Сенбі, 20 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 8588 9 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 16:51

Қандастар жерді ауызбен емес, хатпен сұрауы керек

Жақында  Abai.kz ақпараттық порталында, содан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің сайтындағы төте жазу нұсқасында «Нұр Отан» партиясы Республикалық қабылдау бөлімінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің оралмандарға жер беру тәртібі, заңға сәйкес іске аса бастайтыны туралы мақаласы жарық көрді. Жұртшылықтың бұл жағымды жаңалыққа ықыласы ерекше болды. Дегенменде, «Бұл әлі толық шешімін таппаған мәселе. Айтуға оңай, сүйінші сұрауға ерте» деген пікірлер де қылаң берді. Мәселені талдап түсіндіруді сұраушылар да болды. Сондықтан біз көпшілік көңіліндегі түйткілді сауалдарды осы мәселенің басы-қасында жүрген Ауыт мырзаның өзіне қойып, мәселенің анық-қанығын індете сұрауды жөн көрдік. 

 

 

– Ауыт мырза, оралмандарға жер беру мәселесінің шешімі жөнінде қуануға әлі ерте деген де пікір айтылып қалып жатыр. Оның қандай қисыны болуы мүмкін?

 

– Түк те ерте емес, қайта біз сүйіншіні кеш сұрап отырмыз. Сосын өзі білмеген, тексермеген мәселе туралы теріс ақпарат бергенді, елді шатастырғанды қою керек. «Оралман» мәртебесін алған қандастарымызға жер телімдерін беру мәселесі 2003 жылғы 20 маусымда қабылданған ҚР «Жер кодексінде» (№442) шешіліп қойған. Аталған кодекстің 46, 37, 97 және 100-бабында тайға басқан таңбадай ашық көрсетілген. Мәселе соның өз деңгейінде атқарылмауында болып тұр ғой. Бұл жерде кемшілік жергілікті атқарушы билікпен қатар оралман ағайында да бар. Оралмандар заңдағы осы жеңілдіктерді және өздерінің құқықтарын білмей отыр. Атқарушы билік болса, көшіп келген қандастар арнайы хат жазып келіп сұрамаған соң, бұл шаруамен айналыспаған. Әкімдердің «Көші-қон Елбасы ерте жолға қойған стратегиялық саясат еді. Ал мынау менің алыстан келген ағайыным ғой. Заңды түсінбейтін шығар, оларға деген қандай жеңілдіктер бар еді?» деп қозғалмағаны жүрегіңді ауыртады екен. Соның кесірінен көп отбасылар әлі жер ала алмай отыр. Тіпті, заң нормаларын бұрмалап түсіндіретін Жер қатынастары басқармасының басшылары мен аудан әкімдері бар. Сол себепті қандастарымыз сергек болсын, заңдағы құқығы пайдаланып, жеңілдіктерін алуға келгенде ешкімнен тартынбасын демекпін.

 

– Атқарушы билік «Орлман» мәртебесін алған ағайынға Жер телімдерін беруге баяғыдан міндетті екен. Сонда бұл сүйіншіде қандай жаңалық бар?

 

– Иә, баяғыдан міндетті. Заңға Елбасы қол қояды. Сосын ол атқарылады. Айтпақшы, «Оралман» мәртебесін алған қандастарымызға Жер телімдерін беру мәселесі «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-бабында да Оралмандарға жер учаскелерiн беру оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тізбесіне енгізілген. Соңғы рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңына Елбасы 2015 жылыдың 24 қарашасында қол қойды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқаруға берілді. Міне, содан бері бір жыл, бес ай, екі күн өтті. «Оралман» мәртебесімен жер алдым деген бір қазақты көрген де, естіген де жоқпын. Сол үшін бұл мәселені көтердік. Алдымен «Оралман» мәртебесі бар ағайындарға заңды түсіндіріп, хатын жазып, қолын қойдырып апарып аудандық әкімдікке тіркеттіріп, әкімдердің жауабын алдық. Ары қарай, «Нұр Отан» партиясы арқылы облыстық Жер қатынастары басқармаларына жіберіп, олардың да жауабын алдық. Өкінішке қарай, аудан әкімдері де, Жер қатынастары басқармасының басшысы да бұл заңнан хабарсыз болып шықты. Екеуі де бұрмалап жауап берді. Сосын бұл мәселені «Abai.kz» ақпараттық порталында дүркін-дүркін жаздық. Әкім де, Жер қатынастары басқармасы да ұйқысынан оянды. Ауыл шаруашылығы министрлігі назар аударып, арнайы жиналыс өткізді. Сөйтіп, Қытайдағы қазақтардың тілімен айтқанда, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі төменге құжат түсіріп қойды. Енді «Оралман» мәртебесі бар ағайындарға шаруашылық құру үшін республиканың барлық ауылды жерлерінен Жер телімдері беріледі. Бұдан былай жергілікті атқарушы биліктің бұлтаруға еш хақысы жоқ. Тек, көшіп келген ағайындарымыз жер телімін «оралман» куәлігін ала салып, ауызбен емес, хат жазып барып сұрауы керек. Сүйінші сұрайтын жеріміз – осы!

 

– Ал Қазақстан Республикасының азаматтығын алып қойған ағайындар ше?

 

– Олардың «Оралман» мәртебесі азаматтық алған күні күшін жояды. Енді Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей, ҚР «Жер кодексінде» көрсетілген шарттар бойынша жер телімдерін алуына болады. Осы жерде бір мәселенің басын ашып айта кетейін. «Оралман, оралман» деп неге шыр-пыр болып жүрміз? «Оралман» деген жаңадан көшіп келген қандастарымызға берілген мәртебе. Бұл мәртебе тек қазақтарға ғана беріледі. Басқа ұлттарға берілмейді. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда «Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары» деп анықтама берілген. Керемет мәртебе! Тек қазақ екеніңізді дәлелдесеңіз болғаны, өзіңіз қоныстанған облыстың Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан бес жұмыс күні ішінде ала бересіз. Сол «оралман» мәртебесіне қолы жеткен қазақ бөркін аспанға ата берсе болады. Себебі, ол мәртебені алған соң, сіз жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала аласыз, тегін емделесіз, туылған балаға жөргекпұл береді. Ең бастысы, шаруашылық құру үшін ауылды жерден жер телімдері беріледі. Егер, сіз Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, жер телімін алу үшін «Жер кодексінің» 48-бабына сай, аукциондарға қатысасыз. Алыстан келген ағайын үшін ол қиын шаруа. Ал «оралман» мәртебеңіз болса, оның біреуіне де қатыспастан, жер телімін тіке алуға құқығыңыз бар. Менің қайта-қайта бәйек болып жүргенім сол – Елбасымыздың, Мемлекетіміздің алыстан көшіп келген қандастарына жасап отырған осынау зор қамқорлығынан пайдаланып, жер телімін алып қалса екен деген ой. Қиын жері – «Оралман» мәртебесінің мерзімі қазір бір жыл ғана. Ағайындар осы уақыттың ішінде үлгіріп, жер алып болуы керек.

 

Егер ол ауылда бос жер жоқ болса не істеу керек?

 

– Өте дұрыс сұрақ. Қазақстан халқының орналасуы әрқилы. Алматы, Шымкент жақта халық тығыз қоныстанған. Ал Солтүстік аймақтарда керісінше адам аз, ауылдар бос жатыр деуге болады. Сол үшін де Үкімет ішкі көші-қон үшін төрт обылысты (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар Солтүстік Қазақстан), сыртқы көші-қон үшін жеті облысты (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) арнайы көшіп келушілер үшін белгілеп қойды. Сол үшін көштің басын бірден осы өңірлерге тарту керек. Бұл – бір.

Екіншіден, «Жер кодексінің» манағы 100-ббына сай, оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де қызметті жүргізуі үшін арнайы жер қорының жерінен бірінші кезекте жер телімдерін алуға құқығы бар. Көрдіңіз бе, бірінші кезекте!

Қалай дегенмен де келем деген қандастарымыз үшін мейлі жер болсын, мейлі азаматтық алу болсын, мейлі білім алу жағы болсын – барлығы заңмен шешіліп, реттеліп қойған. Мәселе – соны қандастарымыздың түсіне білуінде, орайды қолдан бермей жедел қимылдауында қалды.

Ендігі бір мәселе кей ауылдарда «бос жер жоқ» деген де айтылып қалып жатқан көрінеді. Қазір «Жер кодексі» өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, қайта қабылдау үшін Парламентте талқыланып жатыр. Онда елдің кезінде көптеп алып, пайдаланбаған желерін қайтырып алу шаралары қарастырылып жатыр. Парламент, ең жақсысы, қазір қолданыстағы немесе талқыға түсіп жатқан  «Жер кодексінің» (2003 жылғы 20 маусымдағы №442) Оралмандарға жер учаскелерiн беру тәртібі көзделген 46, 37, 97 және 100-баптарын өзгеріссіз қалдырғаны дұрыс.

Содан кейін болашақта алыстан келетін қандастарымыз үшін әр ауылдан 10 пайыз жерді арнайы қорға қалдыру мәселесін бірнеше мәрте көтердік. Бұл Заңмен бектілілсе, тіпті керемет болар еді.

 

– Мемлекттік қолдау, квота жайлы не айтасыз?

 

–  «Оралмандар» мен этникалық қазақтарға жасалатын қолдау шаралары «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 23-бабында тұр. Соның ішінде қандастарымыздың ең көп сұрайтыны бір жолғы берілетін көшіп келу сомасы. Ол Үкімет айқындаған жеті облысқа келгендерге ғана беріледі. Тым көп ақша емес. 2016 жылы көшіп келгендердің саны 16 мың 417 отбасы. Соның Үкімет айқындаған өңірлерге келген 2159 отбасына көмек ақша берілді. Соған қарап, азаматтық алмай, оралман мәртебесінің уақыты өтіп кеткендер де бар. Естеріңізде болсын, сол аз тиын-тебенге қарамай-ақ, азаматтыққа құжат өткізе беріңіздер. Азаматтық алсаңыз, одан да тиімді бағдарламалар арқылы мол ақша алып, шаруашылық құрасыздар. Бірақ, және қайталап айтайын, «Оралман» кезіңізде жер алып алғаныңыз өте дұрыс болады.

 

 

– Қандастарымыздың манағы Үкімет айқындаған өңірлерге келуі сәл баяу және аз секілді. Сізше осы мәселені қалай шешуге болады?

 

– Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсінген және еске берік сақтаған жөн. Мемлекет қазір шеттегі қазақтарды қотарыла көшіп келіңдер деп шақырып отырған жоқ. Екіншіден, арнайы көлік шығарып, көшіріп әкеліп те жатқан жоқ. Бірақ өз бетімен көшіп келем деушілерге есік айқара ашық. Заңдық жақтан, жоғарыда айттым ғой, барлық жеңілдік жасалып қойған. Қашан, қай өңірге көшіп келіп, қоныстанам десеңіз, өз еркіңізде. Келіңіз де, заң аясында белгіленген тәртіппен жеңілдіктерді пайдаланып, қоныстана беріңіз. Менше, бұл шеттегі ағайындар үшін зор қамқорлық, табылмас орай деуге болады. Шыны керек, бір елдің қармағында отырған қазақтарға барып көшіңдер деу Заңға тура келе қоймас. Өте-мөте ҚХР-да отырған туыстарға. Мемлекет тұрмақ, әзір оларға өзің айта алмайсың көшіңдер деп. Қайта, Елбасымыз бұрын «Айналайын қазағым, келіңдер де байыңдар!» деп, бірнеше қайталап айтып жіберді. Оны ұмытпауымыз керек. Сондықтан, арғы беттегі ел де есі барда елін табуға құлшынғаны дұрыс.

Енді бір уақ тәуелсіздік жылдары ертерек келген азаматтар – біз өзіміз де арттағы елге себімізді тигізуіміз керек. Ойланатын уақыт жетті. Ең алдымен арнайы ақпараттарды көбейтіп, санасын оятып, сауатын ашу керек елдің.

Сосын бізде алыстан ертерек келген азаматтар құрған «Қызай қоры», «Таңжарық қоры», «Ер Жәнібек қоры» деген ондаған қорлар мен «Мұрат жолы», «Жебеу», «Асар», «Жезбұйда» атты қоғамдық бірлестіктер бар. Олардың батыр ата-бабалардың атын тарихқа қалдыру мақсатында біраз жұмыстар істегенін де ел ұмытпаса керек. Қысқасы, манағы батыр бабалары мен тұлғаларын шынайы болашаққа қалдырам десе, енді екінші қадам жасауы тиіс. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл деген ауданына 16 ауылдық округ қарайды екен. Соның 11-нің аты орысша. Солтүстік облыстардағы Волошинка, Заградовка, Заречный, Илинка, Корнеевка, Николаевка, Петровка, Пакровка, Спасовка, Ясновка, Явленка атты ауылдардан сүрініп жығыласың. Тіпті, Ленин, Калинин атты ауылдар да бар. Осы қорлар мен ұйымдар бас болып, Үкімет айқындаған өңірлердегі кеңестік кезеңнің атауымен сіресіп тұрған сол өңірге барып, бір-бір ауылға ен салуы керек. Әкімдерімен сөйлесіп, сұхбат құрып, фото-видеоға ауылды түсіріп, сайттар арқылы таратса, алғашқы адамда бес-он отбасының көшіп келуіне ықпал етсе, ары қарай көш жалғасып кеткелі тұр. Әрине, олар өз ақшасымен келеді. Баспананы да өз қаражаттарына сатып алады. Ауылды жерлерде бос үйлер көп әрі арзан. Жұрт дағдарып қалды. Оларға тек, осындай нақты ақпарат және жолбасшы керек қазір. Өте керек болып тұр. Ауыл халқы көбейіп, тіршілік жанданса, Үкімет ертең өзі-ақ инфрақұрылымын жақсартады. Сөйтіп, алыста қалған туған жерің қайта қалыптасады. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ортаға қойылған «Туған жер» бағдарламасының да түп мақсаты осы. Батыр бабалар мен ардақты аналардың аты аспа-төк той-нәзір өткізу және наурыз көже берумен тарихта қалмайды. Қайта солардың ақылды ұрпақтарының ұлтына, мемлекетіне сіңірген еңбегімен тарих беттеріне жазылады. Мысалы, ертең Волошинка – Ер Жәнібек, Заградовка – Оспан батыр, Заречный – Есеңгелді батыр, Илинка – Қызай Ана, Корнеевка – Көдек ақын, Николаевка – Жәмеңке болыс, Петровка – Зуха қажы, Спасовка – Таңжарық, Ясновка – Башбай Шолақұлы, Явленка – Сәттібай би, Ленин – Байеке болыс, Калинин – Байтайлақ батыр ауылы болып айғайлап тұрса, бабалар үшін одан артық қандай құрмет, сый керек? Ескерткішті сонда орнатып, жолды сонда салыңыз, азамат болсаңыз! Ата-баба, ұлт, мемлекет, Отан алдындағы еңбек деген осы. Ақылды азаматтар болса, бүгіннен бастап осы шараны ұйымдастыруға, осы жобаны жасауға кіріскені жөн. Қатарына шетте жүрген қалталы қазақтарды да тартсын. Менің әзірге айтарым осы.

 

– Шешіліп сұхбат әрі тұшымды кеңес бергеніңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Ұларбек Нұрғалымұлы,

«Егемен Қазақстан»

 

 

 

 

 

9 пікір