Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаң 12189 52 пікір 10 Мамыр, 2017 сағат 10:33

Соғыста Ресей жеңілді...

Қазір қоғамдық сана өзгерді. Уақыт кімнің жеңімпаз, кімнің жеңілгенін дәлелдеді.

"Соғыста Германияны тықсырдық" деп күпінетін Ресей қазір Герман мемлекетінің қолына су құйып бере алмайтын халде.

Жылда бір-ақ күн, 9 мамырда ғана Гитлерді жеңгенін еске алады. Яғни 365 күннің бір ғана күні жеңістен, қалғаны жеңілістен тұратынын әр ресейлік мойындайтын кез алыс емес.

Сананың жаңғыруы, шындықты мойындау, ақиқатқа тікке қарау қазір қазақ қоғамында болып жатқан үрдіс. Әлеуметтік желі қолданушылардың дені "Ұлы Отан соғысы" деген тіркестен "жын көргендей" үркіп, ресейдің алабажақ лентасынан бас тартып жатуы тегін емес. Себебі, Ресей қазір қазақ үшін - "жеңілген ел". "Жеңілген елдің" жалған жеңісін "Ұлы Отан соғысы" деп әспеттеуге арланатын ұрпақ дүниеге келді.

Біз Екінші дүниежүзілік соғысқа мәжбүрліктен қатыстық.

Сол мәжбүрліктен қынадай қырылған қазақты Ресей қажет етпейді, қазір.

Соғысқа қатысқан 1 млн. 200 мың адамның ерлігін ұмытып, тек орыс соғысқандай, тек орыс ерлік жасағандай идеология жасауға талпынып жатыр. Соңғы кезде түсірілген орыс киноларында бір азиялықтың болмауы тарихтың беталысы мүлдем бөлек бағытқа түскенін көрсетеді.

Демек біз де ақиқатты ашып айтатын кез келді деген сөз.

Ресей жеңілді. Жеңілгендігі себепті 1941–1945 жылдары Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері майданға 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түліктер, өнеркәсіп үшін шикізат бергенін мойындамай отыр. Мұны мойындаса, қазіргі Ресейдің 1 күндік жеңісі, бір күндік қуанышының егесі біз болып шыға келеміз. Ал, 364 күндік жеңілісіне өздері кінәлі екені айдан анық дүниеге айналады.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді. Бұл да Ресейге бір күндік қуаныш сыйлауға қазақтың қанша тер төккенін айғақтайтын дерек. Өзі бір-ақ күндік қуанышқа өзгені ортақтастыруға бейілсіз елге жауап беріп керегі де жоқ. Біз Тәуелсіз елміз. Тәуелсіз ел, Азат ел әлемдік саяси оқиғалардан сырт қала алмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс бізді де сырт айналып өтпеді.

Біз бұл соғыста негізінен комунистік идеологиядағы Ресей тарапында майданға кірдік. Ал, Мұстафа Шоқай құрған Түркістан легионы сапында кейбір қазақтар отаршыл империяға қарсы күресті.

Жүздеген мың қазақстандықтар ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталып, қазақстандық 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды.  Т. Бигельдинов  екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Рейхстагта Р. Қошқарбаев жеңіс туын тікті.

Осындай деректердің бірін де жоққа шығармай, жаңа көзқараста өз тарихымызды жазуға тиіспіз. Мұның бәрі қазақтың қандай батыр ел екенін әлемге әйгілейтін жағдаяттар.

"Ресей аталар еңбегін елемейді" деп қарап отырмай, кез-келген майданда қазақтың мерейі үстем болып, қарсыласын оңдырмайтынын ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек.

Жоғарыда аты аталған азаматтар Ресей үшін емес, қазақтың батырлығын әлемге мойындату үшін шайқасқа кірген деген идеология жүруге тиіс.

Әйтпесе, екінші дүниежүзілік соғыста немістер жағының барлық шығыны – 457 мың адам болғанын, ал Ресей бір ғана қаланы қорғау үшін 2 млн. әскерін қырып алғанын айтып масқара болатын заман баяғыда өтті.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

52 пікір