Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 11054 0 пікір 23 Сәуір, 2017 сағат 21:12

Толымбек Әбдірайым. Тағдыр сыйы

 

Әңгіме

Бақ келді деп таспа,

Сор келді деп саспа.

Қазақ мәтелі

Қамшының сабындай қысқа болғанымен өрі мен еңісі, бұралаңы мен бұлтарысы көп фәни жалғанда жайбарақат ғұмыр кешу мүмкін емес-ау!.. Маңдайына жазылғаны мұң мен ой болса, қолдан келер қайраны бар ма?!. Тағдыр сыйы кермек пе, ащы ма, кім болжап білген?!. Кішкентай күнінде «көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген сөзді әжесінен естігенде ертекке балайтын. Сол сөздің ақиқатына енді көзі жеткендей. Неше жерден ойламайын, есіне алмайын, ұмытайын дегенмен анадағы әңгіме құлақ түбінде тағы да шың-ң ете қалғаны.

- Сырқатыңыздың сырын айтайын ба, әлде емін айтайын ба? – Дәрігер әйел аясы кең, бота көз сұлу қызға таңырқай қарады.

- Емін айтқаныңыз жөн шығар.

- Тұрмысқа шығуыңыз керек.

- Өзім де жалғыздықтан жалықтым... Ауруымның шипасы сол ғой демек?!

- Дәл солай, күйеуге тиюіңіз керек.

Емхана ауласынан шыға бере көз жасына ерік берді; ұстай алмады өз-өзін...

 

ххх    

Жоғары оқу орнындағы жылдар жылдам өте шықты. Мінез-құлқын, адамшылық болмысын бір кісідей  білдім деген Ж. есімді жігітпен әне-міне отау құрамыз деп жүргенде, оның аяқ астынан нілдей бұзылып, жалт бұрылғаны жан дүниесін астаң-кестең етті. Үйден үш күн шықпай, жылап жатып алды. Сезіміне селкеу түспепті, алданғанын білмепті. Азамат атаулының бәрі сол сияқты көрініп, одан кейін соңынан жүгірген, танысқан жігіттердің бірде-біреуін маңына жолатқан жоқ. Орынсыз өкпе, тасыр тәкаппарлық жарға жыға жаздады... Сөйтіп жүргенде мемлекеттік қызметке ауысты. Мұндағы жағдай белгілі, ерте кетіп кеш келеді. Сенбі күндері де жұмысқа шығу қалыпты жағдайға айналды. Екі тілді еркін меңгерген, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын білікті маманды басшылар да байқап, лауазымы биіктей берді. Қазір қалалық әкімшілікте басқарма басшысы. Қызмет, мансап әйел затына қуаныш сыйламайтындығын бағамдады.

Көптен бері көрші басқармадағы Бекең жерлесім, қарындасым деп жақын тартып жүретін. Орта бойлы, қыр мұрын, қара торы жігіт ағасына бұның да бүйрегі бұрып тұрады. Жұмысқа тақау жердегі асханадан түскі ас ішуге күнде бірге баратын. Жұптары жазылмай бұлайша жүрулері келе-келе дағдыға айналды. Осы мен не істеп жүрмін, бұлай жалғастыра берсем, бірдеңе бүлдіріп алмаймын ба, ұятқа қалмаймын ба деп бір күні түскі асқа бармай қалды. Көп ұзамай қалта телефоны шырылдай жөнелді. Қараса Бекең. Сөйлескісі келмеді. Арамызды өстіп суытайын деп ойлағанымен, жеме-жемге келгенде ағасына деген сезімі үдей түскендей ме, қалай?!. Араларында дәнеңе болмаса да, жиі еске алатын болды. Қазір де көргісі келіп, сағынып отыр. Бұл не жұмбақ, япыр-ау?! Алтынай кенет алтын тапқандай қуанды. Бекең алғашқы жігітіне керемет ұқсайды екен...

ххх    

Қыз қолымен ұқыпты салынған жұмсақ төсек жамбасына батқандай ары-бері аунақшыды. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз деп бөлмесіне енген Алтынайды құшақтапп бетінен сүйгенде оның ұялып, үндемей қалғаны кет әрі емес екендігін білдіргендей денесі бір ысып, бір суыды. Жапсарлас бөлмеде бөлек жатып таң атыра ма сонда?  Не деген әділетсіздік? Еркек атым бар емес пе? Қарсылық білдіріп, қолымды қақса қақсын. Бұл әрекетім оғаш екендігін мойындаймын. Амал қанша! Қайдағы-жайдағы әңгімелер айтып түн ортасына дейін отырудағы мақсатым не? Ойымдағы арам ниетті жүзеге асыру үшін бе? Жан сырын  жайып салғаны үшін жазықты ма қыз жазған?!

Көрші бөлмеге барғысы келіп, өзі де түсінбейтін бір күш  желкелей жетелеп, кереуетке аяғын салбыратып отырды. Жүрегі дүрс-дүрс соғады; қол  созым жерде толған айдай толықсып қыз жатса қалай шыдасын...

Жайшылықта көзі жылдам ілінетін қыздың да ұйқысы шайдай ашылған. Кірпігіне ине  тірегендей. Ағасының жай-күйі қалай екен? Қасына келіп жантайса қайтпек?! Отбасы, бала-шағасы бар адамның ондай ожар қылыққа баруы ақылға сия қоймас. Екеуінің арасы он тоғыз жас екен. Былайша алшақ та емес...

Алтынай бұрын өзін сабырға шақырып, лықсыған ыстық сезімін барынша ауыздықтайтын. Берікқан ағасымен жолыққалы қара жыландай арбаған нәпсі сәт сайын мазасын алады, салқын ақылды тыңдар емес...

Қыздың қасына Әзәзіл келіп жантайды. Оны Алтынай сезген жоқ.

- Мәселе жас алшақтығында емес, мәселе менің жеңілтек мінезімде болып тұр-ау! – деді Алтынай  өзін-өзі сөге жамандап. – «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа»  дегендей, алдап кеткен ана жігітке ренжіп, осы кезге шейін жападан-жалғыз жүруім қыңыр кісінің қылығы емес пе?! Кімді мұқаттым?! «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан»,– деуші еді әжем. Дені-қарны сау, аяқ-қолы балғадай әйел затына тізесін құшақтап жалғыз жатқан күнә емес пе?!.

- Сонда қалай? – деді Әзәзіл дау айтып. – Күйеуге тиюдің жөні сол екен деп, көлденең көк аттыға шыға саласың ба?!

- Не істеуім керек?!.

- Жақсы көретін ер кісіден жүкті бол!..

- Аулақ!.. Күнаһар болар жайым жоқ!..

- Ат-тоныңды неге ала қашасың?! Сен ғана ма жер бетіндегі жалғыз адал жан?! Кәрі қыздардың көпшілігі солай істейді. Олардан қай жерің артық? Балалы болу – бақыт! Алданыш! Ер кісіні көп іздемейсің содан соң!.. Балаңа  көңіл бөлесің!.. Ойлан, Алтынай!..

Әзәзіл ойдың бастырмалап бара жатқанын сезген қыз кенет серпілді.

- Жоқ! – деді ширығып. – Некесіз бала тауып, бақытты болмай ақ қойдым?!. Жолама маған қарау ой!.. Азғырма албасты!..

- Жарайды, келістім, – деді Әзәзіл аз үнсіздіктен соң. – Үйіңде қонып жатқан ағаңды қайда қоясың? Нендей уәжің бар айтар?!

- Ағаттық жасадым!.. Опынудамын өзім де!.. Бұдан былай жаныма жолатпаймын...

- Шын айтасың ба?! Қойшы-ей?! Сенбеймін!..

- Өтірік айтып, не күн туды басыма?!

- Өйтіп көлгірсіме!.. Айтшы, қай қылығы ұнайды ағаңның?

- Орнықты мінезін, адалдығын бағалаймын.

- Ха-ха, – деді қос қолын шапалақтап мәз болған Әзәзіл шек-сілесі қата күліп. – Мақтама ағаңды!.. Мақтануға ерте!.. Әне-е, өзі де кіріп келе жатыр бөлмеңе...  Қарсыласпа!.. Ырқына көне бер!..  –  Ха-ха, хи-хи...

ххх

Кейінгі кезде күйеуі жұмыстан кеш оралатын болды. Бұл әдеті жиілеп бара жатқан сияқты. Бір күні кешкілік шай үстінде себебін сұраған.

-Жұмыстың көп екені рас,– деді сөзін күмілжіп бастаған Берікқан. – Бір жағдайды айта алмай жүр едім.

- Әкесі өлгенді де естіртеді ғой...

-Тартынудың реті жоқ.

-Сезіп едім... - Ақшабақтың жүрегі алабөтен соқты. Сезімге берілгіш ғадетімен көзіне келген жасты да ірікпеді.

- Бүлінген дәнеңе жоқ... Бір қызға ғашықпын мен...

Әйелі шәй ішіп отырған кесесін қолынан түсіріп алды.

-Не деп отырсың?! Ғашығы не?!.

-Қыздың менен аяғы ауыр...

-Солай де-е!..

-Болары болды, бояуы сіңді!

-Тоқ етерін айт.

-Оған үйленем!

...

-Ар жағын өзің біл,– деді күйеуі орнынан тұрып жатып.

-Сенімен тұрмаймын, ажырасам, – деді Ақшабақ.

-Бүлінген ештеңе жоқ, – деді Берікқан.

-Бүлінді, неге бүлінбесін?!. Сен мені қайдағы бір шөпжелкеге айырбастадың!.. Жек көрем сені!.. - Әйелі көз жасын көлдетті.

-Есімі кім?

-Алтынай.

-Әлгі... ешкімді менсінбейтін кәрі қыз ба?!

-Сол-л...

-Сендермен көрші басқармадағы...

-Мен ол қыз туралы саған талай рет айтқанмын... Адамгершілігін, кішіпейілділігін...

-Өйткен оның кісілігін...

-Ғайбат сөйлеме?!

-Жерлесің емес пе?

-Иә...

Ертеңінде отағасы он күнге іссапарға аттанды.

ххх

Ақшабақтың ішкені ірің, жегені желім. Біреуден ілгері, біреуден кейін, ың-шыңсыз тұрып жатқандарына шүкіршілік ететін. Біртоға мінезді, орнықты отағасынан оғаш қылық шығарын кім білген?! Он ойланса да миы жетер емес.  Екі қызының әкесі елуден асқанда аяқ асты өзгереді деп кім ойлаған? Бәрінен бұрын «оның аяғы ауыр, үйленем» дегені жынын қоздырды. Еркектерге сеніп көр!.. Тағы біреуі алимент даулап жүрмесін!.. Ой, Алла-ай?!. Өзіңе де сол керек, ашық ауыз Ақшабақ!..

Биылғы еңбек демалысының шырғалаңға дөп келгенін қарашы. Жұмыста жүрсе басы артық әңгімені ұмытар еді. Шер тарқатар, мұң бөлісер құрбылардың жоқтығы қиын екен. Араласып жүрген ана Сырым, Қайырбек, Аманғали, Мұқыш, Сәкендердің әйелдеріне айтсаңыз бітті, қып-қызыл өсек-өрттің ортасына түстім дей бер! Алаулатып-жалаулатып, естігендерін дабырайтып, үстемелей қосып, жалпақ елге жайып тынсын! Шаңырақтары бөлек, өздерімен өздері тіршілік етіп жатқан қыздарына мұңын шаға ма?! Ұят қой, ұят!..

Ә-ә, курстасы Күлтай бар екен-ау! Күйеуі алдыңғы жылы қайтыс болғаннан бері жалғыз тұрып жатыр. Көп нәрседен хабары бар, көп оқитын, көп білетін эрудит әйел. Қақ-соғы жоқ ешкіммен. Тік мінезінен тіксінетін. Бастыққан шығар. Жаралы жанын бір түсінсе сол түсінер.

Күлтаймен телефон арқылы сөйлескен соң солай тартты. Қос құрбы бірін-бірі қатты сағынған екен. Баппен пісірілген Күлтайдың дәмді палауын жеп, шәй іше отырып ұзақ сырласты.

 

Ақшабақ келесі бір сәтте күйеуінің қылығын жеткізді. Өткендегідей емес, көңілі сәл босағанымен бұл жолы көзіне жас алған жоқ.

-Е-е, солай де!.. – Күлтай әншейін әңгіме естігендей беймарал, бей-жай. Ақшабаққа ішіп-жей тесіле қарады да сөйлеп жөнелді:

...Мұң басқанда,

Не жетсін сырды ашқанға,

Келейінші бір барып сырлас жанға.

Көзім алды – көк тұман, жанарда – жас,

Көлеңкелеп көңілді кір басқан ба?

Келейінші бір барып сырлас жанға,– дейді ақын Мұқағали.

Қалай-қалай дөп басқан ұйқы-тұйқы көңілді!.. Жүрегім кірлеп, мұңайған, кейіген сәтте Абай мен Мұқағалиды оқимын. Оқимын да жұбанам!.. Мен қазір ешнәрсеге таң қалмаймын!.. Сайтан билік құрған  аласапыран заманда не деп болады?!. Берікқаннан бәрі шығады...

-А, что он, повод тебе давал? – деді орысша сөйлегенін аңдамай қалған Ақшабақ.

– Өзі сері болса, өзі қыздар қарайтындай симпатичный болса, конечно!..

- Күлтай-ау!.. Сен... сонда, Бекеңнің әрекетін жақтап отырсың ба?

-Жақтамаймын! Былайша қарасаң,  бүлінген ештеңе жоқ сияқты...

- Берікқан екеуің келісіп алғаннан саусыңдар ма, өзі? Ол да екі сөзінің бірінде «бүлінген дәнеңе жоқ» дейді.

-Сөкпе мені! – деді Күлтай. – «Айтылмаған сөздің атасы өледі» деген мәтел бар ғой...

Ақшабақтың іші қылп ете түсті: «Бекер келдім-ау?!. Баяғы жынды мінезінен биттей өзгерсеші?!.»

Ұялған тек тұрмастың мезіретімен Ақшабақ:

-Кім біледі, мәймөңке тілден ақиқат жөн шығар,– деді қандай сөз болса да тыңдауға пейіл танытып.

-Ұшқары ойлайсың,– деді Күлтай тура қарап. Өткір жанары өңменінен өтіп барады. – «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, дана қазақ баяғыда шегелеп айтқан. Күйеуің неге сенің ғана меншігің болуы тиіс. Ондай құйтырқы ойды ойлап тапқан кім өзі? Не деген іштарлық?! Сонда ана бейшара қыз тізесін құшақтап, өмірден байсыз өтуі тиіс пе?! Ол сенің күйеуіңнің перзентін жарық дүниеге әкелмей ме?! Ұрпақ өрбітпей ме?!  Ана болу бақытына ие болуға оның да моральдық құқығы бар шығар. Әйел үшін балалы болу, сәби сүю бақыт емес пе?! Әйелдердің әңгімесін естісең, төбе шашың тік тұрады. Етегіне намаз оқыған, жалғыз әйелмен шектелген еркек аз сияқты. Көрші подьездегі қасы-көзін керген тәкаппар Кенжегүлді қарашы. Көңілдесінен екінші бала сүйіп отыр. Келіншекті айтам, төрт құбыласы түгел жандай мәз. Құдай-ау, несіне жетіседі десейші?!.  Ана жігіттің некелі әйелі бұны білмейді. Бұдан өзге мысалдар пішен-пішен!..

Берікқан болған жағдайды жасырмай айтыпты. Бүгежектемепті. Мен оған риза болып отырмын... Тусаң ту!.. Асыл азамат екен!..

-Осы да жетер Күлтай?!.  Үндемеген сайын үдетіп барасың...

-Соңына дейін тыңда!

-Айт, айтып қал!.. – Ашу-ызасын тежеген Ақшабақ зорға отыр. «Сол керек өзіңе!.. Шоқ-шоқ!..»

Күлтай айылын жияр емес. Әңгімесін жаңа леппен сабақтады:

-Заманды, қоғамды кінәлаудың түк қажеті жоқ! Ақиқатында, бір-біріне қиянат жасайтын адамдардың өздері. Бәріне топырақ шашудан аулақпын, сандарын жарқырата көрсетіп, омырауларын ашық-шашық ұстайтын, ұшқалақ қыз-келіншектер емей кім? Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді... Ұмытпасам, атақты Лев Толстойдың «Крейцер сонатасы» повесінен оқыдым-ау деймін... Қалай еді?!. Ә-ә, есіме түсті. «...Әйелдер сезімге ықпал жасайтын құдыретті қаруға айналып алған.  Еркектер әйел көрсе, бар сабырынан айрылады да қалады. Әйелдің маңайына жолап кетсе болды, еркек оның еліртпесіне елтіп, есінен адасады да қалады. Мен той көйлек киіп сәнденген әйелді көргенде, бұрын да қолайсызданып үрке қарайтынмын, ал қазір тұп-тура өлердей қорқам, жұртқа аса қауіпті және заңнан тыс бірдеме көргендей болып, айқай сап полиция шақырғым, мынау қауіп-қатерден құтқара көр деп жалынғым, қауіпті нәрсені жолдан алып, көзін жою керек деп талап еткім келеді... Ұтыс ойындарға неге тыйым салады, ал жезөкшелерше сезімге шабатын сән-салтанатпен жүрген әйелдерге, неге тыйым салмайды? Олар анадан гөрі мың есе қауіптірек емес пе?!.»

Қалай суреттеген қағынған  қатындар қылығын. Так что, кінәнің көбі әйелдерде! Түсіндің бе?!

- Лев Толстой өмір сүрген қай заман? Артта қалған, мешеу 19 ғасыр еді ғой. Ащынасымен жатқан жерінде үстінен түсіп, әйелін өлтіргені үшін сотталып, абақтыдан босап үйіне қайтып келе жатқан көпестің әңгімесі ғой.

-Болса ше?! Сен өйтіп дәлеліңді көлденең тартпа! «Адамның мінез-құлқы, түсінігі, сенімі, сезімі – бәрі заманына қарай өзгеріп тұрады» деген бір данышпан-сымақтың уәжін айтып отырсың ба? Мен оған келіспеймін! Бұл менің жеке пікірім!

Ойлап қалма, Бекеңнен жүкті болған қызды айтып отырғам жоқ. Мәселе басқада!.. Мәселе, ұятсыз, нәпсіқұмар әйелдерде! Оларға тыйым салатын ай дер ажа, қой дер қожа бар ма?!.

-Әйелдің бәріне қара күйе жақпа өйтіп?!.

-Бәрі емес!.. Жақсы әйелдер болмаса, ардақты аналар қайдан шықсын?!.  Кейбір жеңілтек қыз-келіншектерді айтамын... Жә, тіл буынсыз, ой түпсіз...  Осымен доғарайық бұл әңгімені...

-Мен де сондай ойдамын...

Ақшабақ курстасын жақсы білмейді екен. Мұң-шерін бөлісіп, Берікқанды сөге ме десе, лағып барады дөйдала.

-Қызық болды-ау, өзі?!–  деді құрбысының уәжіне жауап қайтара алмаған Ақшабақ.

-Қорғансыз ба едің соншама?!. Есіңде болсын. Бір нәрсенің басы ашық. Берікқан сені тастап кетпейді! Меселін қайтарма күйеуіңнің. Екі отбасын ұстауға ақылы жетеді... Ауылда шаруашылықтарың, қалада бірнеше пәтерлерің бар...

-Ибай-ау, көп отырып қалдым, үйге қайтайын...

Ақшабақ апыл-құпыл жинала бастады.

ххх

 Алтынайдың  мінезі күрт өзгерді. Оның бойындағы көлкөсір  қуанышты әріптестері де байқады. Қатал басшының мінезі қазір жібектей. Қабағы ашылмай, тұнжырап жүретін қыз құлпырды. Гүл-гүл жайнады! Жанарында жарқылдаған от! Өткендегі Наурыз тойында әуелете ән салды.  Дауысы қандай әдемі!

-Нағыз әншілерден қай жері кем Алтынайдың?! - десті қыз-жігіттер.

Бірде ол өзімен сырлас құрбысы, екі баланың анасы Қаламқасқа тосыннан сұрақ қойды.

-Ұшқалақ болып бара жатқан жоқпын ба осы мен? – деді Алтынай екеуі оңаша қалған кезде.

-Неге олай дейсің?!. Ондай ештеңе байқағам жоқ!.. Бұрын қабағың көп ашылмайтын... Ұзын-сонар ой теңізіне сүңгитінсің... Ашық-жарқын жүргенің дұрыс,– деді біртоға мінезді құрбысы шынын айтып.

-Рахмет саған,– деді Алтынай балаша қуанып.

Кейінгі кезде адамдардың бәрі ерекше мейірімді, аяулы көрінетін Алтынайға. «Өмір қандай тамаша, қандай ыстық!..» - деп жиі толғанатын.

Қыздың хош иісті гүлдерге есі кетті. Үйінің қасындағы гүл сататын дүкеннен бірнеше талын сатып әкеліп, күн шуағы себездеген терезе жақтауына, шыны вазаға су құйып салып қойды.

 

ххх

Шуақты көктем. Тұсау бойы көтерілген күміс күн шуағын шаша түскен. Ағаштар гүлдеп, адамдар өздеріне ыңғайлы, жеңіл киінген. Тоғыз қабатты үйдің ауласы ұсақ балалардың күлкісіне көмілген.  Ақсары әйел төрт-бес аялдама жердегі мешітке жаяу тартты. Шариғат шартына жүгінбек. Одан соң Алтынаймен сөйлескісі келеді. Берікқанның айтқаны өтірік болса игі еді?!. Есік көрмеген қыздың ағасындай адамға күйеуге тиуі ақылға сия ма?!. Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады демекші, райынан қайтар ұяты болса... Не көрінді соншама?!.

Апырым-ай, жанашыр деген Күлтайдың сөзі анау!.. Қайдағы жоқ әңгімелерді айтып басын  қатырды. Күйеуі ше?!. Күйеуі шынымен үйленбекші ме ана қызға?!. Солай болған күнде қолынан не келеді?!. Еркектің көңілі аумасын, ындыны құрымасын деңіз...

Ақшабақ Алтынай жұмыс істейтін басқарма, әкімшілік ғимараттың қай кіре берісінде, қай қабатында, нешінші кабинетте екендігін анықтаған. Үйіне барса үркіп жүрер. Жұмыс бабымен жүрмін десе кіргізер...

Әрі-сәрі  ойлармен мешітке жылдам жеткенін де аңдаған жоқ.

-Шариғат бойынша төрт әйел алуға рұқсат. Бірақ төртеуін де алаламай, кемсітпей тең ұстау керек,– деді кезекші молда.

-Жағдайы келмесе қайтеді? – деді Ақшабақ сабырсызданып.

-Онда бір әйелмен шектелген ләзім.

-Е-е, бәсе-е!...

-Ретімен айтайын, рұқсат болса.

-Құлағым сізде.

-Көп әйел алу – нәзік жыныс өкілдерін қорлау емес, керісінше олардың мүдделерін қорғау. Жалпы көңілдес, ащына дегеннің өзі ар-ұятты қорлайтын абыройсыз атақ. Және мұндай әйелдің өзімен көңіл көтеріп жүрген азаматтың тұрақты болатынына, жан-жақты қамқорлық жасайтынына кепілдігі жоқ. Мұндай әйелдің болашағы бұлдыр, көкірегі күдікті, сары уайымға толы, әрі қай күні ұрлығым ашылып қалады деп қылпылдаумен жүреді. Ал заңды түрде некесі қиылғанда, нешінші әйелі болғанына қарамастан, оның және балаларының бар тіршілік-тауқыметі тұтастай күйеуінің мойнына көшеді. Ер адам өзі жақсы көрген қыз-келіншек үшін, оның ар-абыройын, өмірін қорғау үшін ғана мұндай тәуекелге бара алады. Сондықтан да біздің аналарымыз екінші, үшінші, төртінші әйел болуды ар санамаған. Текті тұқымнан, беделді, дәулетті ортадан шыққан, түр-тұлғасына ақыл-парасаты сай келген, ерекше, абзал қасиеттерімен әулие атанып, тарихта қалған Домалақ ана неге бай-бағландардың өзімен қатар әрі ақылды, сымбатты балаларына тұрмысқа шықпай, Бәйдібек бабамыздың үшінші әйелі болуды қалады?!.

Тарихқа жүгінсек, бір рулы елді аузына қаратқан небір атақты, ақсүйек әжелеріміз екінші, үшінші, төртінші әйел болып-ақ ұрпақ көбейткен емес пе? Қазіргі қазақтың бәрі тек бәйбішелердің үрім-бұтағы деп кім айта алады? Ендеше ата-бабаларымыз бас иген, аялап, құрметтеген, соның арқасында өсіп-өнген шариғат заңын әрбір иманды, есті қазақ қадірлей білгені жөн.

 ххх

Жолаушылар пойызы зулап келеді. Екі кісілік купедегі серіктесі – студент жігіт, кірген бетте төсегін салып жатып қалған. Қазір тәтті ұйқы құшағында, түс көрді ме екен бір-екі ауыз тіл қатып, оң қырына аунап түсті.

Қараторы жігіт ағасының қоңыр көздері қараңғы түннен әлдене іздегендей терезеге үңіле қарайды. Бұлай отырғанына біршама уақыт өтсе де қозғалар емес.

-Қалай шапшаң, он күн он мүйнет сияқты болмады,– деді даусы шығып кеткенін өзі де аңдамай қалып.

Сапары сәтті болғанымен, отбасындағы кикілжің көңілін бұзды. Асау аттай ерін бауырына алған әйелі не істер екен?! Алтынай ше?!. Алтынай айнымаса болғаны!.. «Ой, Алла-ай!– деді Берікқан күрсініп. – Тағдыр талқысы ғой?!.. Не болса да, бара көрермін...»

Берікқан Аллаға сенетін. Қазір де қасиетті Құрандағы беташар сүрені оқып отырған. Кенет радиодан естілген диктор даусына құлағы елең етті.

-Ендігі кезекте концерт тыңдауға шақырамыз. Композитор  Мэлс Өзбековтің «Тағдыр сыйы» әні. Сөзін жазған Төлеген Мұқаев.

Бір тұман көңілден,

Жүргенде тарқамай,

Сәуле боп көрінген,

Сымбатты қалқам-ай...

Әсем ән жүрегін ұйытты. Неткен әуез! Неткен сағыныш! Сөздері қандай! Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің.

Өзің боп оралды.

Арманым бір алыс.

Өзің боп жаралды,

Кеудемде қуаныш.

Тасытты жыр селін,

Көкейім күй тұнған.

Құпия бір сезім,

Оятты ұйқымнан...

Шалқысын жыр-арман,

Алаңсыз сүй, күнім,

Тағдырдан бір алған,

Ғажайып сыйлығым...

 

ххх

 

Берікқан үйіне кіргенде состиып тұрып қалды. Аң-таң... Әйелі айырықша көңілді. Өзіне сондай жарасатын гүлді халатын киіп, дастархан   мәзірін жасап жүгіріп  жүр. Жапсарлас бөлмеден Алтынай шықты. Ол да әдемі киінген. Бекеңді көргенде қос беті албырап, қызарып кетті.

- Хош келдің, жоғары шық! – деді Ақшабақ сезімін ірке алмай. Қуанғаны ақсары өңінен анық білінеді.  – Жоғары шық!.. Сені күтіп отырмыз...

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3597