Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4288 5 пікір 26 Сәуір, 2017 сағат 20:35

Әбілязов БТА банктен ұрлаған ақшасын өзі заңдастырып отырған

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында Мұхтар Әбілязовтің «бір күндік» компаниясына миллиардтаған несиелерді беруге қатысты қылмыстық кестесі жария болды. Атап айтарлығы, БТА банктен несиеге берілген миллиардтар  қайтарылмаған, түптеп келгенде Мұхтар Әбілязовтің жеке шотына түсіп отырған.

2007 жылдың тамыз айында Әбілязов «Каменское плато» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталының 99 пайыздық үлесін сатып алу жөнінде жалған мәмілені іске асырады. Үлесті алаяқ банкирдің оффшордағы «Gambac Limited» компаниясы сатқан.

Алайда, арада бір ай уақыт өткенде Әбілязов өзінің бақылауында ұстаған «Митра компаниясы» атты жаңа кәсіпорын құрылады. Сол кезеңде Әбілязовтың нұсқауымен «Митра компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін БТА банк 17,5 миллиард теңгеге қаржыландырады. Атап айтарлығы, бірнеше миллиардтаған несиені алу үшін М. Әбілязов «Каменское плато» ЖШС-нің үлесін сатып алады. Ол алаяқтық әрекетін іске асыру мақсатында «Каменское плато» ЖШС-ін бар-жоғы 101 мың теңгеге сатып алыпты.

Бұл қарызды мақұлдау кезінде БТА банктің несие комитетінің мүшелері қарыз алушының қайтадан құрылған активі жоқ компания екеніне назар аудармаған. Өйткені, олар қарыз алушының Әбілязовтің өзіне тікелей бағынышты компания екенін алдын-ала білген.

2007 жылдың қараша айында Мұхтар Әбілязов пен «Митра компаниясы» арасында «Каменское плато» ЖШС-нің үлесін сатып алу-сату туралы мәміле жасалады. Ал, аталған қаражат Әбілязовтың банктегі жеке шотына аударылған. Ол осы ақшаны БТА банктің акцияларын сатып алуға жұмсаған көрінеді.

Осындай кесте (БТА банктен несиеге алған ақшаға банктің акцияларын сатып алған) бойынша Мұхтар Әбілязов БТА банктің негізгі акционері болып шыға келген. Мұндай қылмыстық кестенің көмегімен Әбілязов кем дегенде екі есе пайдаға кенелген. Біріншіден, оның БТА банктегі үлесі ұлғаяды, екіншіден, ол ұрлаған ақшасының толығымен ізін жасырып отырған.

2008 жылдың қыркүйек айына дейін Мұхтар Әбілязов бағалы қағаздарды сатудан қыруар пайдаға кенеледі. Кейінірек тапқан табысын 156 миллион АҚШ долларына өзінің «Johnson Quality Products» оффшорлық компаниясына сату туралы шешім қабылдайды. Айтарлығы, бұл да БТА банктен алған несие ақшалар болатын.

Сайып келгенде М. Әбілязов 156 миллион АҚШ долларын «Trasra Kommercbank» латвиялық банкінің көмегімен «Forest Management LTD» оффшорлық компаниясының шотына аударады. Ол ақшаға шетелден құны қымбат жылжымайтын мүлік сатып алады.

Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Сот отырыстарына үш мемлекеттік айыптаушы, сотталушылардың қорғаушылары және БТА банкінің өкілі қатысуда. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар. Мұхтар Әбіләзовтің өзі алғашқы сот отырысынан бастап сотқа келген жоқ. Оның мүддесін сотта мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғауда.

Abai.kz

5 пікір