Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6606 2 пікір 11 Мамыр, 2017 сағат 13:31

1,32 триллион теңге - шенеуніктерге... Халыққа ше?

Биыл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мен жол шығындарына бөлінетін қаржы 20 миллиард теңгеге өседі. Өседі де 1,32 триллион теңгеге жетеді. Energyprom солай деп хабарлады.

Бұл Қазақстан билігінің есігі мен төріндегі "төрелерге" төленетін жалақының былтырғы жылмен салыстырғанда 1%-ға артқандығын көрсетеді.  Ал елімізде 98,9 мың мемлекеттік қызметкер бар. Олардың 53 мыңы орталық басқару аппараттарында жұмыс жасаса, қалған 46 мыңы аймақтарда тіркелген.

Әлгі айтып отырған 1,32 триллион теңгенің өз орны бар көрінеді. 1,2 триллион теңге шенді азаматтардың жалақысы ретінде есептелсе, тағы 112 миллиард теңгені өтемақыға бермек. 7 миллиард қосымша шығындарға, ал 242 миллион теңге шенеунік мырзалар мен ханымдардың зейнетақы жарнасына жұмсалмақ көрінеді.

"Ақсаусақ" ағалардың айлық табысы миллионға жуықтайды. Міне солай. Сәуір айында еліміз депутаттардың жалақысын 900 мың теңгеге көтергені белгілі.

Ал  2016 жылғы деректеріне сүйенсек, облыс әкімдерінің айлық жалақылары 500 мыңнан 900 мыңға дейін жеткен.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мырза айына 700 мыңнан 900 мыңға жуық жалақы алып отыр.
Ал ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми мырза былтыр 1,1 миллион теңге айлық алатынын өзі айтқан. 1,1 миллион айлық жалақы екенін ескерсек, 12 айлық есепте Қайрат мырзаның табысы 13,2 миллион теңгеге жететін көрінеді.
Қазақстандағы қара жұмысшылардың қарабайыр табысы Астанадағы азаматтардың айлығымен салыстыруға келмейді.
Парадокс. Мемлекеттік қызметкерлерге, халық қызметкерлеріне салыстырмалы түрде жоғары жалақы тағайындап отырған Қазақстанда ең төменгі айлық мөлшері 22 859 теңгені құрайды.Орташа жалақы ортайып қалды.

2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 93 909 теңгені құраған. Статистика комитеті таратқан ақпарат бойынша, салалық құрылымда ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 162 929 теңге, көлік және логистика – 149 991 теңге, ақпарат және байланыс қызметкерлері үшінші орында, олардың жалақысы 131 248 теңгені құраған.  Төмен жалақы деңгейі әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерде – 65 720 теңге. Өнер, ойын-сауық және демалыс салаларының еңбеккерлері айына 71 660 теңге алып келеді. Салыстыра қарасақ, 2016 жылы Қазақстандағы орташа айлық мөлшері 135 мың теңге болды. Биылғы бірінші тоқсандағы орташа жалақы кәдімгідей ортайып-ақ қалған.

Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытынды есебі бойынша, елімізде жұмыссыздар саны 8 пайызға өсіпті.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Әр елде  шенеуніктерге төленетін айлық әр түрлі. Бізде жоғары. Бір қызығы Ұлыбритания, Автстралия секілді ауқатты елдер мемлекеттік қызметкерлерге орташа және ортадан төмен айлық төлейді. Тіпті, АҚШ секілді алпауыт мемлекет - Сенат пен Конгресстің депутаттарына орташа айлық төлейді. Сөйтеді де, депутаттарға (сенаторлар мен конгрессмендерге) ешқандай әлеуметтік жеңілдік жасамайды. Әр штаттан келгендер өз қаражаттарына үй жалдап тұрады, көлік жалдап мінеді. 

Ал Сингапур әлем бойынша шенеуніктерге ең жоғарғы жалақы тағайындаған ел. Оның басшысы болған Ли Куан Ю шенеуніктерге ең жоғарғы жалақы беру арқылы жемқорлықпен күрескені белгілі. 

Бізде ше? Өткен айда ғана депутаттарға жоғарғы айлық тағайындалды. Қосымша тегін баспана, тегін көліктері тағы бар. Болмасын демейміз, тек соған сай болса кәне?

Нұрзат Тоғжан
Abai.kz
2 пікір