Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 11433 1 пікір 25 Мамыр, 2017 сағат 13:48

Қадырғали Көбентай: Баз кешіп кеткің келеді-ақ...

Жақында халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы "Керегім жоқ ешкімге" деген ән "WhatsApp" желісі арқылы жұртқа тарап кетті. Әннің әуені мен сөзіне үңілсек, тергеліп жүріп тезі шыққан Тұқаңның дәл қазіргі алай-дүлей шағындағы реквиемі секілді көрінді.

Ән композитор Қадырғали Көбентайдікі екен. Бұл ән қашан шыққан? Арнайы Тұңғышбай Жаманқұловқа арналған ән бе? Оның тарихы қандай? Біз бұл сұрақтардың жауабын композитор Қадырғали Көбентайдың өзінін сұрап білдік.

-Қадырғали аға, қазір желіде кең тарап жатқан "Керегім жоқ ешкімге" деген әніңіз туралы сөйлесейікші. Бұл ән қашан шықты? 

-Шындығында бұл әннің шыққанына біраз уақыт болды. Қателеспесем, 10 жыл бұрын жаздым-ау... Сөзін Әбділда Аймақ дейтін ақын ағам жазды. Мен Әбекеңмен тығыз шығармашылық байланысты болдым. Ол кісі менің бірнеше әніме сөз жазды.

-10 жыл бұрын жазылса, неге күні бүгінге дейін бұл ән туралы ешкім ештеңе білмей келді? Желілерде жария емес. Сіздің де, Тұңғышбай Жаманқұловтың да талай шығармашылық кештеріңіз болды. Сол кездерде де  орындалған жоқ...

-Өзі солай болады. Бұл әнді Тұңғышбай ағам өзінің шығармашылық кешінде бір-ақ рет орындады ғой деймін. Қазір «WhatsApp»-та тарап жүрген әнді орындаған да сол Тұқаң ғой.

-Ән арнайы Тұңышбай аға үшін жазылды ма?

-Жоқ. Мен ешкімге ән арнап жазбаймын. Тұқаң менің әндерімнің ішінен төрт әнді таңдап жүріп дәл осы «Керегім жоқ ешкімге» деген әнді сұрап алған еді. Ол кезде де Тұқаң үлкен даудың ортасында жүрді ғой. Театрдағылармен қырқысып жүрген. Мүмкін сол кездегі Тұқаңның ішкі жан дүниесіне осы ән дөп келген болар.

-Тұңғышбай аға сіздің тағы бір әніңізді орындайды ғой... «Өнер адамы»

-Рас, ол кісі менің үш-төрт әнімді өзі ғана орындайды. Тіпті, ол кісі айтатын әндерді мен де айтпаймын. Негізі актер Тұңғышбайға алғаш ән айтқызып, сахнаға әнші ретінде шығарған менмін ғой. Ол кісі өзі де солай дейді. Осы «Өнер адамы» деген ән жазылған соң, өзім бір-екі рет орындадым. Ондада үлкен сахнада емес. Сосын Тұқаңа бердім. Ол кісі тартынып, «мен әнші емеспін ғой» деді. Мен де алған бетімнен қайтпай, «орыстың жалтырбас әнші-актерлері жүр ғой саханалардан түспей. Сіз олардан кемсіз бе?» - деп қайрап-қайрап, сахнаға шығардым ғой. Содан әнші болып кетті (күлді).

-Енді мына әніңіз де Тұңғышбай ағаның дәл қазіргі жағдайына дөп келгендей...

-Ол кісіге қазір ауыр. Мен Тұқаңды тұтқындап кеткеннен бері қасында жүрмін ғой. Психологиялық жағынан әбден басылып қалды. Репрессияның  кезінде «қазақ халқы бірін-бірі сатуда алдына жан салмаған» дейді екен. Мен осы сөзге сенбейтінмін. Тұқаңның жанында жүріп, көзім жетті. Егер ертең репрессия басталатын болса, қазақ бірін-бірі ұстап беріп, арыз жазып, айдатып жіберері сөзсіз.

-Әріптестері де үнсіз...Өткен жолғы сұхбатын оқып отырып, көңілім түсті. Рас, әбден басылып қапты...

-Айтам ғой, мен әу бастан Тұңғышбай ағаммен бірге келе жатырмын. Бір-екі сотқа қатыса алмай қалдым. Оның да себебі бар. Ал енді көріп отырмыз: әріптестерінің бірде-біреуі Тұқаңды қолдамады ғой. Бір шәкірті сотқа келіп, үндемесе де отырып, төбе көрсетіп кеткен жоқ. Бұл өнер адамына үлкен соққы. Ауыр соққы. Адам бұдан құса болып кетеді. Өліп қалады. Кешегі желілерге Тұқаңмен бірге түскен суреттерін салып, мақтанып жүретін әншісымақтардың бірде-бірі жоқ қазір. Кешегі сотқа Дулыға, Асылбектерді жалынып шақыртып алдық. Әуезов театры мүлде маңайына жоламайды қазір. Міне, солай жағдай.

-Сөзіңіздің жаны бар. Әйтсе де, өткенде әнші Бағлан Әбдраимов әлеуметтік желіде «жылу жинайық» деп жүр еді ғой.

-Негізі бұл басынан бері айтылып келе жатқан әңгіме. Тұқаң ешбір кінәні мойындаған жоқ. Ол кісі жұрттан ақша сұрамаймын деп айтты. Әйтпесе жұрттың сөзі көп қой. Егер әлеуметтік желіде ақша жинайтын болса, мынау жұрт тағы түтіп жейді. «Ойбай, ақша сұрап не бопты, бай емес пе? Оданда жетім-жесірге бермей ме?» деген жалған гуманизм пайда болады. Оның керегі жоқ. Тұқаң, олар айтқан ақшаны қайтарып беретін болса, кінәні мойындаумен пара-пар ғой.  Кінәсіз адам қалай кінәсын мойындайды?... Парадокс.

-Не десек те, «Керегім жоқ ешкімге» деген ән Тұңышбай ағаның ішкі жан дүниесінің реквиемі секілді естілді. Сол үшін де рақмет.

-Рас, бұл ән Тұңғышбай ағаның дәл қазіргі сәттегі жан тебіренісі болды. Өкінішті-ақ, дүние.  Әй, бірақ бұл - Бердібекті асып өлтірген, Мұқағалиға, Марат Қабанбайға запыран ішкізген  қазақ қой. Мен сол кісілердің неге сонша салынып ішіп кеткенін енді түсініп келемін. Мынадай иттіктерді көзбен көргенде, баз кешіп кеткің келеді-ақ...

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541