Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақиқатқа қиянат 7887 2 пікір 11 Мамыр, 2017 сағат 09:21

Кәсіподақ басшылары әкім мен директорлардың "көсеуі"

Кәсіподақ жарғысын және кәсіподақ құрылымын өзгерту туралы ұсынысымыз әлі қаралмай келеді. Қазір аудандарда, облыста 20-30 жыл бойы тапжылмай отырған кәсіподақ төрағалары мұғалім мәселесімен айналыспайды. Оларға деген сенім мүлде жойылған. Тек әкімдер мен директорлардың «көсеуіне» айналып келеді. Сондықтан мұғалім мәртебесімен айналысатын уақыт жетті.

Кейбір кәсіподақтарға уәж айта бастасаңыз «азын-аулақ мұғалімдерден жиналған қаражатпен әрең күн көріп отырмын» деп бастайды әңгімелерін. Ондайларды кәсіподаққа мүлде жолатпау керек! Әрең күн көріп отырғандар басқа салаға барып жұмыс жасасын. Дегенмен бүгінгі таңда кәсіподақтың облыстық, аудандық салалары мүлде жұмыс атқармайды деуге болады, бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы мүлде айтпай-ақ қояйын. Түрлі концерт пен керексіз семинарлар, мерекелік шара ұйымдастырудан әріге бармайды.

Баспасөзде жарияланған Түркістандағы мұғалімдердің жаппай сенбілікке шыққанын ОҚО кәсіподағы, аудандық кәсіподақ теріске шығарып, мұғалімдердің сенбілікке, концертке өз еріктерімен барғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желідегі сол жердің мұғалімдерінің жан айғайын олар қайдан білсін?. Өз еріктерімен, кастюм-шалбармен жүріп көше тазалаған адамды қайдан көрдіңіздер?! Өз еркімен тазалайтын адам жұмыс киіммен келеді.

Елімізде Конституция бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 1- тармағына сәйкес «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».

ОҚО, Түркістан қаласындағы білім бөліміне қарасты №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімінің сотта жеңіп тұрған шешіміне қарамастан мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы «защити нашего директора» деп қол қойып, мөр басып әкімдерге хат жолдаған. Масқара!

Келесі жағдай Қызылорда облысы. Жаңақорған ауданы Бесарық бекетіндегі №247 мектепте орын алып отыр. Бұл мектепте директор жаппай «репрессия» жүргізген. Заңды өрескел бұзуға жол берген. Мұғалімнің сыртынан «еңбек шартын» жасаған. Ата-ана мен оқушыларға арыз жаздырған. Бірақ оқушының «директордың айтуымен жаздым, кешіріңізші» деп артынан арызын қайтарып алғанына қарамастан мұғалімге қатаң сөгіс беріледі. Бірнеше сөгіс беріп, артынша қызметінен босатып, 6 сағатпен мұғалім етіп қалдырған. Бұл жағдайда да біздің құқық қорғаушы бастауыш кәсіподақ төрағасы директордың жанынан табылып «заңды» шешімдер шығарып беріп отырған. Әзірге бұл істердің алды сотта қаралып жатыр, арты сотқа беріп жатыр.

Келесі жағдай Алматы облысы Қарасай ауданында орын алған. Директормен бірігіп заңсыздыққа жол берілген. Ол жағдаймен барлықтарыңыз таныссыздар. Артынша кәсіподақ төрағасы орнынан алынды. Бірақ оның орнына Алмалыбақ ауылдық округінің әкімін төраға етіп сайлады! Әкімнің кәсіподақта неcі бар? Қандай қатысы бар? Педагогтар қайда?

Енді барып сол кәсіподақ төрайымы «мұғалімдердің сенбілікке шығатынын аудан әкімі белгілейтінін, аудан басшысының бұйрығымен өткізілетінін» мәлімдеді. Не бұл? Не масқара? Бұл кандидаттың тікелей өтіп кеткеніне кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс! Алматы облыстық кәсіподақ төрағасын жауапқа тарту керек, төрағалардың кандидатурасын қарағанда қайда қараған? Енді ол мұғалімдермен жиналыс, семинар өткізудің орнына әкімдердің жиналысында жүр.

Әй айналайын, кәсіподақты басқаратын ханымдар мен мырзалар! Қазір қандай ғасыр екенін жақсы білесіздер. Бір ақпарат шықса, ол қолма қол республика көлеміне тарайды. Соны неге ойламайсыздар? Ақшаны емес, ар-мен ұятты бірінші орындарға қойғандарыңыз жөн-ау. Жалпы мұғалімдердің кәсіподаққа деген сенімдері жоғалып барады. Оған себеп әкелерінен мұраға қалған орындай бір орынға 20-30 жылдап отырып алса, оларға кім сенеді?! Кәсіподақ төрағалары 3 жылға ғана сайлану керек. 3 жылдан соң арасына біраз жылдар қосып, алдыңғы кәсіподақтың төраға етіп сайланбауы керек. Жарғыға кәсіподақ құрылымына модернизация мен жетілдіру енгізу керек. Кәсіподақ мектеп директоры мен әкімнің, әркімнің қолшоқпары болмауы тиіс!

Республикалық кәсіподақ облыстық, аудандық, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына заңды жаттатыңыздар. Тест алыңыздар, кітаптар шығарып беріңіздер, инструкция беріңіздер, әйтеуір үйретіңіздер, дұрыстап жұмыс жасасын. Қолшоқпар болғанды қойдырыңыздар.
Құрметті ұстаздар, егер кәсіподақ сіздерге көмек көрсете алмаса, көңіліңізден шықпаса, жарғыда мынадай жолдар бар:

Кәсіподақ – қоғамдық ұйым, оның қызметі меншікті Жарғысымен реттелетін болғандықтан, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 4.11-тармағына сәйкес кәсіподақ құрамынан бастауыш кәсіподақ ұйымына жеке өтініш беру арқылы кәсіподақ мүшелігінен шыға аласыз.

М. Темірбек, «Ағартушы» ҚҚ мүшесі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525