Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 9805 4 пікір 4 Мамыр, 2017 сағат 09:29

Әліппесіз әріп тану залалы

Сонымен жаңа оқу бағдарламасына негізделген алғашқы оқу жылын да аяқтап қалдық. Биыл қызым бірінші сыныпқа барғандықтан бұл реформаға тікелей бағынышты жандардың бірі болдым. 1913 жылдан бастап бір ғасырдан астам уақыт «Әліппе» атауымен жүрекке жылы оқулыққа білім мен ғылымға басшылық ететін басты мекеме салауат айтқан соң, мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңнан астам бүлдіршін, олардың ата-аналары, ұстаздар қауымы «сауат ашып шықтық».

2016-2017 оқу жылында бірінші сыныпқа барған оқушыларға Білім және Ғылым министрлігі Сауат ашу, Математика, Жаратылыстану, Өзін-өзі тану, Дүниетану, Көркем еңбек,  Музыка, Орыс тілі, Ағылшын тілі, Дене шынықтыру, жалпы – 10 пән, бес күндік оқу кестесін бекітті. Барлық пәнге арналған оқулық «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бағдарламасы негізінде жарық көргендігін сынып жетекшіміз алғашқы жиналыста-ақ хабардар етті.

Тағы бір мәселе оқулықтың әрқайсысының салмағы оқулықпен парапар жұмыс дәптерлері бар. Яғни, 5 сабақтан да оқулық апаратын күндері балалардың арқалайтын сумкасының салмағы 7-8 кг-ға жетіп жығылады. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінде балалар таңертең келіп, кешке бір-ақ қайтып, үй тапсырмасын да мектепте орындайтын жүйе негізінде білім алатынын бәріміз де білеміз. Күнде өз жасына ауыр салмақты арқалаған баланың омыртқасы қисайып, белі бүгілмесіне, денсаулығына зияны тимесіне кім кепіл? Ата-аналар қауымы атынан келесі оқу жылында кітап-дәптерлер салмағының жеңіл болуы да басты назарда болса деген ұсыныс білдіреміз.

Жаратылыстану, Өзін-өзі тану, Дүниетану деген үштану бір-біріне өте жақын, ұқсас пәндер. Осындай қайталама пәндерді қайта қарап, біріктіру жағы да қолға алынуы керек-ақ.

Назарбаев зияткерлік мектептерінде материалдық жағдайы жасалған, балаларын түрлі курстарға апарып, дайындықтан өткізген ата-аналардың балалары оқитыны жасырын емес. Ал қарапайым халықтың балабақшаға кезегі жетпей бірден мектепке келетін балаларымен оларды салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептерінің техникалық жабдықталуы да, мұғалімдердің де кәсіптік деңгейі өте жоғары. Осы сияқты көптеген себептерден қатардағы қарапайым мектептердің бұл бағдарламаны игеріп әкетуі барысында көптеген қиындық кездесіп жатыр.

Жыл басында оқулықтарды таратып бергеннен кейінгі басты сұрақ «Әліппе неге жоқ?», «Әліппені алып тастаған ба?» болды. Оқу жылы басында «Әліппенің» неліктен «Сауат ашу» болып өзгергені туралы қойылған толассыз сұрақтарға министрлік тарапынан «Екеуі де жазуға, оқуға үйретеді, айырмашылығы жоқ» деген қысқа жауап қайырылды. Айырмасын бала түгілі үлкендердің өзін шатастыратын ретсіз, қатарсыз әріп үйрететін оқулықты қолға алғаннан кейін бір-ақ түсіндік.

Бастауыш мектептің негізгі міндеті балаға әріп танытып, естігенін жазып, көргенін оқып, өз ойын жеткізуді, математикалық 4 амалдың негізін қалап, қоршаған табиғат туралы түсінік беру болып қалыптасып келді.

Жаңа бағдарламада да бұл мәселелер басты назарға алынған, өзгерістер енген. ХХІ ғасырда өткен ғасырдың кейбір заман көшіне іліне алмайтын тұстарын білім саласынан да алып тастау дұрыс шығар. Дегенмен, өзгертуге болмайтын, ерекше құнды түсініктер де бар. Соның бірі – әліппе.

Реформа екен деп бір ғасырдан астам уақыт ұлттық құндылығымызға айналған «Әліппеден» жаңашылдық, заман талабы деген желеулермен бас тарту Білім және Ғылым министрлігі тарапынан үлкен қателік болды. Бірінші сынып аяқталар кезде «Әліппемен қоштасу» деген тамаша бір дәстүр болатын. Бұл барлық әріпті таныдым, оқи аламын, жаза аламын деп, бала бойына сенімділік беріп, күш қосатын мотивация еді.

«Әліппе – білім бастауы» деп жырланып, ерекше жылы, бала қабылдауына жеңіл оқулықтың атын да, ішкі мазмұнын да қайтару туралы жыл бойы ұсыныс тоқтамады. Бұл ретте наурыз айының басында депутат Бекболат Тілеуханның Білім және Ғылым министріне қойған өткір сауалы мен талаптарын ерекше атап өтуге болады.

Нәтижеде талай буынды тәрбиелеген әліппе келесі жылы толықтырылып, қайтадан оқу бағдарламасына енбек. Мектепке дейінгі даярлық оқушылары «Әліппені» оқымақ, ал бірінші сыныптардың оқулығы «Сауат ашудың» орнына, «Ана тілі» болып өзгеретін болды.  Бірақ айтпағымыз, «Әліппенің» сапасын арттыруға, материалдарды баланың ұғымына сай, мәнді етіп берілмесе, бәрі бекер. Биылғы «Сауат ашудың» мұқабасын ғана ауыстыра салу «баяғы жартасты сол жартас» күйінде қалаыратыны анық.

1-ші сынып оқушыларына күнделікті жаттау берілетіні бәрімізге аян. Бала кейде жаттаудан мезі де болып кетеді. Оның үстіне биылғы оқулыққа енген өлең-жыр шумақтардың көпшілігі сын көтермейді. Мәтіндерде де аяқталған бір ойды білдіріп, таным-түсінікке жетелеу жағы кемшін. Түсінікке ауыр, аяқталмаған, шорт үзілген ой, ұйқасы да келіспеген жаттау тапсырмаларынан балалар әбден ығыр болды.

Оқулық жазатын мамандарға соңғы уақытта әлеуметтік желілерде көпшілік ықыласына бөленген "Салт-дәстүр сөйлейді", "Әлдиден эпосқа дейін" атты этнопедагогикаға негізделген кітаптардан да мәтіндер енгізсе  деген ой айтқымыз келеді. С.Керімбай, Б.Бопайұлы, М.Төлеген, Ә.Нәби, А.Тасболат  сынды авторлардың халқымыздың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының шығуына себеп болған аңыздар мен қисса-дастандарын жинақтаған бұл кітаптардан ықшамдалып алынған мәтіндер баланың ұлттық танымын қалыптастыруға қызмет етер еді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз жазу заманы – жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман…» деп жазудың мәніне ерекше баға берген.

Қазақтың төл әліппесін жасауға 1910 жылы кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы төте жазуға негізделген, тіліміздегі барлық дыбысты қамтыған сауатты жаңа әліппені құрастырды. Алаш арысы, тіл білімінің үлкен ғалымы  Ахмет Байтұрсынов ерекше сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен негізін салған, «Байтұрсынов жазуы» атанған бұл әліппе 1929 жылы латын, 1940 жылы енген кирилл жазуы негізіндегі әліппелерге үлгі болды.

Ал,  1917 ж. жарық көрген «Тіршілік» газетінің редакторы, «Дала уалаяты» газетінің  қызметкері болған қазақ зиялысы –  Рақымжан Дүйсенбаев «Әліпбисіз ешбір халық ғылым, білім болмайды. Осы күнгі білімді халықтардың бәрі әліпбиі болғаны үшін ғылым, білімді болды» деген ой айтты. Бұл тұжырымды ойлардың дұрыстығына ешкім шүбә келтіре алмайды.

Әліппе – барлығын білсем деген бала талабына жауап бере алатын, әліпбидегі дыбыс әуезділігіне құралатын ретке, тәртіпке, жүйеге үйрететін, білім жүйесінің негізі, алтын арқауы. Бұл ұғымды жою, әліпбидегі әріп қатарын өзгерту немесе ретсіз оқыту, т.б. бұл жас буынның келешегіне кері әсері болары анық. Өйткені әліпби құр әріптер тізбегі емес. Қалыптасқан әріп ретінің атқаратын өз функциялары бар.

Көп ұзамай жазуымыз тағы өзгеретіні анық. Бұл уақыт талабы, тәуелсіз болудың алғышартының бірі, дамудың даңғыл жолы, тіл дыбыстарын толық, анық бере алатын боламыз деген сияқты ғалымдардың, тіл саласындағы мамандардың, қоғам белсенділерінің пікірлерінен хабардармыз. Оған қоса кирилл жазуын латынға өзгерту мемлекеттік бағдарламаға енгізілген, қанша жылдан бері үздіксіз қозғау салынып келе жатқан мәселе. Қоғам талқысына көп ілігіп отырған латын жазуына негізделетін оқу, жазу өзгерісінің де өзіндік ауыртпалығы болатыны анық.

Қалай болғанда да болашақ әліпби сауатты жасалып, әр әріптің орны нақтыланып, балаға үйрету барысында реті бұзылмауын басты назарда ұстау  қажет.

Биылғы жылғы 1-ші сыныпқа арналған «Сауат ашу» оқулығының екінші кітабының 36-шы бетінде «Әліпбидегі әріптерді дұрыс оқы» деген тапсырма беріліп, әліпбиді кішкене бір кесте түрінде берілген. Осымен тәмам. 1-ші сыныпқа арналған әліпбиге қатысты барлық ұғым-түсінік осы кесте ғана. Жыл бойына әріптерді ту-талақай ретсіз, дыбыстық қайталаусыз өткен, әріп қатары деген түсінік  қалыптаспаған балаға әліпби қатарын жаттау қиынға соқты.

Ағылшын тілінде әліпби жаттатуда түрлі амал қолданатынын білеміз. «АВС» аталатын қаншама нұсқасы бар әліпби әні үлкен  құндылық саналады. Аптасына 5 күн оқитын «Сауат ашудан» ана тілінің әліпбиін үйренбеген балаларымыз аптасына 2 күн болатын ағылшын тілінің әліпбиін түрлі нұсқада әндетіп, жатқа айтатынынан-ақ бұл тәсілдің тиімділігін бағамдауға болады.

Әдемі ән арқылы әліпбиді бала санасына әбден орнықтыру тәсілін ағылшын тілінің қажеттілігі, әр дыбыстың айтылымы яғни, спеллинг барысында, әріптердің топтасуы мүлде басқа дыбыс боп оқылатын жағдайларда ғана маңызды деп қана қол сілтей салуға болмайды. Бұдан үйренетін нәрсе көп. Рас, бізде де әліпбиді әнге қосып айтқан жобалар, бейнероликтер жасалды. Бірақ жалпыланбаған, қызу қолданысқа енбеген күйі қалып қойды. Аз уақытта таңбаларды қосақтайтын латын жазуына көшсек, әліпбиді жатқа білу – басты талап болмақ. Одан бөлек, біз әліпби әлемінде өмір сүреміз. Әліпби – халықаралық жағдайда түрлі мемлекеттердің, ұлттардың мәдени қарым-қатынасын жүзеге асыратын құрал.

Кітапханаға бара қалсаңыз қажет әдебиеттер тізімі әліпби қатарымен реттеліп, жиналады. Бұл келушілер мен кітапхана қызметкерлері үшін де өте ыңғайлы.

Әліпби тізбегімен медициналық карталар жинақталады. Науқастың ауру тарихы жайлы хабар оның фамилиясының алғашқы әрпі бойынша тізімге ілінеді.

Телефон кітапшалары, күнделік, қала, аймақ аттары түгелдей әліппе тізбегіне бағынады. Тіпті ұялы телефонымыздағы контактілерге дейін әліппе қатарымен тізіледі.

Әлемнің барлық елінде, сондай-ақ өзіміздің мемлекеттік мекемелерге тиісті базалардағы ақпарат осы заңдылық негізінде сақталады, анықталады.

Әріпті әліпби қатарымен танымаған сіңбеген балаға бұның бәрі қиындық туғызбай ма? Осындай маңызды, өмірлік қажетті  жүйені балалардың танымынан алып тастау үлкен қиянат болды. Әліппесіз сауат ашқан науқанға тура кеп қалғанымызға  қынжылдық. Дегенмен, бұл сынақ-тәжірибе биылғы оқу жылымен шектеледі деп сенеміз.

Жанна Иманқұл

Abai.kz

4 пікір