қарсы шықты», «қазақтар қырғыз басмашыларынан асып түсті» деп байбалам салуының еш негізі жоқ. Қу шөппен ауыз сүрту, тырнақ астынан кір іздеу. Үйреншікті, түсінікті дүние. Бірақ, осындай арандатуды дайындап, оған қолдау көрсеткендер өз акцияларының осындай жағына мән бермеуі қазақ мемлекетінің жаулары үшін таптырмас жағдай болды. Айтарға сөз, жазарға себеп таба алмай жүргендерге керемет «тақырып» табылды. «Сауабы» өздеріне!

Екіншіден. Тағы біреулер, негізінен оппозициялық басылымдар, «жұмыртқалық акцияны» Козловтың президенттікке үміткер екенін мәлімдеуімен түсіндіреді. Мәселе, қайталап айтайын, Қозловта емес. Нұрлан Ерімбетов дұрыс айтады: Қазақстанда қазақ емес президент бола алмайды. Одан билікке келер қауып жоқ. Әрине, акцияны билік немесе арнайы қызметтер ұйымдастырды деуге болар. Кем дегенде ол жақтан ақпараттық қолдау көрсетілді. Әншейінде оппозиция серкелері түгілі, оппозицияның көлеңкесінен қорыққан барлық телеарналардың дүрлігуі жайдан-жай емес. Тапсырыс болғаны анық. Ондағысы, бәлкім, ыза болар, бәлкім, қарапайым халық оппозицияны жек көреді дегенді жеткізу шығар. Бірақ, сол мақсаттар орындалды ма? Әрине, Козловтың ел тыныш, сайлау жоқта суырылып шығуы оған қарсы қозғалған қылмыстық істерге байланысты. «Міне, мен президенттікке үміткер екенімді айтып едім, билік маған қарсы қылмыстық істер қозғады» деп айту үшін ғана. Ал ендігі кезде Козлов «биліктің қылмыстық іс қозғағаны аз болғандай, мені жұдырыққа жықты, жұмыртқа атты» деп  байбалам салады. Жұмыртқа - тасқа, тас - зеңбірекке айналып шыға келеді! Ақпараттық блокада жарылды! Козловтың бар екенін бәраз адам біліп қалды. Әбілязовшыл байбалам, әрине, шетелдік ұйымдар мен баспасөз үшін керемет «ақпараттық себеп» болмақ! Егер осы акцияны билік ұйымдастырған болса, онда тап-таза ақымақтық! Егер шенеуніктеріміз бен генералдарымыз осындайды ұйымдастырса, олардың миының көлемі Козловқа лақтырылған жұмыртқадан аспаған. Бұлай кете берсе армандағы Нобель сыйлығын Назарбаев емес, дәл осы Козлов алып кетсе де таң қалмаспыз. Қалыптасқан жағдайда билік әлгі «жұмыртқашылардан» ат-тонын ала қашып, болған жағдайға еш қатысымыз жоқ деп мәлімдеп, кем дегенде әлгілерді жауапқа тартуы тиіс! Болмаса, «сауабы» өздеріне!

Үшіншіден. «Жұмыртқалы айқасты» әлдебіреулер «қазақ ұлтшылдығының азуы, азғындауы» деп түсіндіруде. Көріп отырсыздар ма, «қазақ ұлтшылдарының барлығы дерлік тағы, жабайы». Оларды «жындыханаға жатқызып емдеу керек» дегендер де бар Данияр Әшімбаев сияқты. Артында аз-маз жақыны мен туысы ғана бар қуыршақ ұйымдар барлық қазақ ұйымдарының жалпылама, жинаңқы образы етіп көрсетілуде орыстілді интернет пен баспасөзде. Әрине, осы акцияны қолдаушылар «бір оқпен екі қоян атармыз» деген болар. Біріншіден, оппозицияны ұлтшылдардың атынан бір ұрсақ, екіншіден - қалыптасып келе жатқан оппозиция мен ұлтшылдардың арасындағы қарым-қатынастарды, өзара ықпалдастыққа жік салармыз деп пайымдаған болар. Бекер тіршілік. Егер Козловқа жұмыртқаны Мұхтар Шаханов атса, әрине, ондай жік пайда болар еді. Қазақ жастары мен зиялыларының арасында аса керемет беделі жоқ ұйымдардың былай «көзге түсуі» қазақ ұлтшылдарын әлсіретіп, әлсіздетіп тастады. Бұл тұрғыдан алған кезде, атылған «жұмыртқа» Козловқа емес, қазақ ұлтшылдарына, қазақ тақырыбына тиді. Козлов - «герой»! Батысына да, шығысына да. «Қазақтың сөзін сөйледім» деп жаны шыға аттандағаны да бекер болмас. «Сауабы» өзіне!

Түйін. Қазақ жастары, өзін ұлтшылмын деп жүрген азаматтар арзан акциялардан, арандату шараларынан алыс жүргені дұрыс. Әр нәрсеге дүрліге бермей, барлығын да ақылмен, парасатпен шешкені абзал. Саяси күрес маргиналданған сайын, саяси наразылық құны арзандаған сайын мақсат та, мүдде де, оны іске асырушылар да азғындай түседі. Бүгін «жұмыртқашыларға» жол берсек, ертең «бомбашыларға» таң қалмайық. Осыған дейін бетіне сақал қойып, сәлдеге кигеннің барлығын «иманды, керемет, тамаша» деп келдік. Бүгін, қарап отырсақ, көрмеген, естімеген сұмдықтарға куәміз. Алдында ғана Алматы облысында орын алған  «Әулие ағашты» өртеу әрекеті соның дәлелі емес пе? Абай болайық, ағайын!

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522